Еліміздің ұлттық бірегейлігі мен құндылықтарына арналған Түркістандағы екінші Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа болмысты орнықтыруға байланысты стратегиялық ұстанымдарды айтты.
Ұлттың жаңа болмысын қалыптастырып, дамыту жолында өскелең ұрпақтың бойында адамгершілік, білімпаздық, еңбекқорлық сияқты қасиеттерді Темірқазық ету өзекті. Мемлекет басшысы дизайн код арқылы мемлекеттік нышандарды жетілдіру, ұлтымыздың тарихи санасын жаңғырту, мәдени мұрамызды сақтап, насихаттау бағыттарын ерекше айтып өтті. Осыған байланысты қайталанбас қастерлі тарихымыздың көптомдық жинағын келер жылы аяқтауды тапсырды. Ол барша азаматтарымыз үшін оқуда өте тартымды болуы шарт екендігіне тоқталды. «Байбарыс» орденін енгізу туралы ұсыныс жасады.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтайда жас буынның тәрбиесіне байланысты да құнды ойларын жария етті. «Тәуелсіз Қазақстанда рухы азат, көзі ашық, көкірегі ояу ұрпақ өсіп келеді. Олар ғылым-білім, музыка, кино, спорт және басқа да салаларда табысқа жетіп, бүкіл әлемге танымал бола бастады. Жастарымыз туған жердің қайталанбас ерекшелігін және туған елдің бірегей болмысын жер жүзіне танытып жүр», деп жастардың бойындағы патриоттық сезімдерінің рөліне ерекше мән берді.
Бүгінгі жастар – ұлтымыздың ертеңгі болмысы. Сондықтан балаларымыздың адал, тәрбиелі, білімді, денсаулығы мықты, саналы да саламатты еңбекке деген құлшынысы жоғары азамат болып қалыптасып, адамгершілік және моральдық қабілеттері дамуы аса маңызды. Осы жолда ата-аналар қоғамдастығы, мектеп және бүкіл қоғам болып тәрбие жұмысын жетілдіруге күш салуымыз қажет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы тәрбие жұмысының басымдығын айқындай отырып, «Балалар кітапханасы» атты жаңа бағдарламаны орындауды тапсырды. Мемлекеттік басқару тетігіндегі жаңа бағыттарды жүйелі дамыту, ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияның инновациялық технологияларын дамытудағы рөлін, мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметін сапалы жүргізуге байланысты жүйелі әдіс-тәсілдерді дамыту қажеттілігін атап өтті.
Президентіміз кітаптар мен басылымдарды – идеологияның негізгі бағыттары ретінде айқындады. Жазушылар одағының ерекше рөліне тоқталды. Сондай-ақ 24 сағат жұмыс істейтін Президент кітапханасын ашу қажеттігі туралы айтты.
Ауыл мектептерінің дамуын білім саласының нақты стратегиялық бағыты ретінде айқындады. Шекара маңындағы ауылдардың әлеуетін арттыруда Катонқарағай, Марқакөл, Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы бастама көтерді.
Ұлттық құрылтай еліміздің ендігі дамуына жаңа идеологиялық негіз болар шешімдер айқындалған жиын болды. Президент егемен елімізді нығайтуға ұсынған бағдарын орнықтыру жолында үлес қосуға даяр екенімізді атап өтемін. Барлық қоғам өкілін осы жолда табанды еңбек етуге шақырамын.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,
Мәжіліс депутаты