Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінде қазақтың тұңғыш кәсіби басылымы «Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналған тарихи-танымдық іс-шара өтті. Жиналғандарға ең әуелі «Қазақ» газетін жарыққа шығарған А.Байтұрсынұлы мен М.Дулатұлы бастаған қайраткерлеріміздің еңбегі туралы бейнесюжет көрсетілді. Содан кейін көпшілік Тәуелсіздік залында жасақталған «ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі тұрмыстық бұйымдар» атты көрмені тамашалады. Мұнда музей қызметкерлері ауыл-ауылдан жинақтаған, өткен ғасырдың басында ел тұтынған тұрмыстық бұйымдар қойылды.
Музей қызметкерлері мұрағат деректері мен ақсақалдардан жиналған ауызша деректер негізінде «Қазақ» газетінің таралуына ықпал еткен ақтөбеліктер туралы тың мәліметтерді ортаға салды. Құнды дерек – сол заманда Орынбор, Қазан, Троицк, Санкт-Петербургте оқығандар, ауқаттылар мен болыстардың газет тарату мен баспахана шығындарына берген жәрдемі туралы да айтылып өтті. «Қазақ» газетінің 110 жылдығына арналған іс-шараны өткізуге мектеп оқушылары да атсалысты. Ақтөбе қаласындағы Ұ.Құлымбетов атындағы №64 орта мектеп пен М.Арын атындағы Қарғалы орта мектебінің оқушылары әзірлеген «Қазақ» газеті – 1918 жыл» атты сахналық көрініс өте әсерлі шықты.
Ұлттың жоғын жоқтаған басылым Орынбор қаласында жарық көріп, ел ішіндегі тілектес-ниеттес азаматтардың көмегімен қазақ даласының түкпір-түкпіріне кідіріссіз тарады. ХХ ғасырдың алғашқы онжылдығында Ақтөбе қаласы мен Орынбордың арасына отарба жүре бастағанда, басылымның алғашқы сандары ниеттес жандардың көмегімен елге жететін. Бұл туралы Қазақстанның Құрметті журналисі Идош Асқар, өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ұзақбай Исмағұлов, облыстық мұрағаттың жетекші ғылыми қызметкері Думан Сарбаев, философия ғылымдарының кандидаты Үмбетхан Сәрсембин, қалалық жас туристер стансасының қосымша білім беру педагогі Диляра Ысқақ сөз сөйлеп, тарихы тағылымды «Қазақ» газетінің еліміздің баспасөз саласында алар орны ерекше екенін айтып, шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
Ақтөбе облысы