• RUB:
    5.44
  • USD:
    478.58
  • EUR:
    520.84
Басты сайтқа өту
Құрылтай 20 Шілде, 2023

Зиянға әуестік – жамандық жолы

341 рет
көрсетілді

Таяуда Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы: «Біз есірткіні қолдану, дайындау және тарату жолын кесіп, тамырына балта шабуымыз керек. Әйтпесе, бүкіл елдің болашағы бұлыңғыр» деп, қоғамды жамандықтан сақтандырды. Өкінішке қарай, жаһандық даму мен алуан түрлі байланыс жан һәм тән тазалығымен дүниеге мәлім қазақ даласына, оның бүгінгі ұрпағына осындай қиындық та әкелді.

Президент жастар арасындағы нашақор­лық мәселесіне ерекше тоқта­лып, былай деді: «Бұл мәселе мені қатты алаңдатады. Химиялық синте­тикалық заттар нарықта кеңінен сатылады. Қылмыстық топтар жастарды осындай заңсыз әрекеттерге тартады». Рас, әлеуметтік сауалдамалар қорытындысына қарасақ, бүгінгі жастар арасында эйфория мен жабайы сезімдерді қоздыратын дәрі-дәрмек қолдану етек алып барады. Бұл ретте Ішкі істер министрлігі мәліметтерінен жас буынның психотроптық заттарды, атап айтсақ, «трамадол», «этизолам», «кетамин» т.б. препараттарды қолданып жүргенін жиі оқимыз.

Үкіметтің 2023 жылы 20 нау­рыз­дағы №240 қаулысына сәйкес, қатаң бақылауға жататын есірткі құрал­дарының, психотроптық заттар мен пре­курсорлардың тізіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп бекітілді.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодесінің 296-бабында жоғарыда аталған дәрілік препараттардың заңсыз айналымы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатыны нақты жазылған.

Былайғы жұрт «бұл не дәрі?» деп сұрап жатады. «Трамадол» – орташа және қатты ауырсынуды жоюға арналған опиоидты топтағы дәрі. Дәрігерлер оны он­ко­логиялық науқастарға ғана бе­реді. Мұның үлкен дозасы есірткі ауа­нына сәйкес. «Этизолам» – өте ауыр науқастарда пайдаланылатын препарат. Мұның да есірткіге жақын уыты былайғы адамды тәуелділікке бейімдеп, соңы кесапатқа ұрындырады. «Кетамин» – медициналық тәжірибеде адам мен жа­нуар­ды анестезиялауға, ауырсынуын басуға жататын дәрі.

Қылмыстық орта «анестезия немесе К дәрумені» таблеткасын, «Кетамин» ұнтағын жиі пайдаланатыны мәлім. Ол адам ағзасында галлюцинация мен эйфорияны тудырады. Кетаминді бір рет пайдаланған жас оның әсеріне, шырмауы­на қалай ілінгенін білмей қалады.

Осы дәрі-дәрмектер қатаң бақыланса да, түрлі жолмен (әрине, шетелден ке­летін) қара нарыққа түсіп, тәрбиесіз өскен немесе жүгенсіз кеткен жас буынды адас­тырып жатыр.

Қазір ІТ-технологиялары мен смартфондар қаптаған сайын адамның көз жанары ауыра бастады. Мұны емдеуге де қуатты дәрілер керек. Соның бірі – «тропикамид» көз тамшылары. Бұл препарат тек сыртқы қолдануға арналғанына қарамастан, нашақорлар оны тамырға инъекция тәсілімен енгізіп, есірткінің әсерін алып жүр.

Дәрілік препарат қатарына ол Үкімет­тің 2021 жылы 10 маусымдағы №396 қаулысына сай енгізілген. Сондықтан «адамның өмірі мен денсаулығына зиянды заттардың тізбесінде» тұрса да, оны дәріхана дәрігердің арнайы рецепті негізінде ғана беріп жүр. Бұл тәртіпті бұзғандарға Әкімшілік құқық бұзушылық кодексі 426-бабының 1-бөлігіне сәйкес айыппұл түрінде әкім­шілік жауапкершілік көзделген. Жеке тұлғаларға – 70, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне – 130, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 200, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 1000 АЕК белгіленген.

Наркологтердің пікірінше, қауіпті тропикамидтің кең тарауына себеп –арзан және қолжетімді болуынан деп санайды. Әрине, бұл жерде ата-аналар мен мектептердің (басқа да білім, тәрбие орындарының) осы проблемаға сергек қарауы маңызды. Бізде қоғамдық бақылау мен адами бақылаудың арасын жүйелі үйлестіру жетпей жатады.

Тропикамид ағзадағы қанға еніп, ішкі ағзалар тіндерін ыдыратады. Осы «көз тамшыларын» қолданатын на­ша­қорлардың терісі бірнеше апта сары балауыздың түсіндей болады. Гемо­глобин мен қан қысымы күрт төмендеп, эпилепсиялық ұстамасы басталады. Жүрегі тез тозады. Аузы құрғап, көруі нашарлайды. Жарықтан қашады. Адам жартылай ессіз күй кешеді. Кешікпей бүйрек пен бауыр жұмысын тоқтатады, бұл өлімді жақындатады.

Нарколог мамандар ата-аналарды балаларына сергек және мұқият қарауға шақыруы тегін емес. Күйбең тіршілік қоғамның әр мүшесінің мәртебесін төмен­детпеуге тиіс. Ата-ана мектепке, оқу орны ата-анаға міндет артуы – өскен қоғамның қасиеті емес. Сондық­тан бәріміз ұл-қызымыздың дос-құр­быларын, тәртібін күн сайын бақылауда ұстағанымыз жөн.

2021 жылы 10 маусымда қабылданған Үкіметтің «Адам өмірі мен ден­сау­лығына зиянды, күшті әсер ететін зат­тардың тізбесін айқындау туралы» №396 қаулысы айқындаған тізімде «тро­пикамидті» бөлшек саудада сатуға тыйым салып, науқасқа беруді арнайы лицензиясы бар дәріханаларға ғана жүктеді.

Есірткіге тәуелділер «басы айналып қалатын» дәрі-дәрмек тізімінде «зопиклон», «сомнол», «мидакс», «ли­рика» атты препараттар да бар. Оның бірі – ұйқысыздықты, екіншісі – көз қабы­нуын, үшіншісі – патологиялық ауру­ларды жеңілдету үшін шығарылған ме­дициналық дәрілер екенін білеміз. Бірақ «Ақымақтық – дауасыз ауру» дегендей, өзін де, өзгені де ойламай, от басып жүргендер үшін дәрінің уынан, зәрінен артық ештеңе жоқ.

Халқымыз «Жамандық айтып кел­мейді» десе де, бүгінде нашақорлыққа апаратын жол екінің біріне белгілі. Онымен күресудің ең үлкен тетігі – мұны болдырмау немесе себебін тез тауып, соған қарсы жүйелі жұмыс істеу.

2023 жылы 29 маусымда Үкімет «2025 жылға дейін нашақорлық пен есірткі бизнесімен күресудің кешенді жоспарын» қабылдады. Мемлекет басшысы өткен жылы 16 қыркүйектегі Жолдауында осы жоспарды тездетіп әзірлеуді тапсырғаны есімізде.

Президент сайлауалды бағдарлама­сында синтетикалық есірткінің таралуына қарсы күресті маңызды басым­дығының бірі ретінде көрсетуі тегін емес. Әділетті Қазақстан қоғамның сан саласына жарық түсіріп, адасқан жастарды жақсылыққа тарта бастағаны, есірткі шырмауындағы адамдарға да қол созып жатқаны белгілі.

Мемлекет басшысы жастар арасында есірткінің таралуын – «ұлт денсаулығына қауіп төндіретін проблема» деп атады. Бұл мәселені ерекше бақылауында ұстап, оған халықтың жіті назарын аударып, психолог, дәрігер, нарколог, педагог, заңгер т.б. мамандарға сенім артуы – қоғамға ортақ өзекті мәселені шешудің оңтайлы жолы.

Шырынбек Оңғаров,

Парламентаризм институтының қызметкері, заңгер