Елдегі 21 екінші деңгейлі банктің жиынтық активтері биыл наурыз айында 2,2% немесе 967 млрд теңгеге ұлғайып, 45 трлн теңгеге жетті. Активтердің өсуі өтімді активтердің 2,7% немесе 512 млрд теңгеге ұлғаюы нәтижесінде болды. Өз кезегінде өтімділігі жоғары активтер 13,6 трлн теңгені немесе активтердің 30,1%-ын құрады. Бұл банктерге клиенттер алдындағы міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Еліміздегі ең ірі банктердің ішінде Bereke Bank өтімділік көрсеткіштері бойынша ең жоғары орынға ие. Банктің қазіргі өтімділік коэффиценті (k4) 3,31, бұл – алғашқы он банк арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Bereke Bank сонымен қатар ең жоғары жылдам өтімділік коэффициенттеріне де ие (k4-1 және k4-2): тиісінше 32,89 және 12,22. Өтімділіктің жоғары көрсеткіштері банктің өз міндеттемелерін уақтылы және толық көлемде орындай алатынын көрсетеді.
Одан кейін Jusan Bank келеді, оның өтімділік көрсеткіштері келесідей: k4 – 2,3, k4-1 – 10,04, k4-2 – 5,5, k4-3 – 4,46. Өз кезегінде, Bank RBK көрсеткіші мынадай: ағымдағы өтімділік коэффициенті k4 – 2,07, жедел өтімділік коэффициенттері k4-1 – 21,47, k4-2 – 3,9. Жалпы, өтімділік банктің сенімділігі мен тұрақтылығының негізгі көрсеткіштерінің бірі саналады.
Екінші деңгейлі банктер меншікті капитал түріндегі қауіпсіздік қорын да сәтті қалыптастырып отыр. 2023 жылдың наурыз айының соңында реттеуші меншікті капитал 6,4 трлн теңгеге жетті, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 19,7%-ға артық. Бір айда көрсеткіш 1,1%-ға өсті.
Үздік 10 екінші деңгейлі банк арасында Bereke Bankі ай сайынғы ең үлкен өсімді көрсетті: 4,6% көбейіп, 121,5 млрд теңгеге жетті. Үздік үштікке реттеуші меншікті капиталы бір айда 4,3%-ға өскен «Еуразиялық Банк» пен ForteBank (3,7%) кірді. Жалпы, 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, банктер капиталының жеткіліктілік коэффициенті (k1) 19,5%-ды, меншікті капиталы (k2) – 22,6%-ды құрады, бұл заңмен белгіленген нормативтерден айтарлықтай асып түседі және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді жаба алады.
Елдегі банк секторының айтарлықтай тұрақты екенін көріп отырмыз, бұл геосаяси дағдарыс пен әлемдегі жалпы күрделі жағдай кезінде ерекше маңызды. Еліміздің банк секторының тұрақтылығының жоғары деңгейін халықаралық рейтингтік агенттіктер де растап отыр. Жақында ғана Fitch халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингінің «BBB» деңгейінде екенін растады, болжам тұрақты. Қазақстанның рейтингін қолдайтын маңызды факторлар сыртқы сілкіністерге өзінің орнықтылығын дәлелдеген тұрақты фискалдық және сыртқы баланстары болып саналады.
Агенттік есебінде активтердің едәуір қорлары бюджеттік қаржыландырудың икемділігін және елдің экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететіні атап көрсетілген. Сарапшылар қазіргі шоттың профициті 3,4%-ға жақсарғаннан кейін 2024 жылға дейін сақталады деп отыр, бұл – соңғы 11 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Олардың пікірінше, бұл Қазақстанның сыртқы балансын одан әрі нығайтуға ықпал етпек.
Жалпы, Fitch Қазақстан экономикасы 2023 жылы 4,5%-ға дейін және 2024 жылы 4,8%-ға дейін өседі деп болжайды.
Бұдан бөлек Fitch банк секторына арнайы тоқталып, сектор 2022 жылы ішкі және сыртқы саяси күйзелістерден және жоғары ішкі инфляциядан айтарлықтай қысымға тап болды деп санайды.
«Дегенмен қазақстандық банктер сыртқы күйзелістерге жақсы төзімділік танытты және жоғары пайыздық мөлшерлемелерге байланысты жоғары табыспен қатар күшті клиенттер ағынынан пайда көрді. Өткен екі жыл ішінде бұрынғы NPL есептен шығарылғаннан кейін сектордағы активтер сапасының тәуекелдері төмендеді», делінген бағалауда.
Агенттік отандық банктердің өтімділік позициясын күшті деп санайды. 2022 жылдың аяғында сала бойынша жалпы несиелердің депозиттерге қатынасы 76%-ды құрайды. Жалпы, өтімді активтер клиенттер депозиттерінің жартысынан көбін қамтыды және ақша қаражаттарының қалдықтары мен бағалы қағаздарға инвестицияларды қамтыды, олар негізінен қысқа немесе орташа мерзімге созылды. Клиенттерді қаржыландыру қазіргі уақытта тұрақты және агенттік бұл орта мерзімді перспективада жалғасады деп күтеді.
Тағы бір беделді рейтинг агенттігі S&P Global Қазақстанның банк секторы аймақтағы макроэкономикалық және геосаяси тәуекелдердің күшейген кезінде төзімділік таныта білді деп есептейді. Сарапшылар банк жүйесі тұрақтылығының жақсарғанын экономикалық циклдер бойынша активтер сапасын анағұрлым ұтымды басқаруынан байқап отыр. Актив сапасының көрсеткіштері жалпы тұрақты болып қалады деп күтіледі.
Агенттік Қазақстанның банк секторының елдік және салалық тәуекелдері (Banking Industry Country Risk Assessment, BICRA) бағасын жақсартып, «9»-дан «8»-ге дейін көтерді және Қазақстанда негізінен жұмыс істейтін банктердің негізгі рейтингін «b+» деңгейінен «bb-» деңгейіне жоғарылатты. Агенттік алдағы 12-18 айдағы жалпы теңгерілген тәуекелдерді көрсететін банктер үшін экономикалық және салалық тәуекелдердің даму үрдістерін тұрақты деп бағалайды.