«Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңға Президент қол қойды. Бүгінгі таңда қолданыстағы заңнама заңсыз мүлікті қылмыстық процестік және әкімшілік процестік тәртіппен ғана қайтаруға мүмкіндік береді.
Ал осы заң арқылы біз заңсыз сатып алынған активтерді қайтару бойынша жаңа құралдар жинағын аламыз. Яғни халықаралық тәжірибеге сай активтерді азаматтық тәртіппен ерікті немесе мәжбүрлеп қайтаруға негізделген жаңа рәсімдер пайда болды.
Заңды әзірлеу кезінде Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Канада, Аустралия, басқа да елдердің қылмыстық іс жүргізуден тыс, яғни азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде азаматтық тәркілеу арқылы мүлікті тәркілеу тетіктерін қолданатын тәжірибесі зерттелді.
Маңызды істе, яғни заңсыз активтерді қайтару барысында ашықтық бола ма деген сұрақ көпшіліктің көкейінде жүр. Оның ашық болуын қамтамасыз ету мақсатында тұрақты негізде жұмыс істейтін комиссия құрылады.
Комиссияның негізгі функциясы – заңсыз алынған активтерді қайтару бойынша ұсыныстар әзірлеу. Бұл ұсыныстарды уәкілетті орган қарауға міндетті. Егер нақты бір адамның активтерінің заңдылығына күмән туса, комиссияның ұсынысы бойынша уәкілетті орган мұндай адамды тізілімге енгізуі мүмкін. Тізілімде субъектілер және олардың үлестес адамдары туралы мәліметтер болады.
Азаматтық тәркілеу жөніндегі барлық негізгі шешімдер комиссия арқылы өтеді. Заңсыз активтерді тәркілеу сот шешімі бойынша ғана жүзеге асырылады. Адамдар азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде шешімдерге шағымдана алады.
Осылайша, активтерді қайтаруға қойылатын халықаралық стандарттың талаптары қарапайым: бәрі заңға негізделуге тиіс, тиісті үдеріс жүзеге асып, сот тарапынан бақылау жасалып, қоғам үшін ашық болуы керек.
Максим РОЖИН,
Мәжіліс депутаты