Еліміз азаттық алған соң заңнамасы 1991-1997 жылдары бір рет, қоғамдық қатынастардың сипаты өзгерген 2014-2015 жылдары екінші рет түлегені анық. Олардың қатарында 2014 жылғы 3 шiлдедегі Қылмыстық кодекс, 2014 жылғы 4 шілдедегі Қылмыстық-процестік кодекс, 2014 жылғы 5 шілдедегі Қылмыстық-атқару кодексі және 2015 жылғы 31 қазандағы Азаматтық процестік кодексі бар.
Осылардың ішінде тек бір сөзі өзгеше, өзге тұсы айна қатесіз екі кодекс бар. Олар – Қылмыстық-процестік және Азаматтық процестік кодекстер. Жо-жоқ, қателесіппін. Тек бір сөзінде ғана емес, сөз арасындағы дефисте айырмашылық бар. Біреуінде ол бар да, екіншісінде жоқ. Осы дефис соншалықты бірнәрсе шешіп тұр ма?! Оның үстіне бұлар адам тағдырын тікелей шешетін заңдар емес пе? Заң болғанда заңның бірегейі, яғни жинақталған, кодификациядан өткен заң – кодекс. Қанды көйлек тоталитарлық заманнан қалған «Казнить нельзя помиловать» деген тіркесті бәріміз білеміз. Бір ғана үтір адам тағдырын шешеді.
Заңдардың қазақша мәтінінде бірдеңе түсініксіз болса, орысшасына жүгінетін әдет заңгерлер арасында бұрыннан бар. Ал енді бұл заңдардың орысшасын қарап көрелік, «Уголовно-процессуальный кодекс РК» және «Гражданский процессуальный кодекс РК». Мәселенің төркінін енді түсінген боларсыз. Орыс тіліндегі нұсқасында азаматтық процесс туралы заңда толықтай «Гражданский процессуальный» деп жазады да, қылмыстыққа келгенде «Уголовный процессуальный» демей, сөзді «Уголовно-процессуальный» деп қысқа қайырады. Сол себепті де осы дефис орыс тіліне өз грамматикалық ережесіне сай көмекке келіп тұр. Демек орыс тілінің грамматикалық заңына сай толықтай «гражданский процессуальный» деп келтірсе, ешқандай дефис керек емес, ал сөздерді өзара құрмаластырып және қысқартып «гражданско-процессуальный» десе міндетті түрде дефис керек. Ал қазақшасының мұрты да бұзылған жоқ қой?! Екеуі де қажетті сөздерді толықтай жазып тұр, яғни «қылмыстық процестік», «азаматтық процестік» деп. Орфографиясы да, орфоэпиясы да бірдей. Сонда бұл дефис тұрмаса, қазақша мәтіннің мағынасы өзгеріп сала бере ме? Жоқ, әрине. Бұл ноқтамен жетекке жүріп қалған құлдық сананың ғана көрінісі. Басқа ештеңе емес. Орысша нұсқасында бір ғана дефис тұрса да, жетекке жүріп қалған сананың иесі үтір, нүкте, дефисіне дейін қалтқысыз көшіруі керек.
Заң шығару үдерісінен хабары бар мамандар біледі. Ешкім де түсінен шошып оянып, бір заңды қабылдай салмайды. Оның үстіне, бұл тәріздес көлемді, салмақты заңдарды.
Заң жобасы Парламентке түскенше мамандар талқылауынан өтеді, содан соң бірнеше мәрте лингвистикалық сараптамаға салынады. Содан кейін Әділет министрлігінің сүзгісінен өткен соң Мәжіліске, одан кейін ғана Сенатқа өткізіледі. Сонда әлгі мамандардың бәрі де осы дефисті көрмей қалды ма?!
Жоқ, әлбетте. Дефисті көрді, бірақ одан сөкеттік көрмеді. Ондаған жыл еліміз ғана бодандықта болған жоқ, санамыз да бодандықта болды. Оны осы жалғыз дефис дәлелдеп тұр.
Демек «Қылмыстық-процестік кодекс» те «Азаматтық процестік кодекс» сияқты еш сызықсыз «Қылмыстық процестік кодекс» деп жазылу керек еді.
Реті келгенде «Қылмыстық-атқару кодексі» туралы да айта кетелік. Бұл кодекске де, біріншіден, дефис қажет емес. Орысшасы құсап «уголовно» деп, сөз аяғын жұтып тұрған жоқпыз. Екіншіден, одан да сорақы нәрсе бар. Ол мұның атауы түбірімен дұрыс емес. Неге? Дәл осы «Қылмыстық атқару кодексі» дегенді қайтадан орыс тіліне тәржімаласақ, «Преступно-исполнительный кодекс» болып шыға келеді. Себебі орыс тілді заңнама «уголовный» дегенді қылмысқа да, жазаға да қатысты қолданады. Өйткені оның түбірі қылмыс та, жаза да емес, «голова», яғни бас, адам тағдыры. Ал біз қылмысты қылмыс, жазаны жаза деп айтамыз. «Қылмыстық-атқару кодексі» деп жүрген заңымыз калька жолымен «уголовно-исполнительный кодекстен» алына салған. Шын мәнінде, оның атауы «Жаза атқару кодексі». Нанбасаңыз, осы кодексті қолыңызға алып оқып көріңіз, тек тағайындалған жазалардың қайсысы қалай орындалатыны туралы жазады. «Сонда бұл кеңес дәуірінен осылай келе жатыр ма?» деген заңды сұрақ туындайды. Жоқ. Кеңестің заңнамада осындай кодекс болды, бірақ мұндай атау болмады. Кодекс жаза атқару деп емес «Қазақ КСР-ның Еңбекпен түзеу кодексі» деп аталды (Исправительно-трудовой кодекс Казахской ССР). Бұл, әрине, «адамды адам еткен – еңбек» деген марксистік ұстанымды ту еткен кеңестік кезеңнің әуені.
Ең алғашқы «Қылмыстық-атқару кодексі» 1997 жылғы 13 желтоқсанда қабылданды. Одан бері айтып келеміз. 2012 жылдың 20 қыркүйегінде «Жаңа Қылмыстық кодексті әзірлеу аясында қылмыстық заңнаманы дамытудың өзекті мәселелері» атты халықаралық конференцияда маған «Қазақстан Республикасы қылмыстық заңнамасының қазақ және орыс тілдеріндегі түпнұсқалық мәселелері» деген тақырыпта баяндама жасау бұйырды. Баяндамада осы мәселені басып айттық, одан бөлек, заңдардың дәлме дәлдігі тоғыз бағыт бойынша шатқаяқтап тұрғанын жеткіздік. Ең қызығы, осы конференцияға Парламент депутаттары, оның ішінде Қылмыстық кодексті даярлау бойынша жұмыс тобының басшысы да, қылмыстық процестік кодексті даярлау тобының басшысы да қатысып отырды. Одан бөлек, осы конференцияны ұйымдастырушылардың бірі А.Шорманбаева Астанадағы жұмыс тобының жиынына қатысу барысында қорытынды сөзіммен бірге кесте күйінде жасалған қателерді CD дискіге көшіріп, жұмыс тобындағы әр депутатқа жеке-жеке табыс етті. Одан шыққан қорытынды жоқ емес, аз-маз бар, бірақ осы дефис пен «қылмыстық-атқару» сөзіне жетпей қалыпты.
Өзгесін айтпағанда, яғни «Жаза» атқару кодексінің өзін және Қылмыстық процестік кодексті есепке алмағанда, «қылмыстық-атқару» деген сөз тек Қылмыстық кодекстің өзінде 46, 48, 51, 72, 81, 91, 428-баптарында 31 рет ұшырасады.
«Ал сонда заңдардың қазақша нұсқасында сызықша мүлде қолданылмау керек пе?» деген заңды сұрақ туындайтыны хақ. Қолданылады, әрине. Тек сөйлемдегі бірыңғай мүшелер қолданылғанда ғана.
Әдетте, қазақ тілінің грамматикалық заңдылығында сөйлемдегі бірыңғай мүшелердің ұшырасу барысында үтір қолданады. Ал заңнамада үтір қолданудың ерекшелігі бар. Қарапайым мәтіндерде үтір логикадағы конъюнкция рөлін атқарса, заңдарда ол дизъюнкция рөлінде, яғни қарапайым мәтіндерде ол «және» деген мағына берсе, заңнамада «немесе» ретінде қолданылады. Мысалға, «есірткі заттарды иемдену, сақтау, өткізу, тасымалдау» десе, ол адам есірткіні иемденіп, содан соң сақтап, содан соң өткізсе ғана қылмыс болмайды, тек иемденсе болды немесе сақтаса жеткілікті, не өткізсе де бір қылмыс бітті. Сол себепті заңдар үтірді сақтықпен қолданады, ал заңдардың атауларында мүлдем дерлік қолданылмайды.
Кодекстердің атауында осындай бір жүкті мойнына алғанда ғана дефис болуы ләзім. Мысалы, 2020 жылғы 29 маусымдағы «Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс» туралы осылай айтуға болады, себебі бұл «Әкімшілік рәсімдік кодекс» деген бір заң және «Әкімшілік процестік кодексі» деген екінші заң қатар болмас үшін, бірқатар сәйкес келіп қалатын тұстарында бір-бірін қайталап, заң техникасын бұзып, азаматтарды шатыстырмас үшін екі актінің ережелерін бір кодекске үйлестіріп салған соң терезесі тең атаулар дефис арқылы берілген.
Бұл әңгіме тек дефис туралы. Бұл заңымыздағы емес, санамыздағы көшірме екенін көрсеткіміз келді. Ал терминдер мен сөз тіркестеріндегі орашолақтықтардың жыры бөлек. Онда да шекеміз қызып тұрған жоқ, тіпті езутартар оқиғалар да болып жүр. 1997 жылы қабылданған Қылмыстық кодекстегі «государственная тайна» дегенді «государственный секрет» деп өзгерту туралы 05.05.2000 ж. № 47-2 заңы қабылданып кетті. Өйткені оның алдында ғана «О государственных секретах» деген арнайы заң шыққан. Әлбетте, заң жобасының орысша нұсқасы талқыланды ғой, ал қазақша нұсқасында екеуі де «секретің» де, «тайнаң» да «мемлекеттік құпия» ғой. Енді қайтпек керек?! Мұны «өнертапқыштар» септік жалғауын өзгертіп жатқан заң секілді етіп көрсетіп, тығырықтан шығып кетті. Ал қазақша мәтіндердегі шиқаны шығып жатқан тұстарын өзгертетін осы күнге дейін бірде бір арнайы заң қабылданған емес. Ал біз өзімізше қомпиып септік жалғауын өзгертіп қоямыз. Бізге септік емес, серпіліс керек. Заңдағы емес, санадағы серпіліс қажет. Осы қазір «Жаңа Қазақстан құрып жатырмыз» деп шіреніп, шідер үзіп жүрміз. Жаңа Қазақстанды сананы өзгертуден бастағанымыз абзал, ал санасын өзгерткісі келмейтіндердің өзін өзгерту ләзім. Өңкей күшігінен таланып, арлан шықпайтындарды абаданға сала бермей, әуелден азуын айға білегендерді сынайтын шақ келген сыңайлы.
Алмас ЖҰМАҒАЛИ,
М.Нәрікбаев атындағы KazGUU университетінің асистент-профессоры