• RUB:
    5.4
  • USD:
    473.15
  • EUR:
    515.12
Басты сайтқа өту
Аймақтар 19 Қаңтар, 2023

Бұрынғы ет комбинатын іске жаратайық

149 рет
көрсетілді

Абай облысында ет өңдеу өнеркәсібі қайта жанданатын тәрізді. Кезінде ет өңдеуде күллі кеңес одағына мәлім болған Семейде 2025 жылы жаңа ет комбинаты іске қосылады деп жоспарланып отыр. Инвестор да табылыпты. «Еуразия АгроХолдинг» компаниясына жер телімі де беріліпті. Инвестор ендігі екі жылын кәсіпорынды іске қосуға күш салады.

Жобаның құны да қомақ­ты. Шамамен 18 млрд теңгені құрайды. Комбинат іске қосылатын болса, 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады. Комбинатта жоспар бойын­ша малды союдан бастап өнімді экспортқа шығаруға дейінгі цикл жүзеге асады. Бұл жоба ет өнімдерін экспорттаумен қатар, ішкі нарықты да қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Абай облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-иннова­циялық даму басқарма­сының басшысы Рүстем Ворошиловтың айтуынша, жүргізіліп жатқан жұмыстардың басым бөлігі инвестиция тартуға бағытталған. Ет комбинаты жобасы – осындай ірі жобалардың бірі.

«Семей қаласының аумағында «Өндіріс» индустриалды аймағы бар. Заңнамаға сәйкес, мұндай аймақтарда экономиканың басым секторларының өңдеуші кәсіпорындары құрылады. Аталған секторлар ұлттық жобалар аясында субсидиялау арқылы қаржыландырылады. Инвесторларға жұмысымызды көрсету үшін жаңа кәсіпорындар құру міндетін алға қойып отырмыз. Мәселен, өткен жылдың қараша айында облыс әкімі Нұрлан Ұранхаев Орынборда өткен Қазақстан мен Ресейдің Өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысып, мемо­рандумдарға қол қойды. Осы­лайша, өңірге инвесторларды тартуға қажетті қадамдар жалға­суда», дейді Р.Ворошилов.

Әлбетте, жаңасы жақсы ғой. Бірақ ескісін де естен шығармаған жөн сияқты. Семейде кеңестік кезеңде атағы алысқа кеткен ірі кәсіпорын­дар­дың бірі саналған ет комбинаты қазір қаңырап тұр деуге болады. Кәсіпорынның толық қуатында жұмыс істеуін тоқтатқалы қашан... Кетеуі де кетіп-ақ тұр. Тоқырау жылдары талан-таражға түсті. Ұстаған­ның қолында, тістегеннің аузын­да кет­ті. 2000 жылдары кәсіп­орын жұмы­сы жандана бас­тап еді. Өкініш­ке қарай, ол да ұзақ­қа бармады. Бұдан кейін жұ­мысы тоқтап, тұралап қал­ған ком­бинатқа кімдер иелік етпе­ді. Ин­вес­тиция да тартылды, банк­ротқа да ұшырады. Отыз жыл­ға жуық уа­қыт­­та отызға жуық бас­шы­лық ауыс­ты. Әзірге ғима­рат­тары қаңырап, қабыр­ғалары қақы­рап, қараусыз тұр. Об­лыс­тың ат­қа­рушы билігі бұған да на­зар аударып қойса жақсы болар еді.

 

Ерзат ЖАНАТҰЛЫ,

журналист     

СЕМЕЙ