Қазақта «Тарихсыз ел болмайды» деген тәмсіл бар, сөздің төркіні де түсінікті. Тасқа қашалып, жазылып басталған тарих, кейіннен қағаздарға түсіріліп сақталып келеді. Халықтың тарихы сонау сақтардан бастау алып, бүгінгі күні құпиясы мен сыры көп іргелі ілімге айналды.
Әр халық өткен тарихында мемлекеттілік болғанын нақты деректермен ғана дәлелдей алады. Қазақ хандығынан бастап, күні бүгінге дейін жазба жәдігерлер Ұлы далада ордалы мемлекет болғанымызды айғақтап отыр. Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві Қазақ елінің ХХ ғасырдың екінші он жылдығынан бастап қағазға басылған саяси тарихын түгендеп, ұрпақтан-ұрпаққа аманат ету мақсатында сақтап келеді.
Қай мемлекет болсын тарихын таңбалауды, сақтауды алдыңғы орынға қояры анық. Сол себепті тәуелсіз ел болып, отау тіккен шақта құжат сақтау саласы мемлекеттік тұрғыдан демеу алып, ретке келтірілді. 1994 жылы 14 қаңтарда Мемлекет басшысының Жарлығына сай жаңа тарих Орталық мемлекеттік архивінің негізінде Президент Архиві құрылған еді. Тәуелсіз мемлекеттің қалыптасуының дәуірлік оқиғаларын, еліміздің ішкі және сыртқы саясаттың, халықаралық қатынастың, экономиканың, әлеуметтік-мәдени дамуындағы маңызды құжаттары да осында жинақталған. Президент актілерінің түпнұсқалары, халықаралық жиындардағы баяндама мәтіндері, фотосуреттері, жарлықтар мен қаулылар да архив қоймасында өз орнын тапты. Сонымен қатар қоғам қайраткерлерінің жеке тектік құжаттары мен басқару құжаттамасы да бар. Былтырғы дерек бойынша Архивте 856 мыңнан астам іс сақтаулы болса, биыл бұл сандардың көрсеткіші ұлғайған. 2023 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіш бойынша 1 134 950 іс бар екенін нақты айта аламыз. Себебі былтыр Президент Архивіндегі құжаттар тізіміне 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратураның арнаулы мемлекеттік архивтерінен құжаттар тапсырыла бастады. Бұл құжаттардың тасымалы 2020 жылы қарашада Президент Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия жасақталуынан бастау алып отыр. Мемлекеттік комиссиясының жұмысына көмек әрі бағыт-бағдарына қолдау ретінде 2021 жылы Президент Архивінің құрылымында ХХ ғасырдағы саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығы құрылды. Келіп түскен құжаттар негізінде архив пен Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның жобалық офисі бірлесіп ХХ ғасырдың архивтік құжаттарын талдау бойынша өзара іс-қимыл жасап, ғылыми жобалар мен жұртшылыққа арналған кең ауқымды публицистикалық басылымдарды дайындап келеді.
Президент Архиві ел тарихындағы маңызды саяси оқиғалардың құжаттарын сақтап қана қоймай, архившілердің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында бірқатар іс-шара ұйымдастырғанын айта кеткен жөн. Жас архившілердің жазғы мектебі, студенттер арасындағы республикалық олимпиада, «Ашық қоғамға – ашық Архив» атты архившілердің халықаралық конгресі сөзімізге дәлел бола алады. Аталған іс-шаралар жас мамандардың архив саласына қызығушылығын арттыруға, заманауи технологиялар мен жаңа әдістерді игеруге, халықаралық қатынастарды дамытуға бағытталған. Бұл – Президент Архивінің жыл сайынғы дәстүрден жаңылмай, жас архившілердің біліктілік тәжірибесін арттыруға өз үлесін қосып отырған бастамалары.
Өткен жылдың қазан айында өткен «Ашық қоғамға – ашық Архив» атты архившілердің халықаралық конгресіне БҰҰ, ЕО және ЮНЕСКО-ның, Азия мен АҚШ, ТМД-ның 15-ке жуық елінен жетекші ғалымдар, сарапшылар мен мамандар қатысты. Архив ісін дамыту, құжаттық мұраны сақтау мәселелері бірнеше диспуттық аудиторияларда талқыланып, әлем архившілері арасында тұрақты халықаралық кәсіби сұхбат алаңы құрылды.
Президенттің өткен жылғы 9 ақпандағы Жарлығына сәйкес Архив «Қазақстан Республикасы Президентінің Архиві» республикалық мемлекеттік мекемесі болып қайта құрылды. Жарлыққа орай Президент Архивінің жаңа ережесі бекітіліп, 2035 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы мен стратегиялық жоспары дайындалды. Тұжырымдаманың мазмұны Қазақстан Республикасының Ұлттық архив қорының құжаттарын жинақтауын, есепке алынуын, сақталуын қамтамасыз етілуін, пайдалануын анықтайды. Сондай-ақ архивті цифрлық форматқа көшіру, оның құжаттану және архив ісі саласындағы ғылыми, әдістемелік және үйлестіру орталығы ретінде қалыптасуы, тасымалдаушылар архивтеу әдіснамасынан қолданбалы болжамдық сипаттағы жаңа ғылыми шешімдер негізіндегі ақпараттық архивтеу әдіснамасына дейінгі қызметтерді инновациялық жобалауға бағытталған. Тұжырымдама жобасын әзірлеуге архив ұжымы толық қатысып, қызметкерлердің айтқан көптеген ұсынысы құжатқа енгізілді. Тұжырымдамаға енген өзгерістер архивті кешенді дамытуға, Ұлттық архив қоры құжаттарының сақталуын қамтамасыз етуге, оларды қоғам мен мемлекеттің әлеуметтік-құқықтық, ғылыми және мәдени мүдделерінде кеңінен пайдалануға бағытталып отыр. Архивтің барлық өндірістік процестерін сапалы цифрлық трансформациялау – мекеме қызметінің негізгі бағыттарының бірі. Дәл осы цифрландыру архив қызметінің ашықтығы мен айқындығын көрсетіп, халыққа сапалы қызмет етуге мүмкіндік береді. Мұндағы басты мақсат – негізгі басымдықтарды айқындап, болашақта атқарылуға тиіс қызметтерді белгілеу. Тұжырымдаманың қорытынды бөлімінде архив жұмысында мәдени құндылықтар мен архив құжаттарына ақпаратқа қол жеткізуге адам құқықтарының қамтамасыз етілуі басым жағдайға ие болатыны айтылған.
ХХ ғасырдан бастап бүгінгі Қазақстанның саяси тарихына қатысты бірегей құжаттарын ретімен сақтап, жинақтап отырған Президент Архивіндегі қорларды тек отандық емес, шетелдік зерттеушілер де белсенді пайдаланып келеді. Архивтегі құжаттар негізінде зерттеушілер мен архившілердің еңбегімен түрлі жинақтар, монографиялар, мақалалар ұдайы жарыққа шығып отырады.
Дайана ТОҚБЕРГЕНОВА,
Президент Архивінің қоғаммен байланыс маманы