• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Маусым, 2023

Ақтауда Қазақ-Неміс инженерия институты ашылады

738 рет
көрсетілді

Ақтаудағы Қазақ-Неміс тұрақты инженерия институты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен шетелдік жетекші жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу және өнеркәсіп инженерлерінің жаңа буынын қалыптастыру тапсырмасына орай құрылады. Ол Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің базасында жүзеге асады.

Қазір Маңғыстау облысында энергетика саласында бірқатар ірі жобалар іске асырылып келеді. Соның бірі – «жасыл» сутегі өндіретін зауыт. Осыған орай, жаңа Қазақ-Неміс инс­титуты инженерия саласындағы озық тәжірибе негізінде жергілікті жас­тар мен еліміздің өзге өңірлерінің тұрғын­дары арасынан сұранысқа ие техникалық мамандарды даярлайтын болады.

Қазақстан Премьер-министрі Әлихан Смайылов пен Германияның Федералдық Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер аталған институт ғимаратының құры­лысының «уақыт капсуласын» салу рәсіміне қатысты.

Бакалавриаттың алғашқы студент­терін оқыту осы жыл­дың қыркүйек айын­да баста­лады. 2029 жылы уақыт кап­сула­сын ашу мәртебесі со­лар­дың еншісіне бұйырады, онда Әлихан Смайылов пен Франк-Вальтер Штайнмайердің жаңа университеттің алғашқы түлектеріне арнап жазған үндеу хаты орналастырылды.

2023-2024 жылдары дайын­дық екі бакалавриат бағ­дар­ла­масы: Гамбург техникалық уни­верситетінің «Энергетика жә­не экология инженериясы» және Вильдау техникалық уни­верситетінің «Логистикасы» бойын­ша жүзеге асырылады. Ке­шенді оқу бағдарламасы Ш.Есе­нов атындағы университетте үш жыл және Германиядағы серіктес университетте бір жарым жыл оқу мерзімін қамтиды. Осыған байланысты жаңа ЖОО-да неміс тілін үйренуге көп көңіл бөлінбек.

Білім беру бағдарламасы болашақта өнеркәсіпті автоматтандыру және роботтехника, су ресурстары мен қал­дық­тарды басқару, жаңартылатын энергия көздерін әзірлеу, технологиялық ин­жи­­ниринг, заттар интернеті, деректер ғы­лымы және жасанды интеллект сияқ­ты салалардағы 8 бакалавриат және 6 магистра­тура бағдарламаларына дейін ке­ңейтіледі. Инженерлік ма­мандықтар бойынша қазақ­стан­­дық студенттер Гер­мания­ның жетекші жоғары оқу орын­­дарында, соның ішін­де Виль­дау техникалық универ­сите­тінде, Гамбург техника­лық университетінде, Анхальт қол­дан­балы ғылымдар универ­сите­­тінде, Берлин техникалық уни­вер­ситетінде, Дармштадт тех­ни­калық университетінде және т.б. білім алады.

Германияның Федералды Президенті Франк-Вальтер Штайнмайер өз сөзінде жоғары білікті инженерлерді дайындау қазақстандық және неміс компаниялары үшін де тиімді екенін атап өтті.

«Бүгінде екі елде де білікті мамандарға сұраныс жоғары. Мен осы институт пен оның түлектерінің жарқын болатынына сенімдімін. Бұл – білім сала­сындағы өте маңызды жоба. Екі ел арасындағы осы саладағы және ғылыми зерт­теулер саласындағы ынтымақ­тас­тық одан әрі дами бермек. Осы жылдың қыркүйек айында оқу­дың сәтті басталуына тілек­тес­­пін», деді Франк-Вальтер Штайн­майер.

Өз сөзінде Қазақстан Пре­мьер-министрі көп жылдар бойы Қазақстан мен Германияны өзара тиімді стратегиялық серіктестік байланыстырып келе жат­қанын, оның маңызды бөлігі, жоғары білім мен ғылым саласы екенін атап өтті. Қазіргі уақытта екі елдің университеттері арасында 178 келісім жасалып, оннан астам қос дипломдық бағдарлама жүзеге асырылып жатыр.  Осыған байланысты Қазақ-Неміс тұрақты инженерия институтын құру да өте өзекті болып отыр.

«Институт сұранысқа ие кадр­ларды даярлауға, ғылыми зерттеулерге және жаңа технологияларды дамытуға, соның ішінде «жасыл» сутегі өндірісі саласына өз үлесін қосады», деді Әлихан Смайылов.

Ол «жасыл» экономиканы дамыту табиғи ресурстарды сақ­тауға және тұрақты дамуды қам­тамасыз етуге ба­ғыт­талған әлем­дегі негізгі трендтердің бірі екенін айт­ты. Атап айтқанда, сарап­­шы­лардың пі­кі­рінше, алда­ғы жылдары су­тегіге әлем­дік сұраныс металл өңдеу, хи­мия өндірісі және көлік тасымалы сияқ­­­ты көптеген сала­да айтарлықтай артады.

«Біз әлемдік үрдістерден қалыспай, «таза» технологиялар­ды енгізуге ұм­ты­ламыз. Маңғыс­тау облысындағы «жа­сыл» экономика өңірдің мұнай-газ сала­сына тәуелділігін азайтып, жаңа жұ­мыс орындарының ашылуына және ха­лықтың өмір сүру сапасын арттыруға мүм­кіндік береді.  Институт бұған өз үле­­сін қосып, еліміздің батысындағы ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы жетекші бі­лім ордаларының біріне айналады деп се­­немін»,  деп атап өтті Әлихан Смайылов.

Іс-шараға Ғылым және жоға­ры білім министрі Саясат Нұр­бек, Маңғыстау облысының әкі­­мі Нұрлан Ноғаев, Қазақ­-Не­міс университетінің пре­з­иден­ті Волрад Роммель, Ш.Есе­нов атын­дағы уни­вер­­ситеттің ректоры Берік Ахметов қатысты.