Таяуда Астанада алғаш рет Ортаазиялық эндоскопиялық форум өтті. Іс-шараға эндоскопия дәрігерлері, гастроэнтеролог, хирург, онкологтер, эндоскопия медбикелері қатысты.
Қонақтар бірінші күні эндоскопиядағы мәселелер турасында баяндады. Екінші күні Ұлттық ғылыми онкология орталығының сараптамалық эндоскопия операциялық орталығында дәрігерлер тікелей эфирде эндоскопиялық операциялардың барысын түсіндірді. Яғни форумға келген қауым операция залындағы эндоскопиялық операцияның барысын бақылады. Ол қонақтардың арасында Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан, Тәжікстан, Моңғолия, Украина, Түркия, Ресей, Оңтүстік Корея және Жапониядан келген және тікелей эфирде қосылған дәрігерлер болды. Олар ішек қабынуының, асқазан-ішек жолдарының ісікке дейінгі және ісікке дейінгі патологиясының эндоскопиялық диагностикасын және гепатобилиарлы аймақ патологиясын емдеу әдістері, жедел эндоскопия, интервенциялық бронхология тақырыбына көбірек тоқталды.
Денсаулық сақтау министрлігінің қолдауымен Ұлттық ғылыми онкология орталығы және «Қазақ эндоскопиялық қоғамы» бірлестігі ұйымдастырған форумда медициналық жабдықтар шығаратын өндірушілер өздерінің соңғы әзірлемелерін көрмеге ала келіпті. Ұлттық ғылыми онкология орталығы басқарма төрағасының медициналық қызмет жөніндегі орынбасары Әділбек Мұқажанов форумның мақсат-міндеті туралы айтып берген еді.
– Форумға бас-аяғы 500-ден аса тәжірибелі дәрігер жиылды. Олар саладағы жетістіктерді қамтып, тәжірибе алмасады. Мамандар эндоскопия бойынша баяндама жасаумен шектелмейді. Онкология ұлттық ғылыми орталығында біздің дәрігерлер шетелдік мамандармен бірлесіп операциялар жасайды. Соны форумға келген басқа да әріптестер онлайн тамашалап, тәжірибесін толықтырды. Бізде қазір эндоскопиялық онкология, эндоскопиялық хирургия қарқынды дамып келеді. Шамамен он жыл бұрын эндоскопия тек диагностикалық әдіс саналса, қазір емдеуге, хирургиялық операция жасауға да мүмкіндік береді. Елде эндоскопиялық, диагностикалық емдеу тәсілдері қолжетімді.
Дәрігерлердің айтуынша, эндоскопия қатерлі ісіктің алдын алуға септеседі екен. Өйткені асқазан, ішек аурулары асқынып, қатерлі ісікке апаруы мүмкін ғой. Мұндайда науқас эндоскопиялық диагностикадан өтіп, қатерсіз ісікті алдыратын болса, сауығып кетеді. Сондықтан аурудың белгісі байқалса, эндоскопиядан қашудың қажеті жоқ. Дәрігерлердің өзі елуден асқан ересектерге жылына немесе екі жылда бір мәрте эндоскопиялық тексеруден өтуді ұсынады.
– Эндоскопияда жетістіктер көп дедік. Кемшіліктер де жоқ емес. Мысалы, мамандардың тапшылығы, оқыту тәсілінің аздығы, сертификат беретін курстардың болмауы, тарифтің төмендігі алаңдатады. Оның барлығы шешімі бар мәселе десек болады. Форумның тағы бір мақсаты саладағы кемшіліктерді ортаға салу, тәжірибе алмасып, даму жолдарын қарастыру болды. Сәтін салса, жылдың екінші жартысында онкология орталығының жаңа ғимараты ашылады. Диагностикада қолданатын, онкологиялық ауруларды емдейтін құрал-жабдықтармен қамтылады. Эндоскопияға да солай соңғы үлгідегі құрылғыларды аламыз. Осылайша, жұмысты біршама ширату жоспарда бар, – дейді Ә.Мұқажанов.