Өңірдегі білім саласында ұзақ жыл бойы шешімін таппай қордаланып қалған күрделі мәселелердің орын алғандығы белгілі. Мәселен, үш ауысымды және апатты жағдайдағы білім ошақтары. Биыл осы кемшіліктерден арылу үшін бірқатар тындырымды іс жүзеге асырылды.
Ата-аналар заман талабына сай жабдықталған, құрылысшы қалағынан жаңа шыққан, оқушылар үшін ыстық ұя – жаңа мектептердің пайдалануға берілуін тағатсыздана күтеді. Көнеден арылып, көптен күткен ізгі ой ілкімділіктің арқасында жүзеге асырылып жатса, шын мәнінде ілгерілеудің кепілі емес пе? Осы жылы Целиноград, Аршалы, Ақкөл аудандарында, сондай-ақ Көкшетау, Қосшы қалаларында 2092 орындық бес бірдей білім ордасы пайдалануға берілмек.
– Жаңа білім ошақтарын салу үш ауысымдық оқуды қысқартады, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Шоқан Оразалин. – Әсіресе Қосшы қаласы мен Аршалы ауданында мектеп жетіспей, қиындық туып тұрған болатын. Бұл арада қиындықтың туындау себебін сәл ғана тарқатып айта кетсек, артықтығы болмас. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын Целиноград ауданында 14 мың оқушы болса, бүгінде олардың саны 21 мыңға жетіп отыр. Астана төңірегіне қоныс аударушылар көп. Алдағы уақытта өңірде 18 жаңа мектеп салынады деп жоспарлап отырмыз. Облыстағы 536 білім ошағының 352-сі – шалғайдағы ауылдарда орналасқан шағын жинақты мектептер. Олардың да мәселесі шашетектен. Біз бұл тараптағы жұмысты жолға қойдық.
Бір қуаныштысы, оқушылар саны біршама өсіп келеді. Жаңа оқу жылында облыстағы 542 білім ошағында 137 мың оқушы білім алмақ. Оның 14 359-ы – бірінші сынып оқушылары.
Білім саласына қыруар қаржы қарастырылған. Айталық, өңірдегі 101 білім ошағын күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізуге 9,3 млрд теңге бөлініп отыр. Ұзақ жыл бойы күрделі жөндеу өткізілмеген 44 мектепке 8,6 млрд теңге бағытталған. Мердігерлер жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылына дейін тап-тұйнақтай етіп аяқтаймыз деп сендіріп отыр. Әйтсе де, жөнделіп жатқан мектептердің жетеуінде жұмыс уақтылы бітпей қалуы мүмкін. Мердігерлердің пікірінше, құрылыс материалдары қымбаттап кеткен. Ең бастысы, жарты ғасыр жөнделмеген кейбір ғимараттарды жөндеу барысында жоспарда көрсетілмеген қосымша жұмыс пайда болған. Ал ол біршама уақыт пен қаражатты қажет етеді. Егер үлгере алмай жатса, оқушыларды жақын маңдағы мектептерге уақытша тасымалдауға тура келеді.
Осы жылы облыстың аудандары мен қалаларында 5552 орындық 12 білім ошағының құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл мақсатқа 600 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Міне, осы уақытта саладағы қолбайлау күрт азайып, серпін алады деген үміт бар.
Білім ошақтарын кадрмен қамтамасыз ету де айрықша маңызға ие. Биыл облыстың білім беру ұйымдарына жоғары оқу орнын тәмамдаған 154 түлек келді. Әйтсе де, кадр тапшылығы әлі бар. Мәселен, білім ошақтарына 200-ге жуық мұғалім қажет. Мектеп оқушыларын ыстық аспен қамтамасыз ету жолға қойылмақ. Бұл жұмыс облыстың білім ошақтарының барлығында ілкімді ұйымдастырылып отыр. Осы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша облыстық мәслихат сессиясының шешімімен бастауыш сынып оқушыларын тегін тамақтандыруға қосымша 1,4 млрд теңге қаражат бағытталды. Жаңа оқу жылынан бастап 59 мың бастауыш сынып оқушысы тегін тамақтанады. Сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балалары да осындай қамқорлыққа бөленбек.
2023-2024 оқу жылдарында 1-2 сынып оқушыларына арналған «Цифрлық сауаттылық» пәні бойынша білім беруге қажетті электронды оқулықтар жеткілікті алынды. Сондай-ақ әдістемелік әдебиеттермен де қамтамасыз етілді. Инклюзивті білім беру бойынша оқулықтарды қосымша сатып алу жүргізілу үстінде. Мектеп кітапханаларының қорын сұранысқа ие, оқушыларға рухани нәр беретін көркем әдебиетпен толықтыруға 180 млн теңге қаражат бөлінген. Оқулықтар мен әдістемелік кешендерді сатып алуға 906,7 млн теңге бағытталған.
Өңірдегі колледждердегі білім алушылардың 80 пайызы тегін оқиды. Олардың саны 17 мың адамды құрайды. Жаңа оқу жылынан бастап мемлекеттік тапсырыс аясында 5800 мектеп түлегі қазіргі күні сұранысқа ие болып отырған мамандықтарды игере бастайды. Бір жақсысы, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың өтінімдеріне орай кәсіптік-техникалық колледждерге 500-ден астам білім алушы қабылданады. Өңірдегі кәсіптік-техникалық білім ошақтары 500-ден астам кәсіпорынмен ынтымақтасқан. Кәсіпорын мамандары білім беру бағдарламаларын әзірлеуге де қатыса алады. Білім алушыларды дуальды оқыту жүйесімен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыс та жалғасын таппақ. Бүгінгі таңда бұл жұмыстың аясына барлығы төрт мыңға жуық білім алушыны қамтитын 28 колледж енгізіліп отыр.
Ендігі бір мәселе – жатақхана. Шынтуайтында, бұл – әлі шешімін таппаған мәселе. Облыс орталығында 300 орындық 4 студенттік жатақхананың құрылысы жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс аяқталғаннан кейін ауыртпалық жүгі жеңілдей түспек.
Саладағы серпінді шаруаның арқасында қиын түйіннің күрмеуі шешіліп келеді. Ең бастысы, ел болашағы жас толқынның заман талабына сай берік білім, тәлімді тәрбие алуына толық мүмкіндік бар.
Ақмола облысы