Қазіргі қоғамда ана тіліміздің құндылығы мағыналық, танымдық жағынан арта түскені байқалып отыр. Мұны Тәуелсіздіктен бері осы салада зерттеу жүргізіп келе жатқан ғалымдарымыздың орасан зор еңбегі деп түсінеміз. Ғаламтор кеңістігінде қазақ тілі блогосферасының қауырт дамуы, оның оқырман аудиториясына әсер етуі ғалымдардың алдына бірқатар міндеттер жүктеп отыр.
Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университеті Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің профессоры Қуаныш Ерғалиевтің айтуынша, қазіргі жаһандану кезеңінде әлемдегі кез келген кең қолданыстағы тілдер әр 10-15 жылда орфографиялық өзгерістерге ұшырап отыруы заңдылық. Ғылым мен техника ілгері басқан сайын кезінде бөлек жазылып жүрген терминдердің көбі қазіргі уақытта бірге жазылады дегендей. Пунктуация бойынша 1996 жылы жарық көрген «Емле және тыныс белгілері» (Р.Сыздық) теориялық, 1975 жылы шыққан «Қазіргі қазақ тілінің пунктуациясы» (Ф.Мұсабекова) тәжірибелік тұрғыда көп уақытқа дейін негізге алынып келгені белгілі. Ф.Мұсабекованың еңбегіндегі мысалдар мен тапсырмалар кеңес өкіметіндегі терминологиялық сөздерге толы. Сондықтан азаттық жылдарда ғалымдар бұл саланы жаңаша қырынан зерделеді.
– Тіл дамыту ерекшеліктерінің бірі – сырттан енген сөздерді ұлттық терминологияға бейімдеу. Көп жылдар бұл мәселе орыс тілінен калька тәсілі бойынша аударылып, шешіліп келді. Бүгінде гуманитарлық салада жүргендердің кейбірі, соның ішінде журналистер өз бетінше сөз тудыруға бейім. Бұл мәселеде 2011 жылы жарық көрген 15 томдық «Қазақ әдеби тілінің сөздігін» негізге алуды ұсынар едім. Қазір интернет пен ақпараттық технологиялар дәуірінде өмір сүргендіктен, сырттан күн сайын жаңа сөздер, терминдер келіп жатыр. Ақпараттық жүйелер, соның ішінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлер де өзге мемлекеттердің өнімі. Бірақ жаңа сөздердің барлығын қазақ тіліне тәржімалай беру дұрыс қадам емес. Себебі елімізден тыс жерлерде көптеген қандасымыз тұрады. Олар Атамекені жайында оқығанда халықаралық терминдерді сол қалпында қабылдап жатса, нұр үстіне нұр емес пе?! Екіншіден, ертең латын графикасына көшіп жатсақ, кітаптарымыз жаңа қаріпке өткенде шетелдің ғалымдары да қазақ тіліндегі мақалалар мен еңбектерді қиналмай оқыр еді. Тіл ғылымында аударманың 5 жолы бар десек, соның заңдылықтарын ескерген жөн. Мәселен, қазақтың көптеген туыстық атауларының орыс тілінде баламасы жоқ. Орыс тілінің ғалымдары оларды аударуға әуре болмайды. Қаншама сөзіміз, соның ішінде қымызымыз – «кумыс», қамшымыз – «камча», бүркітіміз – «беркут», жігітіміз «джигит» болып қолданылып жүр, – дейді ол.
Латын әліпбиіне көшуге қатысты әңгімелер кейінгі уақытта саябырсып қалғаны белгілі. Бұл мәселені қайтадан жалғастырып, графикамызды ауыстыруды ғалым да құп көреді. Себебі емле бойынша халықаралық терминдерді кириллицамен жазғанда басқа жүйені, ал қазақ, түркі сөздерінде басқа жүйені қолданамыз. Емлеге сәйкес «банкіге», «педагогке» деп жазылуы керек. Алайда бұл сөздердің бүгінде банкке, педагогқа деп айтылып та, жазылып та жүргені мәлім. Кірме сөздерге қосымша жалғауда көптеген адам қателікке ұрынуда. Латын жүйесіне көшсек, бұл кемшіліктер өз-өзінен жойылар еді. Екіншіден, шеттегі қандастарымыздың көбі ұлттық дүниелерімізді оқуға, өз жазғандарын бөлісуге қол жеткізеді. Қарапайым ғана мысал, бүгінде Қытайдан көшіп келіп жатқан қазақтар ағылшын және қытай әліпбиін, төте жазуды қолданғандықтан, өз ойларын кириллицада жеткізе алмай қиналады.
– Тіл – үнемі дамып отыратын құбылыс. Бүгін ана тілімізді құрылымдық тұрғыдан емес, мағыналық, танымдық қырынан зерделеген абзал. Мәселен, «іні» сөзін кейде «бауыр» лексемасымен алмастырамыз. «Бауыр» дегеннің мағынасы өте терең, біз бөгде адамды да «бауыр» деп өзімізге жылы тарта аламыз. Екіншіден, қазіргі ақпараттық технологиялардың тасқыны интернет, виртуалды кеңістік, интернет-коммуникация, әлеуметтік желі сынды сөздерді тілдік айналымға түсірді. Адамдар арасындағы қарым-қатынас жүзбе-жүз емес, виртуалды тұрғыда жүзеге асырыла бастады. Сондықтан көпшілік кітаптан гөрі, интернет желісіндегі ақпаратты оқуға бет бұрды, онда коммуникация орнатуға тырысты. Блогерлер тіліндегі ұлттық құндылықтарды зерттеу бүгінгі тіл білімінің өзекті мәселесі болып отыр. Бұл тіл мен мәдениет, тіл мен ой, тіл мен таным бағытында зерттеу жұмыстарын жүргізуге жетелейтіні қуантады, – дейді ғалым.
Әлемде, соның ішінде Қазақстанда кеңінен қолданылатын WhatsАpp мессенджері сияқты заманауи ақпараттық құралдар ана тіліміздің құрылымының өзгеруіне, шұбарлануына апара жатқаны жасырын емес. Ауызекі сөйлеуді жазбаша түрде беру, қысқа жазуға дағдылану, ойымызды толық жазбау, орфография мен пунктуациялық заңдылықтарды сақтамау сөз қолданысын шектеу проблемаларын тудырып, әдеби тіл стилін бұзды. Бұған кітап оқымау тенденциясы да әсер етіп тұрғанын қосу керек. Ғалымның сөзіне ден қойсақ, бұл өзгерістер ел азаматтарына халықаралық деңгейдегі виртуалды алаңда пікір алмасуға мүмкіндіктің беріліп отырғанының көрінісі.
Ақпараттық технология демекші, бүгінде интернет бетінде және кәдімгі Word мәтіндік редакторында қазақ тіліндегі мәтіндердің пунктуациялық және орфографиялық қателерін автоматты түрде қарап, түзетуге бағыт беретін бағдарламалар жоқтың қасы. Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы бұл кемшіліктің орнын толтыру мақсатында еңбектеніп жатқан көрінеді. Павлодар облысынан бұл іске тіл ғалымдары Бекен Сағындықұлы мен Қуаныш Ерғалиев тартылған. Ақпараттық технологияның тілін білетін мамандар мен тіл оқымыстыларының біріккен жобасының игілігін жақын күндері көріп қалуымыз ғажап емес.
Павлодар облысы