• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әйел әлемі 30 Наурыз, 2023

Қырағы тергеуші

394 рет
көрсетілді

Адамның кәсіп таңдауына ең алдымен әулеті әсер ете­тіні анық қой. Қызыл­орда облыстық полиция департаменті тергеу бас­қармасының аса ма­ңыз­ды істер жөніндегі аға тергеушісі, полиция под­полковнигі Эльмира Күн­туарова­ның әкесі мен аға­сы по­лицияда қызмет етті.

Нағашылары жағынан да осы салада жүргендер көп еді. Сон­дықтан да 1998 жылы мектеп бітірген жалағаштық қыз Ал­ма­тыдағы Құқық және нарық ака­демиясының студенті атанды. Оқу орнын бітіріп келгенмен Жалағаштан жұмыс табыл­май көр­шілес Қармақшы аудандық ішкі істер бөліміне анықтаушы болып орналасқан жас маманның тергеуші боламын деген ойы жоқ еді. Бәрі аяқ астынан болды. Оның тиянақтылығын байқаған бас­шылық көп ұзамай оған осы жауапты қызметті жүк­теді. Ал­ғашқы істерінің бірі адам өліміне қатысты еді. Ауданда «жоғалып кет­ті­ге» саналған бір азаматтың де­не­сі судан табылып, оның оқ жа­рақатынан қайтыс болғаны анық­талды. Марқұмның айнала­сын зерттеп көрсе, бар күдік же­сіріне ауып тұр. Бірақ істің анық-қанығына жетпесе әйелдің де, оның алты баласының да обалына қалмақ.

– Ол тұста облыста экспертиза жасайтын да мүмкіндік жоқ. Марқұмның басын қорапқа салып, пойызбен Астанаға жол тарттым. Екі күндік жолдан кейін адасып жүріп, сараптама жасайтын орталықты әзер тапқаным бар. Бірақ күдігіміз толық расталды. Қайтыс бол­ған жігітке әйелі қосауыз мылтықтан оқ атқанын мойындады. Іс тергеліп жатқан тұста 6 баланы балалар үйіне ор­наластырдық. Талай мәрте оларға кездесуге барып, аналарын іздеп шырқыраған сә­билерге қосыла солқылдап жылап қайтқан кезім естен кет­пейді, – дейді тергеуші.

Заман жаңарған сайын күн­көріс­тің амалы да көбейе түсе­ті­ні белгілі. Бірақ сол амал заң­ның­ аясынан аспауы керек. Қазір қоғамды алатайдай бүл­д­і­ріп отырған алаяқтар осыдан он шақты жыл бұрын пайда бола бас­тады ғой. Қармақшыдан Қы­зыл­­орда қалалық ішкі істер бөлі­мі­не тергеуші болып ауысқан Эльмираға сол тұста облыс орта­лы­­­­ғында салынып жатқан жаңа ау­­­дандардың бірінен бас­пана алып бермек болып, өзіне сен­ген­­­ жұртты жер сипатып кет­кен­дер­­дің ісімен айналысуға тура кел­­­ді. Аңқау жұрттың се­німіне кір­­­­­ген әккілер 50-60 адам­­нан 1 млн­­­­­­­ тең­­геден жинап алып, кілті ен­ді­ берілгелі тұрған көп­қа­бат­­­­­ты үйден пәтерлерді оңды-сол­ды­ «таратыпты». «Әкім­дікте та­нысым бар», «ана бір қыз­­метте отырған жан менің сө­зім­­ді жерге тастамайтын адамым» деген алаяқтарға алданған жұрт көшуге қам жасап, кейбірі қоныс­тойын тойлап жатқанда бұл бас­паналардың басқаға тиесілі екен­ді­гін бір-ақ біледі ғой.

Қай істің де өз қиындығы болады. Десе де бұрын-соңды кездесе қоймаған қоянның жымындай мына істен жіптің бір ұшын шығарып алу тіпті де оңай емес еді. Эльмира ұзақ ойланды, біраз ізденді. Соның арқасында 50-60 эпизодтан тұратын іс бірте-бірте кітап парағындай ашылып, қылмыс айқындала бастады. Ақыры алаяқтардың қылмысы толық әшкереленіп, сот арқылы жазасын алды.

– Қалаға қызмет ауысты­рып кел­ген кез еді. Бірде қасым­дағылар бірінші қабатта бір бей­таныс адамның шақырып тұр­ғанын айтып келді. Кезекші бөлімге жақындай бере осыдан 5 жыл бұрын мен тергеген іс бо­йынша сотталған азаматты та­ныдым. Секем алсам да, сыр біл­дірмей сөйлестім. Мерзімінен бұрын шартты түрде босатуға ілігіп, келіп тұрған беті екен. Амандасып, жағдайын айтқаннан кейін кері айналып, кете барды. Әуелгіде қорыққаныммен кейін мұндайға етім үйренді, – дейді ол.

Тергеуші өмірінде мұндай да болады. Сондықтан да бұл саланы адам көңіліндегі құбылыстарды дөп басатын сезімтал, басқа жан­ның көзіне түсе бермейтін елеусіз жайтты байқайтын қырағы, қолы да, жолы да таза жандар ғана таңдайды.

 

Қызылорда облысы