• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қазақстан 26 Сәуір, 2023

Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму

593 рет
көрсетілді

«Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты тақырыппен өтіп жатқан елдік іс-шараның алғашқы күні сарапшылар халық Ассамблеясының саяси реформаларды жүзеге асырудағы орнын және осы бағыттағы ой-пікірлерді, жобаларды талқылады.

Этномедиаторлар институтының рөлі

Кездесу барысында Ассамблеяның миссиясына тоқталған Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева: «Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту – мемлекеттік ұлттық саясаттың негізгі өзегі. Бұл саладағы Қазақстан халқы Ассамблеясы өз міндетін ойдағыдай атқарып, еліміздің тұрақты дамуына негізделген, үнемі ел басшылығы­ның назарындағы, ұзақмерзімді стратегиямыздағы үздіксіз үдерісі болуда», деді.

Ол сондай-ақ Ассамблеяның «азаматтық қоғам мен мемлекеттің қоғамдық келісімді қамтамасыз етудегі мүмкіндіктерін үйлестіретін негізгі инс­титут» екенін атап өтті. «Бұл бағытта азаматтық қоғам институттарының әлеуетін пайдалану – саяси мәдениет пен саяси сауаттылық деңгейін көтеруде маңызды», деген Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Ассамблеяның тағы бір маңызды қызметін атап өтті.

Кейінгі кезде Ассамблея қоғамдағы өзек­ті мәселелерді қозғап, оның шешімін табу­ға зор үлес қосып келеді. Мәселен, ҚХА жанында аналар, ақсақалдар кеңесі, ме­диа­ция институты құрылды. Ассамблея өкіл­дерінің айтуынша, бұл мекемелердің бар­лығы заңға сәйкес ұйымдастырылып отыр.

Сессияның жалпы отырысында Ассамблеяның осы қызметін Аида Ғалымқызы кеңінен байыптады. Оның айтуын­ша, әсіресе қоғамда этномедиаторлар институтының рөлі ерекше.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы жаны­нан тарихта алғаш рет этномедиа­торлар институты құрылды. Ассамб­лея өз деңгейінде азаматтардың құқық­тарын қорғауға, дәлірек айтқанда медиациялық үдерістерге белсенді қатысады. Өткен жылды алып қарасақ, 10 мыңға жуық өтініш қаралды, оның 70 пайызы құқықтық консультация кезе­ңінде шешілді, барлығы бойынша ме­диа­тивті келісімдер жасалды. Өңір­лер­де 22 тренинг ұйымдас­тыры­лып, онда 800 адам оқудан өтті», деді Аида Балаева.

Жалпы, өткен жылы этносаралық салада 20 зерттеу жұмысы, оның ішінде өңірлерде көшпелі мониторингтік топтар жұмыс жүргізді.

«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы реформалардың барлығын жай ғана реформалар үшін емес, халқымыз үшін, ішкі рухани-адамгершілік және мә­дени әлеуеті жоғары, білімді, бәсекеге қабі­летті тұлғаны қалыптастыру үшін жасап жат­қанымызға баса мән береді», деп атап өтті А.Балаева. Сондай-ақ басқосуда Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары елде жүргізіліп жатқан реформаларды сөз етіп, саяси жүйені реформалау бойынша өткен сайлау өз нәтижесін көрсетіп жатыр деген пікірін де ортаға салды.

«2021 жылы елімізде ауыл әкімдерін тікелей сайлау институты енгізілді. 2021-2022 жылдары ауыл сайлаушылары 1,3 мыңнан астам әкімді сайлаған еді. Ал 2023-2024 жылдары тағы осынша ауыл­дық округте сайлау жоспарланған. Нәти­жесінде, халық сайлаған әкімдер тәуел­сіздік алып қана қоймай, сайлаушылар алдындағы жауапкершілік пен есептілікті де арттырады. Қазірдің өзінде сайланған ауыл әкімдері жерлестерінің таңдауы дұрыс болғанын көрсетіп, нақты істермен дәлелдеп келеді. Жергілікті тұрғындар өздері таңдаған әкімдердің жұмысына риза екенін әлеуметтік желілерге жария­лап жүр. Мәселен, ел мақтаған әкім­дер қатарында Батыс Қазақ­стан облысының Ақсуат ауылдық округі­нің әкімі, Ақмола облысы Абай ауылының әкімі, Қарағанды ауылдық округінің әкімі және басқалары бар. Сайланған ауыл әкімдерінің 52 па­йыз­дан астамы – жаңа адамдар. Оның көп­­шілігі мемлекеттік қызметші емес. Олар сайлауға өз ауыл­дарының әлеумет­тік-эко­номикалық жағ­дайын жақсар­ту бойынша өздерінің нақты бағдар­ла­ма­ла­ры­­мен келді және қазір бұл бағдар­ламалар жүзеге асырылып келеді», деді Аида Балаева.

ҚХА қоғамдық келісіммен қатар жалпыұлттық бірлік саласындағы медиа­ция институтын дамытуға көмек беруді қызметінің басты бағыты етіп алды. 2022 жылдың 29 сәуірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аудандық деңгейде мемлекеттік қызметшілерді оқытатын этномедиация оқу орталығын құруды ұсынған еді. Ассамблеяға этномедиация институтын дамыту туралы тапсырманың берілуі кездейсоқ емес, өйткені ҚХА осы бағыттағы институтты дамыту курсы іске қосылған 2015 жылдан бастап медиация бағытын дамытып келеді.

Басқосуда ҚХА Республикалық аналар кеңесінің төрағасы Нәзипа Шанаи Қазақ­стан аналарының халқымызды тәжіри­белік және нақты істер негізінде бірік­тірудегі маңызды рөлін ерекше атап өтті. «Ұлтына қарамастан әрбір қазақстан­дық ана­ның маңызды міндеті – ел азаматын тәр­биелеу», деді ол. Сондай-ақ отбасы инсти­тутын нығайту мақсатында Отбасы істері агенттігін құруды және «Азамат тәр­бие­леген отбасы» сыйлығын енгізуді ұсынды.

Ал Сенат депутаты, «Возрождение» қазақстандық немістер қауымдастығы» қоғамдық қоры Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Евгений Больгерт: «Біздің елімізде 100-ден астам этностар мен 18 конфессиялар өмір сүреді. Әрбір этнос – біртұтас Қазақстан халқының құрамдас бөлігі. Даму мен топтастырудың осындай берік іргетасын қалаған Қазақстан халқы Ассамблеясы болды», деп атап өтті.

«Этносаясаттың өңірлік аспектілері» интенсив бөлімінде тренер-медиатор Гүлмайдан Урозбаева этномедиаторлар институтының артықшылықтары мен кемшіліктерін сөз етті.

«Негізі бізде этномедиаторлардың үш деңгейлі жүйесі болуы керек. Бірінші, этноконфликт жағдайды шеше алатын координаторлар болу қажет. Олар жоғарғы келіссөз жүргізуші штаб-пәтері ретінде, жанжалдасушы тараптар бойынша медиация сессиясын өткізуге қатысты барлық жұмысты үйлестіре алады. Екінші, қарама-қайшы жағдайлар туындаған кезде жұмыс іс­тей алатын этномәдени бірлестіктердің жетекшілерін тартып отырмыз. Үшінші санат – кезекші медиаторлар: аудан, ауыл әкімдері, учаске­лік полицейлер және тағы басқалары. Дау-дамай туындаған жағдайда мәселелерді сотқа дейінгі сатыда шешу, жалпы, көп нәрсе этномедиация­мен айналысатындарға байланысты», деді медиация институтының рөлі туралы Гүлмайдан Урозбаева.

Осы үш деңгейлі медиация мамандары арнайы тренингтен өткен. Тренер осы бағыттағы кемшіліктерді атап, алдағы уақытта олқылықтың орнын толтыру қажеттігін айтты.

«Бұл бағытта біртұтас үйлестіруші органның болмауы – этномедиация институтының даму жолында тұрған бас­ты мәселелердің бірі. Этномедиация орталығының этномедиацияны оқытудың тиімді бағдарламаларын әзірлеу, этномедиаторларды сапалы дайындау, олардың қызметін бақылау, қадағалау, әдістемелік қамтамасыз ету секілді бірнеше мін­детін бөліп көрсетуге болады. Мұндай ауқым­ды іс-шараларды жүргізу үшін ұйымдас­тыратын, үйлестіретін органның болуы маңызды», деді тренер-медиатор.

 

Мүмкіндік аясы кеңейіп келеді

Отырыста сөз алған Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау уақыт пен заман талабына орай, азаматтардың мүмкіндіктері жүйелі түрде кеңейіп келетінін айтты. Ол өз сөзінде өткен жыл саяси оқиғалардың саны жағынан да, олардың болашақ үшін маңызы жағынан да тарихи реформалар жылы деп аталуының орынды екенін айтып өтті. Сонымен қатар «Елді өзгертудің барлық үдерістерінде ҚХА және этномәдени бірлестіктері өкілдерінің елдің тұрақтылығы мен бірлігіне үлесі маңызды рөл атқарады», деп еліміздің қазіргі заман­ғы тарихында Ассамблеяның рөлін атап көрсетті.

«Саяси реформалар үдерісі, азамат­тардың құқықтары мен бостан­дық­тарын арттыру, баршаға тең мүмкіндіктер жасау жалғасып жатыр. Шығыс пен Батыс­тың көптеген елінде мүлдем басқа жағдай қалыптасса да, Қазақстан басқаларға үлгі көрсете отырып, қоғамның билікті бақылауын күшейту жолымен жүріп жатыр. Біз азаматтардың мүмкіндік­терін жүйелі түрде кеңейтіп келеміз. Мәсе­лен, Мәжіліске келіп түскен кезекті заң жобасы – Президент тапсырмасымен әзірленген «Жергілікті өзін-өзі басқару туралы» заң азаматтардың жергілікті жердегі мәселелерін шешуге қатысу мүмкіндігін кеңейтіп, өзін-өзі басқару органдары ретіндегі мәслихаттардың рөлін күшейтуге тиіс. Осылайша, реформалар елдің одан әрі тұрақты дамуына негіз жасайды. Мықты Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет – еліміздің негізгі қағидаты болса, осыған сай қызмет атқару қажет. Сайлау тек бастамасы ғана, өйткені жаңа Қазақстан өздігінен құрыла салмайды, бұл бәрімізден үлкен күш-жігерді қажет етеді», деді Альберт Рау.

Жиында сөз алған Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев Ассамблея мен жергілікті биліктің бірлескен жұмысының нәтижесінде бүгінде өңірде 87 этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқанын атап өтті.

«Әр этнос – біздің байлығымыз және аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуындағы тірегіміз. Бұл ретте облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық этностардың өзара әрекеттесуі мен олардың мүдделерін үйлестірудің бас­ты байланыстырушы буыны, бірегей алаңына айналды. Қазақстан халық Ассамблеясының шығармашылық әлеуеті бүгінде аймақтағы этносаралық татулық пен келісімді нығайтудағы жұмыстың сапалы жаңа кезеңін көрсетеді. Мемлекет дамуы мен өсіп-өркендеуінің темірқазығына айналған – этносаралық татулық пен өзара келісімді сақтау және оны бағалай білу әрқашан да аса маңызды міндет. Өйткені мемлекет байлығына айналған ынтымақ пен бірлікті сақтау – үздіксіз іске асырылатын аса жауапты сала және барша көпұлтты халқымыздың ортақ парызы. Қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – біздің ең жоғары байлығымыз. Бұл жетістікті бағалау, оны сақтау жолында аянбай еңбек ету – әрбір Қазақстан азаматының міндеті болуға тиіс. Туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде ел бірлігін сақтауға бәріміз атсалысуымыз керек», деді әкім орынбасары.

Жалпы, ҚХА қоғамдық құрылым­дарының белсенділерімен жұмыс форматында өткен кездесуге республикалық этномәдени бірлестіктердің, Аналар кеңесі­нің, «Ассамблея жастары» қауымдас­тығының, Медиация кеңесінің 60-тан астам жетекшісі қатысты.

Сессия барысында делегаттар өзекті мәселелерді талқылап, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды. Талқылау аясында барлық өңірлерден келген сессияға қатысушылар жұмыс тәжірибесімен және қоғамдық келісімді нығайту бойынша жобаларымен бөлісті.

Сондай-ақ ҚХА мүшелері мен сарапшылар интернетте пайда болған этникалық және тілдік арандатуларға қарсы қатаң шаралар қабылдаудың маңыздылығын да атап өтті.

Этномәдени бірлестіктердің өкілдері еліміздің тұтастығын, бостандығын, тәуелсіздігін қорғауға дайын болуды парыз санайды. Бұл – барша азаматтың, Қазақстан халқы Ассамблеясының барлық мүшелерінің міндеті. Сондай-ақ олар Қазақстан басынан өткерген сынақтар халықты жігерлендірілгенін баса айтты. Ал еліміздің барлық негізгі салаларындағы түбегейлі реформалар – елдің одан әрі дамуына ықпал етті.

Секцияға қатысушылар мемлекеттік тілдің рөлін нығайта отырып, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтау, Мемлекет басшысы әрбір сөзінде айтатын «бірлік әралуандықта» және «біз – әртүрліміз, бірақ, біз – теңбіз» қағидаттары – еліміздің негізгі құндылықтары екеніне сенімді.

 

«Адамзаттың бәрін сүй бауырым» деп...

Сессия аясында делегаттар үшін панельдік пікірталас алаңы да ұйымдас­тырылды. Панельдік талқылауларға Пре­зидент Әкімшілігінің басшылығы, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, Парламент депутаттары, ҚХА мүшелері, республикалық және облыс­тық этномәдени бірлестіктердің төр­ағалары, діни бірлестіктердің, ҮЕҰ, дипломатиялық корпус, ғылыми қызмет­керлер, шығармашылық интеллигенция, қазақстандық және шетелдік БАҚ өкілдері, барлығы мыңнан астам адам қатысты.

Панельдік талқылау жұмысын ашқан Аида Балаева өткен жылдан бастап сессия форматы өзгергенін, ал бүгін отырыстың алғашқы күні ҚХА жұмысын жақсарту, оның қоғамдық құрылымдарының – этно­мәдени бірлестіктердің, аналар кеңесінің, ақса­қалдар кеңесінің, «Ассамб­лея жас­тары» жастар қанатының, кәсіп­кер­лер қауымдастығының және басқа да құры­лым­дарының жұмысын жетілдіру жолдарын талқылауға арналғанын атап өтті.

«Өткен жыл реформалар жылы болды және олардың табысты жүзеге асуына, атап айтқанда, ішкі саяси тұрақтылық пен бірлікті сақтау мен нығайтуға Ассамблеяның барлық институттары, бүгінде де өз үлесін қосып келеді. Біздің мақсатымыз бір – еліміздің егемендігін сақтау. Еліміздің тәуелсіздігі – барша қазақстандықтардың ортақ құндылығы», деп нықтады Аида Балаева. Ол өз сөзінде «Рухани бірлік пен құн­ды­лықтарды өзара құрметтеу негізінде ғана қо­ғамдық келісімге келеміз. Кез келген мем­лекеттің өркендеуі – жалпы қоғамдық келісім­нің нәтижесі. Бұл – Мемлекет басшы­сы айтқан «бірлік – әралуандылықта» қа­ғи­дасының мызғымас мәні», деп атап өтті.

Еліміздің түкпір-түкпірінен келген өзге этнос өкілдері бас қосқан сессияда толеранттылық атмосферасын қалып­тастырудағы дәстүрлердің, мәдениет пен білім саласының ықпалы, сондай-ақ ҚХА саяси реформаларды жүзеге асыру­дағы және қоғамдық бірлікті нығайтудағы қызметі талқыланды.

Ассамблеяның қоғамдағы рөлін атап өткен «Вайнах» Қазақстан чешендері мен ингуштар қауымдастығының төраға­сы Ахмед Мурадов та ҚХА атауын өзгертпеген жалғыз ұйым екенін, Прези­дент Қазақстан халқы Ассамблея төрағасы болып қала беретінін баса айтты. Осы орайда ол: «Біз кез келген сынаққа төтеп бере алатын құқықтық, Әділетті Қазақстан құру жөніндегі міндеттерді жүзеге асыруда Мемлекет басшысының ұжымдық көмекшісіміз», деді.

«Әр мемлекет белгілі бір идеология негізінде саясатын жүргізеді. Бүгінде осы отырған азаматтарды, әр этнос өкілін «Қазақстан» ұғымы біріктіріп отыр. Дәл қазір біз көп нәрсені ой елегінен өткізетін шақта тұрмыз. Өйткені біз жаңа дәуірге, Жаңа Қазақстанға аяқ бастық. Осы ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан, сайланған барлық деңгейдегі депутаттардан үмітіміз зор», деді Ахмет Мурадов.

Пленарлық жиында Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев та сөз сөйледі. Министр бала тәрбиесі күн тәртібіндегі мәселе екенін айтып, осы орайда Ассамблеяның да рөлі ерекше екеніне тоқталды.

«Бала тәрбиесі – күн тәртібінен түспейтін маңызды мәселе. Бала өміріне аса қатты ыждағаттылықпен қарау – қоғамның басты міндеттерінің бірі. Бала тәрбиесі бәрінен де маңызды. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы «Адамзаттың бәрін сүй бауы­рым деп» дейді. Бала бойындағы мейірімділік, бауырмалдық, ізгілік – ел ынтымағын арттыратын қасиеттер. Білге қағанның «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ» деген даналық сөзінің маңызы зор. Толеранттылық пен келісім құндылықтары адамның ар-ожданын, ұлтжандылық, отансүйгіштік ізгілік қасиеттеріне тұғыр болады. Бала тәрбиесіндегі отбасы институты рөлін және мектеп пен отбасы арасындағы ынтымақтастықты, отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұрпақтар сабақтастығын нығайту мақсатында ата-аналар мектебі, әкелер мен аналар мектебі сияқты бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Педагогикалық-психологиялық көмек те көрсетіледі. Оқу-ағарту министрлігі оқушылардың сапалы білім, саналы тәрбие мен қауіпсіздігін қам­тамасыз ету бар күш-жігерін салып жүр. Бала тәрбиесінде ата-аналар мен бірге бүкіл қауымдастықтың жұмыс істеуі аса ма­ңыз­ды. Бұл ретте Ассамблеяның да күш жігер, тәжірибесі өте үлкен көмек болады», деді ол.

Бұған қоса Оқу-ағарту министрі «Әділетті Қазақстан» ұғымы секілді «әді­летті балабақша», «әділетті мектеп» мәнін қалыптастырып жатқанын айтты. Сон­дай-ақ жастар арасында ұлттық құнды­лықтар мен ізгілік қасиеттерін насихаттау мақсатындағы жұмыстарын тілге тиек етті.

«Бүгінде 3 миллион жастың басын біріктіріп отырған «Жас Ұлан» ұйымы жұмыс істейді. Осыншама оқушының басын біріктірген ұйым ай сайын челлендж ұйымдастыра бастады. Наурыз айында домбыра челленджі, сәуір айында ғылым челленджі ұйымдастырылған. Ал мамырда көшет отырғызу челленджі басталады. Бұл жұмыстар бүкіл Қазақстандық оқушылардың басын біріктіру үшін жаса­лып отыр. Спортқа да ерекше көңіл бөлінеді. Қазір 2, 3 миллион оқу­шы спорттық іс-шараларға белсенді қаты­сады», деді Ғани Бейсембаев.

Сонымен қатар Оқу-ағарту министрі білім беру ұйымдары тұрақты, пози­тивті және толерантты көпэтносты қауым­дас­тықты қалыптастыру үшін ҚХА ай­мақ­тық құрылымдары және этномә­дени бірлестіктермен тұрақты негізде ынты­мақтастықта болуы қажет екенін атап өтті.

 

Әлеуметтік жауапкершілік артуға тиіс

Сондай-ақ сессияда Қазақстан корей қауымдастығының төрағасы Юрий Шин «Жаңа Қазақстан құруда әрқайсысымыз үлес қосуымыз керек», деп жиналғандарды бірлікке, халықаралық қатынасты одан әрі нығайтуға шақырды.

«Ассамблеяның негізін әртүрлі этно-мәдени бірлестіктер құрайды. Олар мемлекет пен этнос өкілдерін байланыстырушы ұйым. Сондықтан этномәдени бірлестіктер еліміздегі ұлысаралық татулық пен бірлік­тің, тұрақтылықтың драйвері болуы қажет. Осы ретте Ассамблея ашық, заманауи  қо­ғам­дық талқылау мен білікті кадрлармен қамтамасыз етуге, жағдай жасауы керек. Олар елдік мақсат пен міндетті орындайтын басты фактор болуы қажет. Бұл жолда әр азамат өз үлесін қосса, нәти­же де көп күттірмейтіні анық. Біз Жаңа Қазақ­стандағы реформаның жүйелі іске асырылуына бар күшімізді салуға дайынбыз.

Қазақстан корейлері қауымдастығының басты басымдығы – Қазақстандағы қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысу болып табылады. Басты міндет – этносаралық қатынастар сала­сын­­дағы қоғамның мемлекеттік және аза­­мат­тық институттарының өзара іс-қи­мы­­­лының тиімділігін арттыру. Биыл біз Ассам­б­леяның іс-шараларынан бөлек, «Қазақстан корейлерінің жастар қозға­лысы» республикалық форумын; «AKK Networking» республикалық форумын; корей «Коре ильбо» газетінің 100 жылдығын өткіземіз», деді Юрий Шин.

Отырыста арнайы спикерлерден соң, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Илхам Ибрагим қазіргі қоғамдағы бірлік пен татулық жолында кері әсерін тигізетін фейк ақпараттар жайлы сөз қозғады.

«Арандату мақсатында жасалатын түрлі деректерге қарсы күрес маңызды екенін ұмытпағанымыз жөн. Бұл жүздеген ұлыс өкілдері тату-тәтті тұратын еліміз үшін аса маңызды. Өйткені бұл – өте нәзік тақырып. Манипуляция жасайтын түрлі фейк ақпараттың тақырыбына айналуы әбден мүмкін. Сондықтан қоғамның әр мүшесі әлеуметтік желіге аса мұқият, ыждағаттылықпен қараса», деген Илхам Ибрагим бұл мәселе түптеп келгенде бәрі­мізге қатысты екенін алға тартты. «Елі­міздің тыныштығы, берекесі сіздер мен бізге байланысты. Елде араздықтың болуына жол бермеуіміз қажет. Осы орайда, БАҚ та өз жауапкершілігін ұмытпағаны жөн. Әрине, бәріне рейтинг маңызды. Десек те әлеуметтік жауапкершілігімізді бірінші орынға шығаруымыз керек. Бұл ретте «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының тәжірибесін бөлек кейс ретінде қарастыруға болады. Әлеуметтік, қоғамдық, танымдық, саяси бағдарламаларға басымдық беру арқылы да үздіктер қатарынан көрінуге болатынын ұлттық арна дәлелдеп берді. Дәл осындай танымдық хабарларымыздан «Шаңырақ» бағдарламасы бар. Бұл бағдарлама кейіпкерлері орталарыңызда отыр. Кейіпкерлер – қазақ тілінде сөйлей­тін өзге ұлыс өкілдері. Олардың түрле­ріне қарап, қазақ емес екенін бірден аңға­расыз. Алайда олардың тілі, жүрегі, ж­аны «қазақ» деп соғады. Дәл осы формат­та тағы бір жобамыз – «Qazaq radiosy» тіке­лей толқынынан таралатын «Достық» ха­бары. Аптаның алты күнінде, алты тілде сөй­лейді. Ұйғыр, өзбек, неміс тағы басқа тіл­дерде хабар таратады. Бүгінде хабар өзінің тыңдарманын жинап үлгерді. «Араздық тілі» еліміз 30 жыл бойы сақтап отырған береке-бірлікке сыза түсірмесін», деп ол сөзінің соңында игі тілегін де жеткізді.

 

Ұлтты тәрбиелеу – ұлы міндет

Басқосуда Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Аида Балаева еліміздің өркендеуіне үлес қосқан, өңірлерден келген этномәдени бірлестік өкілдерінің ардагерлерін марапаттады. Сөзінің соңында ол Ассамблеяның ауқымды жұмысы Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыру бойынша қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Спикерлердің көтерген ең маңызды бағыттарының бірі – ұлтты тәрбиелеу. Бүгінгі ұрпақ – келешектегі қоғам. Сон­дықтан сол қоғамды тәрбиелеу – сіз бен біздің басты міндетіміз. Бұл өзара этносаралық қарым-қатынасты нығайту, түйткілді мәселелердің түйінін тарқату – бүкіл қоғамның міндеті. 2022 жыл үлкен саяси өзгерістер жылы болды. Оның жүйелі, тиімді жүзеге асыру бәрімізге байланысты», деді А.Балаева.

Одан әрі сессия қатысушылардың дағдылары мен құзыреттерін арттыруға бағытталған интенсив курстарға ұласты. Бірінші жиын мемлекет құру және ұлттық бірегейлік мәселелеріне арналды. Аталған іс-шара Этносаяси зерттеу­лер институтының директоры Талғат Қалиевтың модераторлығымен және спикерлер – саясаттанушы Эдуард Полетаев пен қоғам қайраткері Қанат Нұровтың қатысуымен өтті.

Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі мен мақсатының өзі этномәдени бірлестіктердің рухани күш біріктіруінен, этномәдени бірлестіктердің, олардың мәдениеті, тілдері мен дәстүрлерінің өркен­деуін, сақталуын және дамуын қам­тамасыз етуден тұратыны белгілі. Бұл орай­да ел  азаматтарын қоғамдық-саяси өмір­ге жұмылдыруға, мемлекеттік тіл мен оның мәртебесін ілгерілету басты ұста­ным­ға айналуға тиіс. Сондықтан да спи­ке­рлер Ассамблеяның мемлекеттік тілді дамытуға қосқан нақты үлесі мен мем­лекеттік саясатты жүргізудегі бағы­тына тоқталды. Бұдан бөлек, Ассамблея қо­ғам­дағы өзекті мәселелерді барынша қоз­­ғап, оның шешімін табуға зор үлес қо­сып келеді. ҚХА жанында аналар, ақса­қал­дар кеңесі, медиацияның жұмысы соған дәлел.

«Қазір қоғамда қазақ тілі мәселесі өте ауыр және жауыр болған проблема. Бұл ішкі жүйенің әлі де дұрыс жүйеленбегенін көрсетіп отыр. Сондықтан мемлекеттік қызметке жұмысқа қабылдауда, мемле­кеттік тіл міндетті болуы керек», деді спикер Қ.Нұров өз сөзінде.

«Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақ­тылық, даму» тақырыбымен өткен ауқымды іс-шараның алғашқы күні сарапшылар Қазақстан халқы Ассамблеясының саяси реформаларды іске асырудағы және жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы рөлін талқылады. Қызу пікірталас жағдайында өткен секциялар жұмысында келісім, толеранттылық атмосферасын қа­лыптастырудағы дәстүрлердің, мәде­ниет пен білім саласының ықпалы, сон­дай-ақ ҚХА саяси реформаларды жүзеге асырудағы және қоғамдық бірлікті нығай­тудағы қызметі талқыланды.

Сессия делегаттары талқылаулар мен пікірталастарға белсене қатысты. Рухани-адамгершілік, жалпыадамзаттық және азаматтық құндылықтарды қалыптас­тыру­дың, толеранттылықтың жоғары мәде­ниетін, тұлғааралық және этносаралық қарым-қатынасты, патриотизмді, сондай-ақ балалардың тұлғалық, ерік-жігері, физикалық және интеллектуалдық дайын­дығын тәрбиелеудің, әлеуметтік өзара іс-қимыл және оң этносаралық ком­му­никациялардың өзекті мәселелері көтерілді.