Түсінсем бұйырмасын, Оскар Уайльд жаныма неге сонша жақын? Неге сонша алыс? «Бақытты ханзада» әңгімесі әлемде ең көп оқылатын шығармалардың сапына енеді. Теріде әлдебір жәндік жыбырлаған сынды шоршытар, төбе құйқаңды шымырлатар мейірімді ханзаданың әрбір жаратылыс иесіне жаны ашуы, жақсы көруі, алабөтен сезімі басқаларға ұқсамайды.
Бақыттың мәні, өмір суының мәні адамдарға жақсылық жасауда, жақсы көзқарас қалыптастырып, демеу беруде екенін түсіндірген ханзаданың жан толқынысы кісіні әрі-сәрі етеді. Ал тамыры көне Грек мифологиясында жатқан «Нарцисс туралы аңыздың жалғасына» қараңыз. Сондағы бұлақтың сөзі деп ұғыңыз: «Мен нарцистің соншалық сұлу екенін жете аңғара алмасам да ол үшін жылап отырмын. Жылайтыным, жағамда бүр жарып, суыма еңкейген кезінде, жанарының түбінен сұлулығымның ұшқыны көрінер еді…»
Оскар Уайльд дегенде еске түсетіні – талғампаздық, қордаланған білім шоғыры. Білімі мол адам ғана алысты қиялдай алмақ, жақыннан алысты көрмек. «Дориан Грейдің портреті» шығармасында жазушының жан тебіренісі, қиқарлығы, уақытқа үкім айта білуі көрініс тапқан. «Мен сұлулықты санаға бағындырылған күйден ада еткім келеді», дейді шығармада. Шынында, көп дүние санаға сіңген пішім арқылы ғана жүзеге асатыны белгілі. Адамзат баласы алғашқы ірі қала деп тапқан Месопотамия қаласын басқаша атауға болар еді. Бірақ әлдебір кісінің шешімімен солай аталды. Солай болып қалды да. Яғни көп құндылық адам қолымен жасалады.
«Қандай қайғылы болса да ұлылықтың ғұмыры сұлулықтан әлдеқайда ұзақ». Бір жағынан бұл сөйлемді терістеуге де болады. Сұлулық деген не? Ол – табиғат, шебер жаратылыс, көркем жан, Тәңірдің сүйіп жаратқан дүниенің бәрі… Ал мұны ұлылық демеу мүмкін емес.
Осы тұста оқиға желісі шиеленісе түседі.
«– Сізге портрет ұнамай қалды ма? – деді ақыры Холлуорд, Дорианның түсініксіз үнсіздігін көңіліне алып.
– Әрине ұнайды, – деп жауап берді ол үшін лорд Генри».
Дориан портреттен неге шошиды? Қызық.
Кейде шығармадағы кейіпкерлердің психологиялық күйлері күлкі шақырады. Кейде ажырғы тілді Оскар мырза адамның санасына келмейтін әртүрлі ұғымдарды бастырмалата жөнеледі.
«Әйелдер ешқашан мінсіз болмайды. Олар – өмірдің әшекейі. Сондай-ақ әлемге айтуға тұрарлық ештеңесі болмаса да, сөйлеуді ешқашан қоймайтын тіршілік иелері, әрі мұны өте әдемі жасай білетіндер ғана». Батыс философиясының әйелдерге деген қасаң көзқарасы, меніңше, діннен туған. Інжіл аңыздары бойынша, Адам атаның жұмақтан қуылуына бірден-бір себепкер – Хауа ана. Сондықтан да болар, Еуропа елдерінде әйелдер туралы пікірлер көбіне кереғарлық тудырады. Мұны Шопэнгауэр, Жан Жак Руссо, Вольтер философиясынан кезіктіруге болады.
Жазушының прозасымен қатар өлеңдері де бір төбе. Көбіне окульттық көзқарастарға құрылған жырлар. Ғажайыптар аралында саяхаттап жүргендей сезім кешесіз. «Дориан Грейдің портретінде» ақындар жайлы көптеген соны пікірлер кезіктіруге болады. «Ұлы ақын, шын мәніндегі ұлы ақын, тіршіліктің тамырын сезінуге құштар. Ал екінші сорттағы ақындар өмірдің тамаша білгірі болып шығады. Өлеңдері неғұрлым әлсіз болса, мәнерлері мен сырт келбеті сондай мінсіз. Егер нашар сонеттері жарыққа шыққан ақындарды оқысаңыз, келбетін көрмесеңіз де, өмірде көзтартарлық сұлу екеніне сене беріңіз. Олар сонеттеріне енгізе алмаған поэзияны өмірлеріне енгізеді. Ал ұлы ақындар өмірде жүзеге асыруға батылы жете бермейтін поэзияны қағаз бетіне төгеді».
Дориан Грейдің портреті – шын мәнінде, кейіпкер Дорианның жаны. Ал өзі – тәнін әрбір қызыққа қарыған тәкаппар пенде. Қанша бей-берекет іске ұрынса да, тәні өз көркемдігін сақтайды. Ал суреттегі жан келбеті ажарсызданып, солған гүлге ұқсап қалады. Неге? Себебі жан сұлулығы тәкаппарлық пен жауыздық бар жерде ешқашан құлпырмақ емес. Пенделіктің теріс желінен тән құламас, тірі жүре берер, бірақ жан солар. Жүрекке дақ түсер. Мәселен, үлкен адамдарға қарағанда, балалар сүйкімді, жасы кіші адамдар әлдеқайда көркем көрінеді. Мұның сыры тәнде де емес, жүректе. Тұмса табиғаттай дүниеге келген дене өсе келе өлшеумен, таразымен ұстамай жүрегін былғамақ. Жүрегі былғанған жанның жүзінен нұр кетпек, сүйкімі азаймақ.
Оскар Уайльд «Дориан Грейдің портреті» арқылы сайтанға жүгінген ақыл жанды құбыжыққа айналдырарын, құбыжық жан кісіні осы өмірде-ақ тозаққа түскендей азаптайтынын жазады. Көңілдегі өкпе, реніш, қызғаныш, күндестік сынды «вирустар» жүрек терезесін топыраққа толтырып, дүниені топырақ етіп көрсетер. Жаны қураған адамның жүзі гүлдеп тұрмасы анық. Біз «Дориан Грейлің портреті» арқылы негізгі құндылықтың бағасын айқындай түсеміз, қадірлі оқырман.