• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Табиғат 15 Мамыр, 2023

«Ырғыз-Торғай» резерваты – сирек аң-құс сақтайтын мекен

846 рет
көрсетілді

Ырғыз-Торғай табиғи резерватын мекендейтін Бетпақдала киіктерінің саны былтырғы санақта 489 мың басқа жеткен. Қазір осы түз жануарының аналықтары резерваттың Қосбүйрек, Атанбасы деген жерлерінде төлдеуді бастады.

Мекеме инспекторлары ерекше қорғала­тын аумаққа Тәуіп, Жайсаңбай, Нұра ауыл­дық округтері жағынан кіріп, киік төлдеп, құстар ұя басып, көлдерде балық уылды­рық шашып жатқан кезде табиғат ты­ныш­тығының бұзылмауын қадағалайды. Әсіресе резерваттың қақ ортасы, аң-құстың мекені – Ағашүй төбе, Атанбас, Қосбүй­рекке ешкімнің кіруіне рұқсат жоқ. Құра­лайдың салқынымен киіктер жас төлдерін жел мен жаңбыр астында өргізіп жатқанда қасқырлардың иіс сезу қабілеті нашарлап, далалықта шыбын-шіркей де болмайды.

Ырғыз ауданында орналас­қан аумағы 763 549 га болатын табиғи резерват 2007 жы­лы құрылды. Сарыарқаның даласы мен кәрі Мұғалжар қы­рат­тарымен шекараласатын Тор­ғай үстіртін есте жоқ ескі заманнан бері мекендейтін Бетпақ­да­ла киіктері ешқашан еліміздің шекарасынан тысқары ауып көр­мепті. Бетпақдала үйір­лері осы қасиетімен Орал және Үстірт киіктерінен ерекшеленеді. Ре­зерват киіктері қыс қаһарына мін­­генде үйір-үйірімен Арал те­ңізі маңындағы құмды алқап – Қарақұмның бауырына қарай ауады. Ал қыс жайлы болған жылдары осы жақта қалып қояды.

Киік – 10-12 жыл өмір сүретін өте өсімтал жануар. Аналықтары әдетте екі лақтан, кей жағдайда үш лақ туады. Тағы бір қасиеті – бір жылы еркек төлі көбірек бол­са, келесі жылы ұрғашыларын кө­бірек туады екен. Осылайша, төл­дерінің жынысын реттеп отыра­ды. Бір киіктің орташа салмағы 45 килоға жетсе, аталық киік мү­йіз­дерінің ұзындығы 30 см-ге ба­рады. Сағатына 70-80 шақырым жүгіреді. Қатты жүгірген кезде сал­быраңқы мұрындары арқы­лы өкпесіне ауа жақсы барады. Табиғи ортаның өзгерісіне тез бейімделгіштік қасиеті ежелгі Тұ­ран ойпатының киелі жануарын осы кезге дейін құрып кетуден сақтап келеді. Қыста түгі қалыңдап ақ түске, күзде сары түс­ке боялып жылтырап тұрады. Ақбөкеннің жезкиік атауы содан қалған. 2015 жылы мамырда Бетпақдала үйірлерінің іші кеуіп, жаппай қырылып қалғаны жұрт­тың есінде. Сол жылдары киелі жануардың саны мүлде аза­йып кетіп еді, бірақ кейінгі жыл­дар­дағы табиғат қорғау шара­ла­ры­ның нәтижесінде жақсы өсім бар.

Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне қарасты «Ырғыз-Торғай мемле­кеттік табиғи резерваты» РММ Экологиялық ағарту және туризм бөлімінің бас маманы Шы­нар Ақашованың айтуын­ша, өт­кен жылы резерват аумағында бірде-бір браконьерлік дерек тіркелмеген. Оған Қылмыстық кодексте заңсыз киік аулау­шы­ларға қарсы жазаның қатаң­­датылуы және айыппұл мөл­шерінің көбейтілуі себеп болған. Заңсыз киік атушылар ұсталып қал­ған жағдайда бір аталық киік­ке 1 млн 700 мың теңге, бір аналық киікке 1 млн 200 мың теңгеден айыппұл төлейді.

Резерват – тек киіктердің қо­ны­сы ғана емес, 250 түрлі құс пен 42 сүтқоректі жануардың да мекені. Бұл жақтағы тереңдігі 1,5-2,5 метр болатын 30-ға жуық шағын көлдің тең жарты­сы ке­уіп қалды. Өйткені кейінгі он­жыл­дықта су өте аз келетін бол­ғандықтан, көп көлдің ор­ны сорға айналды. Биыл 13 көл­ге су келді, бірақ бұрынғы арна­ла­рының жартысын да толтырмады. Су мол келген жылдары құстың түрі көбейіп, су келмеген жылдары құс та сирейді.

Резерват көлдеріне ұшып ке­ліп-кетіп жатқан 250 түрлі құстың 34-і еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген. Көлдің қамысы арасына 113 түрлі құс ұя салады. Жалпы, мұнда су құстары мен су маңы құстарының 109 түрі кездеседі. Ал құс келіп, қайтатын көктем мен күз мезгілінде Пәкістан, Үн­діс­тан бағытына ұшып бара жат­қан 125 түрлі құс аялдап өтеді.

Резерватты мекендейтін 42 түр­лі сүтқоректінің арасында жа­­­­байы шошқа, қасқыр, қарсақ, түл­кіден өзге сирек кездесетін жа­нуарлар да мекендейді. Со­ның бірі – «Қызыл кітапқа» енгізілген шағыл мысығы. «Ша­ғыл мысығын 2007 жылы инс­пекторлар көріп қалып, есепке алған. Бірақ содан бері осы аң­ды кездестірмедік. Түрі ша­ғыл мысығына ұқсайтын қамыс мы­сығы бар, бірақ бұл – басқа текті аң», дейді резерваттың бас маманы Әсемгүл Әбдірахманова.

Резерват аумағындағы Шал­қартеңіз, Жігіткөлде қо­қиқаздар қонақтайды. Жақында Нұра елді мекені жанындағы Қорашы деген көлге қоқиқаз қонды. Алайда Қорашыдағы қоқиқаздың түсі ақ­шылдау. Өйткені қоқиқаз­дардың сүйікті қорегі – тұзды көлдерде болатын артемия салина құрты. Осы құрт қоқиқазға алқызыл түс береді. «Біздің жері­міздегі көлдердің суы тұщылау болғандықтан, қорегіне байланысты құстың түсі өзгерген деп ойлаймыз. Бірақ қоқиқаздың осы жақта жұмыртқалайтынын, не ұшып өтетінін анықтай алмай жатырмыз. Олар мүмкін өз­дері қонақтайтын Шалқартеңіз көлі ортасындағы батпақты те­рең сордағы қамыс арасында жұ­мырт­қалайтын болар», дейді Ә.Әбдірахманова.

Резерваттағы Алабұғалыкөл­ді қызғылт және бұйра бірқа­зан­­дар мекендейді. Бірқазан да – «Қы­зыл кітапқа» енгізілген құс. Бір­қазанның жемсауына 8 килоға дейін балықты толтырып алып, бір жерден екінші жерге ұшып барып, бас­қа құстармен қорегін бөлісетін қасиеті бар.

Малайдар көлі – қоңыр қаз, ақбас үйрек, сыбырлақ аққу, сұң­қылдақ аққу сияқты жойылу қау­пі бар су құстарының мекені. Са­ры тұмсықты сұңқылдақ аққу – жұ­мыртқасын жеп қоятын жырт­­қыш құс. Сыбырлақ аққу­дың тұм­сығы қызыл болады. Сон­дай-ақ резерват көлдерінде бал­шық­шы, шалшықшы, ақбас тыр­на сияқты су маңы құстары құс ба­зарын қыздырады. Дуадақ, қы­ран, безгелдек, қарақұс сияқ­ты дала құстары да осы жақта. Сал­мағы кішігірім қозымен бір­дей дуадақ өте сирек жағдайда кө­рі­­ніп қалып жүр. Құстардың есе­­бі инспекторлардың мамыр және күз айларында өзен-көлді ба­қылап, құстардың ұялары мен жұмырт­қаларын санауы, жылдық есеп­терді талдауы негізінде шыға­рылады.

Резерватта өсетін 423 өсімдік түрі­нің 30-ы – дәрілік, төртеуі – эн­демик. Мұндағы сирек кезде­сетін өсімдік түрлерінің бәрі – Биберштейн, Леман, қосгүлді деп аталатын ерекше қорғауды қажет ететін қызғалдақтар. Белгілі бір аймақта ғана өсетін балықкөз, жусан және сүттіген сияқты эндемиктер де бар. Дәрілік өсімдік­тер санатындағы түйежапырақ киік­тердің төлдеу науқаны кезін­де гүлдеп, ерте қурайды. Қуар­­ғанда сары түске боялатын түйе­жапырақ астына киіктер жаңа туған төлдерін жасырып қойып, жыртқыштардан қорғанады. Киік­тер лақтарын өріске алып кет­кеннен кейін түйежапырақ та өсуін тоқтатады. Сондай-ақ Атан­басы алқабында өте ежелгі өсім­дік – тораңғыл мен сексеуіл өседі. Резерват аумағында бауы­рымен жорғалаушылардың 14 түрі, балықтардың сазан, мөңке, алабұға, табан, шортан, оңқа, тоңқа, аққайраң сияқты 8 түрі кез­деседі. Сәуірдің соңынан маусым айының басына дейін уылдырық шашып жатқандықтан, балық аулауға рұқсат жоқ. Қыста инспекторлар балықтарға ауа баруы үшін ойықтар ойып, оның ортасына қамыс түтік салады.

Аң-құсқа жайлы мекен бол­ған Торғай үстіртінің етегіндегі «Ырғыз-Торғай» резерваты – ішкі туризмнің бір бағыты болуға сұ­­ранып тұрған жер. Тек турис­тер тартуға инфрақұрылымның әл­сіздігі, қонақүйлердің, кемпинг­тердің болмауы қиындық келті­реді. Соған қарамастан осы мекеме қызметкерлері резерват аума­ғында Малайдар, Торғай-Нұра, Шалқартеңіз көлдері бағытына үш маршрут ашқан.

«Өткен оқу жылында жылы Малайдар көлі жағына Ырғыз ауданының 500 оқушысын апар­дық. Ол жақта тек шағын ғана бір үй тұр, тамақтанатын, жа­тын орындар салынбаған. «Тор­ғай-Нұра» маршрутын аш­тық, қоқиқаздарды көрсетуге апа­райық десек, ол жақта инфра­құрылым мүлде жоқ. 2021 жылы Шалқартеңіз бағытын аштық. Бірақ ол жаққа жол қиын, әрі алыс. Адамдар Шалқартеңіз жа­ғына жер астынан ыстық су қай­нап шығып жатқан емдік қасиеті бар бұлақ үшін барады. Алайда «Ыстық атпа» Ырғыз елді мекенінен 506 шақырым қашықта. Оған жол талғамайтын көлік болмаса, басқа көлік жете алмайды. Онда да белгілі бір жерге дейін барып тоқтаймыз да, әрі қарай жаяу соқпақтармен кете­міз. Бірақ біз осы маршрутпен тек күніне 6 адам ғана апара аламыз. Өйткені соқпақтарға ауыртпа­лық түспеуі керек. Табиғатын жаяу тамашалап, жер астынан шығып жатқан атпа бұлақтың суына түсіп, кері қайтады. Осы маршруттармен табиғат аясына шыға­мын деушілерді резерват қыз­меткерлері 31 маусымнан бас­­тап желтоқсанға дейін апарады. Адамдар өздері бара алмайды, өйткені ерекше қорғалатын аумаққа кіруге қатаң тыйым са­лын­ған», дейді резерват маманы Шынар Ақашова.

Ақтөбе облысында іш­кі ту­ризм­ді дамыту жүйелі жол­ға қо­йылмаған. Оның негіз­гі себеп­тері – жол инфрақұ­рылымының әлсіздігі, туристерге арналған жа­тын орындардың салынбауы мен тамақтанатын орындардың жоқ­тығы. Осы мәселелер – ішкі ту­ристік маршруттарды ұйым­дас­ты­руға үлкен кедергі. «Ыр­ғыз-Тор­ғай» резерваты табиғатты жаяу ара­лап, ашық аспан астында тү­неп, шатырларда қонуға әзір аза­маттар үшін жақсы демалыс орны болуға лайық жер болса да, осындай кедергілердің кесірінен тартымдылығын жоғалтып отыр.

 

 Ақтөбе облысы