• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Табиғат 19 Қыркүйек, 2023

Баянауылды аялай біл

200 рет
көрсетілді

«Kieli tabigat» республикалық экологиялық акциясына керекулік жастар мен жергілікті тұрғындар да белсене атсалысты. Бұл күні туристік аймақ – Баянауылда 200-ден астам, ал облыс орталығындағы тазалық іс-шараларына мыңға жуық адам қатысып, туған өлкелерін қоқыстан тазартты.

Экологиялық науқанның негізгі мақсаты киелі жерлерді тазарту, жастарды туған өңірлерін аялап, сүюге бағытталғаны мәлім. Бұл күні облыс орталығынан «Жасыл ел» жастардың еңбек жасағы өңірлік штабының сарбаздары, Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогика­лық университеті студенттері және Қазақ­стан студенттері альянсы мү­ше­ле­рінен құралған арнайы жасақ 220 шақырым жердегі Баянауыл ауданына барып, ондағы Сабындыкөл көлінің маңайын күл-қоқыстан тазартты.

«Жасыл ел» өңірлік штабының командирі Русана Самекованың айтуынша, экологиялық акцияға аудан тұрғындары да үн қосып, жастармен бірге су айдыны маңайын ретке келтірген.

– Акция нәтижесінде көл маңа­йынан 50 қапшық қоқыс шығары­лып, аумақ тазара түсті. Қоршаған ортаны көзіміздің қарашығындай сақтау үшін бізге мұндай істерге жүйелі жұмылуымыз қажет екенін қатысушылар түсінгендей. Жалпы Ертіс-Баян өңірінің жастары эко­логиялық жобаларды белсенді қол­дайды және туған өлкесінің таза­лығы мен сұлулығын сақтауға әр­да­йым өз үлесін қосуға тырысып жүр. Аймағымыздың барлық тұр­ғы­нын әсем табиғатымызды қор­ғауға, аға буынның бізге аманат­тап кеткен табиғи байлығын сақ­тауға шақырамыз. Акция алдағы уақыт­та жалғасады. Өңірдегі киелі жер­лерді, көрікті мекендерді тазалап, келушілер үшін қолайлы ете түсу – міндетіміз, –дейді ол.

Жасақ сарбазы Сұлтан Саримов тазалық іс-шарасына қатыса отырып, жастар табиғатты қорғаудың маңызын терең түсіне бастайды деген пікірде. «Табиғаттағы көр­кем­дік өте нәзік нәрсе екенін енді біліп жатырмыз. Оның тұтасты­ғын сақтап, артымыздан ерген іні-қарындастарымызға ізгі істерімізбен үлгі болу керекпіз. Әрбір лақтыр­ған кәмпит қағазы, титтей ғана тұр­мыстық заттар жер бедерін ластап қана қоймай, әсем табиғатқа нұқсанын келтіреді. Айналамыз әрдайым таза, жап-жасыл болып тұруы үшін ең әуелі қоқыс тастамауды үйренуіміз керек», дейді белсенді жас.

Жалпы қыркүйектің үшінші сен­бісінде әлемнің көптеген елінде «World clean up day» дәстүрлі сен­­білігі ұйымдастырылатыны мә­лім. Отандық экологиялық акция осы ауқымды іс-шараға орайлас­тырылғаны кездейсоқ емес. Бұл күні Павлодар қаласындағы Усолка ықшам ауданы мен «Қазқонақ» табиғи ескерткішінің маңайы да ұмыт қалмады. Усолка өзенінің маңайы – шаһар тұрғындары мен қонақтар жиі серуендейтін аумақ. Су айдынының айналасын­да тамаша табиғат қойнауы орналасқан, жағалауы толған тоғай. Өкінішке қарай, табиғат аясына шыққандар тамақ қалдықтары мен полиэтилен қапшықтарын, түрлі қоқыстар қал­дырып кетеді. Сондықтан аймақ жастары бұл жерді үнемі тазартып тұрады. Бұл күні мемлекеттік ұйымдар мен ірі кәсіпорындардың қызметкерлері, университеттер пен колледждердің студенттері, ерікті­лер мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері тазалық шараларына жұмылды. Санаулы сағат ішінде 300-ден астам қатысушы 20 тонна қоқыс жинады. Облысы бойынша экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы Бауыржан Жансейітов атап өткендей, мұндай акцияның нәтижесінде адамдар табиғатпен жақындасып, оны аялау­ға үйренеді. «Экологиялық тәр­бие қоршаған ортаға деген сүйіс­пеншілік арқылы қалыптасады. Ал табиғатқа қамқорлық жасау осындай сенбіліктерде байқалатыны рас. Көпшілік тізе қосып, ластанып кет­кен жерлерді қоқыстан тазартып, ретке келтіреді. Осындай жұмыстар барысында қоршаған әлемді тануға деген қызығушылық пайда болып, экологиялық мәдениетті насихаттау мүмкін болады», дейді ол.

 

Павлодар облысы