Ай өткен сайын халықтың несие берешегі алаңдатарлық ахуалға айналып бара жатыр. Жақында Мәжіліс депутаты Александр Милютин депутаттық сауал жолдап, онда жастардың несие жүктемесі жайлы мәселе көтерді. Депутаттың айтуынша, қазір студенттердің жартысынан көбі микронесие ұйымдарына қарыз.
«Қарызға үстеме айыппұл жүреді. Ал МҚҰ-лар болса қарыз бойынша шекті уақыт аяқталғаннан кейін ғана ата-аналарына хабарласып, қарызды қайтаруды міндеттейді. Бұл кезде олар талап ететін сома көлемі студент үшін ғана емес, олардың ата-аналары үшін де ақылға сыйымсыз болып өсіп кетеді», дейді депутат.
Бірінші несие бюросының мәліметі бойынша, жыл басынан бері 22-ге толмаған 80 мыңнан астам азамат өздерінің алғашқы несиесін рәсімдеген. Былтырмен салыстырғанда жас қарыз алушылар саны 30 пайызға өсті. Бұл ретте оларға берілген несие қарызының орташа көлемі 320 мың теңге шамасында.
Бюро ұсынған дерекке сүйенсек, жастардың көбі, нақтырақ айтқанда 85 пайызынан астамы несие қаражатын смартфон, сымсыз құлаққап, өзге де электроника құралдарын алуға жұмсайды. Сондай-ақ самокат, мопед сатып алу үшін, қарызы мен аренда құнын жабу үшін де банк пен МҚҰ-ға жүгінушілер саны көп. Олардың 5 пайызы ғана алған займын өз ісін ашуға және білім алуға жұмсайды екен.
Несие жүктемесі мәселесін жақында Мемлекет басшысы да көтерді. Қасым-Жомарт Тоқаев тез арада экономикаға несие беру қарқынын арттырып, халықтың несие жүктемесін азайту қажет деді.
«Елде проблемалық кредит көлемі жарты трлн теңгеге жуықтады. Миллионға жуық адам несие міндеттемесін орындай алмай отыр. Олардың көбі әбден торығып, ескі борышын жабу үшін жаңа кредит рәсімдеуге мәжбүр. Сондықтан 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап «Жеке тұлғалардың төлем қабілетін қалпына келтіру және олардың банкроттығы туралы» заң күшіне енуге тиіс. Сонымен қатар кепілсіз онлайн-микрокредиттеуді қатаң реттеу қажет. Кейбір елдерде оған толықтай тыйым салған. Осы тәжірибені зерттеген жөн», деді Президент.
Қазір бір адам бірнеше банктен несие рәсімдей береді. Сарапшылардың айтуынша, тап осы үрдіс нарықтағы ахуалды шиеленістіріп жіберді. Тіпті оған «несие шопингі» деген атау да берілген. Тұтынушы тым қысқа уақыт ішінде бірнеше қаржы институтынан займ рәсімдегендіктен, банктер өз клиентінің бұған дейін қай банктен қанша көлемде несие рәсімдегенін көре алмайды. Сондықтан оның несиеге берген өтінімін мақұлдап жібереді. Сондықтан 1 қазаннан бастап қаржы институттары күн сайын несие бюросына қаржылық есептілік жасап отыруға міндеттелді.
2022 жылдың 1 қазанындағы жағдай бойынша елімізде несие міндеттемесін 90 күннен асырып орындай алмай отырған 1,4 млн адам бар. Кешіктіріліп жатқан берешектің жалпы көлемі 1 449 млрд теңгені құрайды.