• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Жануарлар 18 Мамыр, 2023

Арқа жайлы болмай тұр киіктерге...

4374 рет
көрсетілді

Ақ киіктерді алғаш көруім. Пойыз­бен өтіп бара жатып көзден таса болғанша аңдап үлгердім. Киіктер жалтаң-жалтаң етіп жайылады екен. Басын оңды-солды шұлғығанда, ауада жеңіл қалқып жүргендей сүйкімді көрінеді. Наурыздың 21-і күні Қарағанды облысындағы Дария мен Бұрма ауылын басып өтетін теміржол бойында жалтаң-жалтаң етіп жайылып жүрді. Ішінде мүйізді текесі бар. Мұндай сұлу жаратылысты көрсемші! Жер алашабыр, бір жерде бар, бір жерде қар жоқ. Сонда жайылып жүрген киіктерді көріп қуанған жүрегім, өткенде Жаңаарқаның жазығында шашылып қалған бөкендердің өлексесін көріп күл-парша болды.

«Жел түрткен жусанға да елеңдеп, жас балаша жалтаңдап» (С.Сейфуллин) қарайтын киіктер бір жолға қыстап қалғанда сақтап қала алмадық. Кінәні анаған аудардық, мынаған аудардық, өйткен-бүйткен болдық, ақыры 1931-1932 жылдары далада қырылып қалған қазақтардың сүйектеріндей көктем туа қар астынан теңкиіп-теңкиіп киіктер­дің өлек­селері шығып, аумақтық инспек­циялардың «бас ауруына» айналды.

«Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» деп қазақ тегін айтпаған. Бұл жерде арқар дегенді жалғыз арқар ғана емес, қоңыр аң деп түсінген жөн. Арқада қыс жайлы болғанның өзінде күйекке түскен текелер аман қалмайды. Қарға, сауысқанның өзі-ақ шоқып тастайтын мүсәпірге айналады. Себебі «текебұрқақта» күйекке түскен олардың біреуі екі-үш күнде жиырмадан қырық, мүмкін одан да көп ешкі қашырып, жілік майы үзіледі. Сондай көтерем жануарды тырапай асыруға Арқаның бір үскірігі мен аязы жетіп жатыр. Сондықтан жануарлар уақытында жанын сақтап қалатын Бетпағына ілігіп алады. Бұрындары Арқада киік қыстап қалмайтын, бірен-саран болмаса. Былтыр мыңдап қыстап қалғаны теміржол бөгеттерінің кесірі екен. Яғни сахараны кезіп жүретін көшпелі жануарлар мыңдаған жыл бойы өтіп жүрген соқпақ жолдары кесілді. Теміржол салынды, одан газ құбыры тартылды, сонымен олар мыңжылдық бағытынан көз жазғанын «Охотзоопром» өндірістік бірлестігінің» орталық өңірлік филиалының басшысы Шындос Омаров та айтады. Осыдан төрт-бес жыл бұрын мұндай жоқ-ты. Киіктің көбейгені бертінгі екі-үш жылда ғана. Оның өзін неше жылдан бері «Охотзоопром» ӨБ» жануарлар дүниесін қорғау қыз­меткерлері бағып-қағып, Ерлан Нұр­ғалиев пен Қаныш Нұртазинов қанын төгіп, жанын беріп сақтап қалған бө­кендерді биыл қолдан қырдық десе артық емес. Әй, нешеме уақыт бойы табын-табынымен Жаңаарқа, Жәйрем, Қаражалда күре жол бойында «сүмеңдеп қаңғып» жүрді ғой. Экология, геология және табиғи ресурстар министр­лігі, оған қарасты Жануарлар дүниесі және аңшылық шаруашылығы басқар­масы, «Охотзоопром» және орман ша­руа­шылығы мен жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бар, қарекет қылып, бір жағына шықса қайда қалды? Теміржол бөгет екені, Арқада қалған ақбөкендер қыс бойы қырылары онсыз да белгілі емес пе? Адамнан айла асқан жоқ, о бастан қамданып, қолға алса, тех­никаның күші бар, Бетпақдалаға өт­кізіп жіберуге болады. Жылы жағына жеткізіп тас­тауға болады.

Киіктей аса нәзік жануар жіңішкенің үзілетін шағы көктемде Арқада аштан қатпағанда ше? Ақпан-наурызда кей жылдары бұл жақта күн ептеп жылиды, бусаныңқыраған қар аяз қайта соққанда сақияды да қалады. Кейінгі жылдары тіпті жаңбыр жауатынды шығарып жүр. Қыста жаңбыр жауғаны – жылқы мен жануарларға жұт. Қар сақиып қатады, киік тұрмақ, жылқы тебіндей алмай қалады. «Қар тепкенге қажымас қайран жылқы» мұзды теуіп сындырып, астынан шөп алып жей алмағанда, бөкенге заманақыр туды дей бер. Олар тебіндеуге жаралмаған да ғой. Қар қалың жылдары Арқа даласы «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отауға» айналады, жұмыртқадай ақ тақыр, қылтиған шөп көрінбейді. Бұдан киік қырылмағанда қайтсін? Жылқының өзі зорға шығады. Қаңтар-ақпанда киіктер неге ауыл, елді мекендердің маңына, жолдың бойына топтасып, табын-табынымен жосылды? Себебі ауыл маңының малы көп, шөбін жеп тақырлаған соң қар ұстамайды. Ал даладағы қалың қасат қарда киіктен сорлы жануар жоқ. Не болса соның жемтігіне айналуы оп-оңай. Өткенде сол Наурыз тойының демалысында атқа мініп, ауыл сыртына шықсақ, жалғыз киік жазықтан зыта жөнелді де, қасат қарға қадалды. Одан шыға алмай шыр көбелек айналып кері қашпақ еді, біраз тақырдан соң қайыра қарағаны бар, қасат қарда топалаң тигендей баса алмай жандәрмен күйге түсті. Қарап тұрып-ақ жаның ашиды. Жазықтағы ат шашасынан асатын кішкене қардың өзі керемет бөгет оларға. Қыс ортасындағыдай ұлпа емес, ақпаннан былай Арқада қар әбден бекіп алады. Кей жылдары атпен зорға жүресіз. Тізе тұсынан келетін қардың бір жері атты көтеріп, бір жерінде күрт сынып, шоқалақтап қалады. Осындай жағдайда далада қалған киік – жаман итке де, арам құсқа да жем. Аштан өлгені өз алдына. Дала тап әлгіндей болған соң еріксіз елді мекенді сағалайды, содан екі аяқтылар шығады мылтығын кезеніп. Өмірі қанжығасы майланбаған, тазылары түлкі шалмаған, қоян алмаған ауылдың жаман аңшылары иттеріне киік алғызады. Әлгіндей қасат қарда қашпақ түгілі, шөп тауып жеу мұң боп жүрген бейшара ақбөкендер, өздері кәдімгідей есі ауып қалған жандай дәрменсіз күйде бір жерді айнала береді екен. Иттің аузына өзі барып түседі. Алты ай қыс қанжығасы майланбаған, айласын асырып тышқан алып көрмеген әлгінің иттері бір жырғап, көтерем киікті тулақтан бетер сүйреп, паршалайды... Орталық Азияда қазақ даласына ғана тән сұлу жануар осылай аянышты хәлде қанден, құзғын, қарғаның мазағына айналып, әбден қорланады. Сонау 1924 жылы қазақ даласында осы тақырыпқа тұңғыш қалам тартқан Сәкен Сейфуллин екен. Сәкеннің ақын жүрегін әлгіндей жағдайда сезінесің.

«Мергендер дамыл алмай

киікті атқан,

Ауылды қан сасытып топырлатқан.

Киікті ойлай ма екен таусылар деп,

Азайып бірте-бірте келе жатқан.

 

Бетпақтың көкпек, жусан,

шөбі сұйық,

Сол шөпті қорек қылған байғұс киік.

Таңы – аппақ, екі көзі мөлдір қара,

Тигендей емес адам көзі қиып.

 

Киікті қазақ және дейді бөкен,

Бетпақты бұл бейшара қылған мекен.

Бөкенді атып мерген өлтіргенде,

Жазықсыз жан өлді деп

ойлай ма екен?

 

Бөкеннен сұлу аңды мен көрмедім,

Өзге аңға жануарды тең көрмедім.

Көздері мөлдіреген ақбөкенді

Адамның баласынан кем көрмедім.

 

Қап-қара екі көзі мөлдіреген,

Әдемі екі танау желбіреген.

Елеңдеп жас балаша жалтаңдайды,

Жел түрткен жусаннан да

селдіреген».

Ақын бұл шығармасында адам жаны мен бөкен сұлулығы һәм қасие­тін шендестіріп, салыстыра отыра су­реттейді. Шумақтардың алдыңғы екі жолы аяулы киік жайлы, соңғы екі жолы соның адам баласымен ұқсастығы ту­ралы. Ал тұтас шығармада қазақ дала­сындағы қасиетті жануарды осы ұлт­тың рәмізі ретінде бейнелеп шы­ғады. Киікті көріп, оның жазықсыз, алаңсыз бейкүнәлігін сезінген сайын бұл шығарма еске түспей қоймайды. Шынында, аш отырған адам жоқ, киікте несі бар осы жұрттың деп жаның ашиды. Киік емес, қырылып жатқан, сүйегі шашылып далада қалған қазақтың өзі ғой деп жүрегің ауырады. «Жазықсыз жан өлді деп ойлай ма екен?» деп опы­насың. Тек қазақ сахарасында ғана өсіп-өнетін киік пен біздің ел егіз бол­мағанда – кім? Тәңір басқа жұрттың топырағына бітірем десе жер табылмай, Бетпақтай шөл табылмай қалған жоқ қой. Бөкен мен біздің ұлтты бітістірген қасиет жетерлік. Баладай аңғалдық, қорғансыздық, бейқамдық, қырылып жатса да алған беттен таймайтын сүйек­ке біткен сертшілдік, мұның бәрі қазаққа тән қасиеттер еді. Әсіресе, ХХ ғасырдың басындағы қазақ тарихын оқы, бөкен тағдырына көз тік, айырмашылық шамалы. Аштықтан қырылып, қуғын-сүргінге түсіп, репрессияға ұшырау, жер бетінен жойылып кете жаздау қазаққа ғана емес, киікке де тән. Жас балаша жалтаң-жалтаң етіп жайылған құралайға қарап, тәй-тәй басқан өз баласына көз тоқ­татқандар анығырақ сезінері сөзсіз. Киік атып, киесі оны атып, әулетімен қай­ғыға душар болған отбасылар да аз емес.

«Қиырсыз Бетпақ дала...

қураған шөл...

Жалғыз-ақ сырғаңдайды

қоңылтақ жел.

Меңіреу... тірі жан жоқ...

жып-жылмағай.

Ел қайда? Ел алыста – шулаған ел!

 

Сандалып келе жатты ақсақ киік,

Бір тоқтап, анда-санда әлін жиып...

Ақбөкен сахараның бота көзі,

Атты екен қандай мерген көзі қиып?

 

Келеді қаңғалақтап жалғыз өзі,

Тілі жоқ, құр жүректе айтар сөзі.

Шағады шыбын жанның қиналғанын,

Жалғыз-ақ мөлдіреген екі көзі.

 

Жапанда еш сая жоқ шыбын жанға,

Моншақтап жерге тамған

қызыл қанға.

Жапанда басын сүйер тірі жан жоқ,

Әл кетіп сорлы киік жығылғанда...».

Ақсақ киік те, Алаш та – бір тағ­дыр­лы бейне. Жапан далада жаралы күйі жалғыз қалған бөкен ақынның ойынша жанына жәрдемші болар қара іздейді. Пана тілейді. Қыста мың-мыңдап жол бойына үйі­ріліп, ауыл-ауыл, кенттерге кіріп кеткен киіктерді елестетіңіз. Жануар болса да айтақыр даладан безіп пана іздеп келіп отыр. Біздің елмен бір топыраққа біткен жануарлардың бойындағы табиғи түйсік емей не бұл? Соны ақын о баста біліп жазған. Әйтпесе «Ел қайда? Ел алыста – шулаған ел!» деп айта ма? Сол сеніп келген елдің өзі нағыз шулаған ел болып шықты. Қорғалап, пана іздеп душар болған бейкүнә топырақтасын қарап қылар деп адам түгілі жануардың өзі ойламаса керек...