2022 жылы экспорттаушы компанияларға шығындарды өтеуге бөлінген қаражат көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,8 есе ұлғайып, 8,8 млрд теңгені құраған. Сол сияқты 2021 жылы 306 өтінім мақұлданса, 2022 жылы оның саны 486-ға жетті. Өтелуге жататын шығындардың барлық түрінің ішінде экспорттаушылар арасында тауарларды теміржол көлігімен жеткізу ең сұранысқа ие өтінім болып тұр.
Тауарларды теміржол көлігімен тасу бағыты бойынша барлығы 7,05 млрд теңгеге 328 өтінім немесе жалпы соманың 79,7 пайызы мақұлданыпты. Тауарларды жылжыту шығындарын өтеу бойынша 0,3 млрд теңгеге 49 өтінім мақұлданған. Сауда және интеграция министрлігінің хабарлауынша, салалар бойынша 2022 жылы азық-түлік өндірушілері дәстүрлі белсенділік танытты. Олардың басым бөлігі – май, ұн, нан-тоқаш, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, макарон өнімдері, ауыз су мен сусындар, балық өңдеуші кәсіпорындар. Ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істейтін экспорттаушы компанияларға жалпы сомасы 3,7 млрд теңгені құрайтын 229 өтінім мақұлданды.
«2021 жылмен салыстырғанда өтінімдердің барлық түрі бойынша өтемақы көлемінің өсуі байқалды. Қағаз және қағаз өнімдерін өндірушілердің өтінімдері бойынша төлемдер айтарлықтай өсті – 5,5 есе, химия өнеркәсібі өнімдері – 4,7 есе, балық өсіру кәсіпорындары – 4,5 есе, тоқыма бұйымдарын өндірушілер – 3,8 есе. Мақұлданған өтінімдердің ең көп саны Қостанай облысына, Алматы қаласына, Алматы, Қарағанды, Павлодар облыстарына және Шымкент қаласына тиесілі. 2022 жылы шығындардың бір бөлігін өтеген шағын және орта бизнес кәсіпорындары негізінен дайын өнімді жақын елдерге экспорттайды. Оның ішінде қазақстандық тауарлардың 17,8 пайызы Өзбекстанға жөнелтіледі, Ресейге экспорттың 16,1 пайызы апарылады, одан әрі Ауғанстан, Тәжікстан және Қырғызстан бар. Осы бестіктен басқа отандық компаниялар өнімдерді Еуропа елдеріне, сондай-ақ БАӘ, Канада, АҚШ және басқа да көптеген алыс шетелдерге экспорттайды», делінген ведомство хабарламасында.
2022 жылғы желтоқсанда экспорттаушыларға шығындардың бір бөлігін өтеу ережесіне өзгерістер бекітілді. Экспорты бойынша шығыстары өтелуге жататын тауарлардың тізбесіне 1 146 тауар позициясы қайтарылды. Оның ішінде ұн, ет, тұз және басқалары бар. Қайтару негізінен төменгі шекті позицияларға әсер етті.
«2022 жылы QazTrade көлемі жағынан да, сомасы жағынан да өтемақы алуға өтінімдермен ауқымды жұмыс жүргізді. Биыл үлкен міндеттер тұр. Ең алдымен, 2022 жылғы өтінімдерді қарау процесін аяқтау қажет. Бұл 7 млрд теңгеге 300-ге жуық өтінім. Бұл мәселе бойынша шешім қабылданып, бюджетте қажетті қаражат қарастырылған. Екіншіден, өтінімдерді жаңа қабылдауды жариялау мәселесі пысықталуда. QazTrade, әрине, біздің экспорттаушылардың белсенділігіне сенеді», деді QazTrade орталығының басшысы Нұралы Бөкейханов.
«QazTrade» экспорттаушыларды қолдаудың мемлекеттік шараларының операторы ретінде Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп шығындарды өтеу процесінің тиімділігін оңтайландыру және арттыру жөніндегі жұмысты биыл да жалғастырмақ.
2022 жылы «QazTrade» компаниясына 259 экспорттаушы компаниядан барлығы 621 өтінім келіп түскен.