• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Тарих 17 Қаңтар, 2023

Өлке тарихының ақтаңдақ беттері

574 рет
көрсетілді

Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі өңірлік комиссия мүшелері Ақтөбе облыстық полиция департаментінің арнайы мұрағатындағы қылмыстық істер құжаттарының мемлекеттік мұрағатқа жіберілуіне қатты алаңдап отыр. Екі жыл ішінде қуғын-сүргін құжаттарын түгел қарап шығуға уақыт жетпеді.

Өйткені қылмыстық істер жүйесіз сақ­талған, қағаздар сарғайып кеткен­дік­тен оқуға қиын жерлері көп, тергеу мен үкім парақтары бір папкіден та­­была бермейді, көп істің басы бар да, аяғы жоқ. Соның кесірінен бір адам­­ның өмір дерегін түгендеуге көп уа­қыт кетеді. Сотталған жанның кейінгі тағ­ды­рын зерттеу үшін еліміздің басқа облыстарына сұрау жіберіп, құжаттарды сәй­кес­тендіру керек. Комиссия мү­шелері – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мем­лекеттік университеті тарих фа­куль­­тетінің оқытушылық құрамы қу­ғын-сүргін құрбандарын зерттеу жұмыс­тарына қатысты біраз мәселені көтерді.

 

Қуғын-сүргін құрбаны – 7 мың адам

Тарих ғылымдарының докторы, профессор Дәулет Әбеновтің хабарлауынша, Ақтөбе облысынан қуғын-сүргінге 7 мың адам ұшырап, ату жазасына кесілді немесе ұзақ мерзімге сотталды. Бұл тізімге сайлау құқығынан айырылғандар мен партиялық тазалауға іліккендер енбей қалған. Сайлау құқығынан айыру кеңес­тер жазасының ең жеңіл түрі болса да, адам тағдырына балта шабудың ұтым­ды тәсілі еді. Кеңес өкіметі үш рет партиялық тазалау жүргізді. Соның ішін­де «партияға байқаусызда өтіп кеткен» бұрынғы бай-болыстар мен ишан-мол­далардың балаларын коммунистік партия қатарынан шығару науқаны талай жігерлі жастың болашағын талқандады.

«Қуғын-сүргін кезеңін 1920-1930, 1930-1940, 1940-1950 жылдардың ара­лығына бөліп тастасақ, ең әуелі ерте оқығандар мен зиялылар ұсталып, одан кейін кезек ауқаттыларға келгенін біле­міз. Қазақтың байы ағайын-туысын асы­райтын, бір ауылдың бар шаруасын үйлестіріп отырған менеджерлер еді. Олар заман ағысынан сескеніп: «Ас­тық-малыңды өкіметке өткізсең, аш қаласың» деп жұртты үгіттеді. Бергісі кел­мегендіктен малын сойып тастады, бидай-тарысын егуге де ықыласы бол­май, елден кетуді ойлады. Кейінгі сұра­пыл аштықтың алғышарты осы кезеңде қаланды. Дүние-мүлкін жинап, шекара асуға қамдана бастағанда, «көкем кетсе, қайтып күн көреміз?» деп, соңынан бүкіл ағайыны ілесті», дейді Дәулет Әбенов.

Кәмпескелеу науқаны қазақтың байларын үш топқа бөлді. Бірінші санатқа іліккендер – ату жазасына кесілгендер, не ұзақ жылға бас бостандығынан айырылғандар болса, екінші топтағылар – мал-мүлкі тәркіленіп, отбасымен бас­қа округке жер аударылғандар. Үшін­ші санатқа іліккендердің мал-мүл­кі тәркіленіп, бірақ тұрғылықты жерін­де қалды. Шаруақор адамдарынан айы­­рылған соң ауыл қатты күйзелді. Мәсе­лен, 1928-1930 жылдары кеңес өкіме­т­і­нің саясатына қарсы болғаны үшін бір ғана Қобда ауданынан 766 адамның мал-мүлкі тәркіленіп, басқа жаққа көшірілді. Көбі Ақбұлақ ауданына жер аударылған. Ақбұлақ сол жылдары Ақтөбе округіне қараса, 1939 жылы Орынбор облысына берілді. Қобда ауданынан Алаш партиясының мүшелері, оқығандар көп шыққан.

Тарихшы Айнагүл Еспенбетова зерттеген қылмыстық істерде 1925-1928 жыл­дары жазаға тартылғандардың дені РКФСР Қылмыстық кодексінің 61-ба­бы 3-тармағымен айыпталған. Бұл бап бо­йынша ауқаттылардың мал-мүлкі тәр­кі­леніп, өздері екі жылдан бес жылға сот­талған. Жаза мерзімін өтегеннен кейін үкімде көрсетілген басқа округте бес жыл тұруға міндеттелген. Сөйтіп, жазасын өтесе де туған жеріне орала алмаған.

Тарих және дінтану кафедрасының аға оқытушысы Жайдарман Ғанибаева облыстық мұрағат пен ПД арнайы мұрағатындағы 1918-1930 жылдардағы төте жазумен жазылған істерді оқитын мамандардың тапшылығын алға тартады. Тағы бір кедергі – құжаттарда әкім­шілік бөліністер ашып жазылмаған. Мә­селен, кей құжаттарда ауыл атауы бар да, аудан көрсетілмеген. Кеңес өкі­ме­тінде шаруашылықтар қайта ұйым­дас­тырылғанда ауыл атаулары өзгер­тіліп, нөмірленген ауылдар пайда болды. Мәселен, істе №7 ауыл деп жазыл­ғаны­мен, аудан көрсетілмеді. Тап сондай №7 ауыл бір округтің бірнеше ауданында кездесетін. Осылайша, тарихшылар НКВД тергеушілерінің жазбаларын тани алмай отыр.

 

Ұмытылған тұлғалар

Дәулет Әбенов адал қызмет атқар­ғанымен, ел-жұртының лайықты ба­ға­сын ала алмаған тұлғаларды атады. 1950-жылдары кеңес өкіметінің қуда­лау саясаты ғалымдарға ауғанда, зардап шеккендердің бірі тарихшы Бек Сү­лейменов еді. Бүгінде Бек Сүлейменов туралы көп айтылмайды, туған жері Ақтөбеде оның атында ештеңе жоқ. Ал Төлеу Бәсенов Алматыдағы опера және балет театрын, Мәскеудегі халық шаруашылығы жетістіктері көр­­месі ғимаратын тұрғызған. Ол қа­зақ­­тың тұңғыш сәулет профессоры Мал­­бағар Меңдіқұловтан кейінгі талантты сәулетші еді. Өкінішке қарай республикалық ономастикалық комиссия мүшелері қазақтың осы бір аяулы тұлғаларына Ақтөбеде көше беру жөніндегі ұсыныстарды қабылдамай келеді. Ақтөбеде ауыл жастары үшін ашылған компартия мектебінің тұңғыш директоры, Ақтөбе педагогикалық инс­­титутын басқарып, 1943 жылы Алма­тыдағы Қыздар педагогикалық институтына ректорлыққа тағайындалған, 1956 жылы Қазақстан Компартиясы Ор­талық Комитеті хатшысы болып бекі­тілген Құрманғали Оспанов та еліне қалтқысыз қызмет еткен тұлға. Алаш партиясы бағдарламасын жасаған жеті адамның бірі – Ғабдулхамит Жүндібаев, Темір қаласындағы Уақытша Үкімет комиссары – Ғұмар Есенғұлов, ІІ Мем­лекеттік Думасының депутаты Алпыс­бай Қалменов ұлт көсемі – Әлихан Бө­кейханның айнымас серіктері еді. Кеңес өкіметі Дума тарағаннан кейін елге оралып, 13 жыл бойы Темір уезін басқарған болыс Алпысбай Қалменов отбасының тоз-тозын шығарды. Балалары мен інілерін атып, соттап жоқ қылды.

 

Легионерлер ісі

Неміс тұтқынына түсіп, кеңес әскері босатқаннан кейін елге оралып, қайта сотталғандарды университеттің саяси-әлеуметтік пәндер кафедрасының доценті Балжан Дәулетиярова бастаған топ зерттеп жүр. Олар Түркістан легионы құрамында болғаны үшін сотталған 525 адамның тізімін саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияға жіберді. Тұт­қын­да болғандар 1945, 1946, 1947 жыл­­дары НКВД-ның фильтрациялық лагерьлерінде тексерістен өтіп, елге орал­ған соң 1948 жылдан бастап қыл­мыс­тық жауапкершілікке тартылады. Оларды тергеп-соттаумен Чкалов қала­сындағы (қазіргі Орынбор) Оңтүстік Орал әскери округінің әскери трибуналы айналысқан. Тергеу жұмыстары Ақтөбеде жүргізіледі. Сондай-ақ неміс тұтқынында болған Атырау, Орал, Қы­зыл­орда облысының жауынгерлері де Ақтөбеде тергелген. Түркістан легионында болғаны үшін оларға 25 жыл каторга жазасы кесіліп, кеңес одағындағы ауыр құрылыстарға жіберілген. Легио­нерлерді соттау ісі 1952 жылға дейін жалғасқан.

Балжан Дәулетиярованың айтуынша, барлық істің айыптау қорытындысында «қолдарында қару болса да қарсылық көрсетпей, өз еріктерімен жау жағына өтті» деп жазылған. Жауап алу кезінде легионерлер неміс тұтқынына қалай түскендерін жасырмайды. Бір легионер немістер жағына өткеннен кейін Югославия партизандарына қарсы соғысты деп айыпталса, енді бір жа­уынгер Брест қаласының қорғанысында бірнеше күн бойы оқ таусылғанша соғысып, қалай қолға түскендерін баяндайды. 150 жауынгер кешқұрым терең сайға жетіп тығылады. Үш адамға бір ғана винтовкадан. Олар терең жыра ішінде, адамның белінен келетін суда тікесінен тік тұрып түнді өткізген. Таң атқанда командирдің бұларды тас­тап, түнде қашып кеткенін естиді. Бұл кезде немістер сайдың бойын түгел қоршап алып, тұтқындап, әр жаққа жөнелтеді. Польшаға жіберілгендер төбесі ашық, көкөніс төгетін ашық қоймаларға қамалған. Жаздық гимнас­теркамен тұтқынға түскендер күн суыта келе ауру мен аштықтан өле бастайды. Тірі қалғандары неміс офицерлерінің айтқанымен легион қатарына жазылады. «Елімізде әскери тұтқындар тақырыбы дұрыс зерттелмей келеді. Неміс тұтқынына түсіп, адам төзгісіз азапты бастан кешіп, елге оралған ата­ларымызды кеңес билігі қайта соттады. Оларға жазасын өтеп келсе де қыз­мет бермеді, партияға қабылдамады, қа­лада тұруға рұқсат еткен жоқ. Қандай қиын­дық көрсе де олар кез келген жұмыстан бас тартпады, үйленді, ұрпақ сүйді», дейді Б.Дәулетиярова.

1937-1938 жылдары Ақтөбе облысына күштеп көшірілген кәріс, болгар, поляк, неміс, украин, беларус­тар келіп, қоныстана бастады. Өз елдерінде саяси сенімсіз, кулак ретінде дүние-мүлкі тәркіленген жандардың бас қайғылары да жетіп артылатын. Өйткені депортацияға іліккендердің балалары ата-аналарынан күштеп айырылған. Бұл жайында кеңестік тарих ештеңе демейді. Ақтөбе облысына немістер бірнеше рет депортацияланды. Ең әуелі саяси сенімсіз, ауқатты тап өкілі ретінде айыпталғандар жер аударылса, соғыс жылдары Сталинград шайқасында қол­ға түскен әскери тұтқындар әкелінді. Тағы бір тобы – соғыс кезінде қолға түс­кендер. Бірақ бұл бейбақтар әскери тұтқындар емес, кездейсоқ жандар еді. 1944 жылдың басында Шығыс Еуропа шекарасына кірген кеңес армиясы көшеде кезіккен кез келген немісті ұстап, вагонға тиеп кеңес одағына жіберген. Олар­ды соғыстан кейін қалаларды қал­пына келтіру жұмыстарына пайдаланды.

 

Ел тарихы өлкетанудан басталады

Тарих ғылымдарының докторы Гүлбану Ізбасарованың тобы шаруалар көтерілісіне қатысқандар ісімен айналысады. Қазақстандағы ірілі-ұсақты 372 шаруалар көтерілісінің 78-і Ақтөбе өңірінде өткенін ескерсек, көтеріліс қатысушыларының барлық дерегін түгендеуге көп уақыт кететіні анық. Тарихшы ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, қазақ жеріне қоныс аударушылардың қазақ даласына ти­гіз­ген әсері мен қазақ мәдениетінің ке­рі ықпалы дәйекті зерттелмей жатқан­дығына назар аударды. Қостанай уезі­не қоныстанған алғашқы орыс пере­селендерінің балалары қазақ балаларымен ойнай жүріп, орыс тілін ұмыта бастағанын, үйлеріндегі иконаның не екенін білмейтінін миссионерлер 1880-1890 жылдары жазған. «Бізге перелесендер ісімен айналысатын Ре­сей шенеуніктерінің қандай шешім қабылдағанын зерделеу өте маңызды», дейді Г.Ізбасарова.

Деректік негізі жоқ кітап шығару­шылардың кесірінен мифтік тарих алға шығып, тұтас тарихи санаға теріс әсер етіп жатыр. Бұл ел-жұртына жанашыр тұлғаларымызды тани алмауымызға әкеп соқтырды. Гүлбану Ізбасарова жалған жаланың бір құрбаны – Шерғазы хан дейді. Тарихшылар Шерғазыны «сатқын, әлсіз хан» деп сипаттаған Эссеннің мінездемесінен аса алмай келе жатыр. Мұ­рағаттан табылған Шерғазының хат­тары оны басқа қырынан көрсетеді. Сол уақытта екі оттың ортасында қалған Шерғазы бір жағынан қазақ батырларына, екінші жағынан Орынбор генерал-губернаторына жалтақтаған. Шерғазы Орынбор генерал-губернаторына жазған бір хатында Хиуаның қайта-қайта ша­буы­лынан Арал бойындағы қазақ ауыл­дарының әбден титықтағанын жазады. Бір хатында Хиуаның қазақтан тартып алған жерін қайтарып алуға ықпал етуін сұраса, қазақ батыр-билеріне жаз­ған екінші хатында кете, шекті рулары аштыққа ұрынғанын айтып, көмек сұрайды.

Тарих ғылымдарының докторы Ұзақбай Исмағұлов «Ауылымның тарихы, ауданымның тарихы» жобасын қолға алуды ұсынды. «Оған барлық аудан ұстаздары мен оқушылары қатысуға тиіс», дейді тарихшы. «Әр отбасы өз әулетінің тарихын нақты деректермен баяндап берсе, жинақталған отба­сы тарихынан ауыл, аудан, облыс та­ри­хы түзіледі. Осы жұмыстарды жүйе­леу тым ұзаққа созылуы да мүмкін. Бү­гін­де ел ішінде өткеннің әңгімесін жақ­сы білетін қарттар тым азайып барады, солардан дерек жинап үлгеру керек.Түпкілікті нәтиже – деректерге негізделген ауыл, аудан, өлке тарихы хро­нологиялық жүйемен жинақталады. Тағы бір ескеретін жайт – энциклопедия­лар шығарғанда егін егіп, мал баққан, қала салған, өндірісте үздік шыққан кеңшар мен ұжымшарды көтерген нағыз еңбек адамдары енбей қалды», дейді Ұ.Исмағұлов.

Асылбек Мәден Ақтөбе облысын­да ХІХ ғасырдың екінші жартысында әскери бекіністер ретінде құрылған сегіз қаланың тарихына назар аударуға шақырды. Ойыл, Қарақамыс, Ырғыз бекініс қалашықтары әскери маңызынан айырылған соң да оған жергілікті қа­зақтардың қоныстануына рұқсат етіл­меді. Ол үшін қазақ не казак, не мещан сословиесіне өтуге тиіс еді. Тарихшы 200 жылдық тарихы бар Ақтөбе қаласының алғашқы қоныстары, мектептер мен медресе, училище, өндіріс орындары, мектеп, қаржы, банк жүйесі туралы кешенді Энциклопедия әзірлеуге кірісу керек дейді. Жақында университет тарихшылары Санкт-Петербургтен бұрын еш жерде жарияланбаған ХІХ ғасырдағы Ақтөбе, Темір, Ырғыз қалаларының фо­то­суреттерін әкелген. Мұнда қала құры­­лысы қалай басталғаны, бұзылып кеткен ғимараттардың ескі суреттері бар. Дәулет Әбенов Ақтөбедегі ерекше қорғалуға тиіс тарихи ғимараттар мемлекет меншігіне қайтарылуға тиіс деген ұстанымда.

Ақтөбедегі ескі құрылыстардың бірі – қазіргі Халық шығармашылығы үйі орналасқан татар көпестерінің сауда үйі. Төңкеріске дейінгі ескі ғи­мараттардың ерекшелігі – есіктері үйдің бұрышынан шығарылған. Ақтөбеде орыс көпесі салдырған сегіз бөлмелі тұңғыш қонақ үй сақталған жоқ. Орыс көпесінің қонақ үйінің орнына №11 мектеп салынды. Кездейсоқ жағдайда талан-таражға түспей қалған екі ғимараттың бірі – 1883 жылы салынған, тері ауруларын емдейтін мекеме орналасқан тас үй. Қорғалуға тиіс ғимарат пластикпен орап тасталған. Ақтөбе уезінде тұңғыш орыс-қазақ училищесі ең әуелі 1881 жылы Бөрте болысында ашылып, екі жылдан соң училище Ақтөбеге көшірілер алдында осы ғимарат тұрғызылды. Тарихы терең екінші ғимарат – 1895 жылы салынған, екі кластық қыздар училищесі. Ол қазір «Шахерезада» мейрамханасы. Қаланың ескі бөлігінде көпестердің ескі үйлері әлі де сақталған. Ақтөбе қаласында 1869 жылдан бері атауы өзгермей сақталған жалғыз көше –Гарнизон көшесі. Қала салынғанда Орынбордан келген гарнизон жауынгерлері орналасқан көше.Адамдардың қоныс аударуы, аудандар бөлінісі де жүйеленіп көрсетілуі керек. Мәселен, 1950 жылдардың ортасында Ембі полигоны ашылар кезде, Үстірт жағында, Доңызтаудың бойын мекендеген жұрт Байғанин ауданына көшірілді. Доңызтау бойында ескі қоныстар, тас­тан салынған медресе-мешіт орындары адам қолы тиместен сол күйі қалды. 1904 жылы «Орынбор-Ташкент» темір жол құрылысы басталғанда, жол бойы елді мекендер бой көтеріп, алғашқы ме­шіт, шіркеулер ашылды. Ақкемер, Там­ды, Қандыағаш қалалары темір жол салынғанда құрылды. Қалалар құры­луына тарихи, көлік қатынасының орнауы, кен орындарының ашылуы себеп болады. Комиссия мүшесі, тарихшы Нұр­лыгүл Әліқұлова этнографиялық экс­пе­диция жасақтап, әр ауылды аралап, ата-әжелері қуғын-сүргінге ұшыраған ақтөбеліктерден естеліктер жинастыру қажет дейді.

Комиссия мүшелері өлке тарихын қайта зерделеуге қатысты жан-жақ­ты ойластырылған шешімдердің қа­жеттігіне назар аударды. Өйткені жыл­дам өзгерген уақыт өлке тарихын зерт­теу­де жаңаша ой-ізденістерді қажет етеді.

 

Ақтөбе облысы