Терезедегі аппақ шілтерді еркелей ашқан самал жел шаңқай түстегі күн нұрын бөлмеге аямай төгіп тұр. Бөлмеге кіріп келгенде төргі қабырғаға ілінген плакаттан аппақ көйлегінің етегі еденге құлай төгіле қоңыр пианиноға сүйеніп тұрған ұзын бойлы сұлу бойжеткеннің бейнесі мен мөлдірей қараған жанары бірден көзге түседі. «Бұл 2019 жылы Саиданың Ыстамбұлға барғандағы жеке концертіне жасалған жарнама плакаты ғой», деді суреттегі сұлу жанның анасы Люба таңырқай қарап тұрған маған.
– Мен кейде Құдай атты құдірет қызымның көз жанарын алғанымен, жан жүрегіне, тыныс-тіршілігіне бір жарық сәуле салған ба деп ойлаймын. Әйтпесе, 9 жасынан бастап музыка әлеміне құлақ түріп, әр үн, әр дыбыстан ғажайып сыр, рухани ләззат алу, қарапайым адамның қолынан келмейтіндей, – деді Люба.
Иә, Құдай атты құдірет өзінің сүйікті құлдарын таңдарда, оның жан дүниесіне жарық сәуле салумен қатар, оған жетер жолға тау-тасты, батпақ-шөлді, зұлымдық пен аярлыққа толы тосқауыл мен кедергіні де үйіп-төгіп береді екен. Бұл біздің кейіпкеріміз Саида Қалықоваға қатысты айтылғандай. Тағдырдың жазмышымен қос жанарынан бірдей айырылғанына қарамастан, бойдағы буырқанған талантын тамаша дәлелдеп қана қоймай, әлемдік деңгейде көрсете алған дарынды жанның мына ғазиз дүниеге, келешекке деген сенім мен үміті зор, сүйіспеншілігі шексіз.
Осы тұста кейіпкеріміз Саида әңгімесін әріден бастады:
– Бәрі де сол мен шамамен 10 жасқа толған кезде басталды. Мәскеуге барып ота жасалып келгеннен кейін, менің екінші өмірімнің есігі айқара ашылды. Бала болсам да ата-анамның күбірлеп сөйлеген сөздерінен, анамның түндерде жылап шығатын шарасыздығынан мына жарық дүниені көру деген үмітімнің аз екенін сездім. Сездім де тас-түйін болып тек өз күніме сенуге бекіндім. Мектепте оқып жүргенде тәжірибелі ұстаздың әр сөзін қалт жібермей тыңдап, қабылдап түсінсең қосымша оқудың қажеті шамалы. 1-сыныптан бастап әр сабақтан тек өте жақсы баға алдым. Мектеп бітіріп аттестат аларда әр жылдардағы бағаларымды көріп, мектеп ұжымы мені «Алтын белгіге» ұсыныпты. Бірақ қалалық оқу бөлімі бекітпепті. Себебін «көзі көрмейді ғой, оған кім сенеді?» деумен қысқа қайырыпты. Тап осылай айтылған уәж алдымнан талай шықты. Бірақ Құдайдың құдіретімен әр кез көмекке келетін өзіңнің хал-ахуалыңды анық түсіну, төзім мен сабыр, тынымсыз еңбек талай кедергіні тас-талқан ететінін өмірдің өзі мың-сан көрсетті, деп балалық шағы, оқушы жылдарына ойша бір саяхат жасаған Саида сөзін әрі қарай өмір жолының өнермен тоғысу тарихынан сыр аша сабақтады:
– Орал қаласында Құрманғазы Сағырбаев атындағы мәдениет және өнер мамандарын даярлайтын 4 жылдық колледж бар. Онжылдықтан кейін мен сол оқу орнының фортепиано факультетіне оқуға түстім. Онда Наталья Николаевна Свечникова атты тәжірибелі ұстаз бар. Мен оған ғұмыр бойына қарыздармын. Себебі ол маған пианино атты музыкалық аспаптың пернелерін басу, есту, түсіну, тыңдау сияқты өзіндік әліппесін үйретті. Ұстазымның ақыл-кеңесі, тәлім-тәрбиесі өмірім мен өнеріме арқау болды. Колледждің 3-курсында оқитын кезім. Бірде ұстазым маған:
– Сен тап қазір кейбір студенттердің соңғы курста диплом аларда орындайтын шығармаларын еркін орындап жүрсің. Егер мен саған жеке концерттерде орындайтын Шопен, Глинка сияқты композиторлардың күрделі шығармаларын үйретсем, қиналып қалмайсың ба?!, – дегені. Міне, осыдан бастап ұстазымның ізгі үміті мен менің қыруар табанды еңбегім басталды да кетті. Сөйтіп, алғашқы жеке концертім 2004 жылы достарым мен туыстарым, мәртебелі ұстаздар мен студенттер қауымы ортасында қойылды. Кейін Астанадағы Қазақ ұлттық музыка академиясының студенті атандым. Арманым университетті үздік бітіріп ата-анамды, өзімді тәрбиелеген ұстаздар ұжымын ұятқа қалдырмау болатын. Бірақ неге екенін қайдам классикалық музыка әлемінің отаны итальян тілін білсем, үйренсем деген ой-арман есімнен кетпей қойғаны. Сөйтіп, қосымша тіл үйренуді қолға алдым. Жылдар өте келе армандар орындалады екен. Талабым мен табанды еңбектің арқасында шетел азаматтарына арналған тіл үйрену курсын үзбей оқып, нәтижесінде, Италия елінде өтетін конкурстарға онлайн қатысып, 2009 жылғы өткен байқауда 2-орынды жеңіп алдым. Ол маған Италияның Флоренция қаласында 6 айлық тегін тіл үйрену мектебінен білім алуыма мүмкіндік берді. «Болашақ» бағдарламасымен Италияда магистратурада оқыған жылдары да бос уақытымда өз бетімше тіл үйренуді тоқтатпадым. Нәтижесінде, 2013 жылы «Италия тілінің маманы – филолог» деген диплом алдым. Тап қазір бұл тілде еркін сөйлесіп, пікірталасқа қатысып, ұялмай тіл маманы екенімді дәлелдей аламын. Екі жарым жылға созылған Флоренция қаласында өткізген Саиданың жұмақ өмірі осылай басталды, – деп дарынды жан сөзін «Мың бір түн» әңгімелерінің сарынымен аяқтады.
Иә, «Өмір қас-қағым, ал өнер – мәңгілік» депті білетіндер. Бұл өмірде әншейін ештеңе жоқ. Өнер де, білім де, ғылым да сатулы. Бірақ оларды алтынға, ақшаға емес, еңбекке, уақытқа, тынымсыз аңсаған ой мен арманнан қалжыраған денсаулыққа ғана сатып алуға болады. Бұл өмірде жететін жетістік болса, жақсылыққа жетелеген аппақ арман мен тынымсыз еңбек қана екен деп ойладым сол сәтте.
Шын ниетімен айтқан соң ба, Саиданың ойы орамды, сөздері дәлелді әңгімесін тыңдаған сайын тыңдай бергің келеді.
– Менің өмірімдегі естен кетпес жылдар Флоренция қаласында магистратура оқыған жылдарым деп толықтай айта аламын. Әсіресе демалыс күндері, кешкі серуенге шыққан уақытта үй жанындағы бақта қойылған жайлы орындықтарға жайғасып, анамның әркез қол сөмкесінде жүретін шағын магнитофонындағы қазақтың әндері мен күйлерін тыңдаймын. Әсіресе қазақтың ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Құрманғазының, Тәттімбеттің, Динаның күйлері естілгенде Медичи әулетінің зәулім 3 қабатты үйінің бөлмелерін жалға алған тұрғындар бақ жақтағы бөлмелерінің дәліздерін ашып ұйып тыңдап отыратын. Менің итальянша сөйлей алатыныма сүйсінген олар Қазақстан туралы, музыка жайында сұрап, әңгіме-дүкен құратын.
Осы кезде әңгімені әрі қарай Саиданың анасы Люба жалғады:
– Мына тұрған диплом Саида магистратураны бітіргенде берілді, – деді қабырғаға ілінген дипломдардың бірін көрсетіп. – Магистратураны бітіру кешіне жиналған халық салтанат залына лық толды. Бір сәт кеш жүргізушінің «Оқу кезеңінде және емтихан қорытындысы бойынша ең үздік 110 балл алған Саида Қалықова сахнаға шақырылады» дегенді естігендегі қуанышты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
– Ал диплом алуға лайықты балл қанша екен? – деймін мен де бәрін анықтай түскім келіп.
– 98-100 балл болып бекітілген, – деді Люба. – 2010 жылы Вьетнам азаматы 108 балл жинапты. Содан бері ешкім бұндай жоғарғы көрсеткішке жетпепті. Соның нәтижесінде, араға ай өтпей, арнаулы комиссияның және Италия оқу министрлігінің шешімімен Саидаға «Музыка академигі» дәрежесіндегі диплом тапсырылды, деді ана перзентіне сүйсіне қарап.
Луиджи Керубини атындағы консерватория докторы Флора Гальяр Саидаға салтанатты түрде «Музыка академигі» дәрежелі дипломын тапсырып тұрып: – Саида Қалыққызы, егер сіз біздің университетке жұмысқа қаламын десеңіз мен қуана қабылдап, бірден сізге профессор атағын берер едім. Тұратын пәтер, алатын жалақы туралы ойламасаңыз да болады. Өзіңізге арнайы класс беріледі. Сіздің әлемде жоқ «Музыка академигі» деген атағыңыздың арқасында біздің университеттің дәрежесі артады, деп қазақтың талантты қызын аттай қалап өз елдерінде алып қалғысы келді. Алайда Саида: «Барлық жақсылығым мен білімімді, талантым мен тәжірибемді елге, жерге, Қазақстанға апармасам, қазақ елі есебінен шетелде білім алып, қарны тойған жерінде қалып қойған көп жерлесімнің бірі болмаймын ба?! Елге оралу – менің перзенттік парызым» деп жауап берді. Бұл – Саиданың жүрегінен шыққан өз шешімі еді.
Осы орайда әңгіменің желісін оның ішкі түйсігі, яғни жан дүниесіне қарай бұрып:
– Атағы жер жарған әлемдік музыканттардың шығармаларын орындауға батылың барып, әрқайсысының ұзақтығы бір сағаттан аса уақыт алатын Бах, Глинка, Чайковский сияқты композиторлардың туындыларын нотаны көрмей қалай орындайсың? – деген сұрағымды қойдым.
Ол аз-кем үнсіз отырып:
– Әрине, нота парақшасын көзбен көріп, қолмен ұстағанға не жетсін. Тәңіріме шүкір, есту, сезіну, түсіну, пайымдау қабілетім мен жан-жүрегімнің лүпілінің арқасында шығарманың бәрін түсініп сезінемін. Бойың балқып, қиялың шалқып, жан-жүрегің елжіресе сол шығарманың алапат күшіне, өміршеңдігіне, оның авторына ризашылық сезімің оянса болды, үйрендім дей бер. Қазір техникалық құралдың сан түрлісі бар. Тіпті кассета арқылы шығарманы 10 рет, қажет болса 100 рет тыңдаймын. Жүрегің сайрап тұрғанда оны қайталау қиын емес. Ал пианино клавиштеріндегі нота сандары небәрі жетеу-ақ.
– Білім мен тәжірибеңді музыка әлеміне құштар жастарға тәлім-тәрбие беру үшін музыкалық академияда, болмаса колледждерде неге сабақ бермейсің? – деймін Саиданы одан әрі сөйлеткім келіп.
– Магистратураны бітіріп келген соң ондай ойым болған. Бірақ ол салалардың төрінде отырған басшыларынан: «Бұл мекемелер жартылай коммерциялық ұйым, балаларының оқуына ақша төлейтін ата-аналар көзі кем маман студенттерге дұрыс сабақ береді дегенге сенбейді, – деген жауап алдық Саидадан. Содан кейін ол мәселені қайталаудың қажеті болмады.
Алдымда отырған жап-жас әдемі қызға қараймын. Оның әңгіме арасындағы: «Шіркін-ай, Алланың әмірімен үш күн қатарынан көзім көретін болса ғой. Ең алдымен, анамның ақ жүзіне көзім тоймай қарар едім. Не дегенмен 24 жыл көрмедім ғой. Беттерін әжім торлап жүдегенін сезсем де, мен үшін ол әлі де 43 жастағыдай әдемі келіншек. Ата-анам осы жылдар ішінде менің көретін көзім, еститін құлағым, әл-қуатым мен күш қайратым болды. Аңсаған арманымның шығар шыңы, басар тауы болып, менің игілігім үшін саналы ғұмырларын сарп етті. Ата-анама қарыздармын. Әсіресе атар таңымда ақ анам ауырып қалмағай деп тілеймін. Соңғы жылдары денсаулығы сыр бергені жаныма қатты батады. Бұл өмірде менің әке-шешемдей жанкешті жандар тым аз шығар. Кейде ешкімнің демеуінсіз сыртқа шығып, үйлерді, адамдарды, Астанада салынған зәулім ғимараттарды, саябақ пен гүл алаңдарын көріп, түн бойы аспан көгіндегі мың-сан жұлдыздарды тамашалап, осы құдіреттің бәрін көретін адамдар, сендер неткен бақытты жан едіңдер деп айқайлағым келеді...», дегені есіме түскенде жан-дүнием астаң-кестең болды.
«Е, Құдай, Саидаға құдіретіңді көрсетші» деп іштей тілеумен болдым...
Бақыт ЖАСҚАЛИЕВА,
ардагер-журналист