• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 29 Тамыз, 2023

Саяси реформаларға жол ашқан

170 рет
көрсетілді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жалпыұлттық референдум арқылы Қазақстан Республикасының Конституциясына түбегейлі өзгерістер енгізілгеніне бір жылдан астам уақыт өтті. Ұсынылған 56 түзетуді дауыс беруге қатысқан Қазақстан азаматтарының 77,18 пайызы қолдап, жаңартылған Ата Заң халық мүддесін көздеген игі істерге жол ашты.

Ең басты өзгеріс Қасым-Жомарт Тоқаевтың тәуелсіз елі­міз­ді демократиялық жолмен да­мытуда үлкен кедергіге айна­лып, кейінге тартқан, ұлттық бай­лықтың тең жартысын аттөбе­лін­дей азғантай топтың ием­денуіне, жаппай сыбайлас жем­қор­лық індеті жайылуына әке­ліп соққан суперпрезиденттік жүйеден өз еркімен бас тартуы бол­ғаны анық. Оның орнына «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасы ұсынылып, іске асырыла бастады. Соның бір айғағы – Президент мандатының ұзақтығы  7 жылдық бір мерзіммен шектеліп, қайта сайлануға тыйым салынғандығы. Бұл аса маңызды конституциялық өзгеріс туралы былтырғы 1 қыркүйекте жа­риялаған «Әділетті мемле­кет. Біртұтас ұлт. Берекелі қо­ғам» Жолдауында Мемлекет бас­­­шысы: «Бұл бастаманың негізі қандай? Бір жағынан, 7 жыл – кез келген ауқымды бағ­дарламаны жүзеге асыру үшін жеткілікті кезең. Екінші жа­ғы­нан, Президент мандатын бір мерзіммен шектеу Мемлекет бас­шысының жалпыұлттық да­му­дың стратегиялық міндет­те­рін шешуге барынша жұ­мыл­уын қамтамасыз етеді.

Мен ұсынып отырған консти­ту­­циялық жаңалық билікті мо­­но­­полизациялау қаупін ай­тарлықтай азайтады. Дәл осы се­бепті, мен Президентті бір мер­зімге ғана сайлау нормасын енгізуді ұсынып отырмын. Жаңа президенттік жүйе саяси тұ­­ра­қ­тылықты нығайтып, қоғам­дық құрылыстың қазақс­тандық үлгісін орнықтырады», деді.

Пайымдап қарасақ, тіпті де­мо­кратияның даму шыңы саналатын АҚШ пен Еуропа елде­рін­де мемлекеттердің бірінші басшыларының екі мәрте сайлануына рұқсат етілгендіктен, олардың қайсыбірі келесі сай­лау қамымен кейде саяси популизмге ұрынып жүр. Мұн­дай сайлаушыларға ұнауды көз­дейтін әрекеттің кез келген мемлекеттің орнықты даму мүд­де­сіне сәйкес келуі неғайбыл. Сондықтан да бә­ріне әділ төреші – уақыт қо­ғам­дық құрылыстың қазақ­стан­дық үлгісінің артық­шы­лы­ғын көрсетеді.

Жаңарған Негізгі заңда Мем­­лекет басшысының жақын туыс­тарының мемлекеттік саяси қызметшілердің, квази­мем­ле­­кеттік сектор субъектілері бас­шы­ларының қызметтерін ат­қа­­руы­на тыйым салынғаны да суперпрезиденттік жүйеде жол берілген келеңсіз құбылыстарды болдырмауға бағытталып, Прези­дент жария еткен Әділетті Қа­зақ­­станды құру жолындағы маңызды қадам ретінде бағала­нып отыр. Осы ретте Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Бол­гарияда Қазақстанның Тө­тен­ше және Өкілетті елшісі болып істейтін жақын туысын қызметінен босатқаны оның сөзі мен ісінің арасында алшақтық болмайтынын аңғартқандай.

«Жер тағдыры – ел тағдыры» деген сөздің мағынасы терең. Былтырға дейін Конституция бойынша жер және оның ресурстары мемлекеттік меншікте болып келді. Бұл жоғары лауазым иелерінің жер мен қаз­ба байлықтарды пайдалану мә­селелерін жұртшылықпен ақылдаспастан, өз қалауынша шешуіне мүмкіндік беріп, мұның аяғы кейде халық наразылығын туғызғаны мәлім. Қарапайым адамдардың: «Еліміздің жерінің үсті де, асты да – тұнған байлық. Тәуелсіздіктің арқасында алдағы уақытта мұнайымен байыған Қатар мемлекетінің халқы сияқты молшылықта өмір сүреміз», деген ортақ арманы елдің жағдайын ойламай, қара басының қамын күйттеген шенеуніктердің сы­бай­лас жемқорлығының құр­бан­дығына шалынған. Осы ретте Мемлекет басшысы: «Халық­аралық сарапшылар Қазақстан бай­лығының жартысы 162 адам­ның ғана қолында екенін растап отыр. Осы ретте халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес. Бұлай жіктелу мен теңсіздіктің қауіпті екенін айтқан болатынмын. Жағдайды дереу өзгерту керек», деген еді. Осыған орай, Ата Заңның 6-бабының 3-тармағы: «Жер жəне оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар халыққа тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады», деп өзгертілді. Бұл еліміздің табиғи ресурстарының игілігін олардың заңды иесі – халық та көретін кез туды деген сөз. Соның басы ретінде Мемлекет басшысы «Әді­л­етті мемлекет. Біртұтас ұлт. Бе­ре­келі қоғам» Жолдауында «Ұлттық қор – балаларға» бағдар­ламасын іске асыру бастамасын көтерді.

«Біз Ата Заңымызда жер мен табиғи ресурстар халықтың меншігі деген басты қағидатты бекіттік. Бұл – құр сөз емес. Бұл – барлық реформаның арқауы. Әрбір отбасы еліміз пайдаланып жатқан ұлттық байлықтың игілігін көруі керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылы­ның аясында «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағ­дарламаны жүзеге асыру өте маңызды деп санаймын. Ұлт­­тық қордың жыл сайынғы инвес­тициялық табысының 50 пайызын балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударуды ұсынамын. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Бұл қаражат өскелең ұрпақтың үлкен өмірге қадам басуына мүмкіндік береді. Қор, шын мәнінде, ұлттық мәртебеге ие болып, халқымыздың игілігіне қызмет етеді. Бастаманы мұқият әзірлеу қажеттігін ескере отырып, жобаны 2024 жылғы 1 қаңтардан жүзеге асыра бастау­ды тапсырамын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Үкімет пен Ұлттық банктің есебі бойынша әр бала 18 жасқа толғанша оның шотында кемінде 3 мың АҚШ долларына тең қаражат жиналуға тиіс. Ал елі­міз­де жыл сайын 400 мыңдай сәби дүниеге келетінін ескерсек, мемлекет бұл бағдарламаға қы­­­р­уар қаржы бөлмекші. Мұның өзі қа­рапайым адамдардың бір кез­де­гі Қатар мемлекетіндегідей бақуатты өмір сүру туралы ортақ ар­манын естеріне түсіріп, олар ер­теңгі күнге үкілі үмітпен қарап отыр.

Конституциялық реформаға сәйкес елімізде мажоритарлық сайлау жүйесі қайта енгізілгендігі – қо­ғамды демократияландыру жо­лындағы ілгері басқан қадам екендігі даусыз. Бір ман­датты округтер бойынша депутаттыққа кандидат ретінде тір­келген аза­мат­тардың саны өте көп болғаны – соның айғағы. Бұл – ха­лықтың Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған саяси реформалар бағытына сенгендігінің, оның Әділетті Қазақстан орнату идеясын қол­дағандығының нәтижесі. Алайда өткен сайлауда дауыс беру кезінде қолданыстағы заңнаманы бұзушылықтарға жол берілді деген сыңайдағы сыни пікірлер мен дау-дамайлар аз болған жоқ. Осы ретте Мемлекет басшысы сегізінші ша­қырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясын ашқан сө­зінде: «Сайлау науқаны кезін­де көптеген орынды сын, байып­ты ұсыныс айтылды. Біз айтылған салмақты ұсыныстарды міндетті түрде зерделейміз. Біз Отаны­мыз­ды өркендету жолында зор бетбұрыс жасап, жаңа дә­уірге қадам бастық. Бірақ өзге­ріс­тер мұнымен бітпейді. Бұл – ұзақ жолдың басы ғана. Реформалар жалғаса береді, саяси құры­лым­ды жетілдіру қажет. Бұл – аса маңызды жұмыс», деп атап айтты. Демек, еліміздің сай­лау жүйесі алдағы уақытта халықаралық озық тәжірибеге сүйеніп, одан әрі жетілдірілуге тиіс.

Ата Заңның бұлжытпай сақ­талуын қадағалайтын Консти­ту­циялық сот құрылғаны – Мемлекет басшысының тағы бір ма­ңызды бастамасы. Бұрынғы Конституциялық Ке­ңес­ке азаматтар заң нормалары бойынша түсініктеме алу үшін тікелей жүгіне алмайтын. Мұндай құқық тіпті Парламенттің жекелеген депутаттарына да берілмей, жо­­ға­ры заң шығарушы орган мү­шелері жалпы санының бестен бірінен кем болмайтын депутаттар тобына ғана берілген. Енді Конституциялық сотқа кез келген Қазақстан азаматы жүгі­не алады. Мәселен, биылғы жыл басынан бері оған азаматтардан 3,5 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Осыған орай, 30-дан астам құқықтық норманың Негізгі заңға сәйкестігі қаралып, оның 5-еуі конституциялық емес деп танылған.

Рас, жаңарған Ата Заңда өлім жазасына түпкілікті ты­йым са­лынғанын біреу құптап, біреу құптамайды. Біздіңше, қандай қылмыс жасаса да адам өмірін сот үкімі емес, Алла Та­­ға­ланың үкімі қиғаны жөн. Кү­нә­кар пенде өзі жасаған аса ауыр қылмысы үшін өмір бойы бас бостандығынан айырылып, ажалы жеткенше қамауда азап шексе, одан асқан қандай жаза бар? Өлім жазасына ке­сілгендердің ішінде некен-саяқ болса да, тер­геушілер мен судьялар жіберген қате­ліктерден нақақтан күйіп, кейін ақталып шыққандар бар екенін де ескерген жөн.

Түйіндей айтқанда, жаңарған Ата Заң бүгінде Әділетті Қа­зақстан орна­туға бағытталған сая­си рефор­мамыздың берік не­гізі болып отыр.