Кәрі құрлықтың 15 елінде тұрып жатқан қазақтар биыл Германияның Кельн қаласына жиналды. Жырақта жүрген қандастарымыздың құрылтайында сұрқия саясаттың салдарынан шетел асқандар ұрпағының ана тілі мен мәдениеті, тарихы талқыланды. Құрылтай аясында Қазақстанда туып-өскен немістер Абай үйін ашты.
Құрылтай Мемлекет басшысының арнайы құттықтауымен басталды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ыстық ықыласын Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев жеткізіп, елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар туралы айтып берді.
«Мемлекет басшысы Германия еліндегі құрылтайға сәттілік тілеп, арнайы құттықтауын жолдады. Шетелде жүрсеңіздер де, ұлттық құндылықтарымызды сақтау үшін бар мүмкіндіктеріңізді сарп етіп, жұмыс істеп жатырсыздар. Біз мұны өте жоғары бағалаймыз. Біз үнемі сіздерге тілеулеспіз. Әр кез қолдау көрсетуге дайынбыз», деді Мәлік Отарбаев.
Бұл жиын жылдағы басқосудан ерекше болды дейді Кельндегі Қазақ мәдени орталығының төрағасы Сәдия Сүрер. Өйткені құрылтайға жергілікті қандастарымызбен бірге Еуропада білім алып, кәсіп істеп жүрген отандастарымыз да қатысқан. Сонымен бірге Қазақстаннан тарихи отандарына қоныс аударған алманиялық немістер де құрылтай жұмысынан шет қалмады.
Кельндегі құрылтайға Еуропаның 15 елінен 20 қазақ ұйымының өкілі қатысты. Бірі оқу, енді бірі жұмыс бабымен Қытай, Моңғолия мен Қазақстаннан келсе, тағы бірі қарт құрлыққа 60-жылдары Түркиядан қоныс аударғандар – 70 жыл бұрын Алтайдан Анадолыға азаппен жеткен қазақтардың ұрпақтары. Ұлы көштің 70 жылдығына орай жиында Абдуррахман Четиннің «Өмір жолымдағы соңғы көш» кітабының тұсауы кесілді.
Абддурахман Четин – Зуқа батырдың немересі, Еуропа қазақтары қауымдастығының негізін қалаған белгілі қоғам қайраткері, тар заманда қазақтардың Түркияға бет алған көшінің көзі тірі куәгері. 1982 жылы Германияда қазақ қоғамын құрып, 2002 жылы Кельнде алғашқы құрылтай өткізген. Қазір қария жас ұрпақтың тәрбиесіне алаңдайтынын айтады.
«Бұрын балаларымыз оқып, білім алса, өзінің қазақ екенін таныса, дінін, тілін білсе деп ойлайтынбыз. Қазір бұны айтуға ауыз бармайды. Неге десеңіз бәрі немісше, түрікше оқыды. Қазақ тілі жоқтың қасында. Осы жерде Қазақстан мәдени орталығы ашылса, сол жерде қазақ балалары төл өнерін, тілін, дінін үйренсе деген тілегім бар», деді Кельндегі Қазақ мәдени орталығының құрметті төрағасы Абдуррахман Четин.
Абдуррахман Четиннің «Өмір жолымдағы соңғы көш» кітабы ХХ ғасырдың орта шеніндегі қазақ халқының басына түскен нәубет, зұлмат жылдар туралы айтылған. «Отандастар қорының» ұйымдастыруымен бұл еңбек өткен жылы атажұрттағы оқырмандардың қолына тиген еді.
Шетелдегі қандастар балалардың санасына ана тілін мықтап сіңдіру үшін қазақша отандық өнімдерді бір платформада көру мүмкін болса, ол туындылар интернетте бірнеше тілде субтитрмен жарияланса деген тілегін жеткізді. Жастар жатжұрттық боп кетпес үшін оларды елге тарту бағдарламаларын көбейту жайы да қызу талқыланды. Осы орайда жуық арада «Ата жұрт» қанатқақты жобасы енгізілмек. Яғни шетелде ұлттың мүддесі үшін аянбай қызмет етіп жүрген қазақ қоғамының жетекшілері және IT, бизнес, мәдениет, ғылым саласында озық шыққан қандастарымызға арнайы карта беріледі.
«Бұл карта он жылға беріледі. Картаның ерекшелігі, қандастарға елге визасыз келіп-кетуіне, Қазақстаннан бизнес ашуына, жылжымайтын мүлік алуға, балаларын барған кезде мектепке орналастыруға, денсаулық сақтау қызметін пайдалануға, яғни саяси құқықтан басқа кәдімгі Қазақстан азаматтары сияқты барлық мүмкіндікке ие болуға мүмкіндік ашады», деді «Отандастар қоры» КеАҚ президенті Абзал Сапарбекұлы.
Сондай-ақ құрылтай аясында Германияның Залах қаласында Қазақстанда туып-өскен немістер Германияда Абай үйін ашты. 20 жыл бұрын тарихи Отанына оралған қазақстандық неміс ұлтының өкілдері «Қазан» деген атпен қауымдастық құрған. 100-ден астам мүшесі бар ұйым қазақтың мәдениеті мен өнерін насихаттап келеді. Ауласына киіз үй тігіп, қазақтың салт-дәстүрін немістерге көрсетіп жүрген жерлестеріміз енді ұлы Абайдың шығармашылығын көпшілікке кеңінен танытпақ ниетте. «Абай үйі Германия мен Қазақстан арасындағы мәдени көпір болады деген үміттеміз. Абай – ұлы ақын. Оны әлем жұрты білуге тиіс. Біз Қазақстанда туып-өстік, ол – біздің Отанымыз. Туған жеріміздің жылдан-жылға көркейіп, дамығанын көріп, қуанып отырамыз. Болашақта елімізге қаржы құйып, кәсіп ашқымыз келеді», деді «Қазан» қазақ қауымдастығының төрағасы Валерий Оствальд. Естеріңізге сала кетейік, бұл – Еуропада ашылған сегізінші «Abai Úiı».
Еуропа қазақтары кезекті құрылтайды келесі жылы Аустрияда, ал 2025 жылы Мажарстанда өткізуді жоспарлап отыр.