Сексен көлді омырауына сексен маржан етіп таққан Көкшенің бір мақтанышы – ну орманы. Өңірдің аумағы 14 613 200 гектар болса, орман қорының көлемі – 1 058 678 гектар. Биыл орманға ойламаған жерден қауіп төнді. Сыңсыған аққайыңға қырық буын құрт түсті. Титімдей жәндік мұншалықты жалмауыз бола ма? Мемлекеттік қор есебіндегі 3 633,1 гектар алқаптағы орманның жапырағын түк қоймай жеп қойды.
Тынымсыз ирелеңдеген кішкентай құрттар жасыл желекке əбден жауығып алған. Мамандардың айтуына қарағанда, қырықбуын түкті құрт таңсық жəндік емес, бұрыннан бар. Бітімі басқа болғанымен, пайда болуы, жаппай тарауы құдды шегіртке тəрізді. Оның да тұқымы алқап қойнауында жылдап жатады емес пе? Күндердің бір күнінде, өздеріне қолайлы шақ туғанда үдере бас көтермек. Қапелімде қаптаған қара шегірткеден құтылып көр. Биыл жаз ересен ыстық. Бəлкім содан ба екен, кейінгі жарты ғасырда жорыққа шықпаған қырықбуын түкті құрт қара бұлттай қаптап, түнере тұтасып, сұлу өлкенің басты байлығының бірі – орманды отап жатыр.
Тамырдан сəл жоғары, ағаштың түбінен бастап сонау ұшар басқа дейінгі жапырақ атаулыдан ырымға бірін қалдырмай тұтас, түгелдей жеп, жалаңаштап кетеді екен. Бойына ешқандай дəрумен мен минералдарды жапырақ арқылы алып, сіңіре алмаған ағаш лезде қурап, шіри бастайды. Жеткілікті көңіл аудармаса, тұтқиылдан келген қауіптің бетін қайтармаса, етек алып, жайылуы да, сау ормандарға жетіп тұқым салуы да əбден ықтимал. Ал Көкше қайыңдары жердің көркі ғана емес, өкпесі іспетті. Жалғыз Көкшеде ғана емес, бар жаһанда солай. Демек, ел дəулеті мен жер сəулетін сақтап қалу үшін қауырт қимыл қажет.
– Сыңсыған орман алқаптарын құрт басып бара жатыр. Мұның өзі – болашаққа деген үлкен қатер. Біздің Сандықтау ауданы ағашқа бай өлке. Бірақ қайың алқаптарын қырықбуын құрт жеп, тып-типыл етуде. Егер дəрілеп, зиянкестерден орманды арылтпасақ, жағдай ушыға бермек, оның ар жағы экологиялық апат деген сөз, – дейді Сандықтау ауданының тұрғыны Мұрат Тəшімов.
Жалғыз Сандықтауда ғана емес, өзге аудандардың орман алқаптарын да құрт жеуде. Айталық, Бурабай, Зеренді, Ерейментау аудандарында да дəл осындай жағдай қалыптасып отыр.
– Өңірдегі орманды алқаптардың жағдайы қиын болып тұрғаны рас. Орман шаруашылықтары бойынша айтсақ, бүгінгі таңда мынандай жағдай қалыптасып отыр. Мəселен, Маралдыда – 215,5 гектар, Отрадноеда – 898,8 гектар, Бұқпада – 450 гектар, Ақкөлде 14,2 гектар орман алқаптары бүлінген. Кіші Түкті, Ұрымқай, Сандықтау, Бурабай, Орманды бұлақ шаруашылықтарының аумағындағы орман алқаптарына да құрт түсіп отыр. Маусым айында қырықбуын құрты қайың мен көктерек ағаштарының жапырақтарын жеп кетті. Карантиндік фитосанитарлық сараптамаға сəйкес, бұл жəндік ерекше қауіпті зиянкестердің тізіміне кірмейді, – дейді облыстық орман шаруашылығы жəне жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Лашынтай Дүйсенов.
Инспекция басшысының айтуына қарағанда, қазір орманды жайлап кеткен құрт атаулыдан құтылудың шаралары жүргізіліп жатыр. Ең бастысы – химиялық өңдеу. Күні бүгінге дейін 1403, 8 гектар алқап өңделген. Оның ішінде Отрадное орман шаруашылығының 898,8 гектар алқабы жəне Кіші Түкті орман шаруашылығының 505 гектар орманы бар. Бұл жерлер «Флекс Эксперт» инсектицидімен тазартылған. Мамандардың айтуына қарағанда, қазір – қырықбуын құрттың дернəсілдерінің қуыршақтанатын уақыты. Ал негізінде орман зиянкестерінің жаппай таралуының алдын алу үшін алдағы жылдың мамыр жəне маусым айларында əуеден дəрілеу межеленіп отыр. Оған дейін қанша орманның жапырағы желінетіні белгісіз.
Маралдыда – 215,5 гектар, Отродноеда – 898,8 гектар, Бұқпада – 450 гектар Ақкөлде-14,2 гектар орман алқаптары бүлінген. Кіші түкті, Ұрымқай, Андықтау, Бурабай, Орманды бұлақ шаруашылықтарының аумағындағы орман алқаптарына да құрт түсіп отыр.
Күзде облыстың орман шаруашылықтары бірлесіп, ағаштағы зиянкестердің жұмыртқаларын қырып түсірмек. Ағаш діңін өңдеу жоспарлануда. Республикалық фитосанитарлық диагностика жəне болжам əдістемелік орталығымен бірлесе отырып, қырықбуын құрттарының таралу аумағына мониторинг жүргізілмек. Орманды зиянкестерден қорғауға 24,8 млн теңге қаражат бөлініпті. Зеренді ауданының Кіші Түкті орман шаруашылығында – 150 гектар, Сандықтау ауданының Маралды орман шаруашылығында 200 гектар алқап өңделген. Əйтсе де, атқарылуға тиісті шаруа шаш-етектен. Оның барлығы түптеп келгенде көгілдір Көкшенің қымбат қазынасы – орманның зиянкестерден орны толмас жапа шегіп, ойсырап қалмауына бағытталуы керек. Биыл орманшылардың жарғақ құлақтары жастыққа тиген жоқ. Тұс-тұстағы орман өрті тыныштық бермеген. Біздің өңірде ғана емес, жалпы еліміз бойынша. Тілсіз жау да ну орманға тақсыретін төндіріп тұр. Осы жылдың 1 тамызына дейін өңірде 83 орман өрті орын алып, 4 083,9 гектар алқапқа зардабын тигізді. Дəтке қуаты қызыл жалынның сумаңдаған тілі орманы селдір немесе мүлде жоқ алқаптарда орын алды. Айталық, ел назарын аударған – Қорғалжындағы өрт. Аумағы біршама болғанымен, бұл жерде бұта мен қамыс күйді. Орман шаруашылықтары қамсыз отырған жоқ. Биыл 2001 шақырымды құрайтын минералданған жолақтарды қамтамасыз ету жоспарланған болса, ойға алған шаруа діттеген жеріне жетті. Осы арада өрт қаупі күшейген тұста арагідік орманшыларды да, жалпақ жұртты да əбігерге салатын қауіптің туындау себебін бірауыз сөзбен түйіндей кетсек, артықтығы болмас. Саралап қарасаңыз, орын алған орман өртінің 83 жағдайы белгілі болса, оның 47-сі найзағай түсуден екен. Сондай-ақ ерте көктемде ескі сабанын өртейтін ауыл шаруашылығы құрылымдарының да кінəсі бар. Қара қарғаның миы қайнайтын ыстықта орманды паналаған он сан жұрттың да кінəсін жоққа шығара алмайсыз. Кəуəп пісіріп, ас дайындау, қоламтаны мұқият өшіріп кетпеу тəрізді жаны ашымастық та тамаша табиғаттың ай дидарына кіреуке түсіруде. Талап күшейіп, заң қатайғанымен, иен байлықтан заңсыз еншімізді алып қалайықшы деп көз алартатындар арагідік кездеседі. Мəселен, осы жылы облыстық орман қоры аумағында 7 заңсыз ағаш кесу оқиғасы тіркелген. Олар 95,27 текше метр ағашты кесіп, орасан зор залалын тигізіп отыр. Əрине, заң бұзушылардың үстінен екі қылмыстық іс қозғалған, 724,5 мың теңге көлемінде үш əкімшілік айыппұл салынған, 764,8 мың теңге залалды өтеуге талап қойылған. Орман қорғаушылар табиғат қорғау заңнамасының бұзылуына жол бермеу үшін тұрақты түрде іс-шаралар ұйымдастыруда. Биыл 1 749 мəрте рейд жүргізіпті. Жергілікті жұртпен тілдесіп, орманның келер ұрпаққа қалар қазына екенін тілдері жеткенше айтып ұғындыруда.
Енді əуелгі тақырыпқа қайта оралсақ. Қазір көрген жанның көзін сүйсіндіретін Көкше ормандарын қырықбуын құрт күні-түні жеп жатыр. Ендеше, көктемді тосып отыратын несі бар, зиянкестердің тұқымын тұздай құрту жұмысын қазір бастасақ, ел байлығы ысырап болмас еді.