• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Өнер 21 Тамыз, 2023

Табиғатпен үндескен қолтаңба

3738 рет
көрсетілді

Еліміз орнықты дамуға күш сала отырып, экологиялық мәселелерді шешуде алдыңғы қатардан көрініп келеді. Өйткені Қазақстанда табиғатқа жауапкершілікпен қараудың маңызы ескерілген. Осы орайда өнердің экологиялық сананы қалыптастырудағы рөлі біз үшін ғана емес, болашақ ұрпақ үшін де үлкен. Соның ішінде суретшілердің өз шығармашылығын экология тақырыптарына бағыттауы планетамыздың тамаша болашағын орнатуға елеулі үлес болып қосылары анық.

Белгілі қазақстандық график-дизайнер Сәуле Бексұлтанова дизайн мен өнерді тамаша үйлестіреді. Оның портфолиосының үлкен бөлігін табиғаттың жарқын көріністері, әсіресе жануарлар әлемінің сұлулығы құ­райды. Оның линогравюра мен цифрлық өнердің үйлесімі болып саналатын инно­ва­циялық жұмысы айтуға тұрарлықтай.

Сәуленің графикалық жұмыстар сериясы симметриялы дөңгелек композициялы фрак­талдар түрінде берілген. Фракталдар бір-бірінің үстіне қойылған табиғаттың әртүрлі линогравюра элементтерінен тұрады. Олар – жа­нуарлар мен өсімдіктер әлемінің өкілдері. Бұл серия көптеген халықаралық заманауи өнер көрмесінде жұртшылық назарына ұсынылған. Мәселен, «Forest Fractal 7» жұмысы биылғы маусым айында Лондон мен Афинада өткен The Holy Art «Art On Loop London-Athens» көрмесінен орын алды. Ал «Meadow Flora Fractal 2» жұмысы өсімдіктер әлеміне арналған әйгілі канадалық Exhibizone «Gardenia 2023» көрмесіне қойылды.

Сәуле Бексұлтанованың фракталды шығармаларға бай өнері табиғат шежі­ре­сін аша түседі. Әр жұмысы Жер био­сфе­ра­сындағы өзара байланысты бейнелей оты­рып, оның экожүйелерінің нәзік тепе-теңдігіне баса назар аударады. Қалың орманнан құлазыған шөлге дейінгі әрбір табиғи мекен суреттеліп, өмірдің кең гобеленінде таптырмас құндылығымен танылады. Ол өз жұмысында табиғаттағы симбиотикалық қарым-қатынасқа ерекше мән беріп, флора мен фаунаның өзара терең тәуелділігін еске салады.

Жаһандық экологиялық мәселелер – кли­мат­­тық ауытқулардан бастап, ормандар­дың жаппай оталуына дейін кез келген сурет­ші­нің табиғат-ананы сақтау жолындағы перзенттік парызы. Бұл тақырып – Сәуле Бек­сұл­танованың жұмысының айнымас өзегі. Оның су сериясы су ресурстары мен сулы жерлерді сақтаудың қажеттілігін санаға сіңіреді. Сондықтан «Ocean Fractal» және «See Fractal» жұмыстары осы жылдың маусым айында АҚШ-тағы Colors of Humanity Art Gallery жыл сайынғы су көрмесінде келушілер назарын аударды. Осы атау­лы көрмеге Канада, Қытай, Германия, Үндістан, Ирландия, Жапония, Қазақстан, Ни­дерланд, Польша және Оңтүстік Корея сияқты 11 елдің суретшілерінің жұ­мыс­тары қойылды. Бұл жыл сайынғы іс-шараның ұйымдастырушылары Сахараның оңтүстігіндегі Африкадағы таза су мен тиісті санитарияға қолжетімділіктің жоқ­тығынан орынсыз зардап шегетін қауым­дарға тұрақты су шешімдерін ұсынатын коммерциялық емес The Water Project ұйы­мына қайырымдылық жасайды.

Осындай жобаларға қатысу Сәуле Бексұл­та­нованың шығармашылығын еліміздегі қоршаған ортаны қорғауға серпін беру бағы­тын­да жалғастыруға шабыттандыра түседі. Осындай экологиялық жобаларға қаражат жинауды көздейтін өнер жобалары көбейе түссе, нұр үстіне нұр.