• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Білім 13 Қыркүйек, 2023

Жатақхана тапшылығы қашан шешіледі?

330 рет
көрсетілді

Жаңа оқу жылының басталғанына жарты айға жуықтады. Бірақ жатақханаға жарымаған студенттердің қатары азаяр емес. Бүгінде елімізде жоғары оқу орнының 129 мыңнан астам білім алушысы жатақханада тұруға өтініш білдірген. Алайда жатақханалардың өзінде 23 686 орын тапшы.

Бұл проблема Алматы, Астана қала­лары мен Солтүстік Қазақстан облы­сында өзекті. Студентпен қоса ата-ана­­­ларды да әуре-сарсаңға салатын түйт­­­­кілдің түйіні тарқауы үшін де мем­ле­­­кет жыл сайын қыруар қаржы бөлу­ден аянбайды. «Бірақ жаңа оқу жылы қар­­­саңында мәселенің ушыға беретіні алаң­датады», дейді Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы.

«Жыл сайын жаңа оқу жылында қоз­ғалатын маңызды мәселе – жатақхана тапшылығы. Өкінішке қарай, Үкімет бұл мәселені түбегейлі шеше алған жоқ. 2021 жылы студент жастарымыздың тек 16 пайызы ғана жатақханамен қамтылды. Одан кейінгі жылдарда да дәл осындай жағдайға тап болдық. Жоғары оқу орындарында орнаған бір тенденция бар: алдымен 1-курс студенттері ғана жатақханаға жайғастырылады. Орын қалып жатса, өзге студенттер қам­ты­лады. Бұл қаншалықты әділетті? Пәтер жалдауға халықтың жалақысы жетпейді. Соған қарамастан жауапты органдар осы мәселеге күні бүгінге дейін атүсті қарап келеді. Біз мәселені құр көтеріп қана қоймай, шешу жолын қарастыруымыз керек», деді ол «Аmanat» партиясы жа­нындағы рес­публикалық Жастарды қол­дау кеңесінің отырысында.

Осы ретте кеңесте Қаржы министр­лігі Әлеуметтік сала бюджеті депар­таментінің директоры Медет Ақтан­жа­нов ЖОО-мен колледждердегі жатақха­на мәселесін шешу үшін бюджеттен бөлінетін қаражатқа тоқталды.

«ЖОО студенттерін жатақханалар­да 14 532 орынмен қамту мақсатын­да, 2023 жылға арналған республика­лық бюджетте Ғылым және жоғары білім министрлігіне 5 млрд 257 млн теңге қа­растырылды. Ал колледж студенттерін 5 273 орынмен қамту үшін Оқу-ағарту министрлігіне 1 млрд 849 млн теңге бөлу көзделді. Бүгінде 2024-2026 жыл­дар­ға арналған республикалық бюд­жет қа­ралып жатыр. Осы үш жыл­дық кезеңде Ғылым және жоғары білім ми­­нистрлігіне студенттерді 15 138 жа­тақхана орнымен қамтамасыз ету үшін – 19,2 млрд теңге, ал Оқу-ағар­ту министрлігіне жастарды 6 762 жа­тақхана орнымен қамтамасыз етуге ­8,6 млрд­ теңге бөлу жоспарланып отыр», деді депар­тамент директоры.

Елдегі жатақханалардың жағдайы да мәз емес. Партия жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты 389 жатақхананың жағдайын тексерген. Нәтижесінде, біраз олқылықтың беті ашылды. Бұл туралы жиында партия хатшысы Шолпан Каринова айтты.

«Заңға сәйкес ЖОО-дағы барлық білім алушы жатақханамен қамтылуға тиіс. Алайда іс жүзінде олай болмай отыр. Партия жанындағы «Жастар ру­хы» жас­тар қанаты студенттердің жа­тақхана тапшылығы мен оларға ла­йық­ты жағдай жасау мәселесін бірнеше жыл­дан бері көтеріп келеді. Мәселен, жас­тар қанаты биыл 14 тамыздан бері 389 жа­тақхананың жағдайын тексерді. Оның 149-ы – жоғары оқу орындары­на, қал­ғаны техникалық және кәсіп­тік білім беру ұйымдарына тие­сілі. Нәтижесінде, санитарлық және қа­уіп­сіздік нормаларының сақталмауы, су крандарының жұмыс істемейтіні, сы­нық кафельдер, оқу залдарының өз мақ­сатында пайдаланылмауы, студенттер­дің бос уақытын тиімді өткізуге арналған орындардың болмауы анықталды», деді партия хатшысы.

Бүгінде еліміздегі 104 жоғары оқу орнында 198 жатақхана бар. Ондағы сы­йымдылық тек 106 мың орынды құ­райды екен.

«Өкінішке қарай, жатақханалар­дағы орын тапшылығы мәселесін бір күнде шешу мүмкін емес. 58 білім орда­сындағы жатақхана тапшылығын шешу мақсатында жекеменшік 182 жатақхана мен хостелді жалға алу туралы шешім қабылданды. Онда 24 560 орын бар. Меншік иелерімен бірне­ше келіссөз ­жүр­­гізіліп, Алматыдағы хос­телдерді жал­­­ға алу құны айтарлық­тай ар­зандатыл­ды. Нәтижесінде, бір жа­тын орынның бағасы» 30-50 мың теңге ара­лығында белгіленді. Келісімге сәй­кес онда тек студенттер ғана орналастырылады. Қа­уіп­сіздік мәселесіне де мән беріледі. Жалпы, 2018-2022 жылдары елімізде студентерге арналған 26 390 орындық 99 жатақхана пайдалануға берілген. Биыл 8 854 орынға негізделген 32 жатақхана­ны пайдалануға беру жос­парланыпты. Бү­гінде оның алтауы жас­тарды қабылдап үлгерді. Қалғаны жыл соңына дейін жұ­мыс істей бастайды», деді Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов.

Қазір республикада 1 миллионнан ас­там студент бар. Оқу-ағарту вице-ми­­нистрі Еділ Оспанның сөзінше, ел аума­­ғындағы 776 колледжде 517 мың­нан астам студент білім алып жатыр. Ал биыл 190 мың талапкер оқуға қабыл­данған.

«Еліміздегі техникалық және кәсіп­тік білім беру ұйымдарындағы 523 жа­тақханада 54 мыңнан астам студент тұрып жатыр. Алайда 6 312 орын әлі де тапшы. Әсіресе Ақмола облысы мен Алматы қаласында жатақхана тап­шы­лығы бар. Сондықтан биыл колледж студенттері жатақханаларда қосым­ша 2 359 орынмен қамтылады. Соның ішінде жаңа оқу жылы басталғалы бері 6 жатақхана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін 1 269 орынға негізделген тағы 6 жатақхананы пайдалануға беру көзделіп отыр. Сондай-ақ 19 колледждің студенттері хостелдер мен қонақүйлер­дегі 1 327 орынмен қамтылды», деді ол.

Отырыста Ұлттық экономика ми­нистрлігі Инвестициялық саясат депар­таменті директорының орынбасары Алмаз Құсайынов мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында тұрғызылып жатқан жатақханаларға тоқталды.

«Мемлекет-жекеменшік әріптес­тігі шеңберінде Қызылорда қаласында 400 орынға негізделген жатақхана құры­лысы қолға алынды. Сонымен қатар Астана қаласындағы С.Сейфуллин атын­­дағы Қазақ агротехникалық уни­вер­ситетінің студенттеріне арнап 3 310 орын­дық жатақхана салу көзделіп отыр. Бұдан бөлек Президент тапсырмасы аясында әлеуметтік салада мемлекет-жеке­меншік әріптестігін дамытудың 2024-2028 жылдарға арналған кешенді жос­парының жобасы әзірленіп жатыр. Осы кешенді жобаны пысықтау бары­сында Ғылым және жоғары білім ми­нистрлігі 7 950 орынға арналған 4 сту­денттік жатақхана салу бойынша 3 жоба ұсынды», деді Алмаз Құсайынов.

Мәжіліс депутаттары, қоғам белсен­ділері және кеңес мүшелері мен құзыр­лы органдардың өкілдері қатысқан жиын қорытындысында кеңес төрағасы Нартай Аралбайұлы бұл мәселеге алдағы уақытта да ерекше мән берілетінін айтып, барлық ұсыныс назарға алынатынын атап өтті.