• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қаржы 30 Желтоқсан, 2022

Не ұттық? Неден ұтылдық?

207 рет
көрсетілді

Соңғы бір жылымызға көз жіберіп, көңіл тоқтатсақ, сөздік қорымыздың рейтингі шамамен былай түзілер еді – қаңтар, бизнес, Украина, КТК, банк, кредит, инфляция, базалық ставка, релокация, мобилизация, IPO. Жыл қаңтар қасіретімен басталды, іле-шала Ресей Украинаға басып кірді, бұл Қазақстан экономикасына алапат кесірін тигізді. Салдарынан инфляция шарықтады, банк несиелері қымбаттай түсті. Базалық ставка бірнеше рет көтерілді. Қазақ мұнайының 90 пайызға жуық көлемін экспорттап отырған Каспий құбыр консорциумы (КТК) әлсін-әлсін жұмысын тоқтатты. Қазақстан балама экспорт маршрутын іздеуге белсене кірісті... Одан бері Ресейде ішінара мобилизация басталып, РФ азаматтары Қазақстанға ағылды. Үкімет Президент тапсырмасымен Ресейден кетіп жатқан компаниялар релокациясын жүзеге асыруға кірісті. Одан бері де халықтың несие тұтқынына түскені көп айтылды. Желтоқсанда «ҚазМұнайГаз» IPO-сы өткізілді. Стрестік активтер мәселесі мен жеке тұлғалар банкроттығының ау-жайы келер жылдың басында толық белгілі болмақ. Міне, жылдың қысқаша қаржы-экономикалық картинасы осындай.

 

Банк

Қаңтардағы зобалаңның эпицентрі Ал­м­аты болғаны белгілі. Дүрбелең салдарынан мегаполистегі үш бірдей банктің бан­коматы зардап шекті. Halyk Bank, Kaspi Bank және ForteBank-ке тиесілі 12 мың банкоматқа 2 млрд теңге көлемінде залал келді.

Іле Украинада соғыс басталды. Батыс Ресей экономикасы мен банк жүйесіне байланысты санкциялар пакетін жария­лады. Соның бірі – банк саласына қатысты. РФ-ның банк жүйесі халықаралық SWIFT жү­йе­­сінен ажыратылып, банктеріне санк­ция салынып, активтері бұғатталды. Ре­сейдің бірнеше еншілес банкінің Қазақстанда да жұмыс істейтіні белгілі. Ауыр санкциядан соң «Сбербанк» жұмысы бұзылып, кейінірек оны «Бәйтерек» холдингі са­тып алып, атауы Bereke Bank болып өзгерді. Санкция тұзағына іліккен «Альфа-Банк­ті» қазақстандық «Банк Центр­Кре­дит» сатып алып, әуелі Eco Center Bank деп атап, кейін біржола жұтып алды. Ал ВТБ (Қа­зақстан) Банк Ресейдегі аналық бан­кінің қосымша капиталдандыруы есе­бі­нен жұмысын жалғастырып жатыр.

2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 21 екінші деңгейлі банк жұмыс істейді. 

Moody's, S&P және Fitch халық­ара­лық агенттіктерінің бағалауы негі­зін­де активтер көлемі бойынша екін­ші деңгейлі банктер рейтингі былай тү­зі­леді.

Отбасы банк Halyk Bank Kaspi.kz Forte Bank Банк ЦентрКредит Jusan Bank Eurasian Bank Bank RBK Citibank Bereke Bank

Ірі банктердің қарыз портфеліндегі төленбегеніне 90 күннен асқан (NPL 90+) берешек үлесі: 

Отбасы банк – 0,1 пайыз Halyk Bank – 2,3 пайыз Банк ЦентрКредит – 2,9 пайыз Bank RBK – 3,2 пайыз Екінші деңгейлі банктер – 3,7 пайыз Forte Bank – 4,7 пайыз Kaspi.kz – 4,9 пайыз Home Credit Bank – 5,9 пайыз Eurasian Bank – 6,6 пайыз Bereke Bank – 9,0 пайыз Jusan Bank – 11,8 пайыз

 

Инфляция

Инфляция қаңтарда 8,5 пайыз болса, жыл соңында 19,6 пайызға жетті. Жылдың соңғы күндерінде тіпті 21 пайыздан да асып кетуі ықтимал. Инфляцияны тежеу үшін Ұлттық банк базалық пайыздық мөлшерлемені 4 мәрте көтерді. Соңғы рет 5 желтоқсанда базалық ставка 10,25-тен 16,75 пайызға жоғарылады.

Ұлттық банк логикасы бойынша, ба­за­­лық мөлшерлеменің көтерілуі банк не­сиесін қымбат етеді. Несиенің қымбат­та­уына байланысты азаматтардың несие рәсімдеуі азаяды. Сәйкесінше, адамдарда ақша азайған соң нарықтағы тауарларға деген сұраныс та төмендейді. Тауарлар мен қызметтерге деген сұраныстың тө­мен­деуіне орай баға да төмендей бас­тайды.

Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пір­матовтың айтуынша, инфляцияның өсуі­не әсер етіп отырған негізгі факторлар – сыртқы инфляциялық қысымның артуы, тауарларды логистикалық жет­кізу жолдарын қайта құру, рекордтық ин­фля­циялық күтулер, сұранысты фис­­калдық ынталандыру және кредит беру­дің ұлғаюы.

Инфляцияның жеделдеуіне 24,1 па­йызға дейін өскен азық-түлік бағасы үлкен үлес қосып отыр. Азық-түлікке жат­пайтын инфляция – 18,6, ақылы қыз­мет көрсету бағасы 14,1 пайызға өсті. Пірматов қабылданған шаралардың нәтижесінде 2023 жылы инфляция деңгейі 11-13 пайызға төмендейді деп болжайды.               

Ғ.Пірматовтың айтуынша, 2022 жылы болған күтпеген жайсыз өзге­рістерге қа­ра­мастан Ұлттық банк айтулы нәти­же­лерге де қол жет­кізді. Бас банкир айтқан негізгі жетістіктер:

Ұлттық банк қабылдаған жедел шаралар қаржы жүйесінің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік берді. Биылғы қазан айында депозиттер ең жоғары тарихи деңгейге, яғни 30,0 трлн теңгеге дейін жетіп, теңгедегі активтерге деген сенім артты. Валюта нарығының теңгерімділігі қамтамасыз етілді. Дамушы нарықтардан капиталдың айтар­лықтай әкетілуіне қарамастан Ұлт­тық банктің басқаруындағы активтер­дің ұзақмерзімді кірістілігі оң аймақта сақталып тұр. Халықтың бөлшек төлемдеріне қыз­мет көрсету үшін Ұлттық тө­лем жүйесі іске қосылып, нақты қа­тысушылармен цифрлық теңгенің технологиялық платформасы тесті­леуден сәтті өтті.

 

Экономикаға несие өсті

Жыл басынан бері екінші деңгейлі банктердің экономикаға несие беру үлесі 25 пайызға артты. Жалпы алғанда, – 21,5 трлн теңге берілді. Бұл былтырмен салыстырғанда 24,9 пайызға жоғары көрсеткіш. Соның ішінде, ипотекалық несие 47,1 пайызға, 4,4 трлн теңгеге өсті. Тұтынушылық несие – оның ішінде шағын және орта бизнес субъектілеріне берілген несие көлемі бір жыл ішінде 25,2 пайызға, 7,3 трлн теңгеге, шағын бизне­с­ке берілген несие 31,4 пайызға, 4,3 трлн теңгеге көбейген.

Ел экономикасына берілген несие­лер­дің ішінде өтелмеген берешек үлесі небәрі 3 пайызды құрайды: 2011-2014 (20 пайыздан астам), 2019 (6,85 пайыз) және 2020 (3,6 пайыз болған) жылдармен салыстырғанда әжептәуір ілгерілеу байқалады. Жұмыс істемей тұрған займ көлемінің азаюы несие портфелінің жақсара түсуіне әсер етпек.

Несие берумен қатар депозит тарту да белсенді өсіп келеді. Қазан айындағы көрсеткіш бойынша, екінші деңгейлі банк­терде жинақталған салым көлемі 26,6 трлн теңгеге жетті. Былтырдың дәл осы кезеңімен (қаңтар-қазан) салыстырғанда 16,8 пайызға артық. Қазақстандық банк­тер­дің дағдарысқа қарсы иммунитеті қалыптасып, орнықтылығы беки түскенін халықаралық агенттіктердің рейтинг бағалауы да растайды.

 

Қаржы секторы үшін қажет заң

Биыл қаржы секторында лайықты өзге­рістер көп болды, соның сөлді-нәр­лі­сі – жеке тұлға банкроттығы туралы заң жобасының дайындалуы. Қаржы ми­нистрлігінің хабарлауынша, ел бо­йынша 1,4 млн адамның 90 күннен асып төлен­беген берешегі 1 449 млрд теңгеге жет­кен.

«Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң жобасының 3 нұсқасы бар: Соттан тыс банкроттық, сот банкроттығы және төлем қабілетін қалпына келтіру. Әрқайсысының ерекшелігі мен талаптары жайлы бұған дейінгі материалдарда егжей-тегжейлі жаздық. Сондықтан қайталап жатпаймыз. Ал жаңа заң 2023 жылдың қаңтарынан бастап қолданысқа берілуі мүмкін.

 

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

 

Стрестік активтер азаяды

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, 2017-2021 жылдар аралығында екінші деңгейлі банк­терде 6,7 трлн теңге стрестік активтер қалыптасты. 2022 жылдың басындағы жағдай бойынша, стрестік актив мөлшері – 2,3 трлн теңге немесе бүкіл банк жү­йе­сінің 6 пайызы. Стрестік активтер дегеніміз – төленбегеніне 90 күннен асқан; қайта құрылымдалған; клиенттерден тәркіленген мүліктер; банктердің еншілес ұйымдарының активтері. 2023 жылдан бастап заңды тұлғаларға тиесілі стрестік активтерді жеке инвесторлар да сатып ала бастайды. Бұл стрестік актив көлемінің азайып, экономикаға қайта оралуына көмектеспек.

2022 жылғы 4 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне стрестік активтер нарығын дамыту мәсе­лелері бо­йынша өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу туралы» Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Заңына (бұдан әрі – Стрестік активтер нарығын дамыту жөніндегі заң) қол қойды, ол 2022 жылғы 4 қыркүйекте қол­данысқа енгізілді. Бұл Заң – агент­тік­тің банк жүйесіндегі стрестік активтер деңгейін төмендетуге бағытталған жұмысының қисынды жалғасы.

Қазіргі уақытта 13 банк 2020 жылдан бастап 2024 жылға дейінгі кезеңге арналған стрестік активтерді 2,7 трлн теңгеден 0,9 трлн теңгеге дейін төмендету жөніндегі жеке қадағалау жоспарларын іске асыруда. Банктер бұл жоспарды мерзімінен бұрын орындауда. Бүгінгі таңда жоспар 60%-ға орындалған.