• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Инфографика 12 Шілде, 2023

Онлайн-платформа иелерінің жауапкершілігі

420 рет
көрсетілді

«Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» Заң онлайн-платформалардың жұмысын заң аясында жүйелендіріп, әлеуметтік желі қолданушыларды еліміздің әлеуметтік-экономикалық айналымына енгізе отырып, осы саланы мемлекеттік реттеудің негіздерін қалыптастырады.

Заңда мынадай екі ұғым бел­гі­лен­ген. Біріншісі – онлайн-платформаны жалпы пайдаланушы, яғни қарапайым пайдаланушылар. Екіншісі, инфлюенсер (блогер) – онлайн-платформаны кәсіп­кер­лік қызмет мақсатымен пайдаланатын тұлға.

Бұл жерде атап өтетін мәселе, заңның негізгі мақсаты – онлайн-платформаларда өз ойын жа­затын тұлғаға еркіндік беру. Сондай-ақ азаматтардың онлайн кеңістіктегі құқықтарын қамта­ма­сыз ету. Тиісінше, инфлюенсер немесе блогер өз жұмысын кәсіп­керлік тұрғыда пайдаланатын болғандықтан, қосымша міндеттемелер жүктелуі қажет.

Соңғы кездері онлайн-платформаны пайдаланушылардың жарияланымдары жойылып, аккаунт­тар бұғатталатын жағдай жиі кездеседі. Тіпті ол үшін нақты, дәлелді жауап берілмейді. Оның басты себебі – онлайн-платформалармен өзара байланыстың қарапайым механизмінің болмауы.

Құжатта көзделген нормалар қолданысқа енгізілген жағ­дай­да халықтың онлайн-платформалар әкімшілігіне тікелей жү­гіну және өз құқықтарын қал­пына келтіру тетігін белгілеу жос­парланған. Осы мақсатта Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі онлайн-платформалар әкімшілерімен келіссөздер жүргізіп жатыр. Жақында ғана «TikTok» әлеуметтік желісі өкіл­дерімен кездесіп, алдағы бірлес­кен жұмыс пысықталды.

Қазақ тіліндегі контентті модерациялау және монетизациялау, интерфейсті қазақ тіліне аудару мәселелері де бар. Яғни онлайн-платформалар интерфейсті қазақ тілінде пайдалануға жол бермейді, тіпті пайдаланушы келісімімен танысуға мүмкіндік жоқ. Осы орайда, заң аясында интернет-жарнама саласын экономикалық тұрғыдан қарастыру көзделген. Бұл жерде онлайн-платформаларды пайдаланушылардың жарнаманы таңбалауы, онлайн-платформадағы экономикалық қызметті реттеу жұмыстары мен мазмұнға қойылатын талаптар бар.

Жалпы, халықаралық тәжіри­беде онлайн саласының жұ­мы­сы заңдық тұрғыдан реттелген. Мәселен, Германияда NetzDZ аталатын құжатта заңсыз контентті модерациялау және ел аума­ғында шектеу туралы талап қарас­ты­рыл­ған. Өткен жылы Еуро­па­лық одақта қабылданған Digital Services act модерация, өкілдік ашу және мемлекеттік органдармен бір­лесе жұмыс істеуді міндеттейді.

 

Қайнар АХЕТОВ,

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі

БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры