• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Егемен Қазақстан 08 Мамыр, 2023

«Хат қоржын»

253 рет
көрсетілді

Ұлылар еліне саяхат

 

Назарбаев университетінде сексенге жуық студенттік клуб жұмыс істейді. Солардың бірі – «Қазақ сахнасы» клубы. Ол қазақ тілін, қазақ халқының ұлттық құндылықтарын, қазақ әдебиеті мен мәдениетін, өнерін дәріптеп, насихаттайды. Клубтың дүниеге келгеніне төрт-ақ жыл болды. Осы аз-ақ уақыт ішінде жаңа отау үш үлкен қойылым дайындап, сахнаға шығарды. Олар: атақты режиссер, сценарист, актер Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» комедиясы, Әзілхан Нұршайықовтың 100 жылдық мерейтойына орайластырылып дайындалған «Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклі (сценарийлерін студенттердің өздері жазған) және Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтар» повесінен сахналық қойылым. «Махаббат, қызық мол жылдар» спектаклі 17 ақпанда Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде де көрсетілді.

Студенттердің өнердегі еңбектерін бағалаған университет әкімшілігі олардың өтініштерін жерде қалдырмай, 34 студентті сәуірдің басында Абай облысының орталығы – Семей қаласына әрі қарай ұлылар дүниеге келген Жидебайға апарып келді. Университет президенті Шигео Катсу мен оқытушылар студенттермен бірге барып, ұлы Абайдың, Шәкәрімнің басына зиярат жасады, Жидебайдағы Абайдың үй-мұражайын, Бөрлідегі Мұхтар Әуезовтің үй-мұражайын, Семейдегі Абай музейі мен Тарихи-өлкетану музейін аралап көрді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абайды Қазақстан брендіне айналдыру керек» деген бастамасының орындалатынына осы сапар көзімізді жеткізгендей болды. Бұл сапардың әлі де жалғасатынына сенеміз. Жастарды Қазақстанның киелі жерлеріне апарып, ел тарихына, жер тарихына сүйіспеншіліктерін оята білсек, олар осы елдің иесі өздері екендіктерін де анық сезінетін болады. Сонымен қатар Қазақстан университеттері студенттерінің ынтымақтастық қарым-қатынасын орнатуды да ойластырған дұрыс. Сонда Жаңа Қазақстандағы жаңа ойлы азаматтардың бірлігі, достығы қалыптасады.

Ләззат ШАТАЕВА,

Назарбаев университеттің баспасөз хатшысы

АСТАНА

 

 

Ардагерлер орталығындағы кездесу

 

Жақында Астана қаласындағы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орта­лығында жазушы Әділбек Ыбырайымұлымен кездесу өтті. Бізге күні бұрын осы автордың «Семсер жүзіндегі серт» деп аталатын үш­томдық романы талқыланатыны хабардар етілді. Содан кітапханаға барып, кітаппен танысып, 3 томын да оқып шықтым.

Бұл Кенесары ханның барлық өмір жолын, мақсатын айқын, түсінікті тілмен суреттеген шығарма екен. Романның 1-томы «Ар­ланның азуы», 2-томы «Серт», 3-томы «Рух» деп аталуының өзінде үлкен мән жатыр. Оны автордың өзі байыпты, түсінікті тілде жеткізе білді.

Кездесуге қатысқан журналист, әдебиеттанушы Сағындық Нұрекеев өскелең ұрпаққа осы кітап бойынша фильм түсірсе, көпшілік жақсы қабылдар еді деген ұсыныс айтты. Ал кездесуде жоғары санатты дәрігер Серік Орал өздерінің арғы бабаларынан қалған хаттың көшірмесін авторға ұсынғанын жеткізді. Оның бабалары Кенесары бастаған сарбаздар жеңіліске ұшырап, қиындыққа тап боған кезде оларға тамақ тасып беріпті.

Кездесуде қатысушылар авторға сұрақ қойып, тиісті жауаптарын алды. Іс-шарада сөйлегендердің барлығы кеш иесіне денсаулық пен шығармашылық табыс тіледі. «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының директоры Мұхтар Еркетаев орталықтың атынан ескерткіш сыйлық тапсырды.

Іс-шараны ұйымдастырғандарға, оның ішінде әсіресе Ләззат Дүйсебайқызына, сондай-ақ зейнеткерлерге қамқорлық көрсетіп, орталық ашып берген қалалық әкімдіктегі азаматтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Күләш ШҮРЕНОВА,

ардагер ұстаз, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі

АСТАНА

 

 

 Ерекше балалар колледжде оқиды

 

Семей қаласындағы политехникалық колледжде облыс колледждері арасында алғаш рет семинар ұйымдастырылды. Ал политехникалық колледжде 90-нан астам бала тұрақты түрде білім алып, қиын мамандықтарды меңгеріп жүр. Абай облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Әсем Нүскенова семинардағы сөзінде ерекше балалар өздерін қоғамның бір мүшесі ретінде толыққанды сезінулері және кедергісіз түрде мамандық алулары керек деп санайтынын айтты.

– Бүгін біз алғаш рет өте маңызды әрі өзекті семинар өткізіп отырмыз. Өйткені ерекше балалар көңіл бөлуді, әлеуметтік қорғауды және айрықша техникалық жабдықты қажет етеді. Облыста әртүрлі санаттағы мүмкіндігі шектеулі балалар оқитын бес мектеп-интернат бар. Біз мүмкіндігі шектеулі балаларды шетке теппей, керісінше, өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінулеріне көмек­тесуіміз керек. Бұл балалар өздерінің бізге қаншалықты қажет екенін сезінулері тиіс, – деді Ә. Нүскенова.

 Политехникалық колледж директорының оқу-өндірістік жұмыс жөніндегі орынбасары Баян Олжабаева мұндай балалармен жұмыс істеу оңай емес екенін, бірақ мұғалімдердің барлығы да нәтижеге ұмтылып, бар күш-жігерін салуға тырысатынын айтты.

– Қазір бізде әртүрлі мамандықтар бойынша 10-нан астам топ бар, оларда ерекше балалар оқытылады. Олармен жұмыс істеу оңай емес, бірақ мұғалімдер сабақты жоғары деңгейде өткізуге барын салады. Осы мақсатта біз біліктілікті арттыру курстарынан өттік, дайындалдық, – деді Б.Олжабаева.

Политехникалық колледж облыстағы басқа барлық колледжге ерекше балаларды оқытуға әбден болатынын дәлелдеп беріп отыр. Бұрындары тек мектепте ғана оқытуға болады деп танылған балалар енді бір баспалдақ ілгерілеп, колледжде  бір кәсіп меңгеріп шығады. Семинар барысында ұстаздар тақырыпқа қатысты мәселелерді талқылап, өзара тәжірибе алмасты.

 

Раушан ҚАБЖАНҚЫЗЫ

СЕМЕЙ