Тойған қозыдай томпайып, бұйығып жатқан Бұқпа тауының баурайы өзгеше бір реңге ие болған. Татар-башқұрт ағайын мың жылдық тарихы бар сабантойын өткізді.
Қуаныш көпке ортақ. Жыл сайын өткізілетін дәстүрлі мерекеде түрлі этнос өкілдері бас қосып, бір жадырап қалды. Бұл мейрам түбі бір түркі халықтарының күнтізбесіндегі айрықша маңызды оқиғалардың бірі болып саналады. Сөз арасында облыста 17 мыңға жуық татар-башқұрт өкілдерінің тұратынын айта кетелік.
– Мереке өтетіндігі туралы хабар құлағыма тиген соң үйде жата алмадым, – дейді Ақкөл ауданының тұрғыны Разида Ахметжанова, – концерттік бағдарламада көпшілік назарына ұсынылған мың бұралған бидің нақышы әдемі әсер етті. Ұлттық бидің ұшқыны сағыныш оты лаулаған жүрегімді елжіретіп жіберді. Ұлттық дастарқанды жайнатып жіберген татар-башқұрттың ас мәзірі қандай?
Сырлы сазға толы татар-башқұрт халқының әндері орындалып, жасындай жарқылдаған жігерлі билері көрермен қауымның көңілін көтерді. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін бірін-бірі құттықтай жүріп, өздері пана тапқан қазақ даласындағы кілкіп тұрған бауырмалдыққа ақ алғыстарын айтып жатты.
– Бүгінгі меркеге еліміздің әр өңірінен ұзын-ырғасы екі мыңға жуық мейман келіп, ортақ тойдың қызығын күмпілдетіп жатыр, – дейді татар-башқұрт этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Рафаиль Сулкарнаев, – ұлттық ойындармен бірге биылғы жылы тұңғыш рет бәйге өткіздік. Келер жылы халықаралық деңгейде сабантой мерекесін кең көлемде атап өтеміз бе деген жоспарымыз бар. Бүгін ақсақалдарымыз бас қосып, осы жайды талқыламақпыз.
Ұлы өнердің шапағаты арқылы достық дәнекері беки түспек. Мереке барысында көрермен назарына ұсынылған қолөнер бұйымдары, татар-башқұрт халқының ертеректе тұтынған тұрмыстық заттары, төл мәдениеті арқылы жалпақ жұрт туысқан халықтың болмысына тереңірек көз жеткізгендей. Ұлттар мен ұлыстарды ұлы мақсат төңірегінде ұйыстыратын бірліктің бекемделуі де осындай танып-білуден шығар бәлкім.
КӨКШЕТАУ