• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 06 Наурыз, 2023

«Хат қоржын»

252 рет
көрсетілді

Қоғамымыз қазақыланбай тұр

Қазіргі таңда қазақ тілінің қоғамдағы беделі артып келеді деуге болады. Бұлай деуімізге себеп – мәселелердің қазақ қоғамында ашық түрде талқыға салынуы. Тіліміздің осы күйінде сақталып қана қоймай, ілгерілеуіне атсалысып, оның болашағына бей-жай қарамайтын жанашыр азаматтар мен азаматшалардың көптеп бой көрсетулері де қуандырмай қоймайды. Дегенмен арамызда ана тіліміздің қоғамдағы орны беки түсуіне селқос қарайтындар да жоқ емес. Менің осы проблемаға қатысты айтарым бар.

Біріншіден, біз, қазақ қоғамы, елімізде қандай да бір мәселе туындаған жағдайда алдымен кінәліні жоғары шенділерден іздейміз. Әрине, араларында арам пиғылдылар бар екені айтпаса да түсінікті. Бірақ бәрі бірдей емес қой, көпке топырақ шашқаннан ұтысқа шықпайтынымыз анық.

Екіншіден, жол салу керек, жылу аз, өз елімізде өндірісті көбейту керек дейміз. Әйтсе де өзіміз сол проблемаларды шешудің бір жолын көрсете алдық па? Жоғарыда аттөбеліндей топ отырып ойланғаны тиімді ме, әлде он тоғыз миллион халықтың бірлесіп ақыл қосқаны ұтымды ма? Жалпы, өкінішке қарай, Отанымызда елім үшін деп тер төге еңбек ететіндер жоқтың қасы. Мамандық таңдағанда да «елімнің болашағы үшін» деген адамды көрген де, естіген де емеспін. Сұрақ көп, жауап жоқ.

Ендігі мәселе – қазақ тілді өнімнің аздығы. Қазіргі кезде отандық көкейкесті жобалардың көпшілігі орыс тілінде. Үш тілділікті қолдайық, бірақ отандық жоба-жоспарлардың алдымен орыс тілінде дайындалып, одан кейін қазақ тіліне аударылатыны өкінішті. Іс жүзінде керісінше болуы керек еді. Бұл біз қаншалықты кеуде қаққанымызбен, қазақ тілінің қоғамдағы рөлінің әлі де төмен екенін дәлелдейді.

Болашақта қазақ тілді өнімдер көбейетініне және сол өнімді тұтынуға даяр адамдардың сұранысы артатынына сенгің келеді. Ол үшін өзіміз де қолымыздан келгенінше осы бағытта жұмыс істейтіндерге қолғабыс етуге ұмтылуымыз керек!

 

Назым СЕРІКПАЙ

 

ШЫМКЕНТ

 

 

Спорт саласы қашан еңсе тіктейді?

Еліміздің спорты еңсе тіктей алар емес. Аталған салаға жылма-жыл қыруар қаржы бөлінеді, бірақ нәтиже жоқтың қасы. Сөзіміз жалаң болмас үшін дәлел келтіре сөйлейік. Спорттың жекелеген жекпе-жек түрлері болмаса, аса көп мөлшерде қаражат жұмсалатын командалық ойындарда қашанда салпақтап көштің соңында қаламыз. Олимпия ойындарынан бастап, әлем, құрлық чемпионаттарындағы көрсеткіштерімізге қарасақ, көңіл құлазиды.

Мәселен, волейболдан әйелдер арасында өткен кейінгі әлем біріншілігінде Қазақстан жарысқа қатысқан 24 құраманың ішінде 23-орынға табан тіреді. Ерлеріміздің көрсеткіші бұдан да төмен, мықтылар сапына жолдама беретін іріктеуден өте алмай келеді. Баскетбол, гандбол сияқты командалық ойын түрлеріндегі жағдайымызды да мүшкіл демеске лажымыз жоқ. Кеңес одағы кезінде атойлап алда жүретін ватерпол, көгалдағы хоккей, допты хоккей сияқты командалық спорт түрлері тәуелсіздік жылдарында біртіндеп барынан айырылып тынды. Футбол мен хоккей сияқты көпшілік қызыға тамашалайтын спорт түрлерінде де ауыз толтырып айтатындай табыстарымыз жоқ.

Соңғы жылдары елімізде үлкен қызығушылық туғыза бастаған үлкен теннисте негізінен Ресейден келген ойыншылар жүр. Ауыр атлетикаға да жатжұрттық қыз- жігіттерді тартып, біраз табысқа жеткеніміз жасырын емес. Бұл үрдіс күні кеше жеңіл атлетикаға да жетті. Кениялық қара қыз елімізге алтын сыйлады. Қазақстан туының астында өнер көрсеткен соң олардың табыстарына қуанып жеңіліп жатса, өкінетін де болдық.

Бірақ спорт төңірегінде жүрген функционерлер мәселені осындай оңай жолмен шешу үдерісін тоқтатулары керек деп санаймыз. Жыл сайын бөлінетін қыруар қаржыны сырттан шақырылған спортшыларға төлегенше, жер-жерде спорттың түр-түрімен шұғылдануға жағдай жасайтын спорт кешендерін салса, анағұрлым ұтымды болмас па? «Ел іші – өнер кеніші» деп жайдан-жай айтылмаса керек. Олимпиада чемпионы марқұм Жақсылық Үшкемпіров: «Спорт кешендерін ауылды жерлерге салу керек, чемпиондар ауыл балалары арасынан шығады», деуші еді. Чемпионның осы сөзіне құлақ қоятын кездің келгені анық.

Әйтпесе, спорттағы ахуалымыз «Баяғы жартас – бір жартас» қалпында қала беретіні күмәнсіз.

 

Ерсайын НАУРЫЗБАЙ,

спорт жанкүйері

 

Батыс Қазақстан облысы,

Ақсай қаласы

 

 

Атакәсіптің нағыз майталманы еді

Ата-бабамыз ата кәсіп санаған қой шаруашылығы ешқашан өз маңызын жоймақ емес. Халқымызда «Диқан жұмысы жерге қар түскенде, шопан тіршілігі мәңгілік тыным тапқанда бітеді» деген тәмсіл де бар. Бұл шопан жұмысы жыл он екі ай бойы жалғасады дегенді білдірсе керек. Осындай қиындыққа шыдаған адам ғана шопандықты кәсіп еткен. Ауыл шаруашылығы саласының үздігі, Ленин орденді шопан Мәден Мырзахметов бүкіл саналы ғұмырын ата кәсіпке арнаған осындай еңбекқор адам еді.

Ол бала күнінен әкесінің жанында жүріп шопандықтың қыр-сырын меңгерді. 1957 жылы шопандықты қабылдап алған Мәден Сәдуақасұлы 1985 жылы денсаулығы сыр бергенше атакәсіптен қол үзген жоқ. Төл алу міндеттемесін жылма-жыл 140-150 пайыз орындап отырды, яғни қарауындағы аналық малдың әрқайсысынан 150-170 аралығында төл алуға қол жеткізді. Мемлекетке жүн өткізуде де алдына жан салмады. Әрине, оның көп жылғы еңбегі еш кетпеді. Оның кеудесінде жоғарыда айтылған Ленин орденімен қатар, «Құрмет Белгісі» ордені, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалі, Бүкілодақтық халықтар жетістігі көрмесінің Алтын және Күміс медальдары жарқырады. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің құрмет грамотасымен марапатталды. Жоғарғы Кеңестің депутаты болып сайланды. Облыстың «Таңдаулы шопан» аталымын екі мәрте жеңіп алды. Басқа да марапаттары баршылық.

Қазіргі кезде Қыраш ауылына бара қалсаңыз, абзал жанның адал еңбегі жайында әңгіме айтатындар көп. Бірақ осындай атакәсіптің білгірі атанған тұлғалы азаматтың атына Жаңақорған кентінен әлі күнге бір көшенің берілмегені қапаландырады. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген аталы сөзді естен шығармасақ екен.

 

З.Шермағамбетов, А.Тұртанов, Р.Мәмеков, Ә.Әділбеков,

К.Бердібеков, Е.Қалдыбек

 

Қызылорда облысы