Мына дүрбелеңге толы шетсіз-шексіз дүниенің жаймашуақ сәттерінің бірінде бейтаныс кісілермен дидарласып, содан тіпті бір-біріңді көптен білетін адамдай тез тіл табысатын жандар болады емес пе? Оның бірі есіңде қалса, ал екіншісі аққан жұлдыздай із қалдырмай ұмыт қала береді. Әрине, бұл да табиғаттың адамға берген бір қасиеті болар. «Жылқы кісінескенше, кісі сөйлескенше» деген. Ойлап отырсақ, расында, сұхбаттасушыны сөз саптауынан, пайым-пікірінен қас пен көздің арасында танып-білуге болады екен.
Біз де Серікжанмен алғаш солай танысып-білістік. Серікжан деп отырғаным Семей мемлекеттік медицина университетінің хирургия кафедрасын ұзақ жылдар басқарған медицина ғылымдарының докторы, профессор Серікжан Исағалиұлы Ботабаев болатын. Енді сол азамат жайындағы кестелі ойымызды қалың оқырманға ұсынуды жөн көрдік.
Оның кіндік қаны тамған жері – қазіргі Жетісу өңірі, Ақсу ауданындағы Үлгілі ауылы. Әкесі өмір бойы мектепте ұстаздық еткен. Серікжанның да ауыл балаларын білімге шақырып, зейінін ашқан әкесі туралы айтары таусылмайды.
«Әке – балаға сыншы» деп қазақ орынды айтқан. Әкем болашақты ойлап, сол кезеңдердегі заман талабын ұғынып, мені көкірегі ашық, сауатты азамат болсын, орысша жетік білім алсын, өмірдің қалтарыс-бұлтарыстарына төселсін деп ниеттеніпті. Ауылдағы бастауыш мектептің 4-сыныбын тәмамдай салысымен 28 шақырым жердегі Матай стансасының теміржол бойындағы №258 мектеп-интернатына берді. Одан біз кем болмадық. Барынша білімге талпынып, қоғамдық іске ерте араласып, тиянақты оқуға тырыстық. Оқуды күміс медальмен бітірдім де, еш қиналмастан Семей медициналық институтының емдеу факультетіне оқуға түстім. Әкем жарықтық менің жағдайымды жасаймын деп туған жерінен сонау жырақтағы Семей өңіріне көшіп барғаны да бар. Кейін біліп жатырмыз ғой, оның осы ісі балаға, ұрпағына, яғни бізге деген шексіз қамқорлығы екен. Қарап отырсаңыз, әкемнің туған жер, өскен ортасын тастап, таныс-білісі жоқ қалаға қоныс аударуы ерлікпен пара-пар екен-ау. Қайран, әке көңілі, – дейді Серікжан сағынышын жасыра алмай...
– 1975 жылы Семей теміржол ауруханасында орналасқан Семей мемлекеттік медицина институтының жалпы хирургия кафедрасына интернатураға келдім. Ол жерде адал еңбегіммен көзге түсіп жүргенде мамандығыма деген сүйіспеншілігімді тәжірибелі аға дәрігерлер байқаған болуы керек, интернатураны бітіргеннен кейін хирург қылып жұмысқа қалдырды. Содан мен де әріптестерімнің сенімін ақтаймын деп аянып қалмадым. Күн демей, түн демей хирургияның қыр-сырын меңгеруге талпындым, шаршамай-шалдықпай білімімді жетілдірдім, білмегенімді тәжірибелі әріптестерімнен үйрендім. Талай кештерді ауруханалардың қабылдау бөлімдерінде, хирургиялық залдарда өткізгеніме еш өкінбеймін. Әрине, оңай болмады. Тәубе, менің бақытыма қарай ауруханада білімі терең, қолы жеңіл, жұмыс десе көзі оттай лаулап тұратын білгірлердің ортасына келдім. Олардың әрбірі менің хирург болып қалыптасуыма үлес қосты. Айтпақшы, менің әкем Исағалидың ағасы Түсіпқали елімізге белгілі профессор Қожахмет Шуақовпен рабфакта бірге оқыпты. Біздің ауылға қонаққа келгенінде мен тәй-тәй басып жүрген кішкентай сәби екем. Сол Қожахмет атамыз мені көкке көтеріп тұрып: «Балақай, өмір жолың жарқын, болашағың зор болсын!» деп маңдайымнан сүйіп бата беріпті. Сол кісінің батасы оң болып, мен медицина саласынан бақытымды таптым», дейді Серікжан өзінің тағдыры мен кәсібі жайлы терең толғанып.
Иә, қазақ «ерінбеген етікші болады» деп бекерден-бекер айтпаған. Медицинада, оның ішінде хирургия саласында шеберлік маңдай термен, қажырлы еңбекпен, тынымсыз ізденіспен келетінін бәріміз білеміз. Ғалым-дәрігер сол ізденістің арқасында медицина институтына қызметке шақырылып, оқу орнының клиникалық жұмыстары жөніндегі проректоры қызметіне тағайындалған. Институттың қосымша жалпы хирургия кафедрасының меңгерушісі болды. Содан бері, яғни 2004 жылдан С.Ботабаев осы кафедраны басқарып, қалалық жедел жәрдем ауруханасының хирургия бөлімшелеріне түскен науқастарды емдеп, хирургиялық операция жасаудан шет қалған емес.
Профессор С.Ботабаев Екатеринбург медицина университетінің профессоры И.Д.Прудковтың хирургиялық клиникасына барған. Сол сапарда шағын лапаротомия арқылы өт жолдарына ота жасау әдісін меңгеріп, Семейге оралғаннан кейін, уақыт оздырмай қалалық жедел жәрдем ауруханасына жаңашылдық енгізді. Сөйтіп, әріптестерімен тізе қоса еңбек етіп, әлгі «Лига-7» аспабының көмегімен 2000-нан аса күрделі хирургиялық операция жасады. Осыдан бөлек, күн сайын 2-3 күрделі хирургиялық операция жасап, ауруы асқынып, жанын шүберекке түйіп келген науқастардың құлан-таза айығып кетуіне септескен сәттері – өз алдына бөлек әңгіме.
...Семейге жол түсіп, жеткен күннің ертеңіне: «Серікжан, Семей өңірі – тарихқа бай өлке. Сондықтан оны кейде, тіпті, «ұлылар мекені» деп те атаймыз. Абай, Шәкәрім, Мұхтар және басқа қаншама белгілі азаматтар осы өңірде дүниеге келіп, қазақтың кім екенін әлемге мәшҺүр етті. Уақыт табылып жатса, сол ұлы Абай мен Мұхтар дүние есігін ашқан Абай ауданындағы Бөрілі мен Жидебайға барып қайтсақ дұрыс болар еді», деп өтініш жасадым. Ол ұсынысыма сөзге келмей келісті. Диссертациялық кеңестің отырысынан кейін екі автокөлікпен сол «Ұлылар мекеніне» жол тарттық. Жол бойы Серікжан аймақтың тарихын, шежірелерін, жергілікті ақындардың өлеңдерін тізбектеп, бізді тәнті етті. Бара-бара, тіпті, Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа айтқанда, қасымыздағы мына кісі хирург емес, әдебиетші ме деп таңданыстық.
Профессор С.Ботабаев КСРО және Қазақстан Республикасы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісі, Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің және қалалық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен қоса, Денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен марапатталған. Сондай-ақ Семей мемлекеттік медицина университетінің 55 жылдығында ғылыми кеңестің шешімімен «Алтын қандауыр» белгісін иеленді. 2014 жылы «Денсаулық сақтау қызметіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, 2017 жылы «Ерен еңбегі үшін», 2020 жылы «Еңбек ардагері» медальдарымен наградталды. Бұл марапат-мадақты тізбелей берсек, таусылмастай... Десек те, бұл – профессор С.Ботабаевтың ел алдында еңбегінің еленіп, құрметке бөленіп отырғанының бір белгісі.
Секең, Серікжан Исағалиұлы көңіл жарастырып отау құрған қосағы Күлән екеуі Айнұр, Еділ мен Жайық атты ұл-қыз өсіріп, бүгінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған өнегелі отбасы. Қызы Айнұрдан екі немере, ал Еділден бір немере сүйіп, олар көз қуанышына айналуда. Әке жолын қуған Айнұр мен Еділ Семей медициналық институтында білім алған. Қазір медицина ғылымдарының кандидаттары. Денсаулық сақтау саласында қажырлы еңбек етеді. Үлкен ұлы Еділ Астана қаласындағы Ұлттық кардиохирургия орталығында бірнеше жыл тәжірибе жинақтап, кандидаттық қорғап, бұл күндері Өскемен қаласындағы кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі қызметінде. Ол – жыл сайын жүздеген науқастың жүрегіне операция жасап, ел алғысын арқалап жүрген «қолы алтын» жас маман. Ал кіші ұлы Жайық университет бітіріп, экономист-қаржыгер мамандығын алып, қазір Астанадағы банктің бірінде еңбек етеді.
Біз білетін Серікжан әріптес досымыз қазірдің өзінде заман ағымынан қалмай, көптеген хирургиялық жаңалықты тәжірибеге енгізіп, жастарға жақсы тәлімгер, үлгілі ұстаз болып жүр. Алқалы басқосуларда өмірде көрген-білген тәжірибесін, көңілге түйген ойларын көпшілікке айтып отырады. Орыстың ұлы жазушысы Лев Толстой: «Білім талантты адамды жуасытады, орта адамды таңырқатады, ал күйкі адамды ісіріп, кептіреді», деген екен. Республикамыздың хирургтер қоғамы алдында беделі биік, өз ортасында абыройлы профессор Серікжан Ботабаев қарапайымдылықтан еш ажыраған емес. Басқалар тәрізді жалы күжірейіп, көкірек керіп, кекірейгенін байқамаппыз. Сірә, оны сый-құрметке бөлеп жүрген осы бір ерекше асыл қасиеттері мен мамандығының шын майталманы болғаны шығар.
Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор, Журналистер одағының мүшесі