Талқылауға да, төрелік айтуға да ең ауыр тақырыптың бірі донорлық ағза мәселесі дер едік. Қаншама жерден қайырымды, ізгі адам болсаңыз да, кенеттен қайтыс болған жақын адамыңыздың ағзасын өмір мен өлім арасында жатқандарға беруге дәтіңіз жете ме? Яки жеке өз басыңыз осындай өсиет қалдыра аласыз ба? Ислам діні бұған қандай пәтуа шығарады? Трансплантологияға қатысты заң тетіктерінде түйткілдер бар ма? Ойлаудың өзі – ауыр. Алайда мұндай тағдыршешті қадамға бару үшін донорлық ағзаға мұқтаждықпен күні өтіп жатқан жандардың азабы туралы тереңірек білуге тура келеді.
2021-2022 жылдары елімізде 4 қана донор табылып, осы төрт мәйіттен алынған ағзалар 25 адамды ажалдан арашалады, ең жақын адамдарының тауқыметін азайтты. Мамандар қайтыс болғаннан кейін ағзасын беруге рұқсат беретіндердің саны мұнан он есе көп болуы әбден мүмкін еді дейді. Мәселен, 2017 жылы донорлық ағзаға рұқсат бергендер саны жүздің үстінде болған. Өкінішке қарай, трансплантологтер Атыраудағы оқиға бұл көрсеткішті күрт азайтқанын алға тартып отыр.
Есесіне, жыл өткен сайын «Күту парағында» тіркелгендердің саны көбейіп келеді. Егер ол азаятын болса, көбіне қайтыс болып кеткендер есебінен кемиді. Мысалы, қазір елімізде шамамен 8 мыңдай науқастың күні диализге қарап қалған. Қысқасы, жылдар бойы өз донорларына жете алмай өліп кетіп жатқан жағдайлар бізді Қазақстандағы ағза ауыстыру тақырыбында түсірілген «Күту парағы» деректі фильмін көруге жетеледі.
Экранда бүйрегі, бауыры, жүрегі, өкпесі жарамай қалған жандардың күрсінісі, көз жасы, отбасының басына түскен тауқымет көрініс табады. Бүйрегі жаңғақ сияқты семіп қалған пациенттер оның жұмысын атқаратын диализге апта сайын жұмысқа барғандай, үзбей барады. Егер бір-екі апта бармай қалса, соңы – ажал. Донор тапқаннан басқа бұл тығырықтан шығатын жол жоқ. Залда қайта-қайта ауыр күрсінгендер болса, олар – донорлық ағза күтіп жүрген адамдардың өздері немесе олардың ең жақын туыстары болатын.
– Балапандарым үшін өмір сүруім керек!
– Егер жақындарым болмаса баяғыда өліп, қазір жылымды бір емес, екі рет беріп қоятын еді...
– Бізді жұрт бай деп ойлайды. Біреу саған бүйрегін бергенімен, ол сенің ағзаңа сәйкес келмеуі мүмкін.
– Көбі ана дүниеге барғанда мүшең түгел болмаса сұрауы болады дейді. Туысқандар сол үшін бермейді. Қайта бұл сауап емес пе?
Деректі фильмнің ауыр тұсы да сол, донорлық ағза күтіп жүрген кейіпкерлердің кейбірі қазір бұл өмірде жоқ, ал қуантатыны келесі біріне донорлық ағза табылған.
«Жұрттың көбі «Күту парағында» тұрғандардың ақшасы, тамыр-танысы болса, кезексіз донор таба алады немесе ақша беріп кезектің алдына шығып кетуге болады деп ойлайды. Мүлде олай емес, донорлық ағза табылғанымен, ол ағзаға сәйкес келе ме және дәл сол сәтте сырқаттың денсаулығы ағза алмастыруға дайын бола ма, мәселе – сонда, – дейді деректі фильмнің кейіпкері Анар.
Қысқасы, деректі картинадан түйгеніміз, трансплантологияға қатысты ақпараттарды көбейту арқылы қоғамдық пікірді өзгертуге болады. Ауыр да болса, бұл мәселені қоғам талқысына салып отыру қажет.
Аталған фильмді түсіруді тәуелсіз режиссер-документалист, New York Film Academy түлегі Қанат Бейсекеев, продюсер, Binocle жобасының авторы Қайрат Нұрмұғамбетов пен журналист Оксана Акуловалар 2021 жылдың қарашасында бастаған. Фильмнің тағы бір маңызды тұсы – авторлар өткен жылы күзде кейіпкерлер басынан өтіп жатқан өзгерістерге қайта оралады. Мысалы, төрт баланың әкесі Әділхан Жұмабаев өз басына түскенше өмірде өзгенің азғасына зәру адамдардың бар екенін, тіпті «Күту парағы» деген болатынынан мүлдем хабарсыз болған. 14 жылдай бұрын бүйрегі жарамай қалғаннан кейін, 2013 жылы Беларусьта донорлық бүйрек салғызғанымен, араға үш жыл салып ағза оны қайтарып тастайды. Әділханның да қазір «Күту парағында» тұрғанына жеті жылдай болған. Бақытына орай, бұл кейіпкерге тура кинозалда халық қаражат жинауды бастады. Әріптесіміз, кәсіби журналист, танымал блогер Әлішер Елікбаев сол арада өз қаражатынан 1 млн теңге беретінін мәлімдеді. Қажетті қаражат жиналса, Әділхан өз елімізден болмаса да, өзге елден донор табуы мүмкін.
Ал Қазақстанда ағза сату-сатып алу қылмыстық әрекет болып саналады. Ағзасын сатқан да, сатып алған да қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Тек жақындары ғана туысқандарына ағзасын тегін беруге шешім қабылдауға тиіс. Алайда ең жақыныңның өзі мұндай тәуекелге бара бермейтіні де шындық.
Фильм барысында он жылдан бері донорлық жүрекпен жүрген отандасымыз Жәнібек Оспановты да көрдік. Ол – елімізде бірінші болып жүрек трансплантациясы жасалған бақытты адам. Оған кезінде Игорь Воротников деген азамат миы өлген өз анасының жүрегін салуға келісім бергенін білеміз. Игорьдің «иә» деген жалғыз сөзінен кейін Жәнібек қазір екінші өмірін ғана сүріп отырған жоқ, Әлібек атты ұлы да дүниеге келген.
Түсірілім барысында «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы қазақстандықтардың трансплантологияға қатысты пікірін білу мақсатында арнайы сауалдама жүргізіпті. Әлеуметтанушылар ақпарат тарату арқылы ағза донорлығы тақырыбына ықпал етуге бола ма, осы мәселені қаузаған ақпараттар қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты көзқарасты өзгерте ала ма деген негізгі сұрақтарға жауап іздейді. Түрлі ұлт өкілдері тартылған сауалдама екі кезеңнен тұрады. Біріншісі – «Трансплантология жайлы аңыз бен ақиқат» тақырыбындағы лекцияға дейін, екіншісі – 40 минуттық лекция аяқталғаннан кейін жүргізілген. Осыдан кейін респонденттердің лекцияға дейін және кейін берген жауаптары салыстырылады.
Әлеуметтік эксперимент барысында лектор, «MedSupportkz» қозғалысының жетекшісі, дәрігер Ботагөз Кәукенова Қазақстандағы трансплантологияның қазіргі жай-күйі, тақырып төңірегіндегі шындыққа жанаспайтын қауесеттер, донорлық туралы заң, бұл мәселенің моральдық жағы, ағза алмастыруға зәру пациенттер ұдайы бетпе-бет келетін кедергілерді қозғайды. Қос сауалдама нәтижесі лекциядан кейін аудиторияның елдегі ағза донорлығына қатысты пікірі өзгергенін көрсетіп отыр.
Лекцияға дейін респонденттердің басым бөлігі (44%) донорлық орган қажет пе деген сұраққа жауап беруге қиналған болса, дәрісті тыңдағаннан кейін олардың пікірі өзгеріп, донорлық ағзаның тапшылығын өткір проблема ретінде мойындаған (59%). Сауалдарға жауап беруге қиналғандардың үлесі екі есеге, 44%-дан 22%-ға төмендеген. Сонымен қатар олардың қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа қатысты пікірі де өзгерді. Лекциядан кейін «бұл идеяны сенімді түрде қолдамаймын» деген жауапты таңдағандар саны 4 есеге, яғни 15%-дан 4%-ға дейін төмендеген. Аталған идеяны қолдайтындар үлесі алдыңғы 19%-дан 26%-ға дейін көтеріліп, «Біреудің өмірін сақтап қалу үшін қайтыс болған туысыңыздың ағзасын беруге келісім бересіз бе?» деген сауалдың жауабын салыстырсақ, келісім беремін деп сенімді түрде жауап бергендер үлесі 19%-дан 30%-ға дейін артып отыр. «Өз ағзаңызды басқа адамдарға беру туралы өсиетхат жазуға келісім берер ме едіңіз?» деген сұраққа оң жауап бергендер саны 4%-дан 22%-ға дейін артқан. Одан үзілді-кесілді бас тартқандар саны 44%-дан 30%-ға дейін қысқарған.
Қорыта айтқанда, әлеуметтанушылар сауалдама нәтижесіне қарап трансплантология тақырыбына қатысты ақпараттарды көбейту арқылы азаматтардың ағза донорлығы мәселесіне түсіністікпен қарап, оң шешім қабылдауына ықпал етуге болады деген тұжырымға келіп отыр. Сондықтан адамдардың трансплантологияға күмәнмен қарауының бір түйткілі де осы деген тұжырым жасауға болады. Дұрыс ақпаратты көбейту айтарлықтай жылдам нәтиже бере қоймаса да, адамдарды бір сәт болса да осы проблема жайлы ойлануға итермелейді. Біздің қоғам үшін жабулы күйінде келе жатқан тақырыпқа деген көзқарасты өзгертеді.
Қазір елімізде ағза алмастыруға зәру 3 532 адам кезек күтіп жүр, оның – 67-сі – бала. Өкінішке қарай, 2021 жылы және 2022 жылдың 10 айында донор ағзасын күткен 558 пациент көз жұмған.
Ал жоба авторы, журналист Оксана Акулова деректі фильмге арқау болған оқиғаларды осыдан бір жыл бұрын жаза бастаған. Осы бір жыл ішінде кейіпкерлер өмірі қаншалықты өзгергені ашып көрсетілген. Оның айтуынша, қайтыс болғаннан кейінгі донорлық жайлы көбірек айту қажет және бұл мәселе жабық тақырып қатарынан шығуға тиіс. Қазақстанда бұл – қорқыныш пен қауесеттен әрі аса алмай отырған бағыттардың бірі. Соның салдарынан елімізде бақилық болғаннан кейін донор болғысы келетіндердің саны тым сирек.
АЛМАТЫ