Таулы Алтайдың Чикетаман асуына жақындай бере беткейлерге бітік шыққан күлгін түсті гүлдер көздің жауын алды. Әр-әр бетте киіздей тұтасып тұр. Әуелде кәдімгі сирень бе деп таңдай қағыстық. Сөйтсек, ол «марал гүлі» (маральник) деп аталады екен. Сөздіктерді парақтап, қазақшасын таппадық. Бәлкім, Алтайдың сакурасы десек жараса кетер ме еді? Таулы Алтайда жазғы саяхат маусымы да «марал гүлі» гүл жарғанда ашылады екен. Бәсе дейміз, іркес-тіркес ағылған турист көп. Біз болсақ, Моңғолияның батысы, қазақтың байырғы мекені – Бай өлкеден келе жатқан бетіміз...
Бөкентаудың баурайы, Баян-Өлгейге тұңғыш рет сапар шектік. Сан рет естігенше, бір көріп қайтайық деп, атқа қона кеткенбіз. Түн жүріп, күн жүріп 24 сағат дегенде Ресей-Моңғолия шекарасына жетіп, тағы бөгелдік. Шекара бекетінің қақпасын тұмсықтай тоқтаған көліктерде есеп жоқ. Кейде жүрісімізден тұрысымыз ұзақтау секілді. Моңғолия шекарасындағы бекет түскі үзілісте жабылып қалатын әдеті бар екен. Әйтеуір, қойын-қонышымызды тексертіп шыққанша, күн арқан бойы көтерілген.
– Моңғолияң осы, – деді әріптесім Олжас Керейхан, табан астынан зулап жатқан тақтайдай жолды иегімен нұсқап. Өзі осы жақтың тумасы. Сондықтан да ғой, «жолын көрдің бе» дегендей, мақтанып келеді. Айтса, айтқандай-ақ, сонау Шемонаихадағы шекара сызығынан аса сала жүріп өткен 1 300 шақырым жолда шұңқырды қойып, асфальт бетінен жамау көрмедік. Теп-тегіс. Шүй жолы қандай? Катонқарағайға дейінгі бар-жоғы 300 шақырым жол осындай болса ше, саяхатшылардың сабылғаны сонда болар ма еді, шіркін! (Құрылысы сағыздай созылған Өскемен – Алматы жолын айтпай-ақ қояйық).
Дала сүрең тартып, жұртты жұт жайлапты. Көктемі де тым кеш келген секілді. Ауыздары көкке тимеген малдың жамбас сүйегі ырсиып, жүдеген... Бір белден асқанда жарқырап аппақ көл – Ақкөл көрінді.
Мұзы сірескен күйі жатыр. Өлкетанушылардан естігеніміз, аймақта 20-ға жуық көл, 400-ге тарта өзен, мыңнан астам бұлақ бар. Өзен-көлінде балығы тайдай тулайтын көрінеді. Бағана шекара бекетінде бір топ ресейлікті әңгімеге тартқанымда, Ұланқұс жаққа барып, балық аулаймыз деп қалған. Алайда Өлгей өңірі сулы болғанымен, нулы емес. Бар-жоғы бір-ақ пайызы қарағайлы, орманды алқап. Соның өзінде ұшқан құс пен жортқан аң жыртылып айырылады. Өзен-көлдері былай тұрсын, бұлақ бойындағы көлшіктеріне дейін аққу қонған. Алғашында қызықтап, көлікті қайта-қайта тоқтатып, суретке түсіре беріп едік, жолбасшымыз Олжас Керейхан: «Құс та қызық па сендерге? Бұл жақта аққу үйректен көп» деп күңк етті. Содан не көрсек те таңданысымызды білдірмей, үнсіз қалғанбыз. Білуімізше, теңіз деңгейінен 7 мың метр биікте ұшатын құмай құс та осы аймақта. Ол құстың тұлыбын Өлгейге жеткен соң, өлкетану музейінен көрдік.
1975 жылы Қабан ақсақал аулап әкеліп, мұражайға табыстапты. Қанатын жайғандағы көлемі 3 метр. Жілікті бүтіндей жұтады, болмаса биіктен тастап жіберіп шағады-дағы, майын теріп жейді екен. Айта берсек, құстың түрі көп. Аңы да аз емес. Қар барысынан бастап, қара суырға дейін Өлгей өңірін мекен етеді. Тауешкісі табынымен жайылады. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген мысық тұқымдас сабаншының нақ мекені де осы жақ. Осы жақ деп отырғанымыз, Моңғолияның ең биік шыңы – Бесбоғда тауына қарайғы жазиралы жер болса керек. Қазақстан, Қытай, Ресей мемлекеттерінің шекарасында жатқан ол таудың ұшар басы теңіз деңгейінен 4 374 метр биіктікте.
Табиғаты тамылжыған жердің үсті пейіш, асты кеніш. Жиырмаға жуық пайдалы қазба түрі бар. Өткен ғасырдың 90-жылдарына дейін вольфрам кен орны жұмыс істепті. Бұл жақтың көмірі де кесек, күрең. Қызулы әрі күл аз шығады дейді.
Өлгейге жете сала азын-аулақ теңгемізді төгірөкке айырбастап, қалтамызды қампиттық. Кәсіптің дамығаны сондай, шағын дүкендерде сауда жасасаң, өзіміз жиі пайдаланатын банк қосымшасымен де есеп айырыса салуға болады екен. Интернет ұшып тұр. Жарнама тақтайшалары, іс-қағаздары моңғол тілінде дегеніміз болмаса, бәрі тегіс қазақша сөйлейді. Статистикасына сүйенсек, Баян-Өлгейдің өзінде 40 мың халық тұрса, оның 92 пайызы қазақ ұлтының өкілі. Зар заманда, тар заманда тарыдай шашылған қазағым жат жұрттың босағасында қалғанымен, рухы өр. Өр болмағанда? Өлгейдің орталық алаңына қазақтың қас батыры Ікейдің есімін беріп, менмұндалатып ескерткішін қойған.
Бізде ше? Өз жеріміз, өз Өскеменіміздегі Қасым Қайсенов саябағында қолын сермеп Киров, Алтай қаласының орталығында Ленин мүсіні әлі тұр...
Ікей батырды бәріміз біле бермейтін шығармыз. Қысқаша баяндайық. Ікей Мәзімұлы Моңғолиядағы тұңғыш қазақ офицері. 1939 жылы жапон милинтаристері басып кіргенде, Ікей қол бастап, Халкин гол шайқасына қатысқан. Көнекөз ақсақалдардың айтқан әңгімесіне құлақ түрсек, самурайлармен шайқаста ішек-қарны ақтарылып қалса-дағы біраз жауды жайратып барып құлаған. «Қасық қаны қалғанша айқасу» деген сол шығар. Ал «Батыр» атағы 1970 жылдары беріліп, 2009 жылы жатқан жеріне құлпытас қойылыпты. Батырдан қалған жалғыз мұра – тақиясы ғана. Бүгінде Өлгейдің өлкетану мұражайында тұр.
Бай өлкені аралап жүріп, Қобда өзені бойында оқшау тұрған тағы бір тарихи белгіге көзіміз түскен. Құлпытастың төменгі жағында моңғолша «Сақтандырамыз, құтқарамыз, қорғаймыз» деген жазуы бар екен. Ортаңғы белгі таста батыр, партизан Кәрібай Шәңгішбай туралы қысқаша дерек келтіріліпті. Түсінгеніміздей, 1917 жылы Ресейдегі Қазан төңкерісінен қашқан ақтардың генералдары Моңғолияға баса-көктеп кіріп, Меңдікөлде үлкен шайқас болыпты. Сол соғыста Кәрібай Шәңгішбай ақ патшаның 5 мың әскерін ұстап беріп, ерекше ерлігімен көзге түскен көрінеді. «Қырық жыл қырғын болса да ажалды өледі» демекші, батыр бабамыз 101 жасқа келіп, дүниеден озыпты.
Батырлар өткен, ақындар өткен қайран Байбесік! Ертең қазақ көше-көше жер егесіне қалады. Сонда батыр бабалар ел есінде қала ма деңіз? Көш демекші, биылдың өзінде он бес-жиырма отбасы Қазақстанға бет түзегелі отыр. Бұл Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының Баян-Өлгейдегі жетекшісі Хабсаттар Омарұлының тізіміне тіркелгендері ғана. Қағаз жұмыстарын өздері реттеп, атажұрт атамекен қайдасың деп, аттанып кеткені қаншама? Көшпегенде қайтеді? Тарихтан тарта қалай бұрмаласақ та, жат жер. Мектептердің барлығы дерлік моңғол тілінде білім беріп, Қазақстан тарихы сынды пәндер қосымша сабақ болып қана қалған.
– Бір сыныпта орта есеппен 24 бала отыр. Сұмындардағы бастауыш мектептердегі бір сыныпта мөлшері 10-15 бала оқиды. Бастауышты қазақша оқығанымен, үлкен сыныптарда тек моңғол тілінде білім алады. Аймақта 44 мектеп бар десек, екеуі таза моңғол мектебі. Жалпы, қазақ тарихын оқымайды, қосымша ретінде ғана. Ал қазақ тілі пән ретінде оқытылады, – дейді білім бөлімінің маманы Берия Сәрсенбекұлы.
Құлағымыз шалып қалған жағымды жаңалықтың бірі, жүздеген түлек Қазақстанда оқуға ниет білдіріп отыр екен. Еліміз білім беріп, жұмыспен қамтыса, расымен қуанышты жаңалық болмақ. Ал Шығыс Қазақстанға көшеміз деген отбасыларға Самар, Глубокое, Ұлан секілді аудандардан квота бөлінеді. Баспана мәселесі мен жұмыс жағы да қарастырылған. Елдегі округ әкімдерінің айтуынша, қандастар үшін шабындық пен жайылым да кезексіз берілетін көрінеді. Жайылым дегендей, Моңғолияға Шыңжаң автономиясынан қазақтар 1860 жылдары шұрайлы жер, шалғын шөп іздеп, қоныс аудармап па еді? Өлкетану мұражайына арнайы бас сұғып, тарихи мәліметтерге ден қойсақ, Базарқұл Көбеш атты батыр алғаш 108 мың адамды көшіріп әкелген екен.
Үш қабатты Өлкетану музейін аралап жүріп, Өлгеймен етене таныстық. Алғаш музей нәубет жылдары ашылыпты. Будда шіркеуін құлатып, құрылыс материалынан музейге бір қабат ғимарат соғылыпты. Қазіргі музей 1988 жылы пайдалануға берілген. Өлгейдің өткеніне оралсақ, 1980-1990 жылдар аралығында әлеуеті, экономикасы көршілес аймақтардан көш ілгері болған секілді. Орманды алқабы бір пайыз болғанымен, ағаш өндірісі дамылсыз жұмыс істеген. Бірнеше азық-түлік өндіру ошақтары, жүн жуу, кілем тоқу фабрикалары дүркіреп тұрыпты. Қысқасы, мұның бәрі 90-жылдары күйреген, құлдыраған.
1954 жылы «Өркендеу» деген атпен шыға бастаған газет қана қадамынан жаңылған жоқ секілді. Атауы «Жаңа дәуір» болып өзгергенімен, беталысы баяғы. Тек қазақ тілінде ғана жарық көреді. Бір әредікте Ақтан Бапиұлы атындағы кітапханада отырып, парақтап көрдік газетті. Салмақты сараптама, танымдық мақалаларын оқыдық та. Бір бетінде Моңғол мемлекетінің тұңғыш ғарышкері Жүгдэрдэмид Гүррагчаа туралы мақала суретімен беріліпті. Ғарышқа 1981 жылы, яғни, Тоқтар Әубәкіровтен он жыл бұрын ұшқан екен. Одан кейін Моңғолиядан ғарышқа сапарлағандар жоқ. Кітапханада 80 жылдық тарихы бар «Жаңа дәуір» газетінің әр нөмірі тігіліп, тіркеліп отырады. Көрдіңіз бе, бүгінгі газет нөмірі – кешегі елдің өмірі. Тасқа басылған тарих. Әлеуметтік желі, сайт портал дейміз. Бірақ қағазға басылған дүние сақтай білсең, мәңгілік.
– Бұрын кітапхана қорында 20 пайызы ғана қазақша кітап бар еді, қазір 30 пайызға жеткіздік. Қазақстанның бірқатар кітапханасымен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Солардың арқасында кітапхана қоры қазақша кітаптармен толығып келеді. Бұл біз үшін рухани көмек, – дейді кітапхана директоры Алтынгүл Дәлел.
Айта кетерлігі, Қазақстаннан кітап жеткізілгенімен, шекарада кітап салығы бар көрінеді. Сондықтан да шығар, Баян-Өлгейде қазақша кітаптар тым қымбат. Жер көріп, ел көріп жүрген соң кітапхана жұмысымен де, ұжымымен де таныстық. Кітаптардың көбі моңғолша болғанымен, кітапханашылар келімді-кетімді оқушыларға қазақы тәрбие беріп, рухтандырады. Айтуларына қарасақ, кітапхана қабырғасында тоғызқұмалақ ойыны жақсы дамып келеді. Оған моңғол ұлтының балалары да қызығушылық танытып жүр. Балабақша жасындағы балалар да келіп, арнайы бөлмеде ертегі тыңдап, аунап-қунап кетіседі.
Сапарласымыз, Шығыстың дәулескер күйшісі Шалқар Ырысхан Өлгейдегі өнер ошағының бірі музыкалық драма театрын көріп шығайық деген соң, оған да бас сұқтық. Көрген көзде не жазық? Есігінің тұтқасын ұстағанда-ақ рухани ғимараттың әбден тозғанын аңғардық. Өнер ордасының басшысы да мәселенің барын жасырмады. Жасыра да алмас еді...
– Мұндағы мамандар өте өнерлі. Шеберліктерінде шек жоқ. Өкініштісі, музыкалық аспаптарымыз әбден тозды. Қазақстан сол жағынан көмек қолын созса, жақсы болар еді. Костюмдер де ескірген. Бірақ оны осы жақтан да тіктіруге болар... – деді ыңғайсыздана сөйлеген театр басшысы Сәйгүлік Жанымхан.
Арқа сүйері Қазақ елі болған соң да мәселенің барын, көмектің керегін жасырмай айтып салғаны өте орынды. Ғимараттары да отыз жылдан бері толық жөндеу көрмепті. Қыстың күні суық болса, жаздың күні төбесінен су ағады екен. Құбырлары да қаусап тұр деседі. Алматының Әуезов театрынан жеткізілген көрермен орындықтары да ескіріпті. Бұл проблемаларды хатқа тізіп, тиісті органдарға айтқан, жазған. Әлі шешілмей келе жатқанына қарағанда, хаттан қайыр болмаған сияқты. Жә, ғимараттарын күндердің күні Моңғолия басшылығы жөндеп, жарқыратып беретін шығар. Ал ұлттық музыкалық аспаптар жағынан Қазақстан көмек қолын созса, малақайларын аспанға атып қуанар еді.
...Өлгей іргесіндегі Достық шыңына көтеріліп бара жатқанымызда сіркіреп жауын құйып еді, «моңғолдарда жақын адам жауын әкеледі» деген тәмсіл бар деді жылы жымиып Хабсаттар Омарұлы. Біз биігіне көтерілгенде жаңбыр сап тыйылып, Қобданың қоңыр желі есті. Төменде Бесбоғда тауынан бастау алатын Қобда Бай өлкені қақ жарып ағып жатты. Төменде, тым төменде емес қыран құс қалықтай ұшып жүрді. Шағын шаһар алақандағыдай. Күмбезі көкке шаншылған мешіт көп екен деп едім, «Мешіт бар жерде иман бар, иман бар жерде рух бар. Сол үшін ғой, қазақтары рухты» деді Шалқар күйші.
– Бұл кешенді «Достығымыз жарассын» деп, Қытайдың Алтай қазақтары салып берген. Төмендегі Қобда да төрт елдің шекарасы түйіскен тұстан бастау алады. Заман тыныш, қашан да бірлігіміз бекем болсын! Ал тарихтан сөз қозға десеңдер, мынау жатқан жер Шыңғыс ханның кезінен бастап Найман мен Керейдің мекені, – деді Бөкентаудың бөктеріне көз тастай көсіле сөйлеген Хабсаттар Омарұлы. – Моңғолия ұсақ тайпа болып тұрғанда-ақ Найман мен Керей тұрған. Керейдің Тұғырыл ханының жазғы ордасы Бұлғында болған. Көрмегеніміз жоқ. Шыңғыс ханға бір қуылдық, Жоңғар бір соққы берді. Төртінші келгеніміз, 1800 жылдардың басы... Осыдан 150 шақырым жердегі Қытай шекарасында Бітеу Қанас, Сырғалы деген әсем жер бар. Құбылай хан сол жерді мекен еткен. Сол кезден қазақтар бері беттей бастаған. Қобда беті – Керей мен Найман мекені. 1864 жылы Қытай мен Ресей келісім жасап, қазақтар Шыңжаңда тұрсын, моңғолдар Қобдада тұрсын деп бөле салған. Ресми тарихта қазақтар 1865 жылы келді деп жазылған. Әйтпесе, 1820 жылдары, екі ғасыр бұрын қоныстанып қойғанбыз.
– Өлгейдің шет жағындағы жазық – әуежай. Ұланбатырдан келген ұшақ қонады. Бұрын Өскеменге де ұшатын. Қайта ұшса, мына тұрған жер. Бірақ ұшу алаңы халықаралық стандартқа сай емес екен. Анау тұмсықты көрдің бе? Көпір салып жатыр. Биыл пайдаға жаратады. Өлгейдің өр жағына айналма жол түсті. Соған қарағанда, Қытай мен Ресей арасында сауда артқан көрінеді. Ағылып жатқан жүк көліктері де көп. Халықтың тұрмысы жаман емес. Десек те моңғол халқы кең. Басшылық қызметтегілердің басым бөлігі қазақ. Әрине, моңғолша сөйлеу керек деген талап бар. Алайда тау қойнауында жатқан қазақ моңғолшаны қайдан үйрене қойсын, – деп әлеуметтік-экономикалық тақырыпты және бір қайырды Хабсаттар ақсақал.
...Өлгейді үш күн аралап, Өскеменге қайтарымызда, қонақжай ағайындар «жетінші айда келсеңіздер, бие сауған, құрт жайған қырдағы қазақтардың тіршілігін көресіздер. Өлгейдің өңі сол кезде кіреді» деп аңсарымызды тағы аударды. Бұл жолы сұмындарға шыға алмадық, қазақтың бекзат өнерін өлтірмей, салт-дәстүрді сақтап отырған ағайындардың аман-саулығын сұраса алмадық. Ең бастысы, жолын көрдік, білдік. Дәм тартар әлі.
«Қызыл үй» шекара бекетінен асып, «Ташантыны» басып өтіп, Қосағашта ет асып, құшақ жая күтіп отырған ағайындардың үйіне тоқтай бергенде, «экспедициямыздың» тағы бір мүшесі, Берел қорық музейінің директоры Алмас Сарбасов жан-жағына қарап, «Катонға топ ете түскендей болдым ғой» деп аң-таң. Рас, 1990 жылға дейін Катонқарағай ауданымен алыс-берісі, барыс-келісі саябырсымаған Қосағаш халқының сөйлеу диалектісі, тұрмысы біздің жақпен өте ұқсас екен. Ұқсас деймін, бірдей. Сөйтсек, Қосағаш, Шүй, Жазатыр 30-жылдары «Катонқарағай екі арадағы жол қатынасы қиын» деген сылтаумен Қазақстаннан бөлініп, Ресейдің Таулы Алтай өлкесіне қарап кеткен екен.
Күре жолдан екі шақырым жердегі Төбелер ауылына бұрыла бергенімізде домбыра арқалап, қазақтың қара домалақ баласы кетіп бара жатты. Жол сілтеп жібер деп едік, орысша оқығанымен, тілін де, ділін де, дінін де ұмытпаған...
Өскемен – Қосағаш –
Баян-өлгей