Астанада Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі және Қазақстан машина жасаушылар одағының ұйымдастыруымен ONDEU EXPO өңдеу өнеркәсібінің халықаралық көрмесі ашылды. Көрмеге Аустрия, Германия, Израиль, Италия, Канада, Қытай, Түркия, Франция және Швейцарияны қоса алғанда әлемнің 17 елінен 250-ден аса делегат қатысты.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, іс-шараны ұйымдастырудағы негізгі мақсат – еліміздегі индустриялық-инновациялық кешеннің тұрақты дамуына ықпал ету. Ресми ашылу салтанатынан кейін ведомство басшысы мен «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев көрмеге қойылған экспозицияларды аралап шықты.
«Көрменің маңыздылығы жылдан-жылға артып келеді. Мұндай форматтағы іс-шаралар бизнес үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашады. Атап айтқанда, инвестициялар мен жаңа технологияларды тарту, жаңа серіктестер табуда үлкен үлес қоспақ», деп атап өтті М.Пішембаев.
ONDEU EXPO 6 маңызды бейінді халықаралық көрмелерді біріктіретінін айта кеткен орынды. Атап айтқанда, Kazakhstan Machinery Fair, Su Arnasy – Water Expo, AgroSpecMash, Сhem Tech Kazakhstan, Stroy Expo Astana және Infra Tech Kazakhstan.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглова ONDEU EXPO өңдеу өнеркәсібінің халықаралық көрмесі аясында ұйымдастырылған «Өнеркәсіпті цифрлы трансформациялау» панельдік сессиясына қатысып, Индустрия 4.0 технологиясын енгізудің маңыздылығына тоқталды. Вице-министр айтқандай, қазір елімізде цифрлы технологияларға басымдық берген ірі және орта өнеркәсіп кәсіпорындарының үлесі 12,9%-ға жетіп отыр. Бұл ретте жылдық өсім орта есеппен 3,5% межесінде байқалып отырғанын айта кетейік.
«Индустрия 4.0 – өнеркәсіп кәсіпорындарын ақпараттық технологиялардың негізінде дамытуға бағытталған тың қадам. Бұл өндірістік үдерістердің тиімділігін айтарлықтай арттыруға жол ашады. Осы ауқымды жиынның саладағы өзекті мәселелерді шешуде маңыздылығы жоғары. Мәселен, қазір отандық өнеркәсіптің Ұлттық ақпараттық жүйесін құру жөніндегі жұмыс қолға алынғанын айта кеткен орынды. Оның нәтижесінде барлық мүдделі тарап, атап айтқанда, мемлекет, IT-компаниялар, даму институттары мен өнеркәсіп кәсіпорындары ортақ цифрлы экожүйеде бірігіп, үйлесімді жұмыс атқаратын болады», деді ведомство өкілі.