• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Пікір 12 Шілде, 2023

Алаяқтықпен күрес күшейеді

260 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заңға қол қойды. Бұл құжат – еліміздің қоғамдық қатынастарының басты индикаторы саналатын әлеуметтік желілерді реттеудің әдісі.

Плюрализмді дамыту әлеуметтік желі мәдениетін арттыруды талап ететінін өмір көрсетіп отыр. Олар бүгінде негізгі ақпарат көзі мен қоғамдық-саяси бағытты қалыптастыратын платформаға айналды. Әлеуметтік желілердің қоғамның жаппай санасына әсерін, онлайн кеңістікте жаңа экономикалық қатынастардың қалыптасқанын ескере отырып, Мәжілістің бір топ депутаты «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заң жобасының бастамашысы болды. Құжатты даярлауға Мәжілістегі барлық фракция өкілдері қатысты.

Заңның қоғамның дамуы үшін маңыздылығына орай, заң жобасын әзірлейтін жұмыс тобына белгілі журналистер, желіні пайдаланушылар, осы саладағы кәсіби сарапшылар тартылды. Бүкіл шетелдік, еуропалық, АҚШ-тың осы саланы реттеудегі тәжірибесі сарапталды. Құжаттың қабылдануы еліміздегі онлайн-платформалардың қызметі үшін құқықтық негіздер қалыптастырады, онлайн-платформалар мен онлайн-жарнама саласындағы реттеудің нормативтік негізін концептуалдық тұрғыдан өзектендіруге мүмкіндік береді.

Оған қоса, Еуропалық одақ қабылдаған Digital Services Act немесе цифрлық қызметтер туралы заңның баламасы іспетті бұл заң әлемдік әлеуметтік желілердің интерфейсін қазақшалау, инфлюенсерлердің жарнамасын таңбалау, заңсыз контентті неғұрлым тиімді модерациялау мәселелерін де реттейді.

Заң аясында көлеңкелі экономика үрдісін азайту және онлайн алаяқтықпен күресу бо­йынша қажетті шаралар қабылданады. Басқаша айтқанда, офлайн өмірдегі жауапкершілік онлайн әлемде міндеттеледі. Сондай-ақ саяси сепаратизмнің басты профилактикасы болмақ. Жалпы, қабылданған заң азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын толыққанды іске асыру үшін онлайн-платформалармен тиімді ынтымақтастық пен өзара іс-қимыл орнатуға мүмкіндік береді.

Қазірдің өзінде әлемге әйгілі әлеуметтік желілер мен онлайн-платформалар әріптестік орнатуға ықыласты екенін танытып, кейбірі өкілдерін тағайындады. Осы орайда осы заңға бастамашы болған барлық депутатқа, жалпы Мәжіліс және Сенат депутаттарына, жұмыс тобының мүшелеріне, ұсыныс айтқан, қолдау білдірген барша белсенді азаматқа алғыс айтамыз. Жаңа заң еліміздегі қоғамдық қатынастың парасаттылығын арттырып, мемлекетіміздің тұтастығын нығайтып, сепаратизмге жол бермей, салиқалы саяси мәдениет қалыптастыруға өзінің септігін тигізеді деп сенеміз.

 

Ерлан САИРОВ,

Мәжіліс депутаты