• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Саясат 02 Наурыз, 2023

Бюрократиядан арылу – бүгінгі күннің талабы

677 рет
көрсетілді

2022 жылдың 12 желтоқсанында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бюрократиядан арылту бойынша жүйелі жұмыстарды, әсіресе жергілікті атқарушы органдардың деңгейінде одан әрі жалғастыруды тағы да шегелеп тапсырды. «Азаматтардан ең көп сұраныс бар процедуралар оңтайландырылып, қайта қаралуға тиіс», деді Президент.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы 13 сәуірдегі «Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту жөніндегі шаралар туралы» №872 Жарлығымен мем­лекеттік органдардың қызме­тін­де барынша тиімділікке қол жеткізу үшін бизнес-үдерістерді оңтайландыру міндеті қойылды. Жарлық шеңберінде Үкіметке және өзге де мемлекеттік органдарға өз құзыреті шеңберіне кіретін ағымдағы мәселелер бо­йын­ша Мемлекет басшысына құжаттарды жөнсіз енгізуге ты­йым салынды. Алайда мемле­кет­тік ор­гандар басшылары жекелеген мәселелер бойынша өз бетімен шешім қабылдауға жігері жетпегендіктен күні бүгінге дейін түрлі себептерді желеу етіп, маңызды емес мәселелерге де Мемлекет басшысының ма­құл­дауын алу үшін жоғарыға құжат­тар ұсынуын тоқтатар емес.

Мемлекеттік басқару жүйе­сін­дегі кемшіліктердің бірі – шек­тен тыс бюрократия мен құжат ай­на­лы­мының көптігі. Өнді­ріс­­тік үде­рістерде лауазымды тұлға­лар мен қызметкерлердің бастамасы мен шығармашылығын айтар­лық­тай шектейтін көптеген ереже мен нұс­қаулық бар.

Бизнес-үдерістерді цифр­лан­дыру және автоматтандыру баяу қарқынмен жүргізіліп келе­ді. Ауыр еңбекті қажет ететін көп­­те­ген үдеріс цифрлық ре­жімде жүргізілмейді, жалпы құжат айналымында қағаз құ­жат­тардың үлесі азай­май отыр. Бюро­кра­тия­мен күрес, қағаз­бас­­тылықты қысқарту, про­­­це­ду­­ра­ларды оңтайландыру шара­­ла­ры нақты нәтиже бермей отыр, ешкім «өзі жайлы отырған бұта­ғын кескісі» келмейді. Бұл рет­те бюрократия сыбайлас жемқорлық себеп­те­рін тудыратынын айту қажет.

Бюрократияны зерттеу оңай жұмыс емес, ал бұл мәселеге қа­тыс­ты нақты ұсыным-ұсыныс­тар­ды тұ­жырымдау одан да қиын. Елімізде бүгінгі күнге дейін бұл ба­ғытта елеулі зерттеулер жүр­гізіл­ген жоқ. Жүр­гізілген әкім­ші­лік реформалар тек таңдап алын­­ған мемлекеттік органдар­ды қайта құрумен немесе мем­лекеттік бас­қару жүйесіндегі құжат айна­лы­­мын оң­тайландыру бойынша тиімділігі төмен бағдар­ла­ма­ларды қа­былдаумен ғана шектелді. Со­ны­­мен қатар бұл іс-шара­лар кө­бі­несе мемлекеттік орган­дар­дың қызметіне тиісті деңгейде функ­ционалдық талдаулар жүр­гі­зіл­мей-ақ іске асырылды.

Ішкі құжат айналымын қалай азайтуға және үде­ріс­терді қалай тез­детуге болады? Отырыстың күн тәр­­тібінің жобасын және мәселе­лер­дің мазмұнын қа­лып­тастыру әдетте басшыдан немесе құры­лым­дық бө­лімшелерден келеді. Ал мәселелердің түпкілікті тұжы­­ры­мын бекіту не келісу уа­­қыт­ты қажет етеді. Күн тәр­ті­­бінің тақырыптары мен маз­мұнын қалыптастыру кезінде қағазбастылықтан арылтудың, сондай-ақ электронды ақпарат­тық технологияларды пайдалана отырып жүзеге асырылуы мүмкін бола­тын ақпараттық, нұсқаушы және жедел сипаттағы мәселелер мен жұ­мыс­тарды қоспаудың ма­ңы­зы зор. Әрқашан өзекті мәсе­ле­­лерге басымдық берген жөн.

Отырысқа қатысушылардың тізі­мі де тым ұзақ шешіледі. Әри­не, талқыланып отырған мәсе­лелерге барынша сауатты адам­дар­ды тарту маңызды. Көбіне шақырылған тараптар отырысқа қа­тысуға мүдделі болмайды, тек өн­ді­рістік үдерістерге жүк­темесі аз өкілдерін жі­бе­ру­мен шектеледі. Сондықтан отырыс­қа қатысушылардың жеке құ­ра­мын жетекші лауазымды тұл­ға­­лардың өздері анықтап, ша­қы­­рылған тараптармен өзара тіке­лей келісіп отырғаны дұрыс.

Сондай-ақ мемлекеттік ме­ке­­ме­лердің деректер қорын­да орналастырылған барлық ақ­па­рат­­тық ресурстар үшін бірың­ғай талаптар мен нормаларды әзір­­леген дұрыс. Мем­ле­­кеттік ақ­­па­­раттандыру объек­­тілерін осы­­лай біріктіру мемле­кеттік бас­қару жүйесінің біртұ­тас шең­­берінде ғана жүзеге асы­рылады. Бұл өз кезегінде мем­ле­кеттiк органдардың ақпа­раттық-талдамалық материал­да­­рын құжаттардың жобаларын әзiрлеу кезiнде немесе тап­сырмаларды орындау үдерісінде, қосымша растаусыз және өң­деу­сiз-ақ пайдалануға мүм­­кiн­дік береді. Сонымен қа­тар цифр­лық ақпараттық тех­но­­ло­гия­лар­дың қарқынды дамуы әр­бір мемлекеттік органда өзінің ақ­па­р­аттық өнімдерін бел­гі­лен­ген тәртіппен орналастыруды қам­та­масыз ету үшін арнайы құ­ры­лымдық бөлімшенің немесе жа­уапты лауазымды тұлғаның бар болуын міндеттеу де маңызды.

Басшы баяндамаларының жо­ба­ларын дайындауға және оның жиналысын өткізу тәртібіне келе­тін болсақ, бұлар жиналыс­­ты дайындау және мәселе­лер­ді қарау үдерісінде қажет емес. Өйткені сауатты әрі білікті модератор жиналыс өткізіп, мәселені тал­қылаған кезде өзін қандай да бір алдын ала белгі­лен­ген шеңбер ішінде сезінуге ешқашан да жол бермейді.

Хаттама жобасын алдын ала да­йын­дамауға да болады. Өйт­ке­ні шешімдер жиналыс үстінде дайындалып, ауызша келісіледі. Ал хаттаманы қол қойып бекіту ке­зінде туындауы мүмкін дау­лы мәсе­лелерді реттеп, өзара тү­сін­ді­ру үшін қажет болған жағ­дай­да аудио-бейнежазбалар, стенограммалар бар.

Жалпы, жұмыс үшін тек соңғы түпкілікті нәти­же­лерінің сипаттамасы бар қорытынды құжаттар ғана іске қабылданғаны дұрыс. Бұл мемлекеттік органдардағы бюро­кратияны айтарлықтай азайтады. Тапсырманың орындалуы толық аяқталғанға дейін аралық барлық жұмыс ешқан­дай хат-хабарсыз, мүдделі тұлға­лар­дың жұмыс тәртібімен және жедел өзара іс-қимылдар арқы­лы жүр­гі­зілуі керек. Бұл ретте қоры­тын­дылар жасау мен орын­далған жұмыстарды бағалау тек тұрақты түрде тапсырылған түпкілікті орын­даушылардың қорытынды есеп беру құжаттары негізінде ғана жүргізілуге тиіс. Бұл қорытынды есеп құжаттарын дайындаудың сапасы мен объективтілігін арттырып қана қоймайды, мемлекеттік басқарудың барлық деңгейіндегі лауазымды тұлғалардың өзара ортақ бизнес-үдерістерді бас­қа­ру бойынша прак­ти­калық дағ­дыларын, икемділіктерін, тіке­лей ық­пал­да­суын жетілді­реді. Бұл, сондай-ақ, тапсырмаларды орын­дау­шылардың жауап­кер­ші­лі­гін арттырады.

Ең дұрысы – жиналыстардың бизнес-үдерістерін оңтайландыру мәселелерінде жиналыстарды өткізу­дің қандайда бір бірыңғай, типтік, көпке ыңғай­лы болатын тәр­тібін әзірлеу. Болашақта бұл өндірістік жиналыстардың бар­лық форматтарын қамтуға икемді авто­маттандыру модулін жасауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ бюрократияны азайту үшін тек түп­кі­лік­ті және аралық орындаушылардың санын қысқарту қажет. Мысалы, Премьер-министр Кеңсесі кө­бі­не­се Президент Әкімшілігі мен түпкілікті атқарушы мемле­кет­тік органдардың арасында, ал орталық мемлекеттік органдар  жергілікті атқарушы органдарға қа­тысты аралық орындаушы қыз­ме­тін атқарады. «Жауапты орындаушы», «бірлесіп орындаушы» және «түпкілікті орындаушы» деген ұғымдарды өзара нақты ажыратып, бақылаудағы құжаттар мен тапсырмалардың орындау және есеп беру үдерістерінде олардың функционалдық міндеттері мен өкілеттіктерін реттейтін уақыт жетті. Өйткені орындаушылар са­нының көптігі олардың жауап­­кер­шілігін төмендетеді. «Қойшы көп болса, қой арам өледінің» кері. Сондықтан құжаттарды не тапсырмаларды бақылауға қою үдерісін оңтайландыру қажет.

Бақылауға алынған құжаттар мен тапсырмаларды қайталануы және өзектілігі бойынша жиі тек­серіп отыру тәжірибесінің ма­ңыздылығын да атап өткен жөн. Бастапқы жауапты орган­ның тексеруі қайталанатын және өзекті емес құжаттар мен тапсырмаларды екшеуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік басқару жүйе­сін­де саяси және әкім­ші­лік мем­лекеттік қызметшілер биз­нес-үде­ріс­тер­ді басқарады. Бірін­ші­лері меншік иелері және инвес­­торлар ретінде мемлекеттің мүдде­лерін қорғауға жауапты және стратегиялық басқа­ру­ды қамтамасыз етеді. Соңғы­ла­ры менеджерлер ретінде өзде­ріне берілген құқықтар мен өкілет­тік­тер шеңберінде мем­лекеттік аппараттың бизнес-үдерістерін жедел режімде басқарады және саяси лауазымды тұлға­лар­ға есеп беруді қамтамасыз етеді, сон­дай-ақ менедж­­ментті басқару бойынша шаралар мен ережелер кеше­нін жүзеге асырады. Бұл ретте құжаттарды/тап­сырмаларды орындау кезінде біріншілерін ара­лық және ішінара шешімдерді қабылдауға қаты­су­дан босатамыз. Сондай-ақ соңғыларына кө­бі­рек жауапкершілік пен өкілеттік бере отырып, қа­рас­­тырылатын құ­жат­тардың мерзімі мен санын қыс­қартуға қосымша мүмкіндік аламыз. Ол үшін бас­қа­рушылық жауапкершіліктің қағидасына сәйкес салалық құрылымдық бөлімшелердің басшыларына мүд­делі бөлімдермен жұмыс іс­теу кезінде көлденең байланыстарды кеңірек пайдалану және дамыту бо­йынша арнайы өкілеттіктер берілгені дұрыс. Бизнес-үдерістерді басқаруды осындай орталықтандырудан арыл­тудың нәтижесінде соңғы­лары біріншілердің қарауына мезгіл-мезгіл тек ең маңызды мәсе­лелер мен шешімдерді және өз қыз­метінің нәтижелері тура­лы жиынтық есептерді ғана ұсына алады.

Аралық құжаттар мен аралық орындаушылар құ­­жат айналымын ұлғайтады және мәселелерді шешу уақытын баяулатады. Бір тапсырманы орындау шеңберінде түпкілікті орындаушыдан аралық есеп беру ақпаратын сұрату мүл­дем болмауы керек және ара­лық орындаушылар (бірлесіп орындаушылар) не­гізгі жауапты орын­даушымен қажетті өзара іс-қимылды жедел және жұмыс тәртібімен жүзеге асыр­ғаны жөн.

Артық құжаттар мен бюрократияны қысқарту ғана лауазымды тұлғалар мен қызметкерлерге өзде­­­­ріне тиесілі жұмыс уақы­тын бизнес-үдерістерге қатысушы­лар­мен тікелей әрі жедел ықпалдасып байланысуға және көлденең өзара іс-қимылдарға, сондай-ақ аза­мат­тар­ға мемлекеттік қызмет­тер­ді көр­сету кезінде оффлайн/онлайн режімде олармен үзбей жұмыс істеуге арнауға мүмкіндік бере алады.

Мемлекет басшысының өткен жылғы 13 сәуірдегі №872 Жар­лы­ғында белгіленген міндет­тер – өзекті, мемлекеттік және қо­ғам­дық институттарды одан әрі да­мы­тудың негізгі шарттары. Бұл шарттардың толық және сапалы іске асырылуы Әділет­ті Қазақстанның көптеген әлеу­меттік-экономикалық мәселесінің ше­шілуіне тікелей ықпал ете ала­ды.

Сонымен, мемлекеттік ап­па­рат­­тың бизнес-үде­ріс­терін тиімді басқару және нақты нәти­же­лерге қол жеткізу үшін бюрократия деңгейі қандай болуы керек? Ең дұрысы, бюрократияны сыбайлас жемқорлыққа ұшыратпайтын, жұ­мысты сапалы және ұтымды орын­дау мүддесінен басқа мүд­десі жоқ жақсы қалыптасқан тетік ретінде қарау керек. Басқару аппаратының бір түрі ретінде бюрократия әрқашан қажет, бірақ шамадан тыс әкімшілік жүргізу сыбайлас жемқорлыққа қолайлы жағдайларды да туғызады. Сон­дық­тан да бюрократияның сыбайлас жемқорлықты болдырмай­тын­дай деңгейі қандай болуы керек деген өзекті сұраққа жауап із­деу­дің де жөні бар.

Бүгінгі таңда мұндай сұраққа жауап бере алатын ғылыми зерттеулер жүргізудің қажеттілігі айдан анық. Бюрократиядан арыл­ту­дың түпкі мақсаты да, бас­ты нәтижелері де қоғамды сыбайлас жемқорлықтан арылтуға жан-жақты бағытталғаны дұ­рыс. Бюро­кратиядан арылту биз­нес-үдерістерді сыбайлас жем­қор­лық­тан арылтуға бір қа­дам болса да жақындатады. Орын­дау­шы­­­лардың бизнес-үдерістердің мін­­деттерін жүзеге асыру үшін туын­датқан негізсіз қиындықтары өндірістік қатынастарды заңды реттеушілердің орнын өзге бөтен мүд­делердің басып алуына әке­ліп соғады. Сондықтан «бәрін де шешетін кадрлар» заңмен белгіленген мақсаттардан және қоғамда мақұлданған мәде­ни-адамгершілік нормалардан туындайтын әділ шешімдер қа­был­дауға міндетті, олардың бо­йына жалпы адамзаттық құнды­лық­тарды сіңіру қажет. Осы орайда, Мемлекеттік қызмет­ші­­нің Этика кодексінің де, Кор­поративтік этиканың да нор­малары мен талаптарының мүл­тік­сіз орындалуын және оларды орындатуды қамтамасыз етуді жүзеге асырудың маңызы өзек­ті мәселе деп айтуға болады. Бю­ро­кратия көп болса да жаман, бю­рократия аз болса да жаман. Сондықтан кадрлар қоғам мен мемлекет игілігі үшін тиімді, адал жұмыс істеуге ұмтылатын бюрократия мен тараптар мүдделерінің теңгерімінің алтын орташегін табу маңызды.

Қоғамдағы түйткіл шешуі күр­­делі әкімшілік ке­дер­­гілерді де ең­сере отырып, Мемлекет бас­­­шы­сы­ның тапсырмаларын уақ­тылы, толық және сапа­лы орындауды қамтамасыз етудің жол­дары бар екені анық. Бүгінде сол жолдардан мүдірмей жүріп өтетін, адал еңбегімен елінің болашағына қызмет ететін жаңа­шыл, мемлекетшіл, ұлтжан­ды кәсіби маман­дардың және әділетті шешім қабылдауға қабі­летті бас­қару­шылардың кезегі күтіп тұр­ғаны да анық.

 

Мүталап ӘБСАТТАРОВ,

техника ғылымдарының кандидаты, доцентф