• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әскер 03 Мамыр, 2023

Әскердегі балуан қыз

431 рет
көрсетілді

Кез келген жекпе-жек спорт тү­рінің ережесін алып қарайтын болсаңыз, бәрінің де негізгі мақ­саты – сайыс алаңында қорғана жүріп қарсыласын жеңу. Қазіргі таңда жекпе-жек – барлық елде бар спорт түрі. Мәселен, қазақта – күрес, жапондарда – дзюдо, джиу-джитсу, корейлерде – таэквондо, серум, әзербайжанда – полеш, айта берсең ұзын-сонар болып кете беретін бұл спорт түр­лері жер-жаһанға өзіндік философиясымен және этикасымен кеңінен танылды.

Ал самбоның тарихына зер салар болсақ, негізі ең алғаш КСРО-да қаланғанын байқаймыз. Сондай-ақ бұл спорт салыстырмалы түрде барлық жекпе-жек өнеріне жататын сайыстардың ішіндегі ең жасы саналады. Сөйтіп, халықаралық спорт ұйымы самбоны 1938 жылдың 16 қа­рашасында ресми бекітті. Түп­теп келгенде, самбоның ма­ғы­насы «өзіңді қарусыз қорғау» дегенді білдіреді.

Елімізде бұл спорт 1950-60 жылдардан бастап дами бастады. Аз уақыттың ішінде самбо күресінен қазақ балуан­дары ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізе баст­ады. Тіпті, қыздарымыз да жақ­­сы көрсеткіштерге жете бас­­тады.

Осындай жекпе-жек түрін кәсіп етіп, талай бе­лес­терді ба­ғын­дырған қазақ қыз­да­ры­ның арасында лейтенант Гүл­жан Төкенқызының шоқ­тығы биік. Әскерге 2010 жыл­дың қара­шасында келген Гүл­жан бастапқыда қызметкер ретінде жұмыс істеп, өзінің кәсіби біліктілігін көрсеткен соң, Ал­ма­ты гарнизонындағы әс­кери по­лиция бас­қармасына 2012 жылы әскери қыз­метке ша­қы­рылады.

Спортқа келу себебін бала кездегі арманымен ұштас­тыр­ған офицер жек­пе-жек өне­рінің қыр-сырына 14 жасында қаныға бастаған. Ал­ғашында самбо спортын қыз балаға жат деп қабылдаған әкесі Гүл­жанның жекпе-жек тү­­рімен айналысуы­на қарсы болған. Дегенмен кейіннен қы­зы жетістікке жете бастаған соң, әкесі оның табан­дылығын мойындап, «әрқашан жо­лың ашық болсын», деп ақ батасын бе­ріпті.

Гүлжан спортқа кеш келсе де, аз уақыттың ішінде үз­дік­тер қатарынан көрініп, үл­кен жетістіктерге қол жеткізе бастаған. 2002 жылы спортқа келген кейіпкеріміз төрт жылдан соң Қазақстан ұлттық құрама командасының қата­рына алынып, әлемдік жарыс­тарда да ел намысын қорғай бастады. 2006 жылы самбодан ел чемпионы атанып, сол жылы Азия чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар Мәс­кеуде өткен әлем чемпионатында үздіктер қатарынан көрініп, қола жүл­дені қоржынға салды. Осылайша, санаулы жылдың ішінде «Самбодан спорт ше­бері» деген абыройлы атаққа ие болды.

Отбасында әкесінен, аға­сынан ба­тыл­дықты, анасынан мейірімділікті бо­йына сіңіріп өскен жүректі қыз мұ­ны­мен тоқтамай, әскерде де талай жа­рыс­қа қатысып, жетістіктерге жетіп жүр.

Әңгіме барысында Гүлжан атасы­ның Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, «Қызыл Жұл­дыз» орденін ие­ленгенін айт­ты. Аға сержант әскери ше­нінде соғысқан атасын мақтан тұ­татынын, үйде көп медалі бар екенін тілге тиек ете келе: «Отан қорғау кә­сібін таң­дауым да атам­нан, ағамнан дарыған бол­са керек», деді ол.

Гүлжан – екі қыз бен бір ұлдың анасы. Жолдасы да – әскери қызметші. Әдет­тегі әскерилер сияқты бұл отбасы да гар­низоннан гарнизонға талай рет көш­кенін айтады. «Әскери қызмет сонысымен де қызықты», дейді кейіпкеріміз.

Саламатты өмір салтын ұс­танып, жарыстардан озып, үз­дік деп танылып жүрген Гүлжан – бү­гінде Әскери полицияның беткеұстар офицері.

«Әскери қызметші болған соң әс­кери қызмет жарғысында жазылғандай, саламатты өмір салтын ұстанып, саптық тұр­ғыда жинақы болуың керек, – деп Гүлжан жарыстардағы жетістіктеріне тоқтала кетті. – Шаңғы тебу, жүзу, ату сын­­ды сайыстарда же­тістіктерге жеттім. Әскери полиция бас басқармасы менің спорттық же­ңісімді жоғары ба­ғалап, жа­қында алғашқы офицерлік шен – «лейтенант» атағын берді. Әс­кери полиция басқармасына сол үшін алғысымды айтамын».

Әскери қызмет – мем­ле­кеттік қыз­меттің ерекше тү­рі. Жолдасы екеуі де әске­ри қыз­метші болған соң, таң­ның атысы, күннің батысы жұмыста. Мұндайда енесінің көмегі ерекше екенін атап, ри­зашылығын білдірген спортшымыз өзінің де спортпен айналысып, әскерде жарыстарға қатысып жүргені сол кісінің арқасы деді.

«Кешегі спортшы немесе бүгінгі спортшы» деген тү­сінік жоқ екенін мысалға кел­тірген балуан жүзуден, ату­­дан, шаңғы тебуден өтетін жа­рыс­тарға қатысып жүргенін мінезден деп тү­сіндіреді. «Мі­незсіз спортшы же­ңіске жете алмайды. Әйтпесе бұл спорт түрлерінің бәрін әскерге келіп үй­рендім» дейді.

Жекпе-жек спортынан қа­зақ елі­нің атынан шығып, Көк туымызды жел­біретіп жүр­гендердің әрбіріне жан­күйер Гүлжан әлі де спорттың самбо, дзюдо, күрес сынды түрлерін жиі қадағалап отыратынын айт­ты.

Айтпақшы, ол джиу-джитсу аралас жекпе-жегінен де татамиге шығып, 2008 жылы ел чемпионы атанған. Сол жылы Бішкек қаласында өткен Азия біріншілігінде үшін­ші орын еншілепті.

Жуырда ғана Қарулы Күш­тер арасында өткен XIII спартакиадада жү­зуден бірінші орын алып, әскери полиция қоржынын алтын медальмен толықтырған.