• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Тұлға 07 Сәуір, 2023

Алаштың біртуар ғалымы

469 рет
көрсетілді

Алаштың ардақты қайраткері, көшбасшы ғалымдарының – бірі Халел Досмұхамедұлы: «Бұл дүниеде түрлі да­нышпан, шешендер, шеберлер, батыр­лар, ақындар көп өткен. Осындай адам­дар өзіміздің қазақ арасында да аз бол­маған. Өз жұртына жұмыс қылып, еңбек сіңір­ген адамдарды қадірлеу – елдіктің белгісі», деп жазады. Әділетіне жүгінсек, тәуелсіз ел үшін жан аямай еңбек еткен тұлғаны қастерлеу әрі ұлық­тау – бәрімізге ортақ парыз.

Халел Досмұхамедұлы – қазақ­тың медицина, жара­тылыстану ғылым­да­рының негізін салушылардың бірі. Ол Ю.Вагнердің «Өсімдіктердің тіршілігі мен түзілуі» деген еңбегін қазақшаға аударып, жеке оқулық етіп шығарды. Өзінің «Оқушының денсаулығын сақ­тау», «Адамның тән тіршілігі», «Сүйек­тілер туралы» деген оқулықтары жарық көрді.

Қазақтың асыл текті перзенті, зиялы шоғырдың зерделі бір өкілі – Халел Досмұхамедұлы өз дәуірінің насихатшысы ретінде кенже қалған немесе көкейкесті мәселелер туралы жедел қалам тартып, уақыт сұранысын қа­на­ғаттандырып отырған. Оның «Как бороться с чумой среди населе­ния Кир­­гизского края» (1918), «Таби­ғат тану» (1922), «Оқушының ден­саулығын сақтау» (1923), «Қазақ-қырғыз тіліндегі сингармонизм заңы» (1924), «Мұрат ақын сөздері» (1924), «Исатай-Махамбет» (1925), «Аламан» (1926), «Адамның тән тіршілігі» (1927), «Қазақтың халық әдебиеті» (1928), «Жалаңтөс батыр шежіресі» (1928), «Жануарлар» (1929) секілді оқу құралдары мен ғылыми көпшілікке арналған еңбек­тері, аудармалары, мақалалары бар. Тіпті оның 1930 жылдары жазып бітіргенмен, бастырып үлгермеген «Қазақ оқушысының дене тәр­биесі», «Қазақ тілінің жараты­лыстану тер­миндері», «Түркі халықтарындағы және қазақтардағы атау есімдерінің шы­ғуы», «Қазақтың ғашықтық өлең­дері» ат­ты жинақ­тары із-түзсіз жо­ғалып кеткен.

Міне, осының бәрі профессор Халел Досмұхамедұлының қазақ ғылымы мен мәдениетінің тарихын­да өзіндік орны бар кесек тұлға еке­нін көрсетеді. Заңғар жазушымыз Әбіш Кекілбаев: «Өзіне табиғат аямай берген дарынды терең білім­мен толықтырып, ана тілімізге қоса латын, араб, парсы, түрік, орыс, неміс және француз тілдерін қажетті дәрежеде меңгеріп, сол тілдерде еркін оқып, сөй­леп, жаза білген Х.Досмұхамедұлы көзінің тірі кезінде лингвист, фольклорист, тарихшы-этнограф, аудармашы болған. Жан-жақты, көл-көсір, әмбебап білімнің арқасында ол биология, зоология, ме­ди­цина салаларына да көп еңбек қос­қан ғалым», деп орынды баға берген.

Халел Досмұхамедұлының қайрат­керлік қадамы Санкт-Петербургте оқы­ған жылдарынан басталады. Ол әс­ке­ри-медициналық академияда оқы­ған ке­зінде Ресейде болған 1905-1907 жыл­­дар­дағы революцияны көзімен кө­­ріп, бұқара халықтың ашу-ызасы, қан­­ды қақтығыстар және жеңілістің ащы са­бақ­тары рухани дүниетанымы өсіп-жетілген болашақ қайраткердің идея­лық жағынан қалыптасуына ықпал етті. Қор­ғансыз елдің теңдігі үшін бас­ты қауіп-қа­терге тігіп, бес облыстан жиналған қа­зақ­тың зиялы азаматтары 1905 жылы Теке (Орал) қаласында бас қосқаны да мәлім. Олар­дың арасында Санкт-Петербургтегі әс­кери меди­ци­налық академияның сту­денті Халел Досмұхамедұлы да бар еді.

Педагог-ғалым Х.Досмұхамед­ұлы­­ның фольклортану сала­сындағы еңбек­терінің ішінде оқшау тұратыны – «Қазақ халық әдебиеті» очеркі. Бұл жинақта ауыз әде­бие­тінің түрлерін жіктеуді мақсат еткен. Фольклорды тек жалаң сөз өнері деп танып қойған жоқ, оны әдет-ғұрып, наным-сеніммен байланысты этнографиялық мәлі­­меттер­ден бөле-жармай қарау керектігін жақ­сы түсінген

Оның Ақпан және Қазан төңкеріс­тері тұсындағы қызметіне айғақ бо­лар­лық дәйектер бар. Соның бірі – 1917 жылы Орынбор қаласында өткен, жалпы қазақ-қырғыз съезі. Оған Халел­дің қатысқаны туралы «Қазақ» газеті сол жылдың 14 қараша күнгі санында жа­зылған. Онда Торғай облыстық ко­митетінің құрылғандығын, оған бар болғаны 14 адам (Орынбордан 10, уез­дерден 4) мүше енгенін хабар­лайды. Дәл осы мезгілде Ақмола, Семей, Орал об­лыстық комитеттері де құ­рылды. Ал жел­тоқсанның 5-і мен 13-і ара­лы­ғында өткен Құрылтайға Халел де арнайы шақырылды.

1917 жылдың шілде айында Алаш қозғалысын жақтаушылардың съезі шақырылады. Оған барлық қазақ облысынан 20-дан астам делегат қа­тысады. Осы съездің өткізіліп, оған Халел Дос­мұхамедұлының төрағалық еткеніне дәйек ретінде «Қазақ» газетінің 31 шілде күнгі санында жарияланған Жалпы қазақ съезінің қаулысын келтіруге болады. «Жалпы қазақ съезі 21 шілдеде Орынборда ашылып, 26 шілдеде жабылды. Съезге Ақмола, Семей, Торғай, Орал, Жетісу, Сырдария, Ферғана об­лыс­тарының һәм Бөкейліктің өкілдері қатысты. Съезд төрағасы – Халел Дос­мұ­хамедұлы, төраға серіктері – А.Бай­тұрсынов, хатшылар: Ә.Көтібаров, М.Дулатов, А.Сейітов».

Бұл съезде 14 мәселе қаралған. Әр­қайсысына байланысты бірнеше ­пункттен тұратын қаулылар қабыл­данды. Әйел мәселесі тұңғыш рет осы съезде көтерілді. Осыдан кейін араға бес ай салып, желтоқсанда ұлттық мемлекет құруға байланысты ұлттық-тер­риториялық Алаш автономиясы, милиция, ұлт кеңесі, ұлт қазынасы, халық соты туралы негізгі мәселелерді күн тәр­тібіне қойған жалпы қазақ съезі шақы­рылды.

Халел Досмұхамедұлы осы кезеңде қандай қызмет атқарып еді? Бұл туралы 1930 жылдың 10 наурызында өз қолымен орыс тілінде жазылған ғұмырнамадағы мына бір жолдардан жауап алуға бо­лады. Патша өкіметі құлатылған соң, 1917 жылы сәуірде қазақтардың Орал облыстық атқару комитетінің төр­ағасы болып сайланды. 1917 жылы жел­тоқсандағы Жалпы қазақ съезінде Алаш­орда халықтық-революциялық кеңе­сінің мүшелігіне өтті. Мұнда кеңес үкіметі орнағанға дейін земстволық мәдени-ағарту жұмыстарын атқарды. 1918 жылы наурыз айының соңында ол Жанша Досмұхамедовпен бірге Мәскеуде РСФСР халық комиссарлар кеңесінің төрағасы В.Ленинмен, ұлт мәселесі жөніндегі халық комиссары И.Сталинмен Қазақ автономиялық республикасын құру туралы келіссөз жүргізеді. Өкінішке қарай, бұл келіс­сөз нәтижесіз аяқталған. Бұдан кейін Халел Досмұхамедұлы Түркістан және Қазақ кеңес автономиялық республикаларында әртүрлі қоғамдық-саяси қызметтер атқарды.

Халелдің қажырлы қоғам қайрат­кері болуымен қатар, ағартушы, ға­лым, дәрігер екенін де есте ұстауға тиістіміз. Қазан төңкерісіне дейін қазақтар арасында арнаулы білімі бар 20 ғана дәрігер даярланды. Ауруға сапалы медициналық көмек беретін ешкімнің болмағанына, сүзектен, суық тиюден, обадан, тырысқақтан, қара­сан, қызылша, безгек, туберкулез секілді ауру­лардан халық жаппай қырылып жат­қан кезде, осынау үркердей топтың қар­лығаштың қанатымен су сепкендей бол­ма­шы іс-әрекетінің өзі біраз адам­ның өмірін арашалап қалды. Сол бір үркердей топтың ішінде қазақтың Ибн-Синасы, сан қырлы дарын иесі Халел Досмұхамедұлының болғаны дау­сыз.

Ал 1913-1920 жылдары Темір уезінде учаскелік дәрігер қызметін ат­қара жүріп, оба ауруын жою ісіне қа­тысты. Ол 1920 жылдан бастап Таш­кенттегі халық ағарту институтында оқы­тушылық қызметке тұрған. Оған қоса Орталық Азия университеті меди­цина факультетінің ауруханасында ор­динатор болып қабылданды. 1921 жылы негізінен қазақ халқы арасында педагогикалық білім беру мәселесімен айналысты. 1923 жылы Түркістан Республикасы ғылыми кеңесінің төрағасы және мемлекеттік ғылыми баспаның Күн­шығыс бөлімінің меңгерушісі бо­лады. Оның тікелей қатысуымен ұлт­тық мектептердің жаңа жүйесі, қазақ тіліндегі терминология жасау ісі, ұлт тілінде журнал шығару, қазақ мектептері үшін оқулықтар мен оқу құралдары ұлттық тілімізге аударылып, жаңадан құрастырылды. Әсіресе оның оқу құрал­дарын жазу­дың әдістемесі, яғни шәкірт жанына лайықты етіп құрас­тыру жайлы айтқан түйінді пікірлері кө­ңіл аударарлықтай. Ол жаратылыс­тану мен педагогика саласында да нәтижелі еңбек етіп, бірнеше оқулық дайындады. Солардың ішінен үш бөлімнен тұратын зоология, анатомия, физиология, мектеп оқушыларының гигиенасы және табиғаттану пәндеріне арналған оқулықтарды атауға болады.

Халел Досмұхамедұлы – қазақ­тың медицина, жаратылыстану ғылым­­да­рының негізін салушылардың бірі. Ол Ю.Вагнердің «Өсімдіктердің тіршілігі мен түзілуі» деген еңбегін қазақшаға аударып, жеке оқулық етіп шығарды. Өзінің «Оқушының денсаулығын сақ­тау», «Адамның тән тіршілігі», «Сүйек­тілер туралы» деген оқулықтары жарық көрді.

Бүгінгі таңда қазақ халқының тарихын білу түгілі, өздерінің қасиетті ана тілін шұбарлап жүргендер Халел Досмұхамедұлының мына бір қанатты сөздерін бойтұмардай қаперінде ұстауға тиіс. «Тіл – жұрттың жаны. Өз тілін өзі білмеген ел болмайды. Тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт. Мектеп пен баспаның тілі дұрыс болса, елдің тілін көркейтіп, байытып, гүл­дендіреді. Мектеп пен баспадан қол­данудан қалған тіл – шатасқан тіл. Ана тілін жақсы біліп тұрып, бөтенше жақсы сөйлеу – бұл сүйініш, өз тілін білмей тұрып, жат тілге еліктей беру – бұл күйініш» деп толғанған.

Педагог-ғалым Х.Досмұхамед­ұлы­­ның фольклортану саласындағы еңбек­терінің ішінде оқшау тұратыны – «Қазақ халық әдебиеті» очеркі. Бұл жинақта ауыз әдебиетінің түрлерін жіктеуді мақсат еткен. Фольклорды тек жалаң сөз өнері деп танып қой­ған жоқ, оны әдет-ғұрып, наным-сеніммен байланысты этнографиялық мәліметтер­ден бөле-жармай қарау керектігін жақ­сы түсінген ғалым. Әсіресе халық­тық педа­гогиканың негізгі проблемалары­­на нақты түсінік береді. Мысалы, халық әде­биетінің мазмұны туралы айт­қанда, шілдехана, бесік жырларының тәр­биелік мәніне назар аударып, «Қазақ баласының шыр етіп жерге түскен­нен бастап, кәмелетке толғанға дейінгі тыныс-тіршілігі ән, жырдың құшағын­да өтеді. Қазақ баласын тәрбиелеуде дыбыстық ырғақтардың басты орынға шығуы, сірә, халық әдебиеті мен халық әндерінің кең тарап дамуы, оның тәрбие құралы болуы себеп болса керек», деп көрсеткен.

Ғашықтық жырлардың шығу тарихы мен тәлім-тәрбиелік мәнін сөз ете келіп, жар-жар, беташар, тойбастар жырларына ерекше тоқталады. «Бұл жырларда жаңа түскен келінді қайын жұртқа таныстыру көзделсе, соны­­мен бірге негізінен келінге қатынасты әдеп­тілік ережелері және қайын ата­ға, енеге, күйеу жігіттің өзге де туыс­­тарына мінездеме беріледі», деп тұр­мыс-салт жырларының тәрбиелік жағын сипаттайды.

Өлген адамды жерлеу дәстүріне байланысты шыққан көрісу, жоқтау, естірту секілді халықтық дәстүрдің сыр-сипатын түсіндіреді. Халық поэзиясында мақтау жырлары айрық­ша орын алатынын, онда жеке адамдардың, тұтас ру мен ұлыстың батырлығы, байлығы, әділдігі, елдігі секілді қасиеттері мадақталатынын, мақтау өлеңдердің тәлімдік мәнімен қатар, жағымпаздық пен жалған сөзге айналатын көлеңкелі жақтарын да ашып көрсетті. Бата секілді тағылым сөздерге, билердің шешендік өнеріне ерекше назар аударып, алғыстың қарама-қарсы түрі қарғыстың дін­нен, елдің салт-дәстүрінен безген екіжүз­ді­лерге берілетінін ескертеді. Ға­лымның терме, нақыл өлеңдерге берген бағасы, жақсы әйел, тәрбиелі ұл, көргенді қыз, әдепті келін, бай, батыр, кедей, мырза кейпіндегі әлеуметтік топтар­дың бо­йында қандай қасиеттер болуы керектігі жайлы айтқан тұ­щымды пікір­­лерінің тәлімдік құны өте жоғары.

Халел Досмұхамедұлы қазақтың салт-дәстүріне байланысты, ырым­дар­дың діни наным-сенімдерге сәй­кес туу себебін айта келіп, «...қай­сыбір ырымдарды бұлжытпай орындап отыру тәрбиелілікті, көреген­дік­ті көрсетеді және міндетті түрде атқаруға тиісті әдеп сақтау болып табылады», деп тәрбиелік мәнін арнайы сөз етеді.

Ғалым халқымыздың ша­руа­­шы­лық кәсібі, тұрмыс-тіршілігі, аңшы­­лық өмірі, киіз үйі мен оның барша жи­һазы, ұлттық киімдері, әсіресе қыздар тағатын әсемдік заттарды тіз­бектей ке­ліп, осылардың жас буын­ды еңбекке, кәсіп­шілікке, ерлікке, сыпайылыққа баулып, тәрбиелеуде маңызы зор екендігін нақтылы деректер келтіріп дәлелдейді.

Қарымды қайраткер, жан-жақты ға­лым Халел Досмұхамедұлының қоғам­дық-саяси, мәдени-ағартушы­лық көз­­қа­расының бүгінгі күн­мен сабақта­сып жатқанын анық бай­қауға бола­ды. Осы тұрғыда қазақ зиялыларының қоғамдық-ағар­ту­шылық іске қатысты адалдығын айғақ­тай­тын деректер еске түседі. Түр­кіс­тан автономиялық рес­публикасы тұ­сында Ташкент қала­сын­да «Түр­кіс­­тан өлкесін зерттеу қоғамы», «Мә­­де­ниетті көркейтушілердің «Та­лап» қауымы жұмыс істеген болатын. Елдегі мәдени-ағарту жүйесі­нің әлсіздігіне қарамастан, Халел Дос­мұхамедұлының жетекшілігімен атал­ған қауым мен қоғам өз ісін тұ­рақ­­ты, дәйекті жүргізіп отырған. Араб қарпінде (төтеше) жазылған Халел­­дің маржандай қолтаңбасы ұлт­қа бай­ланысты мәселелердің үнемі ат­қа­­рылғанынан хабар береді. Әрбір маңызды істің жылдық, тоқсандық жоспары, оны орындаушылардың мін­деті, алдын ала көрсетілген де, жос­пардың нәтижесі қандай болғаны, қанша дүние тасқа басылып, нешесі ауызша (баяндама, түрлі жиындағы сөздер, т.б.) айтылғаны хатталған. Мысалы, «Талап» қауымы» ұлттың арғы тарихының та­ласты жайларына арнап, бірнеше пікір­талас, Шоқан, Ыбырай, Абай құбы­лыстарына ар­налған ғылыми мәнді әңгі­ме жүр­гізген. Осындай құжаттардың бірінде Халел Досмұхамедұлы: «Қазір бізге әрбір жыл, ай, апта, күн қымбат. Әдетте, қазақ халқының сөзбұйдаға жаны қас. Жазған мақала, кітабымыз, сөйлеген сөзіміз, жасаған баяндамамыз осы тағдыр-талайы ауыр ұлты­мыздың уақытын ұтатындай болып тууы керек. Біз ұйымды есеп үшін құрмаймыз, елдің мәдени-ағарту жағ­дайын титтей де болса ілгерілете ме деп құрамыз», деген ойын анық білдіреді.

Заман талабына сәйкес Халел­дің басшылығымен құрылған осы мәде­ни-ағарту ұйымдары қазақ хал­қына не берді? Біріншіден, олар қиын кезеңде ұлт зиялыларын елдік мұратқа топтастыра алды. Екін­шіден, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Қошке Кемеңгерұлы және өзге де арыстарымыздың шығар­ма­шы­лық еңбектері Ташкенттегі мәнді мәс­ли­хат­­тар нәтижесінде туды. Үшін­шіден, Халел мұрасының сабағы ұлтқа керек шаруаны сөзбен емес, іспен дәлел­деу қажеттігін көрсетеді.

 

Айдар САБЫРОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы

Атырау университетінің доценті

 

Атырау облысы