• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Таным 20 Шілде, 2023

Болмысы бөлек Бердібек аға

601 рет
көрсетілді

Мынау жалған дүниеге кім келіп, кім кетпеген? Әлі талайлар келері – хақ, талайлар өтері – хақ. Пенденің қалай, қашан, қайда келуі Құдайлық іс те, кетерінде әрбір ісі мен сөзі, тіпті ниеті оның жүрген ортасы мен былайғы жұрттың таразы – талқысына тартылары сөзсіз. Барша жұртты бір күрсінтіп, мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Машбекұлы Сапарбаевтың да өмірден өткеніне қырық күннің жүзі болыпты…

Тәуелсіздіктің артта қалған 30 жылында Бердібек ағаның өзіндік ізі жатыр 1995 жылдың күзі. Әрі-сәрі уақыт. 1991 жылы ұлт тарихында еліміз алғаш рет тәуелсіздігін жариялап, арғы жағы ғасырлардың қатпарында қалған тарих мен мәдениетімізді айтпағанда, күнделікті тіршіліктің кілті осыған дейінгі егесінің қолынан сусып түсіп, айдалада адасып қалған жас балаға тап келгеніндей, етек-жеңіміз жиылмаған кез. Төл теңгеміздің дүниеге келді деген дақпырты болмаса, төбе көрсетіп, төс қалтамызға түсе қоймаған шағы. Сыр халқының да сол бір қиын күндерді барша жұртшылық секілді, сыр бермей басынан өткергеніне өзіміз куәміз. Экономиканың қалыпқа түспеуінен елдегі атқамінерлерден де маза кеткен, атқарар іс көп, қаржы қолбайлау. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары бірі жекеге сатылып, бірі басқа мекемеге беріліп, қиюы кеткен, тозығы жеткен өнер ошақтары көбейіп, бас сұғатын жеріміз азайған шақ. Кейбір өнер адамдары «осы өнерден не опа табамыз» деп күнкөріс қамымен базар жағалай бастаған уақыт. Елде жарық жоқ, үйлерде жылу жоқ, бюджет қызметкерлері айлап, жылдап айлық-жалақы көрмейді, жұртта дағдарыс басым. Сондай сәтте «облысқа жаңа әкім тағайындалды» деген хабар Қызылорда халқын елең еткізді. «Е, қайдан екен? Кім екен?» деген сұрақтарға «Аржағы жаңақорғандық, өзіміздің бала екен. Қарапайым көпбалалы отбасынан шығып, өз еңбегімен өсіп-жетілген азамат екен» деген сияқты жауап-жұбатулар құлақтан – құлаққа сыбырлап келіп, сабыр сеуіп жатты. Сол сабырға ұласқан сыбырдың себепкері Бердібек Сапарбаев болатын.

Көңілімізге сабыр сыйлаған сыбыс­тар сеңдей соғылысып жүрген облыс өнерпаздарын қайтадан атқа қондырды. Бұрын түс ауа ұйқысы қанғанда оянып, есінеп ес жиғанша ақшамды аудыратын өнер ауылының қыз-жігіттері тынымсыз дүбірге енді де кетті. Қызу жұмыс басталды, дайындық, сахналық киім, жаңа ізденіс, концерттер, жиындар, кештер, жарыстар, қойылымдар. Әшейінде «менен асқан мықты» жоқ деп жүрген сабаздардың сөз сырын терең ұғынатын, жақсыны жазбай танитын, талғамы жоғары жаңа басшының алдында сыр беріп қалғандары да аз болмады. Өнерпаз атаулыға жауапкершілік артты.

Бердібек аға облыста өтетін әрбір концертті, шығармашылық жиынды өзі қабылдап, сын-ескертпелерін дер кезінде айтып, барлық өнерпаздармен тікелей араласа жұмыс атқарды. Жас өнерпаздарды қолдай отыра, әшейінде билік бар-жоғын біле бермейтін ақсақал-қарасақал ақын ағаларымызды да ұмыт қалдырмай, төрт көзіміз түгел өнер ошақтарында жиі бас қосатын болдық. Ежелден жыр өлкесі атанған аймақтың кешегісі мен бүгінгісі түгенделіп, халық алдына бас-аяғы бүтін бір айтулы өлкенің салиқалы да салмақты өнер азаматтары шыға бастады, жұрт назарына ілікті. Бірде облысымыздың кезіндегі астанамыз «Алматыдағы күндері өтеді екен» деген хабар шықты да, тиісті тапсырма алып, өнер адамдары дереу әзірлікке көштік. Хор ұжымы, би, оркестр, жеке орындаушылар, ақындар, жыраулар жиылып 300-ге тарта өнерпаз Алматыға аттандық. М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында ине шаншар орын жоқ. Жауапкершілік күшті. Елбасы қатысады. Қызылорда облысы өнер шеберлерінің концерті менің орындауымдағы «Сыр елі» әніммен ашылады. Мен сахна шымылдығын ашатын болғандықтан тас-түйін дайын тұрмын. Концертіміз басталуға жарты сағат қалғанда Бердібек аға өзі сахна сыртына жүгіре басып кіріп келді. Облыс әкімін көрген өнерпаздар таңданысын жасыра алмай, тосырқап қалған. Ол кісі күнделікті бізбен қатар жүріп, бірге тұрып жүрген адамша сыпайы амандасып, барлық дайындығымыздың дұрыстығын сұрап, көңіл күйімізді бақылап қойды да, ісімізге сәттілік тілеп, сахнадаға микро­фонды өзі бір тексеріп өтті. Маған жақындап, «Лена, қыздардың аяқкиімдері дұрыс па? Ал енді бәрі ойдағыдай болсын, биші қыздарды қадағала» деп қояды. Балаша елпеңдейді, жанұшырып жүгіреді, бізден бетер қобалжулы. Еліңнің басшы-ағасы солай көңіл бөліп, жаныңа жалау болып тұрғанда бізде не жан қалсын, Алматының аспанын бір дүркіреттік-ау! Сол күнгі концертімізді көрген кісілер әлі күнге аңыз қылып айтады. Елбасы жоғары баға беріпті. Төбеміз көкке екі елі жетпей ауылға оралдық.

Келген соң да қанша марапат, қанша жылы сөз естідік, Бердібек ағаның бұл қолдауы талай өнерпазға қанат бітірді. Халық арасында кәдімгідей абыройымыз асып, өзімізді адам сезініп қалдық. Өнер адамы үшін одан артық бақыт болмас?! Көп ұзамай облыстық мәдениет басындағылар «Ойбай, сені атаққа ұсынғалы жатыр, тез құжаттарыңды жинап, алып кел» деп телефонның аржағынан атой салды. Менің жасым сонда бар-жоғы 26-да болатын. Ауылдың ар-ожданын сақтап өскен маған ол кезде атақ деген өнер адамы әбден берерін беріп, сарқылып қалғанда, 60-70-ке келгенде алатын дүние сияқты көрінетін. Өткендегі әкімнің қолпаштауынан кейін дәнігіп алғанбыз, қит етсе, салып ұрып облыс әкіміне – Бердібек ағамызға барамыз. Сондай бір кездесуде Бердібек аға: «Өткен жолы жақсы өнер көрсеттіңдер, барлықтарыңа рахмет, өнерлерің таса берсін, менің қолымнан келетіні сен­дерді республикаға таныстыру ғой, еңбектеріңді марапаттап, бір топ өзің сияқты өнерпаздарды атаққа ұсынып жатырмын» деді. Менің жастығым ба, әлде ол сөздің мәнін түсінбедім бе: «Маған атақ керегі жоқ, әлі жаспын» дедім. Ол кісі: «Сен қызық екенсің, сендей адамды бірінші көріп отырмын, жұрт кабинет жағалап атақ сұрап жүрсе, сен берем десе, алмаймын дейсің» деп таңданды да, «Менікі ұсыну ғой, жоғарғы жақ шешеді, бере ме, бермей ме белгісіз ғой. Сондықтан құжаттарыңды өткіз» деді. Асығыс айтқан сөзіме өзім қысылып қалдым. Айтса айтқандай сол жолы Қаракөз Ақдәулетова, Әлмырза Ноғайбаев сияқты бір шоғыр өнерлі аға-апамыздың қатарында менің де атым аталып, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атаққа ие болдым. Елдің іші ду-ду. Біреулер қуанып, біреулер қызғанып сөз етіп жатыр. Өз басым атақтан бұрын өнер ордасында қозғалыс болғанына ризамын. Нағыз өнерпаздардың бағаланып, мәртебелі болғанына қуандым.

Ең маңыздысы сол жолғы Қызылорда облысының Алматыдағы күндерінен кейін басқа облыстың әкімдеріне де «жан бітіп», олар да өз өнерпаздарын Алматыға аттандырыпты деп естідік. Бердібек Сапарбаевтың бастауы санасы бар адамдарға біраз сілкініс алып келген сияқты. Көргендер «ең мықтысы қызылордалықтар болды» деп тамсанады.

Көп ұзамай астанамыз Сарыарқа төсіне көш түзеді. Тарихи оқиғаға саясаткерлер ғана емес, ел болып жұмыла атсалысуымыз керек. Осы міндетті алғашқылардың бірі болып тағы да Қызылорда облысының әкімі қолға алды. Тағы да Астана төсінде облыстың өнері мен мәдениетінің күндері өтті. Қазақтың әні түгілі сөзін естімейтін сарайларда домбыраның үні, қобыздың сарыны әуеледі. Көрермендер де разы, сол бір тарихи кезеңде елордада болғанымызға біз де мәзбіз.

Бердібек ағаның алып ұшқан көңілі, адал пейілі өнер адамдарын тез баурап алды. Өнердегі қыз-жігіттер Бердібек ағаны туған бауырындай, жанашыр жақынындай, арқа сүйер әкесіндей күтіп отыратын. Тіпті ол кісінің көрермендер арасында отырғанының өзі көңілге қуаныш ұялатып, өмірге сеніммен қарауға жетелейтін. Болмысынан ескен есепсіз шуақ пен жүрегінен соққан жылуды сезінбеген өнер адамы кемде-кем болар! Сол тазалығы үшін мен білетін өнерпаздар ол кісіні шын мәнінде жақсы көріп кетті.

Бердібек аға бірнеше жылдан кейін көрші Оңтүстік Қазақстан облысына әкім болып тағайындалды. Біз далада қалғандай болдық. Баяғы дәурен көзімізден бұл-бұл ұшты. Одан кейін басымыз қосылса, «Бердібек ағамыз барда мынадай қызықтар болып еді» деп, сол кісінің кезіндегі концерттерімізді, барған сапарларымызды әлі күнге айтып отырамыз.

Менің өнеріме де Бердібек аға қамқорлығын аяған емес. 2002 жылы Астанаға қоныс аудардым. Жат орта, суық қала. Тіреп тұрған туысым да, тілеп алған танысым да жоқ. Артымнан небір туысым, небір ағайыным, әшейіндегі көп достардың біреуі жағдай біліп, жанашырлық танытып жатқан жоқ, айналып келіп тағы Бердібек ағаны маңайлаймыз, Фариза апаны паналаймыз. Бірде Фариза апайға «Апа, Астанаға келгенімді білдіріп, бір кешімді өткізейін деп едім» дедім, апам да қолдай кетті. Ол кезде Мәжіліс депутаты болатын, «біздің қадірімізді бір білсе, Бердібек қана біледі ғой» деп, дереу телефонның құлағына жармас­ты. Бердібек аға да тез жауап берді. Амандық-саулықтан соң, Фариза апай: «Бердібекжан, мына Ленаны білесің ғой, ана жылы Қызылорданың күндерінде өзің жарқыратып әкеліп елге таныстырып едің, «Сыр елі» деген Қызылорданың гимнін жазған қыз, сол Астанаға бір кеш жасағысы келеді, не айтасың?» деді. Аржағындағы дауыс естілмейді, десе де, апам күлімсіреп, «айналайынға» басқан сайын, мен де ішімнен қуанып бара жатырмын. Ертесіне республикалық кеден комитетінің төрағасы болып отырған Бердібек аға мені шақырып алып: «Фариза апай айтқан соң емес, сенің өнеріңді құрметтейтін екі адам болса, соның бірімін, біреуі болса, сол менмін! Кешіңді өткіз, жоспар, жобаларыңды алып кел, көмектесемін» дегенде көзіме жас келіп, ол кісінің кабинетінен шыққанша зорға шыдағаным есімнен кетпейді. Жалғыз мен емес, Сыр бойында менен кейін де біршоғыр Алмас Кішкенбаев, Мәдина Сәдуақасова, Тахауи Рахметов сияқты жастардың қанат қатайтуына мүмкіндік жасағаны көз алдымызда. Бердібек аға оңтүстікте әкім болып тұрғанда сол жақтағы мен танитын халық ақыны Әселхан апайды, Манап ағамыздың ұлы Әбдікерім Манаповты, Ақмарал, Маржан, Бекарыс сынды замандастарымды аялаудан бір сәт жалыққан емес. Марқұм Тәушен апайдың да мерейтойын өз деңгейінде өткізіп, халықты бір серпілткені әлі есімде. Сонау Өзбекстан жеріндегі жүрген қандасымыз ақын Бөрібай Оразымбетовті де елге алдырып, жағдай жасағанын білеміз. Бұл бір ғана өнер саласындағы біз білетін азаматтығының бір ұштығы.

Бердібек Сапарбаев жүрген жердің деңгейі биік, атқарған істердің де ауқымы үлкен. Ол кісінің мол адамгершілігі мен іскерлігін әлдеқашан ел мойындаған. Бірде сексеннің сеңгіріне шыққан анам үйге оңтүстіктен белгілі сыншы, профессор Құлбек Ергөбек келгенде алдымен елдің амандығын сұрады да, «Бердібек аман ба?» деді. Әңгіме-дүкен барысында мамам: «Бердібек біздің әрбір үйіміздің бір баласындай болып еді, Бердібек теледидарға шықса, «е, ел аман, жұрт тыныш екен ғой» дейтінбіз, оңтүстігің біздің Бердібектің қадіріне жетіп жатыр ма?» дегені әлі есімде. Мамамның осы сөзін Құлбек ағамыз әлі күнге таңданыспен айтып та, жазып та келеді.

Кедендік бақылау комитетінде басшы болған уақытында, қызметке қабылданатын адамдармен сұхбаттасу кезінде Бердібек Сапарбаев: «Қандай көркем әдебиетті оқыдың? Шерхан Мұртазаның қандай шығармасын біле­сің? М.Әуезовті оқыдың ба? Әбіш Кекілбаевтың еңбектерін ата?» деп сұрайтыны аңыз болған еді. Қазіргі Үкімет құрамында олардың шығармалары түгілі, аты-жөндерін білетіндер саусақпен санарлық екеніне иманым кәміл.

Еліміздің шығыс аймағын басқар­ған­да­ геосаяси ахуалдың тігісін жатқыза, ел­дік­ті түгендеуде орасан зор іс атқа­рыл­ды. Ең алдымен, әшейінде бізді «менсіне» бер­мейтін көрші ауылдың бала­лары бірі дом­быра тартып, бірі қазақ­ша ән айтып, үл­кен бетбұрыс жасауы да, басқасын айт­па­ғанда, өзі туған аймаққа Ұлы Абайдың ескерткішін орнату да үлкен ерлік еді.

Ақтөбеге әкім болғанда өнерпаз­дар­дың басын қосып, «Еленаның «Сыр еліме» сияқты неге Ақтөбені ардақтайтын ән, өлең жазбайсыңдар? Өнер адамдарының міндеті – елдің рухын көтеру» деген сөзін талантты құрбым Света Айтбаева айтып, тамсанған... Ақтөбедегі «Анаға – тағзым» орталығы қазіргі таңда барлық аймаққа үлгі көрсетіп отырған өміршең жоба. Дүниені жалмап бара жатқан шығыстағы көршімізден мемлекеттік тіл – қазақ тілін талап етуі де, алып аждаһаға қойылған алғашқы тойтарыстай көрінді маған.

Халық – ненің артық, ненің кем екенін, айқайлап айтпаса да, жазбай танып, жадында сақтайтын үлкен көз. Сондай халыққа тұтқа болу – нағыз сын. Оны да өз деңгейінде көтеру үшін тұлға болуы керек, адамға ел жүрегін жаулай алатын адалдық керек. Бердібек аға сол деңгейден көрінген шын мәніндегі тұлға, шынайы азамат еді... Оның жаны жәдігөйлік пен жалбақтықтан, кемдігүнгі бисымақтықтан алыс! Бірер күндік мансаптың әдепкіде бұрқырап, күні жеткенде бықси қалатын алдамшылығынан ада! Өкініштісі сол, бүгінгі біздің қоғам ата-бабамыздың «аруаққа тіл тигізбеу» секілді ұстанымдарын ұмытқалы қашан... Барлық ғұмыры мен жан-жүрегін елінің жоғын түгендеп, елдігін нығайтуға жұмсаған азамат ажал оғын құшқан күні-ақ жабыла жүндейміз-ай келіп...

Кейде осынау алапат уақытта елдің ел болып көгеріп отырғаны ешкімді руға, жүзге, жерге бөлмейтін, алаламайтын Бердібек аға секілді бірді-екілі азаматтардың арқасы шығар деп ойлаймын. Намысыңды жыртпақ түгілі, екі сөздің басын қосып айта алмайтын бүгінгі министрлер мен әкімдер болмысы бөлек Бердібек Сапарбаевты үлгі етсе, қане? Елдіктің қорғанындай болған осы азаматтығы үшін Бердібек ағаға тірілер қауымы рахмет айтсақ жөн еді.... Енді сіздей аға туар ма? Азаматтың бәрі сіздей болар ма? Кейінгі биліктегілер мен байшыкештер сіздей руханият үшін майданға түсер ме? Әй, қайдам!.. Қырық күн бұрын өзі құрысқан Астанадан, өзі жетілген Алматысына, көзі жұмылғанша жүрегі жоқтап өткен Бауыржанының қасына, қаншама халықты егілтіп, мына дүниенің жалған екенін тағы да дәлелдеп, қазақтың болмысы бөлек бір перзенті, рухымыздың жоқшысы Бердібек аға аттанып бара жатты... Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болғай!

Рухына – фатиха…

                                                             Елена ӘБДІХАЛЫҚОВА,

                               Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері