Солтүстік Қазақстан облысының қазіргі Айыртау, Ақжар, Ғабит Мүсірепов атындағы, Тайынша және Уәлиханов аудандары 1944 жылы құрылған «отау» – Көкшетау облысының құрамына кіргізілген. Ал 1997 жылы Көкшетау облысы жабылған соң «қара шаңырақ» – Солтүстік Қазақстан облысына қайтарылған. Соған қарамастан, осы өңірдің мәдениет саласында аталған бес ауданды «өгей» санаушылық салқыны әлі де ара-тұра сезіліп қалып жүр.
Нақты айтсақ, мұндай теріс көзқарас аса көрнекті сазгер, әнші, ақын Ақан сері Қорамсаұлының мерейтойын өткізу кезінде байқалды. Ақиық ақын Ілияс Жансүгіров «Лақабы әлде әулие, әлде пері, Арқаның атақтысы Ақан сері» деп жырына қосқан ұлы тұлғаның «Мерейтойлар мен атаулы күндердi мерекелеу туралы» Үкiмет қаулысына сәйкес республикалық деңгейде атап өтілуге тиіс 175 жылдығы Айыртау ауданының 90 жылдығы аясында «Ұлылар елі – серілер жері» атты республикалық айтыс өткізумен ғана шектелгені – соның айғағы. Мұның өзі жергілікті жұртшылықтың әділ сынына ұшыраған. Осыған орай, алтыншы шақырылған Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты Үкіметке депутаттық сауал жолдаған болатын. Оны жариялаған Тұрғын Сыздықов: «Халқымыздың Ақан сері Қорамсаұлы сынды асыл перзентінің мерейтойын лайықты түрде атап өту ойластырылмай отыр. Биыл Айыртау ауданының 90 жылдық торқалы тойына орай ұйымдастырылған іс-шаралар барысында Ақан сері есімі аталып жатты. Бірақ аудан жұртшылығы өмірі мен өнері аңызға айналған атақты тұлғаның есімін ардақтап, лайықты құрмет көрсету қажет деп ойлайды. Өз заманында өнеріне ел-жұрты сүйсінген ардақты бабамызды ұмыт қалдыру – оның жерлестеріне ғана емес, бүкіл қазақ халқына үлкен сын», деген еді.
«Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, тиісті орталық және жергілікті мемлекеттік органдар өз тараптарынан жіберілген кемшіліктерді түзету шараларын кештеу болса да қолға алды. Атап айтқанда, 2019 жылы Ақан сері мазары Қазақстанның киелі орындарының картасына енгізілді, ал 2020 жылы ұлы сазгер есімі Солтүстік Қазақстан облыстық филармонияға берілді. Ал биыл ұлы сазгердің қолданыстағы заңнамаға сәйкес жергілікті деңгейде атап өтілетін 180 жылдығы әлдеқайда кеңірек мерекеленді. Оған облыс басшылары, депутаттар, қоғам белсенділері, ақын-жазушылар, жұртшылық өкілдері қатысты. Екі күнге жоспарланған мерейтой іс-шаралары Айыртау ауданының орталығы – Саумалкөл ауылының Ақан сері атындағы аудандық Мәдениет үйінде республикалық ақындар айтысымен басталып, ертеңіне ұлы сазгер ауылында жалғасын тапты. Сондағы Ақан сері ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі салтанатты жиынға және Қызылжар өңірі өнерпаздарының концерті мен спорт жарыстарына ұласты.
Әйткенмен, Ақан сері бабамыздың бұл жолғы асында да кейбір кемшілікке жол берілді. Мәселен, тойға келген меймандар мен жұртшылықтың өкілдерінің Айыртау ауданының Жұмысшы ауылының маңында орналасқан ұлы сазгер мазарына барып, зиярат етуі ұйымдастырылған жоқ. Мұның бір себебі – Қазақстанның киелі орындарының картасына енгізілген Ақан сері мазары әлі де қараусыз екенінде және маңайы көркейтілмегенінде болса керек. Мазарға арнайы келіп зиярат етушілер мен туристердің автокөліктерін қоятын орын жасалмаған, орындықтар мен дәретхана да жоқ.
Той үстінде кеңес заманында елеусіз қалған Ақан сері қабірінің басына мазар орнатудың тағылымды тарихы туралы бірауыз сөз қозғалмағанын да құптау қиын. Қысқаша айта кетсек, өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңында аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған Болат Көшімбаев Ақан сері қабірінің басына мазар тұрғызу мәселесін көтерген. Осы мақсатпен ол сол кездегі елорда – Алматыға барып, Ақан сері мазарын қаржыландыру мәселесін шешуге тырысқан. Алайда ол кезде киелі орындарды жаңғырту бастамасын билік емес, халық көтеруге тиіс еді. Атеизмді мемлекеттік саясат етіп ұстанған коммунистік режімнен мазар салуға бюджеттен қаражат бөлгізу мүмкін емес-тұғын. Мәселені тек адамдардың ерікті қайырмалдығы есебінен шешуге рұқсат етілген. Осыған орай Болат Көшімбаев бастамашыл топ құрып, оны басқаруды «Карасев» кеңшарының директоры Жақсыбай Төрегелдинге тапсырған. Мұндай объектінің құрылысын бастау үшін облыстың бас сәулетшісінің келісімін алу қажет екен. Бірақ бұл бюрократиялық рәсімге қыруар уақыт кететіндігін білген аудандық атқару комитеті төрағасының міндетін атқарушы Болат Рахимов жауапкершілікті өз мойнына алып, мазар құрылысын бастай беруге рұқсат берген. Ал Жақсыбай Төрегелдин мазар жобасын әзірлеуді тездету үшін өзінің қорасындағы сиырын сатып, түскен ақшаны сәулетші жалдауға жұмсаған. Кейін айыртаулық азаматтар қаражат жинап, ұлы сазгер зиратын көтеруге үлес қосқан. Сөйтіп, мазар құрылысы 1988 жылы басталып, 1990 жылы аяқталған. Оған ұлы сазгердің 150 жылдық мерейтойына қатысушылар Көкшетау қаласынан бірнеше автобуспен келіп, зиярат еткені есімізде. Өкінішке қарай, Ақан сері мазарын орнатуға аянбай атсалысқан Жақсыбай Төрегелдин бұл мерейтойға қатыса алған жоқ, ол 1991 жылы кенеттен қайтыс болған. Кеңес заманында Ақан серінің мазарына жұртқа жарияламай келіп зиярат етушілердің ішінде Әбіш Кекілбаев, Кәкімбек Салықов сынды көрнекті қайраткерлер болған және көпшілігі Төрегелдиндер отбасының дастарқанынан дәм татқан.
Ұлы сазгерге қатысты көптен бері шешімін таппай келе жатқан мәселе де бар, ол – Ақан сері ауылының тағдыры. 1993 жылы тәуелсіздіктің елең-алаң шағындағы қиындықтарға қарамастан, Ақан сері Қорамсаұлының республика деңгейінде атап өтілген бір жарым ғасырлық мерейтойына орай аталған ауылда заманауи үлгідегі 70 жеке тұрғын үй салынған болатын. Әр үйге су, жарық, жылу беріліп, тұрмысқа қолайлы жағдай жасалған. Мектеп, Мәдениет үйі де бой көтерген. Ауыл төріне Ақан серінің ескерткіші қойылған. Өкінішке қарай, арада бірнеше жыл өткенде сәулеті мен дәулеті келіскен ауылдың тоз-тозы шықты. Екі қолына бір күрек таппаған тұрғындардың көбі жұмыс іздеп, жан-жаққа көшіп кетті. Бірінен соң бірі ауысып жатқан аудан әкімдерінің ешқайсысы ұлы сазгер ауылын қайта өркендету қамын ойлап, пәрменді шара қолданған жоқ. Қасиетті елді мекенге қандастар мен оңтүстіктен қоныс аударушыларды орналастырып, олардың кәсіппен айналысуына көмектесу жөніндегі ұсыныс та әлі күнге ескерілер емес.
Тағы бір айта кететін жайт, кешегі Көкшетау облысы тұсында Ақан серіні айрықша ардақ тұтатын бабасы санаған Ақмола облысының қазіргі орталығының зиялы қауымы ұлы сазгерден ешқашан бас тартқан емес. Оның есімі Көкшетау қаласының бір көшесіне және жоғары мәдениет колледжіне берілген. Қала орталығында орнатылған Ақан ескерткішіне қоса, ұлы сазгердің 175 жылдығы қарсаңында жоғары мәдениет колледжінің алдында оның ескерткіш мүсіні қойылған. Ақан серіні осылайша ұлықтап отырған көкшетаулықтардың ресми делегациясы ұлы сазгердің биылғы мерейтойына шақырылмай қалғаны орынды реніш тудырды. Соны естіген Айыртау аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серікбай Тұралинов қана бір топ көкшетаулық ардагерді мерейтойға өзі шақырып, қонақ етті. Солтүстік Қазақстан облысының басшылығы алдағы уақытта осы мәселені де ескерер болса, көршілес екі өңірдің мәдени-рухани байланысы нығая түсері даусыз.
Келесі бір ойланарлық жайт – бес жылда бір келетін мерейтой сайын Ақан серіге арналған республикалық ақындар айтысын өткізгеннен гөрі оның музыкалық бай мұрасын насихаттауға арналған дәстүрлі әндерді орындаушылардың республикалық фестивалін ұйымдастырған жөн сияқты. Себебі «Сырымбет», «Қараторғай», «Балқадиша», «Құлагер», «Маңмаңгер», «Көкжендет», «Сырғақты» сияқты елуге жуық ғажап әні қазақ мәдениетінің алтын қорына енген Ақан сері бабамыз ұлттық өнеріміздің тарихында, ең алдымен, ұлы сазгер ретінде қалғаны анық.