• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Денсаулық 18 Сәуір, 2023

Кенеден келер кесел көп

412 рет
көрсетілді

Жаз келе жатыр деп қуана бастаймыз, бірақ жаздың да адам мен мал үшін өзіндік зиянкестері бар екенін ескерген жөн. Күннің жылына бастауымен олар да бас көтере бастайды. Соның ішінде кенелердің белсенділігі артатын шақ осы. Оның адам мен малды шағуы кене инцифалиті, кене сүзегі, кене боррелиозы, геморрагиялық қызба секілді қауіпті жұқпалы ауруларды туғызуы мүмкін. Солтүстік Қазақстан облысы санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаевтың айтуына қарағанда, сәуір айы басталғалы облыста үш адамды кене шаққан.

«Аспаннан ұшып түсті жатқан тері, Қалың тоғай ну жыныс жатқан жері» деп жұмбақталатын түймедей ғана кененің зияны өзінен әлдеқайда күшті. Кенеден көктем айларында ғана емес жаз бойы, тіпті қазан айына дейін сақтанған жөн. Өткен жылы облыста 672 кене шағу фактісі тіркеліпті. Зардап шеккендердің арасында 204-і он төрт жасқа дейінгі балалар. 2021 жылмен са­лыстырғанда кене шағу 1,5 есе артқан. Мұның негізгі себебі – адамдардың 2021 жылмен салыстырғанда көктем жы­лымығын пайдаланып ор­манға, табиғат аясына бару жиілі­гінің артқандығынан болып отыр.

Кененің шағуынан болатын науқастың бірі – кене энцифалиті екенін жоғарыда айттық. Ол кененің шағуынан миды қабын­дырып, орталық жүйке жүйесін қатты зақымдайтын жұқпалы ауру. Оны кейде тайгалық энцефалит деп атайды, өйткені қалың ормандарда жиі кездеседі. Бұл індет негізінен Қазақстанда Алтай, Қаратау, Күнгей Алатауы бөк­теріндегі орманды аймақтарда кездеседі. Осы науқастың салдарынан адам мүгедек болып қалуы тіпті өлімге дейін әкелуі мүмкін. Сондықтан оның қатерін елемеуге болмайды.

Аурудың вирусы адамға негізінен иксод кенелердің қанды соруы арқылы беріледі. Кенені езгенде немесе шаққан жерін тырнағанда, тіпті қаны теріге жағылған кезде де аурудың пайда болуы мүмкін. Шағып тұрған кенені бірден жұлып тастауға да болмайды. Өйткені кене өзінің инесін немесе басын қалдырса қабыну реакциясын туғызуы мүмкін. Кененің шаққан орнын этил спиртімен (арақпен) немесе одеколонмен, йодпен сүрту керек.

Кенені суырудың халық арасына тараған тағы бір әдісі – алдымен сіріңкені тұтатып, сосын оны өшіріп, қалдық суымай тұрғанда тұқылдың басын кененің арт жағына басса, ол жиырылып, инесін өзі суырып алады екен.

Мамандар шағып тұрған ке­нені алу үшін майды, майлы крем­ді қолдануға болмайтынын ескертеді. Мұндай жағдайда оның демалуы бітеліп, сілекей мен қоздырғыштарды рефлекторлы түрде қанға жібереді, осылайша инфекция қаупін арттырады. Кене шағып алған адамдарға медициналық көмек, кеңес беру және дәрігерлік бақылау үшін тұрғылықты жері бойынша емханаға бару ұсынылады.

2022 жылы Солтүстік Қазақ­станның Айыртау, Қызылжар аудандары мен Петропавл қа­ла­сының әрқайсысында бір-бірден барлығы үш адам осы нау­қаспен тіркелді. Қызметі кене энцефалитінің табиғи ошағында болуымен байланысты адамдар профилактикалық иммундауға жатады. Вакцинация тұрғылықты жері бойынша емханаларда жүр­гізіледі.

Кене шағудың алдын алудың бір шарасы – ұзын жеңді киім кию. Сонымен бірге орманға барған жандарға ашық түсті киім кию ұсынылады. Өйткені кененің қап-қара болып тұрғаны ашық түсті киімде бірден көрінеді. Әдет­те кенелер шөпте немесе ағаш­тың бұтағында көбірек болады. Бір қызығы кенелер 1,5 метрден жоғары көтерілмейді, сондықтан олар көбінесе адамның аяғына жабысады және соруға ыңғайлы жер іздейді. Өздері баяу қозғалатын жәндік болғандықтан адамның киіміне немесе денесіне түскенде бірден сормайды, жор­ғалап ыңғайлы орын іздейді екен. Сондықтан бір-бірінің киімдерін бақылап отырған адамдар оны бірден анықтай алады. Сондай-ақ оларға қарсы кремдер, гельдер және аэрозольдар түріндегі ре­пел­ленттерді де қолдануға бо­лады.

Биыл мемлекеттік тапсырыс шеңберінде сәуір және қыркүйек айларында Қызылжар ауданының Бескөл және Пенков ауылдарында кенеге қарсы дезинфекциялық іс-шаралар өткізілетін болады.

Кене шағып алған адамдарға медициналық көмек, кеңес беру және медициналық бақылау үшін тұрғылықты жері бойынша ем­ханаға бару ұсынылады.

 

Солтүстік Қазақстан облысы