• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Саясат 09 Қазан, 2023

Мәдени даму және мемлекеттік ұстаным

223 рет
көрсетілді

Биылғы тоғыз айда интернетте үгіт-насихат, терроризм және діни экстремизм қағидаларын қамтитын 14 860 материал жарияланған. Бұл – Мәдениет және ақпарат министрлігінің әлеуметтік желілерге жүргізген мониторингі кезінде анықталған сан. Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте сала басшысы Аида Балаева осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға жан-жақты тоқталды.

«Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген сөз қазіргі қоғамның ахуалын айқындап тұр. Өйткені дәстүрлі емес діни ағымдардың белсенді жұмысы халықты әбден әбігерге салды. Осы орайда Мәдениет және ақпарат министрі дін туралы заңның кей нормасы қайта қаралатынын мәлімдеді.

«Мәселе халықтың діндар­лы­ғында емес, діни сауатсыз­дығында. Дәстүрлі емес діни ағым­­дардың дәстүрлі дінмен қатар қаншалықты белсенді жұ­мыс істеп жатқанын көріп отыр­­мыз. Дін туралы заңның же­­келеген тармақтарын қайта қарау қажет. Қолданыстағы заң­на­мада тіпті «деструктивті діни ағымдар» деген ұғым жоқ. Құ­жат­та қоғамдық орындарда нихаб киюге тыйым салынуы ықти­мал. Мен мұндай тәжірибені басқа елдерден көріп жүрмін. Өйткені бұл – ұлттық қауіпсіздік мәселесі. Заңға өзгерістер енгізу немесе жаңа заң жобасын әзірлеу біраз уақытты қажет етеді. Ал­ды­мен жұмыс тобы құрылып, түзетулер тұжырымдамасы тал­қы­ланады, кейін заң Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының реес­тріне енгізіледі, содан кейін ғана Мәжіліс пен Сенатқа жібе­ріледі. Әрине, талқылауға, жан-жақты зерттеуге теологтер, сарапшылар мен қоғамдық ұйым­дар, жұртшылық тартылады. Біз уәкілетті орган ретінде осы бағыттағы жұмыстарды кү­шейтіп, заңнамалық нормаларды қатайтуға күш саламыз», деді министр.

Мемлекет басшысы тапсыр­маларының орындалу барысы тура­сында өткен брифингте «Масс-медиа туралы» заң жобасы да талқыланды. БАҚ өкілдері ара­сында біраз пікір тудырған құ­жат бірін қуантса, енді бірінің нара­зылығын тудырғаны жасырын емес. Әсіресе журналистер ара­сында баспасөз картасына қатыс­ты түсініспеушілік туындады.

«Масс-медиа туралы» заңды жасау қажет болды. Өйткені 1999 жылы қабылданған «БАҚ туралы» заң моральдық тұрғы­дан ескірген. 20 жылдан астам уақыт ішінде ақпараттық сала толығымен өзгерді. Заңға онда­ған түзету енгізілді, бірақ соңын­да жаңа заң жобасын әзір­­леу мәселесі туындады. Заң жобасы БАҚ сұрауларын қарау мерзімдерін қысқарту, шығар­машылық гранттық қаржы­ландыруға көшу, БАҚ материал­дарына талап қою мерзімін белгілеуді көздейді. Оған қоса, журналистердің құқықтары туралы ұлттық баяндама жасау, баспасөз картасы арқылы аккредиттеуді жеңілдету жайы да бар. Бұл жаңа өзгертулер заңнамалық жүйеге алғаш рет енгізілгенін атап өту маңызды. Баспасөз карталарын енгізуге қатысты айтар болсам, бұл тетік қолданыстағы аккредиттеуге балама ретінде әзірленіп жатқанын атап өтемін. Бұл, ең алдымен, журналистердің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын жеңілдету үшін жа­салады. Біз ақпараттық техно­логиялар ғасырында өмір сү­ріп жатырмыз және оларды жур­налистердің игілігі үшін пайдалану орынды. Бұл – сіздердің жұмыстарыңызды жеңілдетуге жасалған іс-әрекеттер. Сіздер туралы мағлұмат, алып келетін техникаларыңыздың мағлұматын баспасөз қызметкерлеріне қа­ғаз тү­рінде емес, пресс-карта ар­қылы жасауға болатын жеңіл­детілген түрі. Сондай-ақ ведом­ствоаралық комиссия сатысында алынып тасталған ескіру туралы норма мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, заң жобасына қайта енгізілді. Ескіру мерзімін үш жыл ету туралы айтылып отыр. Бірақ мен министр ретінде медиақауымдастық ұсынған біржылдық мерзімді қолдаймын»,  деді Аида Балаева.

Министр заңды жыл сайын толықтырып отыруды қолдай­тынын айтты. Сондай-ақ телерадиоарналарда мемлекеттік тілде хабар тарату құжат негізінде 50 пайыздан 70 пайызға дейін арттыру жоспарланып отырғанын жеткізді. Өйткені ел халқының 80 пайыздан астамы мемлекеттік тілді меңгерген. Сондықтан бұл үдерісті 2025 жылдан бастап жыл сайын 5%-ға арттыру көзделіп отыр.

Баспасөз мәслихатында Мә­дениет және ақпарат министрі елімізде креативті индустрия­ны дамытуға ерекше назар аударылғанын айтты. Бүгінде осы мақсатта нақты іс-шаралар қолға алынған. Атап айтқанда, 2021-2025 жылдарға арналған шығармашылық индустрияны дамыту тұжырымдамасы бекітіліп, жүзеге асыру бас­талып кеткен. Нәтижесінде, елде 95 мың адам жұмыспен қам­тылып, 32 мың кәсіпкердің жұ­мы­сы жанданған. Одан бөлек, білім беру, сәулет және қала құ­рылысы, ІТ сынды салаларда 5-тен астам жоба қаржыландырылып, 70 млн тең­геден астам жеке ин­вести­ция тартылған. Бірақ соған қара­мастан, сала басшысы креа­тивті дамытуды тек пайда үшін қарастырмау керек екенін атап өтті.

«Біріккен Ұлттар Ұйы­мы­­н­ың баяндамасына сәй­кес шы­ғармашылық және мәде­ни салалар қоғамымыздың ин­­к­лю­зивті және тұрақты дамуы­мыз­ға айтарлықтай әсер береді. Азаматтардың әл-ауқатын арт­ты­руға, өмір сүру сапасы мен өзіне деген сенімділікті қалып­тастыруға көп үлесін тигізеді. Сондықтан Мемлекет басшысы осы саланы ауқымды дамыту үшін барлық жағдай жасалу қажеттігін айтты. Ол өз Жол­дауын­да шығармашылық индус­трияны қолдау бойынша жеке шаралар кешенін әзірлеу, оның ішінде әрбір облыс орталығы мен ірі қалада шығармашылық индустрия орталықтарын қалып­тастыру, қатысушыларға өз өнім­­дерін коммерцияландыру мәселелері бойынша көмек көр­сету жөнінде нақты міндет қой­ды. Дәл осы салаға тың серпін беру үшін бірқатар заңнамалық құ­жатқа да өзгерістер енгізу қа­рас­тырылып отыр», деді ол.

Аида Балаева еліміздегі ки­но­­индустрияға да тоқталды. Әлеуметтік желіде қызу талқы­ланған Қазақстанның алда болатын америкалық «Оскар-2023» киносыйлығына неліктен қатыс­пайтынын түсіндірді. Айтуынша, отандық картиналар «Оскар» кино сыйлығына қатысу үшін іріктеуден өте алмаған. Министр осы саладағы мамандардың шығармашылық бастамалары қолдау табатынын, алайда бұған дейін түсірілген картиналардың небәрі бір пайызы ғана прокатқа шыққанын қозғады. Сондықтан бұл мәселе қайта қаралатынын мәлімдеді. Сөз арасында ол кез келген әртіс саясаттан тыс болуы керегін және елімізге келген шетелдік өнер иелері соғысты наси­хаттамауға тиіс екенін еске салды.

«Жалпы, әртістердің миссиясы басқа. Олар саяси мәсе­лелерге араласпауы керек, бұл – менің жеке пікірім. Өнер мен мәдениетте шекара жоқ. Мә­селе кім қолдайтыны, кім қол­дамай­тынында емес. Әртістердің өз рөлі мен миссиясын түсінуі және өнер мен саясатты шатастырмауы маңызды. Өнер иелері қоғамды қазіргідей қолдайтындар, қол­дамайтындар деп бөлінбеуі керек. Әртістердің бірінші кезекте еліміздің заңын құрметтеуі маңызды. Біз құқықтық мемле­кетте өмір сүріп жатырмыз, біз­дің де өз ұстанымдарымыз бар, ең бастысы – халқымыздың тұ­рақ­тылығы мен бірлігін сақтау»,  деді сала басшысы.

Ал кинотеатрларда көрер­меннің шетелдік фильмдерді мемлекеттік тілде көре алмауы­на дубляждағы проблемалар себеп екенін алға тартты. Бұған қоса анимациялық фильмдерді дыбыс­таумен айналысатын компаниялар белсенді емес көрінеді. Өйткені жыл басынан бері жария­ланған үш конкурсқа бірде-бір компания қатыспапты.

«Дубляж – байқау аясында жасалатын дүние. Биыл бірнеше рет байқау жарияладық, өкінішке қарай, біздің өндірушілерді шетелдік компаниялар талапқа сай емес деп тапты. Оларда фильм, мультфильм өндірушілері сұрайтын нақты сертификат жоқ. Сала өкілдерімен кездестім. Біз қазір заңнамалық өзгерістер ен­гізу мәселесін пысықтап жатыр­мыз, олар критерийлер бойынша конкурсқа қатыса алмай­ды, бұл бағыттағы жұмыс күн тәртібінде тұр. Жалпы, жыл соңына дейін шетелдік 5 ани­ма­циялық фильм қазақтілді көрер­менге ұсы­нылады», деді Мәдениет және ақпарат министрі.