Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров Маңғыстау облысындағы жұмыс сапары аясында әлеуметтік нысандарды аралап, кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен әңгімелесті.
Сенатор «Ақтау теңіз порты АЭА» АҚ-да болған кезде арнайы экономикалық аймақтың жұмысымен және оны одан әрі дамыту жоспарымен танысты. Депутат экономика салаларындағы қолдау шараларына түсініктеме беріп өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамытуға бағытталған негізгі тетіктерге тоқталды.
«Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы өңірдегі өнеркәсіп драйвері. Аймаққа жыл сайын шетелден инвесторлар көбірек келуде және жаңа жұмыс орындарын ашуға қосымша серпін береді», деп атап өтті Орынбасаров.
Депутат сапар барысында «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының басшылығымен де кездесті. Кездесуде кәсіпкерлік саласын дамыту, отандық және шетелдік инвесторларды тарту мәселелері талқыланды. Сенатор сондай-ақ әртүрлі проблемалық мәселе бойынша тұрғындарды да қабылдады.
Депутат «Каспий тұщыландыру зауыты» ЖШС-де болып, тұщыландыру зауытын кеңейту жобасымен танысты. Зауытта жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін тәулігіне 40 мың текше метр теңіз суын тұщытуға мүмкіндік беретіні айтылды. Бекбол Орынбасаров аталған кәсіпорынның маңыздылығын атап өтіп, жөндеу-орнату жұмыстарының жақын арада сәтті аяқталатынына сенім білдіретінін жеткізді.
* * *
Сенат депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова Шымкент қаласындағы жүрек ауруларын емдейтін орталықта болды. Бұл ұйым елдің оңтүстік аймағындағы жетекші клиника саналады және 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келеді.
Кездесу барысында медициналық мекеме өкілдері сенаторларға клиниканың қызметі туралы айтып, отандық медицинаның қазіргі деңгейі бүйрек, бауыр, жүрек, өкпе, ұйқы безін трансплантациялауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Сонымен қатар дәрігерлер Қазақстандағы донорлардың аздығы медициналық трансплантацияны дамыту мен адамдардың өмірін сақтап қалуға кедергі болып келе жатқанынына назар аударды. Бұл мәселенің сындарлы және заңнамалық тұрғыда шешімі табылуы керек.
Сенатор Айгүл Қапбарова донорлар тапшылығы шын мәнінде, күрделі жағдай екеніне тоқтала келіп, мұндай маңызды мәселелер Парламент Сенатында да жан-жақты зерделенетінін атап өтті. Ал Нұрлан Бекназаров медицина саласындағы өзекті мәселелер әрқашан парламентшілердің ерекше бақылауында екенін айтты.
«Парламент Сенаты денсаулық сақтау саласын дамытуға ерекше назар аударып отырады. Жыл сайын республикалық бюджетті жасақтау кезінде денсаулық сақтауға бөлінетін қаржының жеткілікті көлемде ұлғайтуды қадағалаймыз. Мемлекет медицина қызметкерлерін әлеуметтік қорғау мен қолдауды күшейту жөнінде шаралар жүргізіп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жыл сайын медицина қызметкерлерінің жалақысы көтерілуде», деді сенатор Нұрлан Бекназаров.
* * *
Сенатор Жанболат Жөргенбаев Алматы облысы Қарасай ауданындағы «Үшқоңырирригация» мемлекеттік су шаруашылығы коммуналдық кәсіпорнында сала мамандарымен және фермер шаруашылығының өкілдерімен кездесті.
Сенатор кездесу барысында су пайдаланушылардың жағдайымен танысып, сала сарапшыларының пікірін тыңдады. Мамандар аудандағы аграрлық саланың негізгі проблемалық мәселелерін, оның ішінде суару желілерінің тозуы мен істен шығуына қатысты тақырыптарды көтерді.
Мұнан кейін сенатор Жамбыл ауданындағы «Сорбұлақ» суармалы алқабындағы су шаруашылығы мамандарымен де кездесті. Фермерлер депутатқа Сорбұлақ көлінде су жинау мәселесі туралы айтып берді. Жазғы кезеңде қаланың сарқынды суы «Қос Рух» арнасы арқылы Іле ауданындағы 3,5 мың га жерін суару үшін, сондай-ақ «Сорбұлақ» су қоймасынан сорғы стансалары арқылы Жамбыл ауданындағы 2,5 мың га жерді суару үшін пайдаланылады. Өсімдіктердің өсіп-өну кезеңінде су қоймасына келетін су көлемі бұрынғы қалпында болады және көлдегі су көлемі ғана азаяды. Сарапшылардың пікірінше, егер су мәселесі шешілсе, бұл өнімнің өнімділігі артады және уақыт үнемделеді.
«Бұл ауқымды мәселе. Осыған байланысты Экология министрлігінің Табиғатты қорғау реттеу комитеті суаруға сарқынды суды пайдалануды есептеу әдістемесін әзірлеу жөнінде жоспарлы жұмыс жүргізуге тиіс. Біздің міндетіміз – суармалы жерлердің аумағын ұлғайту, ылғал үнемдейтін технологияны қарқынды енгізу болып табылады. Мемлекет фермерлерге субсидиялар мен несиелеудің тиімді шарттарын ұсынып отыр. Бұл мүмкіндікті тиімді пайдалануымыз керек», деді Жанболат Жөргенбаев.