Былтыр Қазақстан үшін тәуекелге толы жыл болды. Әсіресе геосаяси жағдайдың тым қатты ушығуы отандық сауда саласына елеулі зиянын тигізді. Тауар жеткізу тізбектері бұзылып, тауар өндірушілер шикізат пен материалдардың тапшылығына тап болды. Бұл өз кезегінде соңғы өнімдер мен қызмет көрсету бағасына әсер етті. Тәуекелдерді барынша азайту және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құнын белгілеу мақсатында Сауда және интеграция министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігі бірлесіп, заңнамаға өзгерістер енгізді.
Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шакқалиевтің айтуынша, ведомство сауда желілерін айналым тізбегі бойынша қаржыландырудан бас тартты және өндірушілерді тікелей қаржыландыра бастайды.
«Биылдан бастап отандық ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 2023 жылғы ақпанға дейін 2023 жылғы күзгі егінге қаражат алатын болады. Форвардтық ақша агроөнеркәсіп кешендеріне алдын ала келісімшарттар жасауға және өңірдің көкөністерге деген үш айлық қажеттілігінен өнім көлемінің 30 пайызын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Яғни өндірушінің ішкі нарыққа көкөністер мен жемістерді жеткізу бойынша қарсы міндеттемелері болады», деді вице-министр Астана қаласының бизнес-қоғамдастық өкілдерімен кездесуде.
Тағы бір міндет – көкөністі ерте сатып алуды қамтамасыз ету. Оны уақтылы сатып алу маусымаралық кезеңде бағаның күрт ауытқуын болдырмауға көмектеседі. Вице-министрдің айтуынша, Тәжікстан мен Өзбекстаннан пияз, сәбіз және қырыққабат жеткізу бойынша алдын ала келісімдер жасалған. Қазір Иран мен Пәкістаннан көкөністі импорттау мәселесі пысықталып жатыр.
Өңірлік тұрақтандыру қорлары сәуір мен маусым аралығында нарықты көкөніспен қамтамасыз етеді. Бұл бағаның маусымдық ауытқуын болдырмауға септесуге тиіс. Қант бағасын тұрақтандыру үшін Астана қаласының әкімдігі мен төрт қант зауыты арасында тікелей шарттар жасалды.
Қазір өндіріс көлемі халықтың қажеттіліктерін өтемейтін 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі анықталған. Бұған атап айтқанда, сүт және сүт өнімдері және тауық еті кіреді.
А.Шакқалиевтің айтуынша, 2023 жылы республикалық бюджет нақтыланғаннан кейін ірі тауарлы сүт фермалары мен тауық етін өндіруді ұлғайтуға шамамен 400 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Мемлекеттік субсидияны еңбек өнімділігі жоғары және тауарлар айналымын қадағалап отыратын білікті өндірушілер алады. Міндетті талап – барлық өнім тек елдің ішкі нарығына жеткізілуі керек.
Министрлік өкілі «сіздерге сапалы өнім алып, оны сата алуыңыз үшін барлық жағдай жасалып жатыр. Жалғыз өтініш – әлеуметтік жауапты, негізделген сауда үстемесі бойынша қарсы міндеттемелерді сақтау, бұл 10 пайыздан аспауға тиіс», деді.
Ведомство сауда айналымының ұлғаюына, өндірушілер санына және тауардың сөрелерге түсуіне тікелей әсер ететін заманауи сауда инфрақұрылымын құру бойынша жұмыс жүргізуде. Ауданы 3-тен 50 мың шаршы метрге дейінгі сауда орталықтарын қаржыландыру бағдарламасы әзірленіп жатыр. Бағдарлама шеңберінде 2023 жылдан бастап 5 млрд теңгеге дейін несиелер беру және бизнес үшін пайыздық мөлшерлемелерді жылдық 6 пайызбен субсидиялау ұсынылады. Бірінші кезеңде бұл мақсатқа шамамен 20 млрд теңге бөлінбек.
Министрліктің есептеуінше, өркениетті сауда форматтарының оңтайлы үлесі 75 пайызды құрайды. Көптеген заманауи сауда орталығының болуы тауарлардың көлеңкелі айналымы мәселесін шешуге мүмкіндік береді.