Батыс Қазақстан облысында шаруа қожалықтары дабыл қағып жатыр. Облыс аумағында 1,3 млн га жер киік табанының астында қалып, зардап шеккен. Өңірдегі шаруалар жайылым мен шабындық, кей жерде тіпті егіс алқабы бүлінгенін айтады. Шұғыл түрде республика бюджетінен көмек болмаса, биылғы қысқа қажетті мал азығы жиналмайын деп тұр.
Алқапты таптап тастады
Батысқазақстандық шаруалардың кейінгі жылдары есепсіз көбейіп кеткен киіктен зардап шегіп, ашынған дауысы талай жерге жеткенімен, әзірге нәтиже болмай тұр. Жалпы, әлем бойынша жойылып бара жатқан ақбөкен саны Ақжайық өлкесінде мөлшерден тыс өсіп кетті. Ғалымдардың биологиялық негіздемесі бойынша Орал популяциясындағы киіктің оптималды саны 500 мың бастан аспауы керек. Ал қазір биылғы төлін қосқанда өңірдегі ақбөкен саны 2 млн басқа жетіп қалған.
«Біздің облыстың Ақжайық, Бөкей ордасы, Жаңақала, Жәнібек, Қазталов, Тасқала және Бәйтерек аудандарындағы 8 млн гектардан аса аумақты киік жайлап жүр. Кейінгі жылдары қолға алынған қорғау шараларының нәтижесінде киік саны жылына орта есеппен 40 пайыздан аса көбейіп, 1 млн 130 мың басқа жетіп отыр. Биылғы төлді қосқанда бүгінде киік саны кемінде 1,8 млн басқа жетіп отыр деген болжам бар», дейді Батыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашев.
Әрине, мемлекет қорғауына алынып, қанша қаражат жұмсалған соң киіктің көбейгені де дұрыс. Бірақ табиғи ара салмақ бұзылып, миллиондаған киіктің табаны астында жайылым, шабындық және егіс алқаптары тапталып, суат жетіспейді, мұның зардабын жергілікті халық, шаруалар тартып отыр.
Рүстем Мүлкәйұлының айтуынша, Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев тапсырма беріп, киік келтірген залал көлемін есептеу үшін әр ауданда комиссия құрылған екен. Бұл комиссия әрбір шаруашылықтың тартқан шығынын есептеп акт жасақтап, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынып отыр.
«Қазіргі есеп бойынша биыл облыс аумағында киіктер 1 289,7 мың га алқапты таптап, 1 207 шаруашылықтың егістігі, шабындығы мен жайылымына залал келтірілген. Бұл залалдың көлемін Ауыл шаруашылығы министрлігіне әлсін-әлі ұсынып отырмыз», дейді Р.Зұлқашев.
Үміт – үкіметтік өтемақыда
Қазақстан заңдарында киік келтірген залалды өтеу бойынша бекітілген әдістеме жоқ екен. Батыс Қазақстан облысы әкімінің көмек сұраған хаттары Ауыл шаруашылығы, Экология және табиғи ресурстар министрлігінде жатыр.
«Биыл маусым-шілде айларында киік миграциясы Жаңақала ауданы аумағында жүрді. Қазіргі уақытта 122 шаруа қожалығы ақбөкеннен зардап шеккенін дәлелдеп, 125 акт жасап тапсырды. Киік тұяғына тапалған жер – 130,6 мың га. Барлық құжатты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына жолдадық», дейді Жаңақала ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев.
Түз тағысынан ең көп зардап шеккен өңірдің бірі – Қазталов ауданы. Ауданда арнайы құрылған комиссия 204 шаруа қожалығының жалпы аумағы 202 794,25 га жерді киік бүлдіргенін анықтаған. Мұның ішінде жайылым – 200 148,6 га, шабындық – 2 512,5 га, егістік – 125 га және бау-бақша – 8 га.
«Біздің ауданнан Ақпәтер, Қараоба, Қошанкөл, Тереңкөл, Бостандық, Қайыңды, Қарасу, Жаңажол, Қазталов, Талдыапан және Бірік ауылдық округтері қатты зардап шекті. Мал жайылымынан 100 пайыз айырылып қалған ауылдар бар. Біз қалыптасқан жағдайды қағазға қаттап, дәлелдер мен деректерді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына және Парламент Мәжілісінің депутаты Абзал Құспанға жолдадық», дейді Қазталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов.
Депутат демекші, жазғы еңбек демалысына шығып, елге келген депутат Абзал Құспан шаруалардың шағымына байланысты Батыс Қазақстан облысының оңтүстік аудандарын түгел аралап, халықпен жүздесіп қайтқан.
«Жағдайды өз көзіммен көрдім, алаңдауға негіз бар. Биылғы жаздың өзі жиі құбылып, бірде ыстық, бірде жаңбыр алмасып тұр. Көпті көрген қарттардың айтуынша, алдағы қыстың да тосын сыйы аз болмайтын сияқты. Қазақтың талай ғасыр сыналған Қоян жылы келе жатыр. Ал жергілікті шаруалар қысқа қажетті мал азығын жинай алмай отыр. Жайылым жұтаң, мал арық. Шабындық тапталған, шөп жоқ. Батыс Қазақстан облысының шаруаларына республика бюджетінен қолдау керек. Әйтпесе жұт болып, мал қырылғалы тұр», дейді Абзал Темірғалиұлы.
Қамыс-Самарда су тапшы
Көпшілік Орал популяциясындағы киік санының кенеттен күрт көбейіп, көзге күйік болғанын түсінбейді. Оның себебі де бар.
«Бұрын киіктің «атақонысы» Жаңақала ауданындағы Қамыс-Самар көлдері маңында, сондай-ақ Бөкей ордасы мен Тайпақ жерінде, сосын Капустин Яр әскери полигоны орналасқан Нарын құмында болды. Бертін келе ол аумақтарда өзен-көл тартылып, тоғандар кеуіп қалды. Қуаңшылық салдарынан суат іздеген киік өзен жағалап жоғары өрледі. Биыл тіпті киіктің бір бөлігі Ресей жеріне өтіп кетті. Біз киікті табиғи ареалына қайтару үшін бұрынғы мекендеген жеріне су жіберуге, шөлейт аймақтарды суландыру жүйесін жаңғыртуға көңіл бөлуіміз керек. Ақбөкендерді ату не аулау арқылы түйткілді түбегейлі шеше алмаймыз. Дала жануарының біз білетін тарихи мекеніне оралуына ықпал етуіміз қажет, ол үшін суат жасау – кезек күттірмейтін міндет», дейді ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Табылғали Сапаров.
Т.Сатқалиұлы бұл ұсынысты бірнеше жылдан бері көтеріп келеді. Оның айтуынша, облыс- тағы Сарыөзен суын Бөкей ордасы аумағына жаңа су құбыры арқылы жеткізуге болады. Ал Сарыөзенді Қараөзен суымен, ал Қараөзенді Жайық суымен толықтыруға болады. Сондай-ақ Киров-Шежін су магистралі арқылы Жайықтан Қараөзенге тәулігіне 600 мың текше метр су құюға болады екен.
Айта кетейік, биыл Нарын құмына шектесіп жатқан Қамыс-Самар көлдеріне су жіберу аз да болса қолға алынды.
Халық киіктен пайда көруі керек
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан елмен кездесу барысында жергілікті халықтың киік мәселесінде шыдамы таусылып, әбден ашу-ызаға толғанын байқаған.
«25-27 мамыр күндері Астана қаласында киік мәселесі талқыланған үлкен жиын болды. Оған Бонн конвенциясы, NABU (Герман табиғатты қорғау бірлестігі) сынды халықаралық ұйымдар өкілдері, шетелдік университеттер профессорлары мен зоологиялық қоғам мүшелері де қатысты. Сол жиында шетелдік мамандар «жергілікті халық киіктің пайдасын көруі керек, сонда ғана олар киікті қорғауға, жойылып кетуден сақтауға мүдделі болады» деген еді. Дәл қазіргі жағдайда біздің істеп отырғанымыз ақылға сыймайды. Бүкіл әлемде ерекше бағаланатын жануарды өсіріп, сақтап отырсақ та, одан тек зиян шегіп отырмыз. Халықаралық деңгейде сұраныс жоғары болғанына қарамастан, киік мүйізін пайдаға асырмаймыз. Экологиялық таза әрі арзан киік етін, терісі мен тұяғын да ел қажетіне асыруға болады. Мұның бәрі – бұрын болған, жүзеге асқан, тәжірибеден өткен тәсіл. Бұл мәселенің заңдық жағын Парламент қабырғасында талқылап, ақбөкенді қорғаумен және санын реттеп, өнімін өңдеумен айналысатын мемлекеттік мекеме құру мәселесін көтеремін», дейді депутат.
Мысал үшін айтсақ, Украинаның Аскания-Нова қорығы бірнеше жыл бұрын Қазақстаннан бірнеше киік сатып алып өсірген екен. Ал 2019 жылдан бастап әлемдік нарыққа, соның ішінде Қытайға киік мүйізін экспорттай бастаған. Әрине, қазіргі соғыс жағдайына байланысты жағдай өзгерген шығар. Бірақ дұрыс ұйымдастыра білсе, ақбөкеннің пайдасы шашетектен болатынына анық мысал осы емес пе?
Қисынға келмейтін кодекс
Дәл қазір Қазақстанда осы бір ғана киік мәселесінде бірнеше түйін пайда болды. Ақбөкеннің есепсіз көбейгенінен қаншама мәселе туды: не адамға пайда жоқ, не мемлекетке пайда жоқ, не шаруа қожалықтарына пайда жоқ. «Болашақта осы мәселені реттеп, бәріне де пайдалы етуге болады, – дейді мамандығы кәсіби заңгер Мәжіліс депутаты. – Әйтпесе, дәл қазір біздің әрекетіміз ақылға сыйымсыз, абсурдқа айналып кетті.
Қараңыз, киік мүйізі әлемдік нарықта аса жоғары бағаланады. Ал бізде 50 мың тонна мүйіз далада шіріп жатыр. Өйткені күзгі күйек маусымынан кейін және қыста ақбөкен текелерінің 70 пайызы қырылып қалады. Бұл – табиғи құбылыс. Қытай нарығында алтынмен бағаланатын осы мүйізге қызығып, даладан теріп алатын адам болса, Қазақстан заңымен қатаң сотталады. Қылмыстық кодекстің 339-бабы киік мүйізін жинаған адамды браконьермен, яғни сол ақбөкенді атып өлтірген адаммен теңестіреді. Ол адамға «табиғатқа зиян келтіргені үшін» деп миллиондаған теңге айыппұл салып, 5-7 жылға соттайды. Ал тәркіленген мүйізді сот шешімімен өртейді. Бұл – нағыз абсурд!».
Депутат осы сапарында Жаңақала ауданының Мәстексай ауылында сотталған 11 азаматтың отбасымен кездесіпті. Осыдан бірер жыл бұрын сотталып, ұзақ жылға бас бостандығынан айырылған бұл азаматтар далада жатқан киік мүйіздерін жинаған. Ешқайсысы киікті атпаған, өлтірмеген. Барлығы да көпбалалы отбасынан екен. 11 азаматтың артында кәмелетке толмаған 52 бала тірі жетім болып қалған.
Қазір Қылмыстық кодекс, Қылмыстық-процессуалдық және Қылмыстық атқару кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу үшін Парламентте талқыланып жатыр екен.