• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Қоғам 15 Шілде, 2023

Академик пір тұтқан тұлға

374 рет
көрсетілді

Кеңес Бердалиұлы Бердалиев. Бүгін біз оның өмірден өткеніне қайғылымыз. Бірақ оның елімізге сіңірген ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайды. Жарқын бейнесі кезінде оның шынайы қамқорлығын көріп, шын жүректен алғысын айтқан көптеген адамдардың жадынан ешқашан өшпейді.

Біздің шаңырақтың иесі, еліміздің құрметке лайық азаматы Кеңес Бердалиұлы 54 жыл бойы халқымыздың игілігі жолында адал қызмет етті. Экономикалық білім беру саласында, соның ішінде «Менеджмент»пәні бойынша білікті кадрлар даярлауға өз үлесін қосып, мемлекетіміздің дамуына жәрдемін тигізді. Әріптестері оны «Менеджменттің атасы» деп ардақ тұтты.

Кеңес Бердалиұлы Бердалиев – Алматы халық шаруашылығы институтының (қазіргі Т.Рысқұловатындағы Қазақ экономикалық университеті) –еліміздің алғашқы экономикалық жоғары оқу орнының негізін қалаушылардың бірі.Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, «Парасат» орденінің иегері, Республика жоғары мектебі ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, «Менеджмент»кафедрасының Құрметті меңгерушісі. Ол университеттегі барлық дерлік әкімшілік лауазымдарды абыроймен атқарды, республикадағы алғашқы басқару кафедрасының негізін қалаушы, «Менеджмент»мамандығы бойынша оқу жоспарларын әзірлеуші болыпсаналады. Негізгі пәндер мен мамандықтар бойынша алғашқы оқу құралдары мен оқулықтардың, сондай-ақ орыс және қазақ тілдеріндегі оқу бағдарламаларының авторы болғанын да атап өту маңызды.  

Кеңес Бердалиұлы Бердалиев Қазақстанның жоғары білім беру жүйесінде және ғылыми қоғамдастығында кеңінен танымал еді. Оның алдынан тәлім-тәрбие алған жүзден астам түлек бүгінде ел экономикасының барлық саласында өздерін білікті мамандар ретінде танытып жүр.

Кеңес Байғазыұлы Бердалиев туа біткен талантты, білімге құштарлығы зор жан еді. Жас кезінен ынталы оқып, мектепті алтын медальмен бітірген, бұрынғы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университететінде) үздік студент, И.В.Сталин  кейін В.И.Ленин атындағы стипендия иегері атанған, жоғары оқу орнын қызылдипломмен бітіріп, Мәскеудегі Плеханов атындағы экономика инстутутының аспирантурасына түсіп, кандидаттық диссертациясын уақытында әірі сәтті қорғап, өзі оқыған ҚазМУ-дің экономика факультетінде мұғалім болып қызмет істеген. Осы факультеттің негізінде 1963 жылы ашылған Нар Хозинститутында тапжылмай 50 жылдан астам өмірін білім мен ғылымға арнап, үлкен нәтижелерге жетті.  Әсіресе жоғары білім жүйесінде, экономика ғылымдары саласында алған орны ерекше. Алматы халық шаруашылығы институтының алғашқы ғылым докторы Т.Шаукенбаев, Яхия Әубәкіров, Д.Қабдиев сынды ұстаздарымен қатар, еліміздің өндіріс салаларын басқаратын мамандарды даярлауға бүкіл өмірін сарп етті. Биік талғамы, сирек таланты, бәрін өте нәзік сезініп, түсінебілетін салмақты мінезі, білгірлігі, еңбекқорлығы және адамдармен әдепті қарым-қатынасы, ғылыми еңбектері биік тұғырға көтерілуіне, көрнекті тұлға болып қалыптасуына әсерін тигізді.

Ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың «Ұстаз – алғыр да, аңғарымпаз ақыл-иесі, өнер-білімге жаны құштар асқақ жан» деген тұжырымына сай Кеңес Байғазыұлы – білім-парасаты, әлеуеті, интеллектуалдылығы аса жоғары, адал, әділ, талабы қатаң, студенттердің нағыз сүйікті ұстазы болды. Оның даналығын, ой-санасының тереңдігін, сөзге шешендігін білген оқытушылар қауымы мен барша институт ұжымы айрықша құрмет тұтты.

«Көпшілікке көрсете алсаң өнеге, көпшілік те көтереді төбеге» дегендей, профессор Бердалиевадамгершілік қасиетіне, ұйымдастырушылық, қоғамдық белсенділігіне байланысты қызмет лауазымы біртіндеп жоғарылап, кафедрамеңгерушісі, деканның орынбасары, декан, проректор болып қызмет атқарды. Маңдайына бақ қонып, береке-бірлікте өмір сүрді.

Америкалық жазушы Джек Лондон «Адамның міндеті – күнелту емес, өмір сүру, еңбек ету» дегенекен. Еңбек түбі – береке, еңбек – бақыт кілті. Кеңес Байғазыұлы да – еңбегімен бақытқа бөленген жан. Өз аспиранттарының диссертация қорғап, ғылыми атақ алуына жетекшілік жасап, 23 жасғалымға экономика ғылымдарының кандидаты атағын әперді. Көптеген ғылыми еңбектер,оқулықтар, әдістемелер жазды. Арасында өз ұстаздары, дос-жолдастары және өзінің мақтан тұтатын сүйікті шәкірті академик Кенжеғали Сағадиев туралы естеліктерін де қағаз бетіне түсірді.

Академик Кенжеғали Сағадиев те: «Менің ұстазым, менің пірім – Кеңес Байғазыұлы Бердалиев», деп оны айрықша ардақтап, ұстазы алдында бас иіп өтті.

Кеңес Байғазыұлы білім мен ғылым жолында сіңірген ерен еңбегі үшін «Парасат» орденімен марапатталды, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Күміс медальға» ие болды.

Жиырмасыншы ғасырдың 1952-1957 жылдары республикадағы жалғыз университет – ҚазМУ-діңэкономика факультетінде бірге оқып, жатақхананыңбір бөлмесінде бірге тұрған Кеңес Бердалиев, Иманғали Акимов, Әнапия Рахманқұлов, Өрнек Тастеміров, курстас жолдастары Хаир Омаров, Сұлтан Аманов, Сырым Кенжебаев, Мәскеудің Плеханов атындағы экономика институтын бітірген Жарасбек Абуталипов, Қадырбек Төлтаев, Сәбит Жазанов – ат ізін суытпай жиі араласып, туғанбауырлардай болып кеткен нағыз достар. «Досты періште қосады» дегендей, университет бітіргендеріне 15 жыл, 25 жыл толған той-думандарын бірге өткізіп,  отбасылық іс-шараларына да шақырысып, өмірдің қызық-қуанышына да, болмай тұрмайтын қайғы-ренішінеде ортақтас болды. Хаир Омаровтың әсем әні, Сұлтан Амановтың домбырада тартқан күйі, Өрнек Тастеміровтің тапқыр да әдепті әзіл-қалжыңы той-думанның көркін кіргізіп, өмірлік достардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен сыйластығы былайғы жұрт таңдай қағып, тамсанатындай тұнған өнеге еді.

Шіркін, дүние-ай, бәрі өтті де кетті. Доссыз – өмір бос. Орындары ойсырап тұрған асыл достарымыз-ай!

Өмір- өмір-ай,

Бірде тұнық, бірде лай.

Өмір өтіп барады,

Қамшының қысқа сабындай.

Еске аламыз. Сағынамыз. Құдай қосқан қосағы – отбасының құт-берекесі, шаңырағының ырысы Қайникамалмен 64 жыл отасып, өмірдің ащы-тұщысын бірге татып, бір-біріне деген сүйіспеншіліктің арқасында 4 перзент – 3 қыз, 1 ұл көріп, тәрбиелеп өсірді, немере-шөберелері де бар. Барлығы да өмірден өз орнын тауып, отбасын құрған, балалары, немерелері бар, тұрмыстары жақсы.

Кеңес Байғазыұлының бүкіл жоспарын, ойлаған ойын, аманатын орындаған – балалары, әсіресе үлкен қызы Соледад. Оның жұбайы Ғазиз –әскери атағы генерал, текті отбасынан шыққан, ақылды, тәрбиелі, өз ісіне жауапты азамат. Айналайын Ғазизге алғысымыз шексіз. Оған Кеңес Байғазыұлының аруағы да риза.

Әдемі қартая білу де – өнер. Кеңес Байғазұлыәдемі қартайып, бақытты өмір сүрді. Өзінің күнделікті режімін бұлжытпай сақтап, 89 жас 6 ай ғұмыр кешті. Таңғы сағат 6.00-де далаға шығып, таза ауада жүріп, денешынықтыру жаттығуларын жасау, уақытында тамақтану, әсіресе бәйбішесі Қайникамалдың ыстық шайы, дәмді тамағы, күтім-сыйластығы үлкен қуат бергені хақ.

Кеңес Байғазыұлы көре алмай кеткен шөбере де жарық дүниеге келді. Аты-жөні – Есен Әлімұлы Бердалиев. Өзіңіздей алып бәйтеректің бұтақтарындай жайқалып өсіп келе жатқан ұрпағыңыз Сіз сияқты асыл, ардақты азаматтар болсын. «Әке даңқы – балалары мен немере-шөберелеріне мирас, еңбегі – мұра» дейдіхалқымыз.

Асқар таудай асқақ, аяулы әке, мейірімді ата, жатқан жеріңіз жұмсақ, иманыңыз жолдас, мекеніңіз жұмақ болсын!

Сізді құрметпен еске алушы – жастық және отбасылық досыңыз Иманғали Акимовтың жұбайы – Балдай АЙТИШЕВА

 «ӨМІРІМДЕ АЛҒАН ЕҢ БАСТЫ НАГРАДАМ...»

Ақсақал таң алдында сәл мызғып кетсе керек. Көзін ашты да, қабырға сағатына қарап еді, жетіден енді кетіп барады екен. Осы күндері сағатқа да бір түрлі суық қарай бастады.

«Айтарыңды айтып қал»дегендей, тықылы да әлсірей бастаған сияқты. Әлсіз даусымен «Камаш, қайдасың?» деп дыбыс берді, ұйықтамай жүрген болу керек, үндемей ғана жанына келіп отырып, сұраулы жүзбен ақсақалына қарап еді, ол кісі қолын ұсынып, сәл жымиып: «Саған бір нәрсе айтайын деп едім», деп бастады.

Мен бүгін бір жаңалық ашқандай болып жатырмын.

90 жылдық өмірімді електен өткізіп, қорытындылап жатсам, бұл тіршілікте жаманды да, жақсыны да, белесті де, ойпаңды да көріппіз...

Әке-шешеден ерте айырылып, ширығып жүріп ерте есейдім. Нәтижесінде көп нәрсеге қол жеткіздім. Қызмет те өсті, жетістіктердің де дәмін таттым, тіпті Мемлекет басшысының қолынан «Парасат»орденін де алдым. Алайда, менің ең жоғарғы наградам...

Есіңде ме, жоғары оқу орнымызды бітіріп, қол ұстасып, үлкен өмірге бет алу мақсатында сенің ата-анаңның батасын алу үшін сонау Бөке кентіне барғанымыз. Жастық жалын, өрекпіген жүрек, алмайтын қамал жоқ деген сезім бейтаныс өлкеге оңай-ақ жеткізді. Оның үстіне, өзімнен бұрын жеткен: «Аға, Камаш тұрмысқа шығуды ұйғарыпты. Жігіті осы ҚазМУ-ді Сталиндік стипендиямен оқып  үздік бітірді. Өзі Арал жақтікі. Әкесі соғыстан қайтпапты. Алғыр, пысық жігіт! Қарындасымды ренжітпейді деп ойлаймын! Екі жасқа ақ батаңызды берсеңіз»деген мазмұндағы, осы күндегі терминмен айтсақ, Дүйсекеңнен алған ұсыным хатым да бар...

Алайда, үйге кіріп, төрде отырған кең иықты, ұзын бойлы ер адамды көргенде босағадағы аласа орындыққа қалай отыра қалғанымды өзім де сезбей қалдым.  Бағанағы сезімдердің бәрі ұшты-күйлі жоғалып кеткендей... Маған берген біраз сұрағына жауап алған соң: «Балам, төрге шық. Сенің ендігі орның мынау», деп жанындағы орындықты ұсынды. Бір қарағанда сұсты боп көрінген көздері ақырындап мейірім нұрын шашқандай болды. Бұндай қабылдауды күтпесем керек, жүрегім өрекпіп, көзіме жас тығылды...

Әке-шешеміздің батасын алып, Алматыға аттанып кеттік...

Енді бажайлап отырсам, менің ең басты наградам – атамның берген батасы мен төрде жанынан ұсынған орны екен! Соның арқасында отбасын құрдым, төрт қарғамның әкесі, немерелерімнің атасы болыппын. Баға жетпес байлық осы екен! Осы жолда адал серік болған өзіңе рақметімді айтайын деп шақырдым,  бірге өткізген  65 жыл  ішінде артық-кем кеткен жерім болса, кешір!»,  деп, көзінен аққан бір тамшы жасты да сүртпей,  қуаты кеткен әлсіз саусақтарымен бәйбішесінің қолын қыса берді...

Архаш ҚАБДИЕВ,

Тамара НҰРҒАЛИЕВА  

ПІКІРЛЕР, ІЗГІ ТІЛЕКТЕР

Академик Сагадиев К.Ә.

... Сіз өте зор, шынайы парасат иесісіз. Сіздің адамгершілігіңіз, пәк тазалығыңыз, адамға деген жылы жүрегіңіз Сізбен араласқан азаматтарға ерекше әсер қалдырады. Елу жыл ішінде ұстаз ретінде де, басшы ретінде де қоршаған ортаңыздың зор құрметіне ие болып, артыңыздан жаман сөз ермеген Сізді нағыз парасат иесі демегенде кім дейміз...

Н.Қ.Мамыров, академик

... Сіздің ғылыми шығармашылығыңыздың нәтижелеріне көз жіберсе, Сіздің ғылыми қызығушылығыңыздың жан-жақтылығы, зерттеулердің іргелілігі, неғұрлым кең қойылған мәселелерді шешуге және шешімдердің критерий дәрежесіне дейін жеткізуге деген ұмтылыс сияқты сипатты белгілерді байқауға болады. Жоспарлау, басқару және экономикалық теория саласындағы іргелі зерттеулеріңіз экономика ғылымының дамуына сүбелі үлес болып қосылады. Олар Сіздің «Социалистік өндірісті басқару негіздері», «Қазақстан экономикасын басқару негіздері», «Менеджменттің теориясы мен практикасы», «Басқару негіздері» сияқты еңбектеріңізде көрініс тапты.

К.А.Бисенов, ректор, академик

... Өзіңіздің кіндік қаныңыз тамған туған жеріңіз киелі Сыр бойындағы ізбасарларыңыз Сізді ардақты азамат, ұлағатты ұстаз, Қазақстан ғылымында өзіндік орны бар ғалым ретінде үлкен ілтипатты сезіммен мақтан тұтады.

Алғашқы іргетасы қаланған 1960 жылдардан бері Сіз еліміздегі бірінші экономикалық жоғары оқу орнының негізін салушылардың бірі болып, кырық жылдан бері сол оқу орнында білікті маман кадрлар даярлауда аянбай еңбек етіп келесіз...

Профессор Оқаев К.О.

Кеңес Бердәліұлы бізге және замандастарына көптеген табылмас қасиеттерімен: біріншіден - тұрақтылығымен, екіншіден - ұлағатты ұстаздығымен, үшіншіден - байсалды азаматтық көзқарасымен қастерлі. Нығыздай айту, әрбір ғылыми нәтижелерін нақты деректермен дәлелдеу ғалымның тек жеке басына тән қағида емес, ол осы талапты өзінің шәкірттерінің бойына сіңіруде...

Ә.Ә. Әбішев ҚазЭУ-дің ректоры, профессор

... Осы абыройлы мерейтойға шын тілектестігімізді білдіре отырып, ойымызды мына бір жыр жолдарымен аяқтағамыз келіп отыр.

Өміріңізде жақсылықтар бола берсін,

Шаңырағыңыз қуанышқа тола берсін.

Әрдайым тілегіңіз қабыл болып,

Басыңызға бақ-береке қона берсін.

Бақыт, шаттық үзілмей отбасынан,

Еңбегіңіз игі боп, жана берсін!

Профессор, Ихданов Ж.О.

...Бақыттымын, үйретушім сен болсаң,

Ажарлымын, ертең саған тең болсам!

Айтшы, достым, өмірде де, білімде

Кім кінәлі қатарыңнан кем болсаң?