• RUB:
    4.73
  • USD:
    511.22
  • EUR:
    540.05
Басты сайтқа өту
Қоғам 26 Шілде, 2023

Өркендеу индексі

169 рет
көрсетілді

Жаһанның өркендеу барысы кейінгі үш жыл қатарынан тоқырап тұр. Оның басты себебі – дүниежүзі елдерінде демократиялық үдерістердің нашарлауы. Бұл туралы британдық тәуелсіз Legatum институты 2023 жылғы Өркендеу индексінде (Prosperity Index 2023) жариялады. Әлемнің 167 мемлекетін және 99 пайыз халқын қамтитын аталған индекс 2006 жылдан бері жүргізіліп келеді. Қазақстан 2013 жылғы 84-орыннан көтеріліп, 2023 жылғы индексте 69-орынға жайғасты.

Индекс қоғамның әртүрлі ас­пек­тісі мен әлеуметтік әл-ауқа­тын есептеу үшін 12 санатты өлшейді. Оларға қор­ғаныс және қа­уіп­сіздік,  жеке бостандық, мем­лекеттік бас­қару, әлеу­мет­тік капитал, инвес­тиция мүмкіндігі, кәсіпті қолдау,  инфра­құрылым және нарық мүм­кіндігі, экономика сапасы, өмір сүру жағдайы, денсаулық сақтау,  білім беру, табиғи ландшафты жатады.

2023 жылғы Өркендеу индек­сін­де Дания тағы да көш басында тұр. Рейтингте одан кейінгі орынды Швейцария, Норвегия, Швеция, Финляндия секілді мемлекеттер жалғастырды. Ал бізге көршілес Орталық Азия елдері көштің орта­сынан төменірек орналасқан – Қырғызстан 89-орын, Өзбекстан 97-орын, Түрікменстан 105-орын және Тәжікстан 110-орын.

Индекстегі санаттар бойынша Қазақстанда білім беру (35-орын), экономика әлеуеті (38-орын) және өмір сүру жағдайы (53-орын) жақсы дамыған. Еліміздегі әлсіз санаттар қатарына жеке бос­тандық, табиғи ландшафт (екеуі де 126-орын) және әлеу­мет­тік капитал (108-орын) жатады. Ал қалған көрсеткіштер бо­йынша мемлекетіміз ортаға жа­қын орналасқан, оның ішінде инвес­­тиция мүмкіндігі – 74, денсау­лық сақтау – 77, қорғаныс және қауіп­­сіздік – 81, кәсіпті қолдау – 83, инфра­құрылым және нарық мүм­кін­дігі – 91, мемлекеттік басқару 99-орында.

Индексті талдай келе, әлем хал­­қының негізгі қажеттіліктері то­лық қамтамасыз етіліп жатқанын көре аламыз. Кейінгі онжылдықта адамзаттың тамақтану, баспана секілді өмір сүрудің ең қарапайым қажет­тіліктерін қамтамасыз ету жақ­сарды. Сонымен қатар адам­ның өмір сапасының артуына тіке­лей әсер етуші білім деңгейі де әлем бойынша жақсарды, әсіресе жоғары білім сапасы мен ересек адамдардың дағдылары күшейген. Пандемиядан кейін денсаулық сақтау санатындағы көрсеткіштер де барлық елде жақсарды. Қазіргі өлім деңгейі 10 жыл бұрынғыдан әлдеқайда төмен.

Өркендеу индексіндегі демократия және азаматтық бостан­дық­тың нашарлауы – әлемдік үрдіс. Бұл туралы түрлі зерттеу орталығы мен сарапшылар жазып жүр. Демократияның әлсіреуін Еуро­паның біршама елінен де аң­ғаруға болады. Адамзаттың ер­кіндік құндылығы өмір сапасын анықтайтын негізгі көрсет­кіш­тер­дің бірі.

Жоғарыда жазылғандай, ахуал азаматтық қоғам бостандығына да қатысты. Өйткені кейінгі онжыл­дықта 108 елде бірлестік пен сөз бостандығына және ақпаратқа қол жеткізуге деген қысымның кү­шеюі жағдайында жеке бостан­дық көрсеткіші төмендей бастаған. Түрлі цензураның қалыптасуы бүкіл әлемде, соның ішінде демократияны ұстанатын елдерде кең таралған.

Индекстегі көш басында тұр­ған ең дамыған елдердің жағ­дайы жақсы болғанымен, кейбір кем тұстары да бар. Мысалы негізгі эко­номикалық өзгеріс­тер­ге бейім­де­ле алмау сал­дарынан жұ­мыс­шылар табысының тұра­лауы мен төмендеуі байқа­ла­ды. Осының нәтижесінде азаматтар арасында «артта қалу» сезімі күшейіп, аза­мат­­тардың өз үкіметінің жұмы­сына қанағаттанбауы мен популизм көрсеткіші артып отыр.

Дамыған елдердегі әртүрлі эконо­микалық траектория әлеу­меттік капиталдың азаюымен үй­леседі. Саяси институт­тар­ға се­німнің төмендеуі либерал де­мо­кратияның негізгі сипат­тама­ла­рының – ізгілік, қауым­дас­тық және ұлттық бірегейліктің – құл­дырауына әкелді. Дегенмен әлемнің көп бөлігінде әлеуметтік капитал өсіп келеді. Бұл адамдарға инклюзив қоғамда өмір сүруге мүмкіндік береді.

Қорытындыласақ, индекс­те көр­сетілгендей пандемиядан кейін әлемнің тынысы өзге­ріп, дамуы тежеле түскен. Өр­кен­­деуде өлшеу санаттарының кейбір көр­сет­кіштері дамып, бір бөлігі на­шар­лағанын көруге болады. Қазақ­станда, жалпы ал­ғанда, даму үрдісі бар және әлі де өсу әлеуетіне ие, оның ішін­де экологиялық мәселе мен жеке бостандық санаты бо­йынша бір­не­ше шешуші қадам еліміздің көр­кеюіне серпін береді.

 

Сүйіндік ҚАБЫЛ,

Қазақстан қоғамдық даму институтының сарапшысы