Жақында «Egemen Qazaqstan» газетінде Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаевтың «Мемлекеттік қызмет: жаңа кезеңдегі маңызды міндет» атты мақаласы жарық көрді. Мақалада салаға қатысты тың ойлар айтылып, ұлы даламыздың данышпандары Әбу Насыр әл-Фараби, хакім Абай, басқа да ғалым, ойшылдардың адам туралы, оның қадір-қасиеті туралы нақыл сөздері ұтымды пайдаланылып, бүгінгі мемлекеттік қызметшінің қандай қасиеттерге ие болу қажеттігі көрсетілген.
Мақалада көтерілген мәселелер мемлекеттік органдарда жоспарлы түрде өтетін сабақтарда, Мемлекеттік қызмет академиясында, мемлекеттік басқару саласының мамандары даярланатын жоғары оқу орындарында жан-жақты талқыланса, орынды болар еді.
Себебі онда ел Президентінің мемлекеттік қызметті жаңғырту жөніндегі тапсырмасына сәйкес тиісті жұмыс қолға алынып, мемлекеттік қызметшілердің саналы тұрғыдан өзгеруіне ықпал ететін, олардың ұстанымдары мен құндылықтарын бір жүйеге түсіретін арнаулы доктрина жобасының дайындалып жатқаны, бұл құжатта мемлекеттік қызметшілердің қоғамның сұранысына жауап бере алатын біліктілік дағдылары, құндылық ұстанымдары топтастырылатыны баяндалған.
Мақала авторы әлемдік деңгейдегі энциклопедист ғалым, ғұлама ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың осыдан мың жыл бұрын айтқан «Ар-ұжданға жүгінген қоғамда заңдарға жүгінуге қажеттілік азаяды» деген сөзінің әлі күнге дейін құнын жоғалтпағанын ерекше атап өтеді. Жалпы, сан ғасыр бойы ұлттық тәрбиемізге негіз болған ар-ұждан, ар-ұят деген ұғымдардың терең мағынасы бар екені белгілі. Осыған орай қай кезде де жауапкершілігі мол, парасаты басым адам қандай да бір әрекет жасардың алдында «Кейіннен ұят болмай ма, арты не болады, ел-жұрт не дейді?» деп ойланып, басқаша айтқанда, «жеті өлшеп, бір кесіп» қадам басады.
Бүгінгі күні өткен кеңес дәуірін қанша сынасақ та, сол кезде ақпарат құралдарында бір лауазым иесінің кемшілігі туралы мақала шықса, сын айтылса, ол міндетті түрде тексеріліп, қорытындысы елге жарияланатын еді. Егер көрсетілген фактілер расталса, кадрлық шешімдер қабылданатын. Өкінішке қарай, қазіргі кезде басшы қызметтегі мемлекеттік қызметшілер туралы не айтылса да, не жазылса да, ол көбінесе тексерілмейді. Тіпті оған сын тезіне ілінген адамның өзі ешқандай жауап бермейді, ақиқат жағдай халыққа жеткізілмейді. Соның салдарынан халықтың ойындағы күдік, сенімсіздік жылдан-жылға қоюланып, қордалана береді. Сондықтан агенттік әзірлеген доктринада көзделген мақсаттар ойдағыдай іс жүзіне асып, мемлекеттік қызметшінің жұмысы әрдайым ашық болып, қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтады және халықтың билікке деген сенімін арттырады деп сенеміз.
Қабылданатын доктринада Әл-Фараби бабамыздың «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» деген трактатындағы ойлар да көрініс тапса, игі болар еді. Өйткені «Әлемнің екінші ұстазы» осыдан он ғасыр бұрын қала басшысының (қазіргі кездегі мемлекеттік саяси қызметшілер) кім болуы керегін, оның бойында қандай қасиеттер болуға тиіс екенін ашып көрсеткен. Ол «қала басшысы 12 қасиетке ие болуы қажет» дейді. Осыған қысқаша тоқтала кетейін. Қалаға басшы болатын адамға қойылатын бірінші талап – оның он екі мүшесі сау, денсаулығы мықты болуы керек. Сонымен қатар айтқан сөзді жылдам ұғып, оны тез арада игеріп алуға тиіс. Үшіншіден, сөзді тыңдай білетін және жадында сақтай алатын, түсінетін адам болуы абзал. Төртіншіден, ақылды, парасатты және ең ұсақ-түйек деген мәселенің өзін назардан тыс қалдырмайтын адам болуы қажет. Бесіншіден, ойларын анық және нақты жеткізетін шешен (оратор) болуы керек. Қазіргі жас мемлекеттік қызметшілерге Әл-Фараби бабамыздың «Адам мақсатына өзін-өзі жетілдіру арқылы жетеді» деген өсиет сөзі сабақ болса екен. Алтыншыдан, басшы боламын деген кісі білім мен ілімге махаббаты зор, оқудан шаршамайтын, өзінің рухани байлығын ұдайы жетілдіре беретін адам болуы керек. Сондай-ақ тамақ жеу мен сусын ішу мәдениетін меңгерген, құмарлықты жек көретін адам болуға тиіс. Шындықты сүйетін, өтірікке және оны айтатындарға төзбейтін адам болуы қажет. Жаны таза, намысын бағалайтын адам болуы керек. Ұлы ғұлама өз трактатында «динар, дирхамға мойынсұнбайтын» деп жазған, яғни бүгінгі тілмен айтсақ, «парақорлықты жек көретін адам» басшы болуға лайықты деп есептейді. Ол табиғатынан адалдықты жақсы көретін, арамдықты және тиранияны жек көретін адам болуы керек. Трактаттағы он екінші талап – басшы өз айналасындағы адамдарға және басқаларға әділ болатын, әділет жолындағыларға көмек беретін және әділеттілікпен болған шығындарды өтейтін, еш нәрседен қорықпайтын батыл адам болуға тиіс. Басшыға қойылатын бұдан артық қандай біліктілік талабы болуы мүмкін?
Қаралып жатқан доктринада көзделген адамгершілік құндылықтары, кәсіптік және тұлғалық қасиеттер, қолданысқа жаңадан енгізілетін «мемлекеттік сана» деген ұғым Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әрбір мемлекеттік қызметші мемлекетшіл болуы керек» деген тұжырымына толық жауап береді деп санаймыз.
Ерсұлтан БЕКТҰРҒАНОВ,
мемлекет және қоғам қайраткері,
Тәлімгерлер кеңесінің мүшесі